Қоғам

"Ұлттық қор – балаларға" жобасы: көпті мазалаған сұрақтарға жауап

© Sputnik / Рамиль Ситдиков / Медиабанкке өтуАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.01.2024
Жазылу
Балалардың шотына алғашқы ақша биыл ақпан айында түсе бастайды
АСТАНА, 11 қаңтар – Sputnik. 2024 жылғы 1 қаңтарда "Ұлттық қор – балаларға" жобасы іске қосылды. Қазақстанның барлық кәмелетке толмаған азаматы Ұлттық қордан өз үлесін алады. Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 проценті балалардың арнайы жинақтаушы шотына түседі. Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Бағдарламаға кімдер қатысады

"Ұлттық қор – балалар" бағдарламасына 18 жасқа толмаған, яғни 2006 жылы және одан кейін туған балалар қатысады. Бұл ретте кәмелетке толмаған бала міндетті түрде Қазақстан азаматы болуға тиіс.
Ақшаны 18 жасқа толған соң ғана алуға рұқсат етіледі.

Егер бала 2024 жылы қаңтарда 18 жасқа толса, оған Ұлттық қордан ақша аударыла ма

Иә, аударылады. 2024 жылы қаңтар айында кәмелет жасына толған балаға 2023 жыл үшін төлем жасалады.
Егер бала 2023 жылы 18 жасқа толса, онда "Ұлттық қор – балаларға" жобасына қатыса алмайды. Өйткені бағдарлама 2024 жылы 1 қаңтарда іске қосылып отыр.

Балаға шотты қалай ашады

Ұлттық қордан төлем алу үшін банкке арнайы барып, балаға шот ашудың қажеті жоқ. Отбасындағы әрбір балаға арнайы жинақтаушы шот автоматты түрде ашылады.
Әйтсе де ата-ана баласының деректерін күні бұрын тексеріп алғаны жөн:
баланың жеке басын куәландыратын құжатты (соның ішінде ЖСН) алу;
деректердің бар-жоғын және дұрыстығын тексеру: кәмелетке толмаған баланың аты-жөні, туған күні, ЖСН, азаматтығы;
eGgov-тағы жеке кабинетке кіріп, "балалар туралы мәліметтер" бөлімінде балалар туралы мәліметтердің бар-жоғын тексеру.
Егер eGgov-та "сіздің балаңыз туралы деректер жоқ" деген хабарлама шықса, "Қосу" түймесін басу керек. Одан әрі баланың ЖСН-ы енгізіледі (әрқайсысы кезекпен енгізіледі) және бұл деректер ата-ананың жеке кабинетінде сақталады. Осыдан кейін оны қайта тексеру керек.
Балалар туралы мәліметті дәл солай eGov Mobile қосымшасы арқылы да тексеруге болады.
Ата-аналар баласы "Ұлттық қор – балаларға" жобасына қосылғанын БЖЗҚ ресми сайтынан және egov.kz порталындағы жеке кабинеттен біле алады.

Шотқа алғашқы ақша қашан түседі

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 15 қаңтарда Ұлттық қордан ақша алатын балалардың тізімін жасайды. 1 ақпанға дейін бір балаға есептік 2023 жыл үшін аударылатын соманы есептейді.
Ұлттық қордың табысы балалардың арнайы жинақтаушы шотына 2024 жылғы ақпан айынан түсе бастайды. Ата-аналар egov.kz-та жеке кабинетіне кіріп, шоттағы соманы көре алады. enpf.kz ресми сайтынан да білуге мүмкіндік бар.

Баланың шотында қанша ақша жиналады

Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа толмаған барлық балаға теңдей бөлінеді. Қазір елімізде шамамен 7 млн бала бар.
Әр жылдың басында шотқа түсетін сома елдегі бала санына және Ұлттық қордың инвестициялық табысына қарай өзгеруі мүмкін.
Алдын ала есептеулер бойынша 18 жыл ішінде баланың арнайы шотында 3,5 – 4 мың доллар жиналады. Ал биыл 18 жасқа толған азаматтардың шотына небәрі 160-170 доллар аударылады деген болжам бар.

