Министр Үшарал, Үржар әуежайындағы жөндеу жұмыстарын жылдам аяқтауды тапсырды

© Photo : Pixabay / The PixelmanҰшақтар
Ұшақтар - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.07.2022
Жазылу
АЛМАТЫ, 14 шілде – Sputnik. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басшысы Қайырбек Өскенбаев Үшарал және Үржар әуежайларындағы қайта жөндеу жұмыстарын жылдам аяқтауды тапсырды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Үшарал және Үржар әуежайларының жасанды ұшу-қону жолақтарын реконструкциялау жұмыстары жалғасуда. Бұл шаралар Алакөл көлінің жағалауын әуе көлігімен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған.
Атап айтқанда, ұшу-қону жолақтары мен перронды қайта жаңарту, жарық-сигналдық жабдық пен периметрлік қоршауды орнату көзделген. Жалпы әуежайлардағы қайта жөндеу жұмыстары қауіпсіздік пен сапа стандарттарының деңгейін арттыруға бағытталған.
Ведомство мәліментінше, жөндеу жұмыстарын Жетісу және Абай облыстарының әкімдіктері жүргізуде.
Еске салсақ, жергілікті атқарушы органдар қайта жөндеу жұмыстарын жазғы демалыс маусымы басталғанға дейін аяқтауды жоспарлаған еді. Алайда мердігерлік ұйымдар тарапынан жұмыстың уақытылы орындалмауына байланысты нысан көрсетілген мерзімде тапсырылмады. Осыған байланысты ИИДМ басшысы Қайырбек Өскенбаев Үшарал және Үржар әуежайларында жүріп жатқан құрылыс-монтаждау жұмыстарын жылдамырақ аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ тиісті қаражат бөлініп, рейстерді жүзеге асыратын авиакомпаниялар анықталған болатын. Осылайша өткізілген конкурс қорытындысы бойынша "SCAT" авиакомпаниясы Үшарал – Алматы және Үшарал – Нұр-Сұлтан бағыттарында тасымалдаушы болып танылды. Рейстер әуе кемелерінде жазғы маусымда әр бағыт бойынша аптасына 14 рейс жиілігімен, қалған уақытта 7 рейс орындалады. Билеттің құны тиісінше 15 мың және 16 мың теңгені құрайды.
Ал Үшарал-Талдықорған бағыты бойынша "Жетісу" авиакомпаниясы жазғы маусымда 28 рейс жиілігімен, қалған кезеңде 14 рейс орындайды. Рейс "L-410" ұшақтарымен жүзеге асырылады, билет құны – 8 мың теңге.
Үржар – Алматы және Үржар – Нұр-Сұлтан бағытында жарияланған конкурс қорытындысы бойынша тасымалдаушы болып "Южное небо" авиакомпаниясы танылды. Рейстер "Ан-24" әуе кемелерінде жазғы маусымда әр бағыт бойынша аптасына 10 рейс жиілігімен, қалған уақытта 5 рейс орындалады. Билет құны – сәйкесінше 14-16 мың теңге.
Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, Үшарал әуежайын қайта жаңарту жұмыстары 20 шілдеде, ал Үржар әуежайындағы жұмыстар тамыз айының басында мәресіне жетеді деп жоспарланған.
Одан бөлек Үшарал және Үржар әуежайларында қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде Алакөл көлінің жағалауына көліктің басқа түрлеріне деген қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жолаушылар тасымалдайтын пойыздардың саны артты.
Алматы – Алакөл:
221/222 "Алматы-2 – Достық", аптасына 3 рет;
255/256 "Алматы-2 – Достық", аптасына 3 рет;
211/212 "Алматы-2 – Достық", аптасына 2 рет;
453/454 "Алматы-2 – Достық", жазда аптасына 3 рет;
22/21 "Қызылорда – Семей" пойызында 8 тіркемелі вагон, жаз мезгілінде, күн сайын.
Нұр-Сұлтан – Алакөл:
258/257 "Нұр-Сұлтан – Достық", жаз маусымында, аптасына 2 рет;
54/53 "Нұр-Сұлтан – Достық", аптасына 2 рет;
121/122 "Нұр-Сұлтан – Семей" пойызында 6 тіркемелі вагон, жаз маусымында күн сайын.
Нұр-Сұлтан – Семей:
457/458 "Семей – Достық", жаз мезгілінде, күн сайын;
459/460 "Өскемен – Достық", жаз мезгілінде, күн сайын.
Жаңалықтар
0