Спутник V вакцинасы

COVID-19: Қазақстанға ресейлік вакцинаның 2 миллионнан астам дозасы жеткізіледі

73
Қазақстанға әкелінетін COVID-19 індетіне қарсы ресейлік вакцинаның көлемін 5 миллион дозаға дейін арттыруға болады

АЛМАТЫ, 26 тамыз – Sputnik. COVID-19 індетіне қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасының екі миллионнан астам дозасын Қазақстанға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға Ресей тікелей инвестициялар қорының бас директоры Кирилл Дмитриев хабарлады.

"Келісімде ресейлік "Спутник V" вакцинасының екі миллионнан астам дозасын Қазақстанға жеткізу қарастырылған. Болашақта біз серіктестерімізбен бірге вакцина жеткізу көлемін 5 миллион дозаға дейін ұлғайту мүмкіндігін қарастырамыз", - деді Дмитриев.  

Қорға коронавирусқа қарсы вакцинаны сатып алуға 20-дан астам елден өтінім келіп түсті. Сонымен бірге, Ресей бес елде вакцина өндіруге келісті, қолда бар қуаттылық жылына 500 миллион доза шығаруға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Коронавирустың екінші толқыны қашан басталады – ұлттық орталық болжам жасады 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ресей тікелей инвестициялар қоры мен қазақстандық "СК-Фармация" компаниясы ресейлік "Спутник V" вакцинасын Қазақстанға жеткізу туралы келісім жасаған болатын.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі вакцина 2 миллион 182 мың адамға тегін салынатынын жеткізді. Олар – 65 жастан асқан және созылмалы аурулары бар адамдар, қант диабеті мен өкпенің обструктивті ауруына шалдыққандар. Ал дені сау және жұмыс істейтіндер вакцинаны өз ақшасына сатып алады.

Вакцина қанша тұрады?

Жақында Қазақстан COVAX Facility халықаралық бағдарламасына қосылды. Келісім бойынша коронавирусқа қарсы вакцина шыққан бойда оны еліміздегі халықтың 20 процентіне бірден жеткізіп береді. Осылайша, 3,6 миллион вакцина барлық мемлекетпен бірдей уақытта түседі.

Бүгінде вакцинаны тегін алатындардың нақты саны анықталды. Барлығы – 2 182 000 адам. Ішінде 65 жастан асқандар, жүрек-қан тамыры аурулары, қант диабеті және өкпенің обструктивті ауруы, созылмалы ауруы бар азаматтар бар. Медицина қызметкерлеріне де вакцина тегін салынады.

Қазақстанға келетін 3 миллионнан астам вакцинаның басым бөлігі тегін таратылса, қалғаны сатылады. Бағасы 4,2-8 мың теңгенің айналасында болады.

73
Кілт сөздер:
вакцина, коронавирус
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы (1543)
Тақырып бойынша
Коронавирусты қайта жұқтырып жатыр: ДДҰ түсініктеме берді
Коронавирус пандемиясы қашан аяқталады – ДДҰ басшысы болжам жасады
Денсаулық сақтау министрі коронавирусқа қарсы вакцинаны салдыруға дайын
Қазақстан мен Ресей коронавирусқа қарсы вакцинаны жеткізу туралы келісімге қол қойды
студенттер

Шетелдіктерге Ресейде білім алуға квота бөлу жүйесін реформалау керек - Примаков

31
Ресейдің білім беру саласының өкілдері шетелдік студенттерге оқуға түсуге квота ғана емес, стипендия мен грант беру керек деп отыр

 

МӘСКЕУ, 25 қыркүйек – Sputnik. Көршілес және Балтық елдерінің талапкерлеріне Ресейдің жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік беру форматын реформалау керек, деп есептейді Россотрудничество басшысы Евгений Примаков.

РФ мемлекеттік думасының депутаты Евгений Примаков осы жылдың маусым айының соңында Россотрудничество басшысы болып тағайындалды. Ол сол кезде ресейлік агенттік қызметіне үлкен өзгерістер енгізуге уәде берген еді.

