Қазақстанда ер адамдар әйелдерге қарағанда 8 жыл аз өмір сүреді

© Photo : CC0 / Sabine van ErpЕрлі-зайыпты
Ерлі-зайыпты - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.02.2024
Жазылу
Зерттеушілердің айтуынша, орта жасқа келгенде ер адамдардың саны әйелдерге қарағанда азая бастайды
АЛМАТЫ, 28 ақпан – Sputnik. 2022 жылғы статистика бойынша Қазақстандағы еркектердің өмірі әйелдерге қарағанда 8,1 жылға қысқа. Ерлер орта есеппен 70,3 жас, әйелдер 78,4 жасқа дейін өмір сүреді, деп жазды Ranking.kz.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы жариялаған көпжылдық деректер динамикасы бойынша қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы пандемия жылдарында уақытша төмендегенмен, қазір керісінше ұзарған.
Алайда Қазақстан экономикалық дамыған мемлекеттердің халқына қарағанда 5-10 жылға аз өмір сүреді. Мысалы, Швейцарияда ерлердің өмір сүру ұзақтығы 2021 жылы 82 жасты, әйелдер 85,9 жасты құрады. Монаконың ергежейлі мемлекетінде бұл айырмашылық одан 3,4 жыл аз. Қазақстанның жақын көршілерінің ішінде ең аз гендерлік алшақтық Өзбекстанда (5,1 жыл), ең үлкені Ресейде (10,6 жыл) байқалады.
Қазақстанда 2022 жылы 195,8 мың қыз және 208,1 мың ұл дүниеге келген. Соңғы бірнеше жылда ұлдардың туу коэффициенті қыздарға қарағанда көп болған.
Зерттеушілердің айтуынша, орта жасқа келгенде ер адамдардың саны әйелдерге қарағанда азая бастайды. 56-70 жас аралығындағы егде әйелдер ерлерден 28,6%-ке көп болады. Ал 71-85 жас аралығындағы ер адамдар әйелдерге қарағанда 2 есе аз.
36-55 жас аралығында әйелдерге қарағанда ер адамдар суицид, криминал, жол апаты, өндірістік жарақаттанудан және жүрек-қантамыр жүйесі ауруларынан көп қайтыс болады.
Мәселен, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректері бойынша өткен жылы Қазақстанда 3,7 мың суицид тіркелді. Қайтыс болғандардың 79,3%-і ер адамдар. Сондай-ақ былтыр кісі қолынан қайтыс болғандардың 68%-і ер адамдар.
Жаңалықтар
0