COVID-19-ға қарсы вакцина

TheLancet журналы "Sputnik V" вакцинасы туралы ғылыми мақала жариялады

109
(Жаңартылды 15:05 07.09.2020)
Танымал халықаралық TheLancet журналы Covid-19-ға қарсы ресейлік вакцина бойынша клиникалық зерттеулерің алғашқы екі кезеңінің нәтижелерін жариялайтын болады

НҰР-СҰЛТАН, 5 қыркүйек – Sputnik. Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология жөніндегі ұлттық зерттеу орталығының вакцина әзірлеушілері Александр Гинцбург пен Денис Логунов, сондай-ақ, Ресей тікелей инвестициялар қорының бас директоры Кирилл Дмитриев мақалада қандай мәліметтер келтірілген және бұл жариялыным әлемдік ғылыми қауымдастық үшін не себепті маңызды екенін айтып берді.

Covid-19 дертіне қарсы Sputnik V вакцинасы Ресейде тіркелгеннен кейін бір айға жуық уақыт өткен соң, әлемдегі ең беделді TheLancet журналы бүгін клиникалық зерттеулердің алғашқы екі кезеңін басылым бетіне жариялайды. Мұны ресейлік те, халықаралық та ғылыми қауымдастық асыға күтті. Жарияланған материал шетелдік сарапшылардың сынына жауап беріп, көптен күткен ақиқатты ашатын болады: коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина ретінде әлемде ең бірінші болып тіркелген ресейлік ғалымдардың бұл жұмысы кеселмен күресте тиімділігімен қатар, сондай-ақ, қолдану кезінде қауіпсіз екені паш етілмек.

TheLancet 1 және 2 кезеңдердің нәтижелерін жариялайды. Гамалея атындағы ЭМҰЗО-дағы вакцина әзірлеушілердің айтуынша, бұл ғылыми журналдарда Sputnik V вакцинасы туралы жарияланымдар топтамасының алғашқы қадамы болады.

"Қыркүйек айында жарияланымдар үшін жануарларда жүргізілген зерттеулер толығымен ұсынылады. Мұнда вакцина 100% қорғаныс тиімділігін көрсеткен болатын. Ал, 40 мыңға жуық еріктілер қатысқан тіркеуден кейінгі клиникалық зерттеулер нәтижесі қазан-қараша айларында жарық көреді", - деді ғылыми орталықтағылар.

Айта кету керек, Гамалея атындағы ЭМҰЗО мамандары өз ғылыми мақалаларында негізгі қорытынды ретінде аталған вакцинаның қауіпсіздігін атап көрсетіп отыр. Жүргізілген зерттеулер нәтижесі бойынша мамандар вакцинаның ешқандай кері әсерін анықтамаған. Осы тектес дәлелдемелердің барлығы TheLancet жарияланымында жарық көрді. Мысалы, вакцинаның ұзақ мерзімді уақытта коронавирусқа төтеп бере алатын иммунитет қалыптастыру қабілетін айтуға болады. ЭМҰЗО директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Денис Логунов гуморалдық және жасушалық иммундық жауап қалыптасатынын айтты.

"Вакцина салдырған еріктілердегі антиденелердің деңгейі ауырған адамдарға қарағанда 1,4-1,5 есе жоғары болып шықты. Салыстыру үшін айтар болсақ, британдық AstraZeneca фармацевтикалық компаниясында екпе алған еріктілердегі антиденелердің деңгейі коронавирустық инфекцияны жұқтырғандардағы антиденелердің деңгейімен тең болып шықты", - дейді ресейлік сарапшылар.

Гамалея атындағы ЭМҰЗО мамандары Sputnik V вакцинасын клиникалық зерттеу мәтінінде барлық еріктіде CD4+ және CD8+ жасушалары түріндегі Т-жасушалы иммунитет дами түскенін атап өтті. 

Адамның аденовирустық векторлары негізіндегі вакцинаны қолдану кезінде кей адамдарда аденовирусқа қарсы иммунитеттің алдын ала бар болуы ғылыми қауымдастықтың ең үлкен қорқынышының бірі болды. Дәл осы әдіс Sputnik V вакцинасында қолданылған. Басқаша айтқанда, біздің иммунитет ағзаға адам аденовирусының қажетті мөлшерін өткізбей қояды ма деген қауіп болған. Адамдар аденовируспен жиі ауыратындықтан, оларда вакцинаны төмендететін иммунитет қалыптасуы мүмкін. Алайда, ғылыми орталық ұсынған зерттеу нәтижесі адам ағзасында вакцинаға дейін болған иммунитет екпенің тиімділігіне еш әсер етпейтінін көрсетті.