Россотрудничествоның жаңа басшысы шетелдік азаматтардың Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіндік беретін квота жүйесіндегі кемшін тұстарды атап өтті.

"Квота саны артады. Президент олардың өсетінін айтты. 2023 жылға қарай квота мөлшерін екі есеге дейін көбейту көзделген. Бірақ, біз білім және ғылым министрлігіндегі, мемлекеттік думадағы әріптестерімізбен сөйлесе келе, квотаға қатысты тетіктердің өте тиімсіз болып отырғанына көз жеткіздік", - деді Sputnik агенттігінде берген сұхбатында Евгений Примаков.

Ол, бұл ретте, тегін оқу үшін квота көп бөлінген Беларусьті мысалға келтірді. "Бірақ Ресейдің тіпті Польшамен бәсекеге түсуі қиын болып тұр" дейді ол.

 "Поляктар студенттерге тегін оқуға түсуге ғана мүмкіндік бермейді, сонымен қатар,  түрлі стипендиялар мен гранттар бөледі. Егер біз алдағы уақытта тегін оқу жағын ғана қарастыратын болсақ, поляктармен бәсекеге түсе алмайтынымыз анық. Ал квоталардың ішінде гранттар мен стипендиялардың болуы үшін жүйені жетілдіруіміз керек. Яғни, біз жастарды оқуға шақырып қана қоймай, оларға ұшақ билетін ұсыну, баспанаға немесе жатақханаға ақы төлеу жағын да қарастырғанымыз жөн", - деді Примаков.

Агенттік басшысының айтуынша, Россотрудничество шетелдік студенттердің Ресейге келіп, білікті маман атанып, таңдаған саланың мықты сарапшысына айналуына мүдделі.  Алайда, қазіргі жүйе бұл жоспарды жүзеге асыруға мүмкіндік бермей отыр.

"Кейде Ресейге келген жастар қиын жағдайға тап болып жатады. Нәтижесінде аула сыпырушы, таксист болып жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ал бұдан мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржының дұрыс жұмсалмай отырғанын көруге болады", – деп түсіндірді Россотрудничество басшысы. 

Сонымен қатар, ол әлі күнге дейін квота бөлу жүйесін реформалаудың нақты жоспары әзірленбегенін, бұл мәселе әлі де талқыланып жатқанынын жеткізді. Бұл салаға реформа жүргізбей, мәселе шешілмейді деп есептейді Примаков.

2020 жылдың басында мемлекеттік думаның күн тәртібіне шетелдік студенттерге арналған квота санын 15 мыңнан 30 мыңға дейін арттыру туралы мәселе қойылды. Сол кезде думаның ТМД істері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс жөніндегі комитетінің төрағасы Леонид Калашников студенттерге бөлінетін 15 мың квота Ресейдің халықаралық деңгейдегі рөлі мен гуманитарлық әлеуетіне сәйкес келмейтініне тоқталған еді.  Бұл ретте, ол тек Беларусь азаматтары үшін ғана 10 мың тегін квота бөлетін Польшаны, жыл сайын 5 мың Молдова азаматын ақысыз оқытатын Румынияны мысалға келтірген болатын.

Бүгінде Ресейге оқуға түсуге ниет білдірген шетелдік студенттердің өтінішінің саны 100 мыңға жуықтаған. Сондықтан, Ресейдің білім және ғылым министрлігі шетелдік студенттерге бөлінетін квота санын 30 мыңға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

 

 

31
Мәскеу, Ресей

Мәскеу АҚШ-ты қандай қателіктен сақтандырып отыр?

89
Ресей стратегиялық шабуыл қаруы туралы келісімнің (СШҚК-3) сақталуын қолдайды және АҚШ-ты оның мерзімін ұзартуға шақырады. Келіссөздер жаздан бері жалғасып келеді

НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. Вашингтон құжатты қайта қарауды талап етті, ал Мәскеу өзгеріс енгізуден бас тартып отыр, деп жазады РИА Новости.

