Солтүстік Қазақстанда ауыл тұрғыны өз бетінше қабірдің орнын ауыстырған

© Sputnik / Максим Богодвид / Медиабанкке өтуЗират, архивтегі фото
Зират, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.04.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғыны мазарға кіріп-шығатын жолды босату үшін қайтыс болған адам жерленген қабірдің орнын өз бетінше ауыстырған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұл жантүршіктірерлік оқиға туралы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимское ауылының тұрғыны Игорь Лазарев әлеуметтік желіде бөлісті.
Оның айтуынша, ол 2021 жылдың 11 қыркүйегінде әкесін атасы мен әжесі жатқан қабірдің жанына жерлеген. Осыдан кейін Игорьға жергілікті бизнесмен хабарласып, әкесін басқа орынға қайта жерлеуін талап етіп, қысым көрсеткен. Себебі бейіт кәсіпкердің туыстарының мазарына апаратын екінші кең жолды жауып қалған.
"Ол өзінің баласының жанына басқа біреуді жерлеуге ешкімнің құқығы жоқ екенін, әкемді қазып алып, шетке лақтырып тастайтынын айтты. 11 сәуірде мазарға бардым, бірақ жерленген орыннан әкемнің бейітін таба алмадым. Шамамен алты метр жердегі жаңа көмілген бейітте әкемнің кресті тұр. Дәл сол жерде әкемнің денесі жатқанына сенімді бола алмаймын. Менің басыма түскен іске қоғам назарын аударуды, құзырлы органдар тексеру жүргізіп, қылмыстық іс қозғауын сұраймын", - деді Игорь Лазарев.
Полиция бұл хабарламаға қатысты шұғыл әрекетке көшті.
"Осы аталған факт Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық полиция бөлімінде Қазақстан Қылмыстық кодексінің 314-бабының 1-бөлімінде (қайтыс болғандар мен жерленген орындарды қорлау) қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бойынша Бірыңғай сотқа дейінгі тергеулер тізіміне енгізілді. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Барлық тиісті шара жүргізілгеннен кейін қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аясында заңды процестік шешім қабылданады", - деді Ғабит Мүсірепов атындағы аудан полициясы бөлімінің басшылығы.
Қайтыс болғандар мен жерленген орындарды қорлағандарға үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл (1 АЕК – 3 063 теңге) салу, осы көлемдегі түзету жұмыстарына немесе 800 сағатқа дейінгі мерзімде қоғамдық жұмыстарға жұмылдыру немесе үш жылға дейін бостандығын шектеу немесе дәл осы мерзімге бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Егер мұндай әрекет бірнеше рет қайталанған болса, онда жазалау шарасы бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастыруы мүмкін.
Игорь Лазаревтің айтуынша, оның әкесінің ғана емес, қазір жаяужол тақтасы төселген жолдың орнында болған басқа да қабірлер көшірілген.
Жаңалықтар
0