Қоғам

Қазақстанда сәуір айынан бастап не өзгереді

© Sputnik / Абзал КалиевАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.04.2024
Жазылу
Бірінші сыныпқа құжат қабылдау, онлайн петиция, әуе рейстері, көлік салығын төлеу мерзімінің аяқталуы – сәуір айында осы және өзге де өзгерістер күшіне енеді
АСТАНА, 1 сәуір – Sputnik. Көктемнің екінші айында қазақстандықтарды бірқатар жаңашылдық күтіп тұр. Толығырақ Sputnik материалынан оқыңыз.

Бірінші сыныпқа құжат қабылданады

1 сәуірден бастап бірінші сыныпқа өтініш қабылдау басталды. Ол 31 тамызға дейін жалғасады. Ата-аналар баланың құжаттарын электронды үкіметтің еgov.kz веб-порталы арқылы тапсыра алады.
Балалар бірінші сыныпқа 6 жастан бастап ата-анасы немесе заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады. Өтінішпен бірге №065у формасындағы денсаулық жағдайы туралы анықтама, 026/у-3 баланың денсаулық паспорты және екі дана 3*4 фотосуреті болуы керек. Өтініш демалыс және мереке күндерді қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады.
Оқу-ағарту министрлігі 2024/2025 оқу жылында бірінші сыныпқа 370 мыңнан астам бүлдіршін барады деп болжап отыр.
Айта кетері, енді лицейлер мен гимназияларға бірінші сыныпқа қабылдау кезінде емтихан өткізуге тыйым салынады. Барлық бала, дайындық деңгейіне қарамастан, тең мүмкіндіктерге ие болады.

Оқушылар сабаққа оралды

Мектеп оқушыларының көктемгі каникулы аяқталды. Бүгін білім ошақтарында төртінші тоқсан басталды.
Үшінші тоқсанның демалысы 21-31 наурыз аралығында он бір күнге созылған болатын.
Айта кетері, биыл оқу жылы 25 мамырда аяқталады.

Әуе рейстері

Сәуір айында қазақстандықтар үшін бірнеше әуе рейсі іске қосылады.
Qazaq Air 1 сәуірден бастап Ақтөбеден Қазанға әуе рейстерін ашады. Рейстер кесте бойынша аптасына 2 рет – дүйсенбі және жұма күндері орындалады.
Сондай-ақ ресейлік Red Wings әуе компаниясы Минеральные воды қаласынан Астанаға алғашқы рейсті іске қосады. Жолаушыларды SuperJet-100 лайнері тасымалдайды.
Астанаға алғашқы WZ-4301 рейсі 19 сәуір сағат 07:20-де ұшады. Ал Астана уақытымен 13.50-де Минеральный воды қаласына кері рейс жасалады.
Бұдан бөлек Душанбеден Астанаға да жаңа рейс ашылады. Елордаға алғашқы рейс 2 сәуірге жоспарланған.
Рейстер аптасына бір рет – сейсенбіде орындалады, ал 19 сәуірден бастап Астанаға ұшу жиілігі аптасына екі рейске – сейсенбі және жұма күндеріне дейін ұлғайтылады.
Жолаушылар Боинг 737-800 және Боинг 737-900 ұшақтарымен тасымалданады.

Көлік салығы

2023 жылға көлік салығын төлеу мерзімі 1 сәуірде аяқталады.
Ертең, 2 сәуірден бастап көлік салығын уақытылы төлемеген жүргізушілерге салық берешегі туралы хабарлама жолданады. 1 АЕК-тен (3450 теңге) астам берешек сомасы бойынша хабарлама тапсырылғаннан кейін отыз жұмыс күнінен кейін жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығы автоматты түрде қалыптастырылады және борышкерге жіберіледі. Берешек тапсырылғаннан кейін 5 жұмыс күнінен кейін төленбеген жағдайда, салық бұйрығы жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алуға беріледі.
Заңнамаға сәйкес сот орындаушылары банктік шоттар мен мүлікті бұғаттауға құқылы. Сондай-ақ, берешек сомасы 40 АЕК-тен асқан кезде ел аумағынан шығуға тыйым салынуы мүмкін.
Көлік салығын есептеу кезінде 2023 жылы қолданыста болған 3 450 теңге мөлшеріндегі айлық есептік көрсеткіш пайдаланылады. Көлік салығының мөлшерін kgd.gov.kz порталында және "e–Salyq Azamat" мобильді қосымшасында калькулятордың көмегімен есептеуге болады.