TheLancet журналында ресейлік ғалымдар Спутник V вакцинасы негізделген платформаның қауіпсіздігіне сілтеме ұсынып отыр.

"1953 жылдан бері әлемде осы негіздегі вакциналар мен дәрі-дәрмектің қауіпсіздігін растайтын 250 клиникалық зерттеу жүргізіліп, 75-тен астам халықаралық мақала жарық көрді. Адамның аденовирустық векторы негізіндегі препараттар тәжірибеде 15 жылдан астам уақыт қолданылып келеді. Негізінен, бұл Эбола вирусына қарсы вакцина және "Гендицин" обырға қарсы препараты", - деп түсіндірді Денис Логунов.

Вакцинаны тестілеуге қатысқандар санының аздығын алға тартып сын айтқандар табылды. Алайда, осы тұста британдық компания AstraZeneca 1 және 2 кезеңде Ресейге қарағанда 4 есе аз еріктілерді қолданғанын еске салу қажет секілді.

"Бүгінгі күні барлық талапқа сай болып отырған жалғыз технология – адамның аденовирустық векторлары негізіндегі платформа. Ол өзінің қауіпсіздігін көптеген зерттеулер арқылы дәлелдеп қойған", - дейді Ресей тікелей инвестициялар қорының бас директоры Кирилл Дмитриев.

Кирилл Дмитриев TheLancet журналындағы жарияланым Sputnik V тіркеуінен кейінгі Ресейге бағытталған бірқатар сұрақтарға толыққанды жауап болатынын айтты.

"Енді Ресей өз кезегінде халықаралық қауымдастыққа бірқатар сұрақтар қоя алады. Біз шимпанзе аденовирусы негізіндегі вакциналардың ұзақ мерзімді тиімділігін дәлелдейтін ресми мәліметтерді жариялауға шақырамыз. Сондай-ақ, AstraZeneca не себепті кері әсер болған жағдайда жауапкершіліктен заңды түрде бас тартуды талап етіп отырғанын білгіміз келеді", - деді Дмитриев.

109
студенттер

Шетелдіктерге Ресейде білім алуға квота бөлу жүйесін реформалау керек - Примаков

34
Ресейдің білім беру саласының өкілдері шетелдік студенттерге оқуға түсуге квота ғана емес, стипендия мен грант беру керек деп отыр

 

МӘСКЕУ, 25 қыркүйек – Sputnik. Көршілес және Балтық елдерінің талапкерлеріне Ресейдің жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік беру форматын реформалау керек, деп есептейді Россотрудничество басшысы Евгений Примаков.

РФ мемлекеттік думасының депутаты Евгений Примаков осы жылдың маусым айының соңында Россотрудничество басшысы болып тағайындалды. Ол сол кезде ресейлік агенттік қызметіне үлкен өзгерістер енгізуге уәде берген еді.

Россотрудничествоның жаңа басшысы шетелдік азаматтардың Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіндік беретін квота жүйесіндегі кемшін тұстарды атап өтті.

"Квота саны артады. Президент олардың өсетінін айтты. 2023 жылға қарай квота мөлшерін екі есеге дейін көбейту көзделген. Бірақ, біз білім және ғылым министрлігіндегі, мемлекеттік думадағы әріптестерімізбен сөйлесе келе, квотаға қатысты тетіктердің өте тиімсіз болып отырғанына көз жеткіздік", - деді Sputnik агенттігінде берген сұхбатында Евгений Примаков.

Ол, бұл ретте, тегін оқу үшін квота көп бөлінген Беларусьті мысалға келтірді. "Бірақ Ресейдің тіпті Польшамен бәсекеге түсуі қиын болып тұр" дейді ол.

 "Поляктар студенттерге тегін оқуға түсуге ғана мүмкіндік бермейді, сонымен қатар,  түрлі стипендиялар мен гранттар бөледі. Егер біз алдағы уақытта тегін оқу жағын ғана қарастыратын болсақ, поляктармен бәсекеге түсе алмайтынымыз анық. Ал квоталардың ішінде гранттар мен стипендиялардың болуы үшін жүйені жетілдіруіміз керек. Яғни, біз жастарды оқуға шақырып қана қоймай, оларға ұшақ билетін ұсыну, баспанаға немесе жатақханаға ақы төлеу жағын да қарастырғанымыз жөн", - деді Примаков.

