АҚШ Газада атысты тоқтату туралы қарарға неліктен қарсылық білдіргенін түсіндірді

© AP Photo / Jason DeCrowБҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.12.2023
Жазылу
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 13 мүшесі Біріккен Араб Әмірліктері ұсынған қарарды қолдап дауыс берді. АҚШ қарсы болды. Ұлыбритания қалыс қалды
АСТАНА, 9 желтоқсан – Sputnik. АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде дауыс беру кезінде Біріккен Араб Әмірліктері ұсынған Газа секторында атысты дереу тоқтату туралы қарар жобасына вето қойды.
БАӘ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне Газа секторындағы атысты тоқтату туралы қарар жобасын ұсынды.
Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше 97 мемлекет бірігіп ұсынған қарар жобасында кепілге алынғандардың алдын ала шартсыз босатылуы талап етілді.
Қарар жобасына сәйкес, Қауіпсіздік кеңесі барлық тараптың халықаралық құқық бойынша, атап айтқанда, бейбіт тұрғындарды қорғауға қатысты міндеттемелерін орындауын талап етеді.
Құжат авторлары "Газа секторындағы апатты гуманитарлық жағдайға және Палестинадағы бейбіт тұрғындардың зардап шегуіне қатты алаңдаушылық" білдірді.
АҚШ Израильдің Газа секторындағы әскери жоспарларына кедергі келтіретін қарарға бірінші рет вето қойып отырған жоқ. Вашингтон 18 қазанда Бразилияның қарар жобасына тосқауыл қойды да, содан кейін Израиль Газа секторындағы аурухананы бомбалады. Америка Құрама Штаттары өз ұстанымын мәтінде Израильдің өзін-өзі қорғау құқығы көрсетілмеді деп түсіндірді.
Бұл жолы АҚШ тұрақты өкілінің орынбасары Роберт Вуд дәл осындай ұстанымды білдірді.
"Біз қарар авторларының 7 қазанда ХАМАС-тың Израильге жасаған жан түршігерлік лаңкестік әрекетін айыптайтын сөздерді қосудан неліктен бас тартқанын әлі түсінбейміз", - деді Вуд.
Оның пікірінше, қарар гуманитарлық үзілістерді қалпына келтіруге, кепілге алынғандарды босатуға және көмекті арттыруға ықпал етпейді.
Қытайдың ұйымдағы тұрақты өкілі Чжан Цзюнь Қауіпсіздік кеңесінің отырысында АҚШ-тың ұстанымына қатысты өз көзқарасын білдірді.
"Бұл жобаға АҚШ-тың вето қоюы қатты көңілімізді қалдырып отыр және бұл өкінішті жайт", - деді ол.
Дипломаттың айтуынша, екі айға созылған қақтығыстан көптеген адам өліп, қалалар қирап қалды.
"Тез арада атысты тоқтату басты талап болып отыр", - деді ол.
Ресейдің тұрақты өкілінің орынбасары Дмитрий Полянский БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында АҚШ-тың әрекетін Израиль мен Палестинадағы мыңдаған бейбіт тұрғынды өлім жазасына кесу деп атады.
"Бүгін Таяу Шығыс тарихындағы ең қаралы күндердің бірі болды десек, артық айтқандық емес. Палестина – Израиль қақтығыс аймағында атысты тоқтату туралы қарарға қарсы шыққан АҚШ-тағы әріптестеріміз біздің көз алдымызда Палестина мен Израильдегі мыңдаған бейбіт тұрғынға, соның ішінде әйелдер мен балаларға, сондай-ақ оларға көмектесуге тырысқан БҰҰ қызметкерлеріне өлім жазасы түрінде үкім шығарды", - деді Полянский.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қауіпсіздік кеңесін Газа секторындағы гуманитарлық апаттың алдын алуға және атысты тоқтатуға шақырғаннан кейін Біріккен Араб Әмірліктері сәрсенбі күні өзінің қарар жобасын жолдады.
Жаңалықтар
0