Аграрлық ғылымды қаржыландыру көлемі өте төмен – Сапаров

© Sputnik / Vitaly Timkiv / Медиабанкке өтуДрон арқылы күріш егіп жатыр
Дрон арқылы күріш егіп жатыр - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.11.2023
Жазылу
2022 жылы аграрлық ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсалған қаражат көлемі саланың жалпы ішкі өнімінің 0,1%-ін ғана құрады
АЛМАТЫ, 24 қараша – Sputnik. Қазақстанда аграрлық ғылымды қаржыландыру көлемі ТМД елдерімен салыстырғанда өте төмен. Бұл туралы сенатта өткен үкімет сағатында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Сапаров геосаяси ахуал мен әлемдік нарықтың тұрақсыздығына қарамастан Қазақстанда агроөнеркәсіп кешені дамып жатқанын атап өтті. Мысалы, 2022 жылы жалпы ішкі өнім 104 трлн теңгені құрады, ондағы ауыл шаруашылығының үлесі – 9,5 трлн теңге. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 трлн теңгеге артық.
"Алайда инновациялық шешімдерсіз одан әрі өсу немесе даму мүмкін емес. Өйткені ол ғылыммен тығыз байланысты", - деп жазылған ведомство хабарламасында.
1990 жылдары елімізде аграрлық салада 31 ғылыми-зерттеу институты, 34 тәжірибелі шаруашылық, 6 580 ғылыми қызметкер болды. Содан бері ғылыми-зерттеу институттарының саны 31-ден 11-ге дейін, тәжірибелік шаруашылықтардың саны 34-тен 17-ге дейін, ғылыми қызметкерлердің саны 6 580-ден 902-ге дейін қысқарған.
Бұдан бөлек соңғы екі жылда ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының құрамындағы 20 ғылыми зерттеу институты мен эксперименттік станциялар жоғары оқу орындарының басқаруына өтті. Бұл аздай Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы таратылғандықтан орталықтың білікті кадрлары басқа жұмыс іздеп кеткен.
"Аграрлық саладағы реформалар олардың мазмұнын емес, әкімшілік басқару нысандарын өзгертумен ғана шектеледі. Соның салдарынан ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасы мен тиімділігі төмендеп, ғалымдарымыздың кадрлық құрамы нашарлады. Сонымен қатар аграрлық ғылымды қаржыландыру ТМД елдерімен салыстырғанда өте төмен деңгейде қалып отыр", - деді Айдарбек Сапаров.
Мысалы, 2022 жылы Қазақстандағы аграрлық ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсалған қаражат көлемі саланың жалпы ішкі өнімінің 0,1%-ін ғана құрады. Арменияда бұл көрсеткіш 0,3%, Беларусьта - 0,6%, Ресейде - 1,2% құрайды.
Қарашаның басында Ауыл шаруашылығы министрлігі бұрын жоғары оқу орындарына берілген 10 ғылыми-зерттеу институты мен эксперименттік станцияларды Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының құрамына қайтарды.
Сенатта министр тағы бір үлкен мәселе - аграрлық саладағы кадр тапшылығын көтерді.
Айдарбек Сапаровтың айтуынша, ауылдық елді мекендерде сұранысқа ие кадрларды даярлау керек. Бұл үшін министрлік болашақта аграрлық жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларын әртараптандыруды қарастырады.
Жаңалықтар
0