Энергиямен жабдықтаудағы делдалдар жойылады – заң жобасы мақұлданды

Заседание мажилиса парламента Казахстана
Заседание мажилиса парламента Казахстана - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.04.2024
Жазылу
Депутаттар мақұлдаған заң жобасының негізгі нормаларының бірі – энергиямен жабдықтау саласындағы делдалдарға қатысты
АСТАНА, 3 сәуір – Sputnik. Парламент мәжілісі "Жылу энергетикасы туралы" заң жобасы мен оған ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Елімізде жылу энергетикасы саласындағы жеке заң алғаш рет әзірленіп отыр. Заң жобасы жылу энергетикасы мен жылумен жабдықтау саласындағы қатынастарды реттеу үшін толыққанды құқықтық негіз белгілеуге бағытталған.
Депутаттар мақұлдаған заң жобасының негізгі нормаларының бірі – энергиямен жабдықтау саласындағы делдалдарға қатысты.
Қазір нарықта энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың реттелетін және реттелмейтін екі түрі жұмыс істейді. Реттелетін ұйымдар тұрғындарға, заңды тұлғаларға және бюджеттік ұйымдарға қызмет көрсетеді. Мемлекет тарапынан олардың операциялық шығындары ескеріліп, жабдықтау тарифінің орташа бағасы 1 кВт сағатқа 1 теңге жобасында бекітіліп отыр. Ал реттелмейтін ұйымдар тарифтерін өздері белгілейді.
"Болжам бойынша әрбір делдал жылына кемінде 1 млрд теңге пайда көреді. 120-дан астам реттелмейтін ұйымдардың бір жылдық таза табысы – кемі 150 млрд теңге. Бірақ олар ешкімге есеп бермей, делдалдық қызмет арқылы табыс табады", - дейді депутаттар.
Мысалы, кейбір өңірде делдалдардың тарифіндегі таза пайда бір кВт/сағат үшін 25 теңгеге жеткен. Ал Қазақстандағы ең ірі Екібастұз бірінші электр станциясының тарифі – 8 теңге. Делдалдар ештеңе өндірмей-ақ, станциялармен салыстырғанда кемі 3 есе пайда көріп отыр.
Сондықтан электр энергиясын Бірыңғай сатып алушы механизмі енгізіліп, осы нарықта баға бәсекелестігін тудыратын барлық қажеттілік жойылады.
Депутаттар делдалдарды жоятын норманы мақұлдады. Ал үкімет қаралып жатқан заң жобасы күшіне енгеннен кейін, оны жүзеге асыру үшін тиісті нормативтік-құқықтық актілерді әзірлейді.
Сонымен қатар заң жобасына сәйкес, энергетика нысандарында желінің әзірлік паспорты болуға міндетті.
Әзірлік паспорты – жылу өндіруші және жылуды тасымалдаушы субъектілердің күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындығын растайтын құжат. Ол жыл сайын комиссиялық тексерістің қорытындысы бойынша беріледі.
Жылу-энергетика туралы заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келетін әзірлік паспортын алу үшін ұсынылатын құжаттарға қосымша түсініктемелер, материалдар мен негіздемелер қажет болған жағдайда ескертусіз немесе ескертулермен әзірлік паспорты беріледі.
Жылу-энергетика саласы туралы заңнамада белгіленген шарттар мен талаптардың орындалуын растайтын ұсынылған құжаттардың көлемі мен мазмұны сәйкес келмеген жағдайда, әзірлік паспорты берілмейді.
Әзірлік паспортын алу мерзімін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленеді. Атап айтқанда 50-ден 1500 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.
Сондай-ақ жылумен жабдықтау бағытындағы бақылау функциялары қайта қаралады. Заң жобасында жылу желілеріндегі бақылау функцияларын (мемлекеттік орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері шегінде) жергілікті атқарушы органдардан атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне беретін нормалар қарастырылған. Яғни, үкімет елдегі жылумен жабықтау кәсіпорындарының қысқа дайындығын қазіргідей жергілікті әкімдіктердің баяндамасы бойынша емес, бір ғана жауапты комитеттің жұмысын қадағалау арқылы қамтамасыз етеді.
Мәжіліс депутаттары заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.
Жаңалықтар
0