Өңірлер

Павлодарда мас жүргізуші бір жылға сотталып кетті

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.01.2023
Жазылу
Ер адам бұған дейін өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылған екен
АСТАНА, 30 қаңтар – Sputnik. Павлодарда өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылған азамат рөлге мас күйінде қайта отырғаны үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Патрульдік полиция Ақсу қаласы көшелерінің бірінде Volkswagen Golf автокөлігін тоқтатқан.
"Әңгіме барысында жүргізушіден алкоголь иісі шығып тұрған. Медициналық куәландыру көрсеткендей, 29 жастағы ер адам жеңіл дәрежелі мас күйде болған", – деді Павлодар облысы Ақсу қалалық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Рахметов.
Тәртіп сақшысы құжаттарды тексеру барысында жүргізушінің мас күйінде автокөлікті басқарғаны үшін полицияға бірнеше рет жеткізілгенін анықтады.
29 жастағы жігіт алғаш рет 2020 жылы қаңтарда ұсталған. Өз әрекеті үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы бойынша 3 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған.
Алайда үш айдан соң ол мас күйінде қайтадан көлік рөліне отырады. Қылмыстық кодекстің 346-бабы (Көлік басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік басқаруы, сол сияқты көлік басқаруды осындай адамға беру немесе көлікті осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша іс қозғалып, сот үкімімен ер адам өмір бойы көлік басқару құқығынан айырылып, екі жарым жылға бас бостандығы шектеледі.
Бірақ бұл жағдай да жүргізушіге сабақ болмаған. Павлодарлық тағы да заң бұзған жерінен ұсталды.
"24 қаңтарда материал қалалық сотта қаралды. Сот барлық материалды зерделеп, Қылмыстық кодекстің 346-бабы 1-бөлігі бойынша ер адамды 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, жүргізуші мемлекет кірісіне іс өндірісі шығындарын төлеуге міндеттелді", – деп нақтылады Рахметов.
Жыл басынан бері Павлодар облысында мас күйінде көлік басқарған 54 жүргізуші ұсталған.
Жаңалықтар
0