Дерекқор

Баланы қалай асырап алуға болады және ол үшін мемлекеттен қанша жәрдемақы төленеді

© AFP 2024 / NOEL CELISАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.10.2023
Жазылу
Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сүйенсек, Қазақстанда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 22 мыңнан астам бала бар. Олар балалар үйлерінде, интернаттар мен балалар ауылдарында тәрбиеленеді
Бала асырап алу үшін не істеу керек? Кімдер баланы асырап алуға құқылы? Қандай балаларды асырап алуға болады? Осы және де өзге де сұрақтардың жауабын Sputnik Қазақстан дерекқорынан біле аласыз.

Жетім баланы қамқорлыққа алу жолдары

Неке және отбасы туралы кодекске сәйкес, әрбiр баланың отбасында өмiр сүруге және тәрбиеленуге, өз ата-анасын бiлуге, олардың қамқорлығында болуға және олармен бiрге тұруға құқығы бар.
Заңнама бойынша балаасырап алуға, қорғаншылыққа (қамқоршылыққа), патронаттық тәрбиелеуге немесе баланы қабылдайтын отбасыға берілуі мүмкін.
Бала асырап алу – баланы сот шешімі негізінде бір отбасыға тәрбиелеуге беру. Бұл жағдайда бала өзін асырап алған отбасының толыққанды мүшесіне айналады. Асырап алған ата-анасының тегін және мұрасын алуға құқылы болады.
Патронат – отбасы қорғаншылық немесе қамқоршылық органымен келісімшарт жасап, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды патронаттық тәрбиелеуге алады.
14 жасқа толмаған балалар және сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдар қорғаншылыққа (опека) алынады.
Ал 14 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ құмар ойындарға, бәс тігуге, ішімдікке немесе есiрткiге салыну салдарынан сот әрекет қабілетін шектеген кәмелетке толған адамдар қамқоршылыққа (попечительство) алынады.
Баланы қабылдайтын отбасы – кемінде төрт және оннан аспайтын жетім баланы тәрбиелеуге алатын отбасы.

Қандай балаларды асырап алуға болады

Бала асырап алған кезде баланың жасы, естиярлық дәрежесі және өзін асырап алуға келісімі ескеріледі.
Заңға сәйкес, жалғыз ата-анасы немесе екеуі де:
қайтыс болған;
баладан бас тартқан;
ата-ана құқығынан айрылған;
туыстарына, асырап алынатын баланың анасымен немесе әкесімен некеде тұратын адамдарға баланы асырап алуға келісім берген;
сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз, хабар-ошарсыз кеткен деп танылған немесе қайтыс болған деп жарияланған;
белгісіз болған жағдайда баланы асырап алуға болады.

Баланы кімдер асырап ала алады

Бала асырап алатын адамның отбасында баланың қалыпты дене бітімі, психикалық, рухани және адамгершілік жағынан дамуы, тәрбиесі мен білімі үшін жағдай жасалған кезде ғана бала асырап алуға рұқсат етіледі.
Мына адамдарға баланы асырап алуға тыйым салынады:
сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп таныған адамдар;
сот біреуін әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлеті шектеулі деп таныған ерлi-зайыпты;
сот ата-ана құқығынан айырған немесе шектеген адамдар;
өзiне Қазақстан заңдарында жүктелген мiндеттердi тиiсiнше орындамағаны үшiн қорғаншы немесе қамқоршы мiндеттерінен шеттетiлген адамдар;
бұрын бала асырап алғанымен, сот олардың кінәсінен бала асырап алудың күшiн жойса;
денсаулығына байланысты ата-ана құқығын жүзеге асыра алмайтын адамдар;
тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдар;
дәстүрлi емес жыныстық бағдар ұстанатын адамдар;
қасақана қылмыс жасағаны үшін өтелмеген соттылығы бар адамдар;
азаматтығы жоқ адамдар;
тіркелген некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) еркек адамдар;
асырап алынған баланы заңнамада белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ететін табысы жоқ адамдар;
наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұратын адамдар;
адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқықбұзушылықтары, экстремистік немесе террористік қылмысы, адам саудасы үшін соттылығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшырап отырған немесе ұшыраған адамдар;
Қазақстан аумағында тұрақты тұратын, "Неке және отбасы туралы" кодексте белгіленген тәртіппен психологиялық даярлықтан өтпеген қазақстандықтар.
Сондай-ақ заңды түрде некелеспеген адамдар баланы бiрлесiп асырап ала алмайды.
Ел аумағында тұратын қазақстандықтар бала 18 жасқа толғанға дейін жылына кемінде бір рет қорғаншылық немесе қамқоршылық органына асырап алынған баланың тұрмыс, оқу, тәрбие жағдайы және денсаулық жағдайы туралы есеп беруге міндеттеледі.

