Тәжікстанмен сауда көлемін 2 млрд долларға дейін арттыруға мүмкіндік бар – Тоқаев

© Pixabay / myUKhub2Жүк контейнерлері
Жүк контейнерлері - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.05.2023
Жазылу
АСТАНА, 4 мамыр – Sputnik. Ақордада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі..
Тоқаев Рахмонға ілтипат білдіре отырып, Тәжікстан Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі, сондай-ақ бауырлас әрі жақын мемлекет екенін атап өтті.
"Қазақстан мен Тәжікстан сауда-экономикалық ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді. Ұзақ жылдардан бері Қазақстан – Тәжікстанның екінші ірі сауда серіктесі. Тек былтырдың өзінде екіжақты сауда айналымы 18,5 пайызға артып, 1,4 миллиард долларға жетті. Қазіргі жағдайда бұл – жақсы нәтиже", - деді Тоқаев шағын құрамда.
Айтуынша, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салаларда бірқатар экономикалық жоба жүзеге асырылып жатыр. Тоқаев бүгін Тәжікстанмен экономиканың түрлі секторындағы өзара іс-әрекетті одан әрі кеңейтуге бағытталған жаңа келісімдердің маңызды топтамасына қол қойылатынын мәлімдеді.
"Кеше елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың перспективаларына қатысты бейресми әрі өзара сенімге негізделген жағдайда пікір алмастық. Ең бастысы, сауда көлемін екі миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Біз бизнесмендердің 1,8 миллиард доллар көлеміндегі келісімшарттарға қол қойғанына көңіліміз толатынын атап өттік. Бұл – өте жақсы нәтиже. Екі ел үкіметтері осы келісімшарттардың орындалуын мұқият қадағалап отыруға тиіс", - деді мемлекет басшысы.
Тоқаев екі елдің берік әрі ұзақмерзімді қарым-қатынасының мызғымас негізі – тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстар екенін айтты.
"Былтыр Душанбеде Қазақстан киносы күндері табысты өткізілді. Биыл біздің елімізде Тәжікстанның мәдениет күндерін өткізу жоспарланып отыр. Біз осы шараға мұқият дайындалуымыз керек", – деді Қазақстан президенті.
Ал Эмомали Рахмон Астанаға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны және қазақ халқының дәстүрлі қонақжайлығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ ол шағын құрамдағы келіссөздің нәтижелі болғанын және бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды екенін атап өтті.
"Біз тұрақты байланыстар мен жоғары деңгейдегі ұзақмерзімді саяси диалогтың игі дәстүрлерін сақтап, одан әрі кеңейтеміз. Мен достық қарым-қатынасымызды бағалаймын", – деді Рахмон.
Келіссөз барысында қазақ-тәжік ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Сондай-ақ сауда-экономикалық, соның ішінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесті - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.05.2023
Қазақстан мен Тәжікстан одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияға қол қояды
Жаңалықтар
0