"Тез арада шешілуі мүмкін және шешілуге тиісті мәселе - ол, әрине, Ресей мен АҚШ-тың мерзімі 2021 жылдың ақпанында, яғни жақында аяқталатын Стратегиялық шабуыл қаруы туралы келісімнің ұзартылуы. Біз америкалық серіктестермен осындай келіссөздер жүргізіп жатырмыз", - деді Владимир Путин БҰҰ Бас ассамблеясының 75-ші сессиясының ашылуында.

Ресей президенті елдерді жаңа зымыран кешендерін орналастыру кезінде ұстамды болуға шақырды. Өткен жылы АҚШ орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісімнен шықты, содан кейін Мәскеу оларды Еуропада орналастыруға мораторий жариялады. Путин: "Мораторий АҚШ осындай шаралардан бас тартқанша сақталады" деп атап өткен болатын.

"Біз, өкінішке қарай, өз ұсынысымызға америкалық серіктестердің де, олардың одақтастарының да реакциясын әлі байқаған жоқпыз", - деді ол.

Антонио Гутерриш бірнеше рет СШҚ-3  мерзімін ұзартуға кеңес берді. Бірақ БҰҰ Бас хатшысы АҚШ-тың Қытайды келісімге қосуды талап етуіне қарсы теріс реакция танытты. Ресейдің тұрақты өкілі Василий Небензя да америкалықтарды "үлкен қателіктерден" сақтандырды.

СШҚК-3 - ядролық технологияларды бақылау саласындағы іргелі құжат. 2010 жылы оған қол қою арқылы Мәскеу мен Вашингтон өздерінің стратегиялық арсеналдарын қысқартуға уәде берді. Процесс 70-ші жылдардың басында қырғи-қабақ соғыс кезінде қарсыластардың стратегиялық қаруды шектеу туралы келісімге (СҚШ-1) қол қойғаннан кейін басталды. Содан бері осы салада 7 екіжақты келісім қабылданды.

АҚШ оларға ешқашан сенімсіздік танытпаған, бірақ Дональд Трамптың президенттігі бәрін өзгертті. Ақ үйдің басшысы келісімдерді заманауи шындыққа барынша сәйкестендіруге тырысуда, жаңа заманға сай қарулану жолындағы "жарыстан" да қорқып отырған жоқ.

2019 жылдың тамызында АҚШ орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісімнен шығу туралы шешімін Ресейге қарсы бағытталған шағымдарымен түсіндірді. Ең бастысы, Мәскеу құжатта тыйым салынған SSC-8 зымыранын (орыс классификациясында - 9М729) сынақтан өткізді деп болжануда. Америкалықтар бұдан басқа нақты дәлел-дәйек келтірген жоқ.  

Сонымен, олар бейресми кездесулерде проблема Мәскеуде емес екенін мойындады. Пентагон ҚХР-да орта және қысқа қашықтықтағы зымырандар жасалды дегеннен күдіктеніп, Бейжіңнің стратегиялық қарулану жөніндегі келіссөздерге қосылуын талап етті. Қытай бұл "өтінішті" елеген жоқ.

2020 жылдың мамырында АҚШ Ашық аспан келісімінен (ААК) шығып, Мәскеуді тағы да айыптады, мұны "ресейліктер инспекциялық бағыттағы ұшуларға кедергі келтіріп жатыр" деп түсіндірді. Ресейдің қорғаныс министрлігі мұны жоққа шығарды. Ведомствоның пікірінше, америкалықтар ғарышты белсенді түрде зерттеуге ниет танытқан, алайда ААК оған қолбайлау болған.

"АҚШ пен НАТО Қытайдың ядролық бағдарламасының қарқынды түрде дамып келе жатқанына алаңдайды. Қытай бұл мәселеде Вашингтонмен және Мәскеумен теңесуге ниеттенетін сияқты", - деп түсіндірген еді жазда АҚШ-тың қаруды бақылау жөніндегі арнайы өкілі Маршалл Биллингсли.