Жинақ қай валютамен беріледі

Балалардың шотындағы ақша доллармен жиналады және 18 жасқа толған соң доллармен беріледі.

Ұлттық қордың ақшасын ай сайын шоттан алып тұруға бола ма

Жоқ. Бала арнайы шоттағы қаражатты кәмелет жасына толған соң ғана ала алады.

Ақшаны қайда жұмсауға болады

Бала 18 жасқа толған соң, Ұлттық қордан түсіп тұрған қаржыны екі мақсатқа ғана жұмсай алады: баспана немесе білім.
Дәлірек айтқанда:
тұрғын үй сатып алу (Қазақстан аумағында ғана сатып алуға рұқсат етіледі);
ипотеканы толығымен немесе жартылай мерзімінен бұрын өтеу;
ипотекалық қарыз алу, соның ішінде жөндеу жұмыстары үшін бастапқы жарна ретінде енгізу;
Отбасы банктегі депозитті толықтыру.
Бұдан бөлек шоттағы ақшамен оқу ақысын төлеуге рұқсат етіледі. Отандық жоғары оқу орындарымен қатар шетелдік университеттерде де оқуға мүмкіндік бар.
Сондай-ақ жиналған қаражатты Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне де аударуға болады.

18 жасқа толған азаматтың ақшасы шотта қанша уақыт сақталады

Ұлттық қордан түсіп тұрған ақшаны пайдалануға өтінім 18 жасқа толған соң ғана беріледі. Өтінімді жобаға қатысқан азаматтың өзі береді. Қазақстандық 10 жыл ішінде өтінім беруге құқылы. Өйткені шоттағы ақша 10 жыл бойы сақталады.
Егер жиналған қаражат 28 жасқа дейін жұмсалмаса, онда ол әлгі азаматтың ерікті зейнетақы шотына аударылады.

Салық салына ма

Ұлттық қордан берілетін жинаққа салық салынбайды.

Ұлттық қордан төлем қай кезде тоқтатылады

Егер 18 жасқа толмаған бала шетелге көшіп, Қазақстан азаматтығынан шықса, онда оған Ұлттық қордан ақша төленбейді. Ал егер бала шетелде өмір сүрсе, бірақ Қазақстан азаматтығын өзгертпесе, оның шотына кәмелет жасқа толғанға дейін қаражат аударыла береді.
Егер бала азаматтығын өзгертіп, шетелде белгілі бір уақыт тұрып келсе және Қазақстанға оралғаннан кейін республика азаматтығын қайта алса, онда арнайы жинақтаушы шот жаңадан ашылады.

2024 жылы 18 жасқа толған балалар не істейді

БЖЗҚ 1 ақпаннан бастап биыл 18 жасқа толған және толатын балаларға нысаналы жинақтаушы шот ашады. Кәмелетке толған қазақстандық осы шотқа түскен ақшаны екінші деңгейлі банктер немесе "Қазпошта" арқылы баспана сатып алуға және оқуға жұмсай алады.
Өтінімді кәмелет жасына жеткен баланың өзі немесе заңды өкілі береді.

Ұлттық қордың табысы қалай есептеледі

Жыл сайынғы аударымдарды есептеу үшін Ұлттық қордың соңғы 18 жылдағы орташа инвестициялық кірісі есепке алынады. Инвестициялық табыстың 50 пайызы кәмелетке толмаған балалар арасында теңдей бөлінеді.
Бала 18 жасқа толғанға дейін жинақталған қаражат Ұлттық қорда сақталады және оны Ұлттық банк түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды. Одан түскен инвестициялық табыс та балалардың шотына қосымша түсіп тұрады.
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.01.2024
Қоғам
"Ұлттық қор – балаларға" жобасы басталды
Жаңалықтар
0