Қоғам

Конституциялық реформа: Елбасыға қатысты заңның күші қалай жойылады

© Sputnik / Владислав ВодневКонституция
Конституция  - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.04.2022
Жазылу
Заң жобасында Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттілігіне қатысты түзетулер де бар
НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Қазақстанда Констиуцияның үштен бір бөлігіне өзгеріс енгізіледі. Арнайы жұмыс тобының жұмысы аяқталды. Ал түзетулердің бәрі Конституциялық кеңеске жіберілді.
Тоқаев барлық өзгерісті мемлекеттің мызғымас құндылықтарына сәйкестігін тексеріп шығуды сұрады. Заң жобасында Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттілігіне қатысты түзетулер де бар.
Алдағы уақытта Қазақстанның тұңғыш президенті туралы конституциялық заңның күші де жойылуы мүмкін. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген жұмыс тобының мүшесі, заң ғылымдарының докторы Ермек Әбдірасылов Елбасыға қатысты негізгі түзетулерді тәптіштеп шықты.
Осы аптада Ата заңымызға Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір мәртебесін енгізу туралы ақпарат тараған. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ермек Әбдірасылов Конституцияға "Қазақстанның негізін қалаушы" деген анықтаманы енгізуге ұсыныс жасалғанын мәлімдеді.
Профессордың айтуынша, сол кезде толыққанды ақпарат берілген жоқ. Бүгінде Ата заңымызда "Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы" деген анықтама бар. Алдағы уақытта онымен Елбасы деген сөзді алмастыру жоспарланып отыр.
"Конституцияда 91-ші бап бар. Жұмыс тобы сол жерден "Елбасы" деген сөзді алып тастау қажет деген шешімге келді. Сонда Елбасы (қазіргі кезде елді басқа адам басқарады - Sputnik) болмайды. Оның орнына "Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы" анықтамасы қалады. "Қазақстанның тұңғыш президенті – Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы" болады. Біреуге ұнамауы мүмкін. Енді, бұл тарихи шындық қой. Алайда бір нәрсені ескеру керек, "Қазақстанның тұңғыш президенті – Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы" мәртебесі ешқандай саяси өкілетілік бермейді, заңды күші де жоқ. Бұл нақты фактіні белгілеудің көрінісі ғана", - дейді Әбдірасылов.
Назарбаев Конституцияда "Қазақстанның негізін салушы" ретінде қалса да, Қазақстанның тұңғыш президенті ретінде өкілеттілігі тоқтатылды. Атап айтқанда, Коституциялық кеңестің қарауына жіберілген заң жобасында Ата заңымыздың 46-бабы, 4-ші тармағын алып тастау ұсынылып отыр. Ол жерде: "Қазақстанның тұңғыш президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады", - деп жазылған.
"Міне, осы тармақтың күші тоқтатылады. Бұрынғы президенттің қандай да бір мәртебесі мен өкілеттілігі болмайды деген сөз. Конституциядағы тармақты алыпт тастайды ғой. Демек, ешқандай өкілеттілігі болмайды", - деп атап көрсетті Әбдірасылов.
Ал Ата заңымыздан Қазақстанның тұңғыш президентінің мәртебесі мен өкілеттігі туралы тармақты алып тастаса, "Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы туралы" конституциялық заңның күші автоматты түрде де жойылады.
"Конституцияда "Қазақстанның тұңғыш президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады" деген сөз бар ғой. Ал конституциялық заңды бәріміз білеміз. Ол - Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы туралы" заң. Демек, конституциялық түзетулер осы қалпында қабылданса, негізгі құжаттан Қазақстанның тұңғыш президентінің мәртебесі мен өкілеттігіне қатысты тармақты алып тастайды. Конституциялық заңның күші де автоматты тоқтатылады", - дейді Әбдірасылов.
Заңгердің айтуынша, бұдан былай Назарбаевтың бөлек заңы болмайды. Оған "Президент туралы" заң таралады. Осы құжатта экс-президенттерге қатысты нормалар бар. Осы орайда жұмыс тобының мүшесі тағы бір түзетуге тоқталды. Бұған дейін Қазақстанның тұңғыш президентіне сайлауға қатысу жағынан шектеуді алып тастаған.
Оған өз кандидатурасын қатарынан бірнеше рет ұсынуға мүмкіндік берілген. Конституциялық реформа асында осы жеңілдікті де алып тастайды.
"Бұл баптың еш қажеті жоқ. Себебі ол кісі қызметінен кетті ғой. Бірақ 2024 жылы сайлауға түсемін десе, өз кандидатурасын ұсына алады", - деді Әбдірасылов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Жаңалықтар
0