Вашингтон СШҚК-3-тің Ресейдің тактикалық ядролық әлеуетін арттыруды шектемейтініне де наразы. Биллингсли стратегиялық қаруды тексерудің қазіргі тетігін де сынға алды.

Соған қарамастан, бұл төңіректегі мәселе талқы таразысына салынды, бірақ америкалықтар жаңа талап қойды. "АҚШ бұл "әңгімеге" Ресейдің соңғы үлгідегі қаруларын тартуды талап етіп отыр, ал бұл "ашық есікті қаққандай" көрінеді", - деп мәлімдеді Ресей министрі.

Кездесулердің екінші кезеңі қыркүйек айында ешқандай нәтижесіз  аяқталды. Енді АҚШ-тың жаңа талабы бар – ол қосымша келісімдерді қабылдау.

Америкалықтар ол жерге тек стратегиялық қана емес, тактикалық ядролық арсеналдарды да енгізуді ұсынады. Бұл жердегі жалғыз жеңілдік –  Вашингтонның Қытайдың келіссөздер үдерісіне қатысуын кейінге қалдыруға келісуі.

"Біз Ресейге жақсы ұсыныс тастадық", - деді  бұл жөнінде Биллингсли.

Ресей сыртқы істер министрлігі Мәскеудің келісімшартты тек қазіргі түрінде ғана ұзартатынын хабарлады. Оның жарамдылық мерзімі бірнеше айдан кейін аяқталады, сондықтан өзгеріс енгізуге уақыт шектеулі. Ведомство келісімшарт бойынша келісу процесін америкалықтардың өзі созып алғанын атап өтті.

"Егер АҚШ мүдделер тепе-теңдігі негізінде жаңа дүние әзірлеуге дайын болса, онда келісім жасалуы мүмкін. Бірақ оған уақыт қажет", - деді осы жағдай жөнінде түсініктеме берген Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков.

"Баламалар аз: СШҚК-3-ті еш өзгертпестен ұзарту немесе одан толықтай бас тарту", - дейді қаруды бақылау проблемалары жөніндегі сарапшы Евгений Мясников. Ол шарттың басты құндылығын стратегиялық қаруды тексеру жүйесімен байланыстырып отыр. 

"Бұрын бір-біріміздің іс-әрекеттерімізді бақылау қиынға соғатын. Тараптар шиеленісті одан әрі ушықтырып жіберетін "ең нашар сценарий" бойынша жүріп отыратын еді. Сондықтан, егер жүйе күйресе, өткеннің қателігін қайталау қаупі туындауы мүмкін", - деді сарапшы.

Ресейдің халықаралық қауіпсіздік саласындағы тәуелсіз зерттеу орталығының жаңа технологиялар және халықаралық қауіпсіздік жөніндегі бағдарламасының директоры Вирим Козюлин келісімнің ұзартылатынына еш күмәнданбайды. Ол АҚШ-тың қойған талаптарын "мөлшерлемені көтеру жолындағы ойын" деп есептейді.

"Трамп келісім жасағанға дейін әлдебір артықшылықтар мен жеңілдіктер үшін саудаласқысы келетіні анық. Бірақ оған уақыт тапшы, демек америкалықтарға келісімді ұзартқаннан басқа ештеңе қалмайды. Ал жаңа қалыптасқан жағдай алдағы талқылау тақырыбына айналмақ. Оның үстіне Ресейде тактикалық ядролық арсенал мен Еуропадағы америкалық қару-жарақ туралы ұсыныстар бар", - дейді сарапшы.

Ол СШҚК-3-ті ядролық қаруды тасымалдаушы ретінде қарастыруға болатындығына қарамастан, оның пилотсыз жүйелерге кірмейтінін атап өтті.

