Допинг сынама

Лавров Ресейді жарыстардан шеттетуге қатысты түсініктеме берді

34
Сыртқы істер министрінің айтуынша, қорытынды жасауға әлі ерте. Өйткені бұл ұсынысты әлі атқарушы комитет қарастырады

НҰР-СҰЛТАН, 27 қараша – Sputnik. Мәскеу ашық әңгімеге қол жеткізуге тырысады. WADA-ның Ресейді халықаралық жарыстардан шеттету ұсынысына қатысты түсініктеме берген елдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров осылай деп мәлімдеді.

"Ресейді қорғанушы, айыпталушы позициясына қоюды қалайтындар бар. Халықаралық өмірдің қай саласын алсақ та, қақтығыс, экономика, энергетика, газ құбырлары болсын, бүкіл жерде Ресейді кінәлі етіп көрсеткісі келеді. Әйтеуір, қайсысын алсаң да, Ресей Батыстың бір немесе бірнеше елдеріне тиімсіз дүниелерді жасайды, заң бұзады", - дейді министр.

Оның айтуынша, қорытынды жасауға әлі ерте. Өйткені бұл Бүкіләлемдік антидопинг агенттігі комитетінің соңғы шешімі емес. Оны әлі атқарушы комитет қарастырады, деп хабарлайды rsport.ria.ru.

WADA ұсынысы

Жуырда WADA-ның сәйкестік жөніндегі комитеті Ресейді халықаралық сайыстардан төрт жылға шеттетуді ұсынды: ірі турнирлер қабылдауға тыйым салу, ел құрамасын өз туымен сынға түсу мүмкіндігінен айыру, жарысқа тек "таза" спортшыларды жіберу.

WADA атқарушы комитеті соңғы шешімді 9 желтоқсанда қабылдайды.

Тағы оқыңыз: Ресей спортына қандай қауіп төніп тұр?

Бұған дейін Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік Ресейдің ұлттық антидопинг ұйымын 2015 жылы мәртебесінен айырған болатын. Ресей WADA сарапшыларына Мәскеу антидопинг зертханасының мәліметтер базасын беруге келіскеннен кейін ғана, 2018 жылдың қыркүйегінде бәрі қалпына келді. Алайда енді Ресей "деректерді бұрмалады" деп айыпталып отыр: комитеттің пікірінше, қаңтарда берілген база мен WADA-ның қолындағы мәліметтер сәйкес келмейді.

Ресей тарапы бұған қатысты 31 сұраққа жауап берді. Өткен аптада сәйкестік комитеті осы жауаптар мен сарапшылардың есебін қарап шықса да, Ресейдің антидопинг ұйымын мәртебесінен айыруды ұсынды.

34
Кілт сөздер:
допинг, Ресей
Загрузка...