Екібастұздағы апат: прокуратура тергеу нәтижесін жариялады

© Sputnik / Абзал КалиевСитуация в Экибастузе
Ситуация в Экибастузе - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.06.2023
Жазылу
АСТАНА, 17 маусым – Sputnik. Павлодар облыстық прокуратурасы "Екібастұзтеплоэнерго" ЖШС нысындарында болған апат бойынша тергеу шараларын аяқтады. Барлық материалдар сотқа жолданды.
2022 жылы қарашаның соңында прокуролар алдымен Қылмыстық кодекстің 254-бабы (Коммерциялық ұйымдағы міндеттеріне адал қарамау) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған.
"Тергеу барысында Екібастұз ЖЭО-да ғимараттар мен құрылыстардың техникалық жай-күйінің тиісті жағдайда болмауы салдарынан қысым датчигінің импульстік түтігі қатып қалғаны, нәтижесінде реттеуші жалған көрсеткіштер негізінде су көлемін ұлғайтқаны анықталды. Бұдан әрі химиялық цехтың қызметкерлері тағы екі сорғыны қосқандықтан, қысым көтеріліп, ЖШС-ның жылу желілерінде көптеген бұзылыстарға әкеп соқтырды", - дейді прокурорлар.
Сараптамаға сәйкес, құбырлар магистралі толығымен тозған. Қазандық-турбиналық және су жылыту цехтарының бас корпусы апатттық жағдайда тұр. Оған қоса, басшылық пен жедел персоналдың қате және келісілмеген әрекеттері салдарынан апат болды. Мамандар ЖШС электр станциялары мен желілерін техникалық пайдалану кезінде көптеген бұзушылықтарды анықтады.
2023 жылы 16 мамырда ЖШС бұрынғы бас директоры, ЕЖЭО және ЭЖС директорларының іс-әрекеттері Қылмыстық кодекстің 254-бабы (Мiндеттерiне адал қарамау) бойынша сараланды. 22 мамырда тергеу шаралары аяқталды. Ал 15 маусымда барлық материал Екібастұз қалалық сотына жіберілді.
Бұдан бөлек, 2023 жылы 11 қаңтарда Қылмыстық кодекстің 371-бабы 2-бөлігі (Салғырттық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Лауазымды тұлғалардың немқұрайлылығы бар. Осы іс бойынша екі - аумақтық Энергетикалық қадағалау департаментінің басшысы және Екібастұз қаласының ТКШБ басшысы жауапқа тартылып отыр.
Жаңалықтар
0