Қазақстандықтар онлайн петиция жариялай алады

Осы айдан бастап Қазақстан азаматтары онлайн петиция жариялай алады. Былтыр қабылданған "Қоғамдық бақылау туралы" заң 4 сәуірде күшіне енеді. Заңда петиция институты реттелген.
Онлайн петиция берудің арнайы платформасы сәуір айында жұмыс істей бастайды. Петицияны міндетті түрде қарау үшін аудандық, облыстық және республикалық деңгейде дауыс шегі болады. Сол шекті мәнге жеткен петиция ғана қолдау тапты деп саналады.
Петицияны аудан әкімдігі қарау үшін 2,5 мыңнан астам қол жинау қажет. Ал аудандық мәслихат қарау үшін 5 мың адамның қолдауы керек. Облыстық деңгейде қарастырылатын петиция үшін облыс халқының 1 пайызынан астамының қолы қажет. Егер облыс тұрғындарының 2 пайызы қолдаса, онда облыстық мәслихат қарайды.
Ал қолдаушылар саны 50 мың адамнан асса, петиция үкімет деңгейінде қаралады.

Кімдерге қайтарымсыз грант беріледі

8 сәуірден бастап бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін грант алуға өтінім қабылдау басталады. Өтінімдер Business.enbek.kz порталында қабылданады.
Республика бойынша бірінші лекте 4 500 адамға грант беру жоспарланып отыр.
Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі, ақша жаңа бизнесті бастауға және дамытуға жұмсалуға тиіс.
Грант мөлшері 400 АЕК-ті (1 476 800 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны бір-ақ рет қана ала алады.
Жаңа бизнес-идеяны іске асыру үшін грант алуға тіркелген жұмыссыздар мен жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін) үміткер бола алады.
Бұл ретте үміткер мына әлеуметтік санаттардың бірінен болуы керек:
мүгедектігі бар адамдар;
қолданыстағы "қандас" мәртебесі бар адамдар;
өңіраралық қоныс аударушылар;
тұрмысы төмен отбасы мүшелері;
көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы/зайыбы);
мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы);
асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алатындар.

ЕАЭО-да тауарларды бажсыз әкелу шегі өзгереді

1 сәуірден бастап ЕАЭО елдеріне 1000 еуро сомасына жеке пайдаланылатын тауарларды бажсыз әкелу туралы шешімнің мерзімі аяқталады.
Бұл шешім енді ұзартылмайды. Бажсыз әкелу шегі 2022 жылғы наурызға дейін болған 200 еуро сомасына қайта оралады.
2022 жылы бажсыз әкелу шегін 200 еуродан 1000 еуроға дейін ұлғайту шетелдік интернет-дүкендерден өздері пайдаланатын тауарларға тапсырыс беретін азаматтарды қолдауға және тауар тапшылығын болдырмауға мүмкіндік берді.

Қадір түні

Сәуір айының 5-нен 6-сына қараған түні барша мұсылман Қадір түнін қарсы алады.
Айлардың сұлтаны Рамазан айы болса, түндердің ең қасиеттісі Қадір түні саналады. Өйткені бұл түні Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған. Қадір түні намаз бен Құран оқудың сауабы мол. Сонымен қатар Алладан көбірек кешірім сұрап, дұға жасау керек.
Сондай-ақ 9 сәуірде қасиетті Рамазан айы аяқталады. 10 сәуір Ораза айт мерекесі болады.
Биыл пітір садақасының мөлшері 640 теңге болып бекітілді. Оның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады.
Пітір садақасы Рамазан айы кіргеннен бастап Ораза айт намазына дейін беріледі. Уақытында бере алмаған жағдайда кейін берсе де болады, бірақ оның сауабы азаяды.
Жаңалықтар
0