Алматыда емхана қызметкерлері сотталды

CC0 / valelopardo / Дәрігер
Дәрігер - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.05.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 30 мамыр – Sputnik. Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотында емхана қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.
Дәрігерлерге аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін ұрлады деген айып тағылды.

"2015 жылғы сәуір – 2022 жылғы наурыз айларының аралығында емхананың бас дәрігері К. мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлға бола отырып, бас есепші Н. және кадр бөлімінің инспекторы С.-мен алдын ала қылмыстық келісім жасаған. Олар іс жүзінде жұмыс істемейтін 19 адамды қызметке тағайындау туралы бұйрықтарды рәсімдеген. Ресми түрде рәсімделген қызметкерлердің шотына ай сайын еңбекақы аударып отырған, кейіннен оны өз қажеттілігіне жұмсаған", – дейді ведомство қызметкерлері.

Салдарынан мемлекетке 79 млн теңгеден астам шығын келген. Бұған дейін соттылығы болмаған бас бухгалтер мен кадр бөлімінің инспекторы келтірілген залалды өтейді.
"Екі қызметкер 7 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Кадр бөлімінің инспекторы 5 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Ал бас бухгалтер 5 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Сот бас дәрігерді 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды", - деп жазылған қалалық соттың хабарламасында.
Бас дәрігер жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді, сондай-ақ мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтар
0