Самат Әбішке қарсы іс қозғалғанына біраз болды – бас прокуратура

Самат Абиш - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.09.2023
Жазылу
Қазір Самат Әбіш Қазақстанда, одан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған
АСТАНА, 27 қыркүйек – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты істің қозғалғанына біраз болды. Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Самат Әбіштің ісі, менің мәліметімше, қозғалғанына біраз болды. Бірақ нақты қашан қозғалғанын, датасын қазір айта алмаймын. Заң бойынша тергеу органдары іске қатысты ақпаратты қашан беретінін өздері шешеді", - деді Шыңдалиев мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап беріп.
Оның айтуынша, Әбіш "қаңтар оқиғасы" кезінде лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілініп отыр. Әбіш қазір Қазақстанда, одан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды.
Осы орайда журналистер "ешқайда кетпеу туралы қолхат" алынған кезде арнайы күзет қойыла ма деп сұрады.
"Ешқайда кетпеу туралы қолхат алынғанда, үйдің алдында (Самат Әбіштің үйі – Sputnik) қарауыл тұрмайды. Ол өз үйінде тұрады. Тергеу шақырғанда, өзі келеді. Адвокаттарымен кездесе алады. Арнайы қарауыл үйқамақ кезінде ғана қолданылады", деп түсіндірді Шыңдалиев.
Айта кетері, Самат Әбіш – тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. 2015 жылдан бастап қаңтар оқиғасына дейін, яғни 2022 жылдың қаңтарына дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Естеріңізге сала кетейік, қаңтар оқиғасынан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары ұсталды. Артынша оларға сот үкімі шықты. Мәсімов мүлкі тәркіленіп, 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Мәсімовтің орынбасары болған Самат Әбіш қызметінен босатылды, оның үстінен қылмыстық іс қозғалған жоқ.
Самат Абиш - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.09.2023
Қоғам
Бас прокуратура Самат Әбішке қатысты тергеу бастады
Жаңалықтар
0