Қазақстанда 400 мың адам букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған

© Sputnik / Виталий АньковПосетители в зале игровых автоматов
Посетители в зале игровых автоматов  - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.03.2024
Жазылу
2022 жылы елімізде 3,6 мың адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісіне лудомания себеп болған
АСТАНА, 27 наурыз – Sputnik. Қазақстанда 400 мыңдай адам құмар ойындарына салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған. Бұл туралы мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісте ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер таныстырылды. Депутаттар бұл заңды бір жарым жыл күткен.
"Заң жобасына үкіметтен қорытынды алу оңай болмады. Әдетте, басқа заңдар бойынша қорытындыны 1-2 ай күтетін болсақ, ал бұл заңға келгенде тым созылып кетті. Екі шақырылымдағы депутаттық тәжірибемде осыншама ұзақ уақыт бойы үкімет қорытындысын алуды бірінші көріп отырмын. Демек, мұның айналасында мүдделі топтар, лоббистер бар деген сөз. Яғни мұнда үлкен қаражат айналып жатыр", - дейді Бейсенбаев.
Мәселен, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпарат бойынша 1 триллион теңгеге жеткен. Бүгінде құмар ойындары жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, алдыңғы орынға шыққан.
"Шыны керек, қазіргі таңда Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп, ел қауіпсіздігіне қатер төндіре бастады. Оның басты себебі – құмар ойындарының жұртшылыққа оңай қолжетімді болуы және оны ұйымдастырушылардың интернеттегі сайттарының кеңінен таралуы. Деректерге жүгінсек, соңғы екі жарым жылда еліміздің әрбір бесінші адамы ойын ойнайды екен немесе құмар ойындарына қандай да бір қатысы бар. 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған", - дейді мәжілісмен.
Айтуынша, елдегі ажырасудың 40%-іне осы лудомания тікелей себеп болып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – құмар ойынға шалдыққандар.
"Мәселен, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. Өкінішке қарай, бұл дерт қазір әскерде де кең етек алған. Бұрын сарбаздар арасында әлімжеттік бар болғанымен, суицид өте сирек кездесетін. Қазір әлімжеттік азайғанымен, сарбаздардың өзіне қол жұмсауы жиілеп кетті. Олардың көбі құмар ойынның шырмауынан шыға алмай, осындай жантүршігерлік қадамға барып жатыр", - деп мәлімдеді депутат.
Айтуынша, қылмыс жасайтындардың 20 пайызы да лудомандар. Олар бәске тігетін ақша табу үшін алдымен қарыз алады, содан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға барады.
Бейсенбаев лудоманияны 21 ғасыр дерті деп атады. Оның айтуынша, тіпті мектеп оқушылары да ойынға қатысып, бәс тіге бастаған. Балалардың ересек туыстарының атынан тіркеліп, ойнау фактілері жиілеп кетті.
Мәселен, елімізде шамамен әрбір бесінші жас букмекерлік кеңселерде бәс тігеді.
"Бұл дегеніңіз, 1 миллионнан астам жас кемінде бірнеше рет құмар ойынға бәс тіккен деген сөз", - дейді депутат.
Казино - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.02.2023
Құмар ойын мен есірткіге 100 млн жұмсаған алматылық басынан өткен оқиғасын айтып берді
Жаңалықтар
0