Агенттік басшысының айтуынша, Россотрудничество шетелдік студенттердің Ресейге келіп, білікті маман атанып, таңдаған саланың мықты сарапшысына айналуына мүдделі.  Алайда, қазіргі жүйе бұл жоспарды жүзеге асыруға мүмкіндік бермей отыр.

"Кейде Ресейге келген жастар қиын жағдайға тап болып жатады. Нәтижесінде аула сыпырушы, таксист болып жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ал бұдан мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржының дұрыс жұмсалмай отырғанын көруге болады", – деп түсіндірді Россотрудничество басшысы. 

Сонымен қатар, ол әлі күнге дейін квота бөлу жүйесін реформалаудың нақты жоспары әзірленбегенін, бұл мәселе әлі де талқыланып жатқанынын жеткізді. Бұл салаға реформа жүргізбей, мәселе шешілмейді деп есептейді Примаков.

2020 жылдың басында мемлекеттік думаның күн тәртібіне шетелдік студенттерге арналған квота санын 15 мыңнан 30 мыңға дейін арттыру туралы мәселе қойылды. Сол кезде думаның ТМД істері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс жөніндегі комитетінің төрағасы Леонид Калашников студенттерге бөлінетін 15 мың квота Ресейдің халықаралық деңгейдегі рөлі мен гуманитарлық әлеуетіне сәйкес келмейтініне тоқталған еді.  Бұл ретте, ол тек Беларусь азаматтары үшін ғана 10 мың тегін квота бөлетін Польшаны, жыл сайын 5 мың Молдова азаматын ақысыз оқытатын Румынияны мысалға келтірген болатын.

Бүгінде Ресейге оқуға түсуге ниет білдірген шетелдік студенттердің өтінішінің саны 100 мыңға жуықтаған. Сондықтан, Ресейдің білім және ғылым министрлігі шетелдік студенттерге бөлінетін квота санын 30 мыңға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

 

 

34
Мәскеу, Ресей

Мәскеу АҚШ-ты қандай қателіктен сақтандырып отыр?

112
Ресей стратегиялық шабуыл қаруы туралы келісімнің (СШҚК-3) сақталуын қолдайды және АҚШ-ты оның мерзімін ұзартуға шақырады. Келіссөздер жаздан бері жалғасып келеді

НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. Вашингтон құжатты қайта қарауды талап етті, ал Мәскеу өзгеріс енгізуден бас тартып отыр, деп жазады РИА Новости.

"Тез арада шешілуі мүмкін және шешілуге тиісті мәселе - ол, әрине, Ресей мен АҚШ-тың мерзімі 2021 жылдың ақпанында, яғни жақында аяқталатын Стратегиялық шабуыл қаруы туралы келісімнің ұзартылуы. Біз америкалық серіктестермен осындай келіссөздер жүргізіп жатырмыз", - деді Владимир Путин БҰҰ Бас ассамблеясының 75-ші сессиясының ашылуында.

Ресей президенті елдерді жаңа зымыран кешендерін орналастыру кезінде ұстамды болуға шақырды. Өткен жылы АҚШ орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісімнен шықты, содан кейін Мәскеу оларды Еуропада орналастыруға мораторий жариялады. Путин: "Мораторий АҚШ осындай шаралардан бас тартқанша сақталады" деп атап өткен болатын.

"Біз, өкінішке қарай, өз ұсынысымызға америкалық серіктестердің де, олардың одақтастарының да реакциясын әлі байқаған жоқпыз", - деді ол.

Антонио Гутерриш бірнеше рет СШҚ-3  мерзімін ұзартуға кеңес берді. Бірақ БҰҰ Бас хатшысы АҚШ-тың Қытайды келісімге қосуды талап етуіне қарсы теріс реакция танытты. Ресейдің тұрақты өкілі Василий Небензя да америкалықтарды "үлкен қателіктерден" сақтандырды.

СШҚК-3 - ядролық технологияларды бақылау саласындағы іргелі құжат. 2010 жылы оған қол қою арқылы Мәскеу мен Вашингтон өздерінің стратегиялық арсеналдарын қысқартуға уәде берді. Процесс 70-ші жылдардың басында қырғи-қабақ соғыс кезінде қарсыластардың стратегиялық қаруды шектеу туралы келісімге (СҚШ-1) қол қойғаннан кейін басталды. Содан бері осы салада 7 екіжақты келісім қабылданды.

