Алматы облысында ауыл тұрғындары жолсыз қалды

Жазылу
Кәсіпкер жол түсетін жерге көлік жуатын ғимарат салып тастаған
АЛМАТЫ, 15 ақпан – Sputnik. Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай ауылының тұрғындары қара жолға қол жеткізе алмай, екі жыл бойы аудан әкімдігінің табалдырығын тоздырған. Мәселенің мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты.
Көксай ауылының барған сайын тынысы тарылып, жолсыз қалған. Тұрғындар қордаланған мәселені шеше алмай жүр.
"Жол жоқ. Екі адым жерге жету үшін бірнеше шақырым, қуыс-қуысты аралап әрең жүреміз. Жол түсетін жерге көлік жуатын ғимарат салып тастаған. Сол ғимаратты бұзса, қаншама халық түзу жолмен жүрер еді", - дейді көксайлықтар.
Көлік жуатын орынның иесі әу баста бұл жер учаскесін ауыл шаруашылығына деп алған. Кейіннен басқа мақсатқа пайдаланған.
"Ауылда негізгі жолға шығатын жол жоқ. Халық соны айтып жатыр. Автожуатын ғимарат тұрған орынды бұрын иесі ауылшаруашылық мақсатына алған, бірақ коммерциялық орын етіп пайдаланған. Сот арқылы шаруашылық мақсатқа қайта ауыстырды, жекеменшік кәсіпкер сотта жеңіліп қалды. Қазір ГАСК сүріп тастау бойынша жұмыс істеп жатыр", - дейді аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Дәрмен Жапаров.
© Sputnik / Айдана ДайыроваАлматы облысы Қарасай ауданы Көксу ауылының тұрғындары қара жолға қол жеткізе алмай жүр
Алматы облысы Қарасай ауданы Көксу ауылының тұрғындары қара жолға қол жеткізе алмай жүр - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.02.2024
Алматы облысы Қарасай ауданы Көксу ауылының тұрғындары қара жолға қол жеткізе алмай жүр
Ашулы халық аудан әкіміне келді. Бірінші рет емес, бірнеше рет. Бұл жолы да әкімдік мамандары мен халық арасында әдеттегідей дау болды.
"Қарасай ауданы әкімдігі барлық тұрғынның пікірін тыңдап жатырмыз. Халықтың өзі бірауыздан шешім қабылдап тұрған жоқ. Бұрын ашық алаңдар арқылы жолдар болса, қазір ол жерлерге үйлер салынып кеткен. Салдарынан халық жолсыз қалды. Біз жалпы жиын өткізіп, нақты пікірін білеміз. Сосын заң жүзінде жолды қай жерден, қалай салуға болады соны шешеміз. Негізі жол өтетін учаске иелерімен де келіссөз жүргіземіз", - дейді аудан әкімінің орынбасары Әдіс Сейдақматов.
Оның айтуынша, проблема шешіледі. Әкімдік мамандары ауылға барып, көпшілікпен тағы жиын өткізеді.
Жаңалықтар
0