НҰР-СҰЛТАН, 19 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург қаласында өтетін Еуразиялық экономикалық одақтың бейресми саммитіне бармайды.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Санкт-Петербург қаласында өтетін Еуразиялық экономикалық одақтың бейресми саммитіне қатысу-қатыспауына байланысты сұрақтар келіп түсуде. Осыған орай аталған саммитке еліміздің атынан Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы ретінде Тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысатынын хабарлаймын", - деп хабарлады президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, мемлекет басшысы мен Елбасы шет елге бірге сапарға шықпайды.
Тағы оқыңыз: Ресей біздің сыртқы саясатымыздың басым бағыты болып қала береді – Тоқаев
"Елбасы тиісті құжаттарды талқылау барысында өз пікірін айтуға құқылы. Құжаттарға қол қою құзыреті президентке тиесілі", - деп атап өтті Уәли.
Қасым-Жомарт Кемелұлы 20 желтоқсанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысына қатысып, сөз сөйлеуді жоспарлап отыр.