АҚШ оларға ешқашан сенімсіздік танытпаған, бірақ Дональд Трамптың президенттігі бәрін өзгертті. Ақ үйдің басшысы келісімдерді заманауи шындыққа барынша сәйкестендіруге тырысуда, жаңа заманға сай қарулану жолындағы "жарыстан" да қорқып отырған жоқ.

2019 жылдың тамызында АҚШ орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісімнен шығу туралы шешімін Ресейге қарсы бағытталған шағымдарымен түсіндірді. Ең бастысы, Мәскеу құжатта тыйым салынған SSC-8 зымыранын (орыс классификациясында - 9М729) сынақтан өткізді деп болжануда. Америкалықтар бұдан басқа нақты дәлел-дәйек келтірген жоқ.  

Сонымен, олар бейресми кездесулерде проблема Мәскеуде емес екенін мойындады. Пентагон ҚХР-да орта және қысқа қашықтықтағы зымырандар жасалды дегеннен күдіктеніп, Бейжіңнің стратегиялық қарулану жөніндегі келіссөздерге қосылуын талап етті. Қытай бұл "өтінішті" елеген жоқ.

2020 жылдың мамырында АҚШ Ашық аспан келісімінен (ААК) шығып, Мәскеуді тағы да айыптады, мұны "ресейліктер инспекциялық бағыттағы ұшуларға кедергі келтіріп жатыр" деп түсіндірді. Ресейдің қорғаныс министрлігі мұны жоққа шығарды. Ведомствоның пікірінше, америкалықтар ғарышты белсенді түрде зерттеуге ниет танытқан, алайда ААК оған қолбайлау болған.

"АҚШ пен НАТО Қытайдың ядролық бағдарламасының қарқынды түрде дамып келе жатқанына алаңдайды. Қытай бұл мәселеде Вашингтонмен және Мәскеумен теңесуге ниеттенетін сияқты", - деп түсіндірген еді жазда АҚШ-тың қаруды бақылау жөніндегі арнайы өкілі Маршалл Биллингсли.

Вашингтон СШҚК-3-тің Ресейдің тактикалық ядролық әлеуетін арттыруды шектемейтініне де наразы. Биллингсли стратегиялық қаруды тексерудің қазіргі тетігін де сынға алды.

Соған қарамастан, бұл төңіректегі мәселе талқы таразысына салынды, бірақ америкалықтар жаңа талап қойды. "АҚШ бұл "әңгімеге" Ресейдің соңғы үлгідегі қаруларын тартуды талап етіп отыр, ал бұл "ашық есікті қаққандай" көрінеді", - деп мәлімдеді Ресей министрі.

Кездесулердің екінші кезеңі қыркүйек айында ешқандай нәтижесіз  аяқталды. Енді АҚШ-тың жаңа талабы бар – ол қосымша келісімдерді қабылдау.

Америкалықтар ол жерге тек стратегиялық қана емес, тактикалық ядролық арсеналдарды да енгізуді ұсынады. Бұл жердегі жалғыз жеңілдік –  Вашингтонның Қытайдың келіссөздер үдерісіне қатысуын кейінге қалдыруға келісуі.

"Біз Ресейге жақсы ұсыныс тастадық", - деді  бұл жөнінде Биллингсли.

Ресей сыртқы істер министрлігі Мәскеудің келісімшартты тек қазіргі түрінде ғана ұзартатынын хабарлады. Оның жарамдылық мерзімі бірнеше айдан кейін аяқталады, сондықтан өзгеріс енгізуге уақыт шектеулі. Ведомство келісімшарт бойынша келісу процесін америкалықтардың өзі созып алғанын атап өтті.

"Егер АҚШ мүдделер тепе-теңдігі негізінде жаңа дүние әзірлеуге дайын болса, онда келісім жасалуы мүмкін. Бірақ оған уақыт қажет", - деді осы жағдай жөнінде түсініктеме берген Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков.

"Баламалар аз: СШҚК-3-ті еш өзгертпестен ұзарту немесе одан толықтай бас тарту", - дейді қаруды бақылау проблемалары жөніндегі сарапшы Евгений Мясников. Ол шарттың басты құндылығын стратегиялық қаруды тексеру жүйесімен байланыстырып отыр. 