"Ресейде бұл  жөнінде көп сауал туындап жатады. Шын мәнісінде, ол да қанатты зымыран, алайда, ол бірнеше рет қолданылатындықтан, үлкен қауіп төндіреді. Бірақ СШҚК-3 төңірегіндегі отырыстар аясында Мәскеу бұл мәселенің шешілуін әлі тездеткен жоқ", - деп атап өтті Козюлин.

Оның айтуынша, қазіргі таңда басқару жүйесінің сақталуы негізінен АҚШ-қа байланысты болып тұр. Егер Вашингтон келісімге келсе, оған алдағы уақытта ядролық қаруы бар – Қытай, Франция, Ұлыбритания, Үндістан, Пәкістан мемлекеттерін қосуға болады.

89
Халыққа қызмет көрсету орталығы

Қосымша арқылы ХҚКО-дағы бірқатар қызметтер қолжетімді болды

0
Азаматтар қызметті пайдалану үшін "Арнайы қызметтер" бөліміндегі "Кезекті онлайн брондауды" функциясын таңдауы қажет

НҰР-СҰЛТАН, 29 қыркүйек – Sputnik. Бұдан былай eGovMobile қосымшасы арқылы халыққа қызмет көрсету орталықтары мен мамандандырылған ХҚКО-дағы кезекке тапсырыс беріп немесе қайта брондауға болады. Ол үшін тұтынушы өзіне жақын орналасқан ХҚКО мен ыңғайлы уақытты таңдай алады.

"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ басқарма төрағасы Әсет Тұрысовтың айтуынша, ХҚКО-на кезекті брондауды барынша жеңілдету аталған қызметті жүзеге асырудағы басты мақсат болып табылады.

"Біз пайдаланушылардың компьютерге әрдайым кіруге мүмкіндігі болмайтынын және қосымша арқылы кезекке тұру ыңғайлы және жылдам екенін түсініп, қызметті қосымшаға шығару туралы шешім қабылдадық", – деді Тұрысов.

Сондай-ақ, қосымшада бірнеше қызметті таңдау мүмкіндігі қарастырылған. Яғни, қазақстандықтар бір рет брондау арқылы үш қызметке дейін ала алады. Ол үшін "Бірнеше қызметтер беру" тармағын белгілеу қажет. Содан кейін оған көп уақыт бөлінеді.

Тағы қандай қызметтерді пайдалануға болады

Сонымен қатар, аталған қосымша арқылы азаматтар "Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға әлеуметтік аударымдардың жағдайы мен қозғалысы туралы ақпарат беру" жаңа қызметін пайдалана алады. Осы арқылы өздерінің әлеуметтік есептемелерін тексеруге мүмкіндік бар. Ал анықтаманы бірнеше минут ішінде алуға болады.

Сол сияқты "Құқықтық көмек" бөлімінде "Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің Арнайы мемлекеттік мұрағатынан мұрағаттық анықтамаларды немесе мұрағаттық құжаттардың көшірмелерін алу" қызметі де қолжетімді.

Оқи отырыңыз: Енді көлікті ХҚКО-ға бармай-ақ тіркеуге болады

Айта кетейік, бұл қосымшада электрондық үкіметтің сұранысқа ие 70-тен астам қызметі мен цифрлық құжаттардың 6 түрі іске асырылады.

eGovMobile мобильді қосымшасын GooglePlay және AppStore-да жүктеуге болад.

0
Кілт сөздер:
смартфон, ХҚКО
Тақырып бойынша
Ертеңнен бастап қазақстандықтар ХҚКО-да жеке куәліксіз-ақ қызмет ала алады
Нұр-Сұлтан тұрғыны ХҚКО қызметкеріне жұдырық ала жүгірді
Алматы тұрғыны ХҚКО ғимаратында босанды
13 өңірде ХҚКО-ның жұмыс уақыты өзгереді
Нұр-Сұлтанда ХҚКО-да жүргізуші куәліктері заңсыз берілгені анықталды