"Домбыраға ғашықпын": жезқазғандық Ксения Гапоненко 60-тан астам күй біледі

© Sputnik / Арман АсқарҚолдан жасалған домбыра
Қолдан жасалған домбыра - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.12.2023
Жазылу
Жас өнерпаз қазақтың күйшілік өнеріне тән 7 мектепті түгел меңгеруді армандайды
АСТАНА, 4 желтоқсан – Sputnik. Жезқазған қаласының тұрғыны Ксения Гапоненко музыка колледжінде оқиды. Қазақтың күйін күллі әлемге танытуды мақсат тұтып, "Күйшілік өнер" мамандығын таңдаған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Болашақта шәкірт тәрбиелеп, қазақ күйлері жөнінде ғылыми жұмыспен айналысуды жоспарлап отыр.
"Күйзелес болғанда қолыма домбыра алсам болды көңілім көтеріледі. Домбырада шертіп рахаттанып қаламын. Құлақ құрышын қандырар күй күмбірлей түскенде жан сарайың ашылып, толқыныс пен тыныштық сезімін қатар сезінесің. Домбыраның әсем үніне ғашықпын", - дейді Ксения.
Оның айтуынша, қазақтың мәдениеті мен әдебиетіне, тілі мен салт-дәстүріне қызығушылығы дәл осы домбырадан басталған. Ұлттық аспапты жетік меңгергеннен кейін қазақ тілін үйренуге ден қойған. Сол себепті музыкалық колледжде қазақ тобында тәлім алады.
Ал күйді үйрену бір бөлек, ал нақышына келтіре орындау асқан шеберлікті қажет етеді. Сондықтан Ксения әуелі сол шығарманың тарихымен танысып алады. Қазірдің өзінде 60-тан астам күй білетін өнерпаз қазақтың күйшілік өнеріне тән 7 мектепті түгел меңгеруді көздейді.
Ұстазы Бақытжан Есмағанбеттің айтуынша, Ксенияның талабы жоғары. Дайындықтың бәрін өз бетімен жасап келеді.
"Мысалы, телефонда диктофон бар ғой, соған менің орындауымдағы күйді жазып алады да, соны күніне 20-30 рет тыңдайды. Әбден құлаққа сіңгеннен кейін қолы жаттығып жаттау жеңіл болады. Соның арқасында аптасына кемі 2 күй жаттайды", - деп атап өтті Есмағамбет.
Ксения домбырамен қатар күйсандықты да меңгерген. Болашақта жетіген үйренуді жоспарлап жүр. Себебі домбыраның қос ішегі мен жетігеннің үнінде түгел тарих сөйлеп тұрғандай сезіледі.
Жаңалықтар
0