"Бұрын бір-біріміздің іс-әрекеттерімізді бақылау қиынға соғатын. Тараптар шиеленісті одан әрі ушықтырып жіберетін "ең нашар сценарий" бойынша жүріп отыратын еді. Сондықтан, егер жүйе күйресе, өткеннің қателігін қайталау қаупі туындауы мүмкін", - деді сарапшы.

Ресейдің халықаралық қауіпсіздік саласындағы тәуелсіз зерттеу орталығының жаңа технологиялар және халықаралық қауіпсіздік жөніндегі бағдарламасының директоры Вирим Козюлин келісімнің ұзартылатынына еш күмәнданбайды. Ол АҚШ-тың қойған талаптарын "мөлшерлемені көтеру жолындағы ойын" деп есептейді.

"Трамп келісім жасағанға дейін әлдебір артықшылықтар мен жеңілдіктер үшін саудаласқысы келетіні анық. Бірақ оған уақыт тапшы, демек америкалықтарға келісімді ұзартқаннан басқа ештеңе қалмайды. Ал жаңа қалыптасқан жағдай алдағы талқылау тақырыбына айналмақ. Оның үстіне Ресейде тактикалық ядролық арсенал мен Еуропадағы америкалық қару-жарақ туралы ұсыныстар бар", - дейді сарапшы.

Ол СШҚК-3-ті ядролық қаруды тасымалдаушы ретінде қарастыруға болатындығына қарамастан, оның пилотсыз жүйелерге кірмейтінін атап өтті.

"Ресейде бұл  жөнінде көп сауал туындап жатады. Шын мәнісінде, ол да қанатты зымыран, алайда, ол бірнеше рет қолданылатындықтан, үлкен қауіп төндіреді. Бірақ СШҚК-3 төңірегіндегі отырыстар аясында Мәскеу бұл мәселенің шешілуін әлі тездеткен жоқ", - деп атап өтті Козюлин.

Оның айтуынша, қазіргі таңда басқару жүйесінің сақталуы негізінен АҚШ-қа байланысты болып тұр. Егер Вашингтон келісімге келсе, оған алдағы уақытта ядролық қаруы бар – Қытай, Франция, Ұлыбритания, Үндістан, Пәкістан мемлекеттерін қосуға болады.

112
Архивтегі фото

Қытайда тәрбиеші өлім жазасына кесілді

0
Балабақша қызметкері Ван Юнь әріптесінен өш алу мақсатында оның тобына барып жүрген балаларды улағаны анықталды

НҰР-СҰЛТАН, 29 қыркүйек – Sputnik. Қытайдың Цзяоцзо қаласында халық соты балабақша қызметкерін өлім жазасына кесті, деп хабарлады РИА Новости.

Сот материалдарына сәйкес, "Мэнмэн" балабақшасында жұмыс істеген Ван Юнь деген келіншек орта топқа жауапты тәрбиешімен жанжалдасып қалған. Артынан әріптесінен өш алу мақсатында оның тобына барып жүрген балаларды улауға шешім қабылдайды. Сөйтіп, 2019 жылы 27 наурызда таңертең Сунь есімді тәрбиешінің балалары жейтін ботқаға натрий нитритін салып жіберген. Сол күні 25 бала уланып, ауруханаға түсті. Бір бала көз жұмды.

Оқи отырыңыз: Балабақшадағы балалар есек етін жеп келгені әшкере болды 

Тергеу шаралары барысында Ван Юньн осы іспетті тағы бір қылмыс жасағаны анықталды. Осыдан үш жыл бұрын үйдегі жанжалдан кейін ол күйеуін улаған. 2017 жылы ақпан айында алдымен интернет арқылы натрий нитритіне тапсырыс берген. Ал химиялық затты алғаннан кейін суға қосып, күйеуіне берген. Ол кезде ер адам уланғанмен қатты зардап шекпеген.    

Цзяоцзо қаласының орта санаттағы халық сотының шешімімен Ван Юнь өлім жазасына кесілді.

0
Кілт сөздер:
Қытай, балабақша
Тақырып бойынша
Шымкентте балабақшада төрт бала мен тәрбиеші уланып қалды
Алматы облысында балабақшадағы видеодан кейін тәрбиеші хабарсыз кетті
Алматыда балабақшадан сәби ұрламақ болған әйелге қатысты тың дерек шықты
Бүлдіршінді сорпамен күйдірген балабақша қызметкері жазадан құтылды
Шипажайда баланы сүлгімен ұрған тәрбиеші қылмыстық жазаға тартылмайтын болды