Жас айырмашылығы

Бала асырап аларда жас айырмашылығын да ескерген жөн.
Бала асырап алушы мен асыранды баланың жас айырмасы кем дегенде 16 жас болуға тиіс. Сот шешімімен кейбір себептер бойынша жас айырмасы қысқартылуы мүмкін.
Егер баланы өгей әкесi немесе өгей шешесi асырап алса, жас айырмасы талап етілмейді.

Ағайынды балаларды ажыратуға болмайды

Заң бойынша бір отбасында тәрбиеленген ағалы-iнiлі және апалы-сiңлiлі балаларды әртүрлi адамдар асырап ала алмайды.
Егер ағайынды балалар өздерінің туыс екенін білмесе, бірге тұрмаған болса және бірге тәрбиеленбесе онда ешқандай тыйым жоқ.
Бір адам ағалы-iнiлi және апалы-сiңлiлi (қарындасы) немесе бір-бірімен өзара туыстық қатынасы жоқ бiрнеше баланы асырап алуы мүмкін.

Бала асырап алу үшін қандай құжаттар қажет

Бала асырап алу процесін бала асырап алуға ниет білдірген адамның өтінішімен сот жүргізеді. Сот отырысына міндетті түрде бала асырап алушы, қорғаншылық немесе қамқоршылық органының өкілі, сондай-ақ прокурор қатысады.
Бала асырап алғысы келетін қазақстандықтар мына құжаттарды тапсырады:
қорғаншылық/қамқоршылық органына бала асырап алуға тілек білдіргені туралы өтініш;
жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
жақын туыстарының бала асырап алуға жазбаша келісімі;
жиынтық кірісінің мөлшері;
отбасылық жағдайы туралы анықтама;
денсаулық жағдайы туралы анықтама;
сотталмағандығы туралы анықтама;
тұрғын үйі бар екенін растайтын құжат;
психологиялық даярлықтан өткені туралы сертификат.
Бұған қоса, он жасқа толған баланы асырап алу үшін оның келісімі қажет.

Бала асырап алушыға төленетін жәрдемақы

Республика аумағында тұрақты тұратын қазақстандық отбасыға жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алуына байланысты біржолғы ақшалай төлем беріледі.
Бала асырап алушылар мемлекеттен 75 АЕК мөлшерінде біржолғы көмек алады. 2023 жылы оның сомасы 258 750 теңгені құрайды.
Егер отбасы жаңа туған нәрестені бауырына басса, оларға декреттік төлемдер және бала күтіміне байланысты жәрдемақы төленеді.
Сондай-ақ кейбір жағдайларда қосымша жәрдемақы қарастырылған:
бала күтімімен айналысатын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаса;
міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы, 2008 жылғы 1 қаңтарға дейін туған баланың күтімімен айналысатын адам;
отбасының жан басына шаққандағы табысы азық-түлік себетінің құнынан төмен болған жағдайда;
мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырса.
Айта кетері, бала асырап алудың күші жойылған жағдайда бала асырап алған адам біржолғы ақшалай төлемді бюджетке қайтаруға міндетті.

Асыранды баланың аты-жөні мен туған күнін өзгерту

Бала асырап алған адамның өтінішімен асыранды балаға оның тегi, сондай-ақ ол көрсеткен есім берiледi. Егер бала асырап алған ерлi-зайыптының тегі әртүрлi болса, онда ерлi-зайыптының келісімімен балаға олардың бiреуiнiң тегi берiледi.
Ал 10 жасқа толған асыранды баланың аты, әкесiнiң аты және тегi оның келiсiмiмен ғана өзгертiледі.
Сондай-ақ бала асырап алушының өтiнiшiмен асыранды баланың туған күнi, айы, жылы 6 айдан аспайтын мерзімге өзгертілуі мүмкін. Асырап алған отбасы баланың туған жерін де Қазақстан аумағы шегінде өзгерте алады.
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.07.2022
Денсаулық
ВИЧ-пен ауыратын қазақстандықтарға бала асырап алуға рұқсат берілуі мүмкін
Жаңалықтар
0