Мектепке жол: баланы мектепке дайындаудың құны қанша?

© SputnikШкола
Школа - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жыл басынан бері әлеуметтік желілерде мектеп реформасы, оның ішінде үш тілде білім беру бағдарламасын енгізу, сабақ күндерін маусым айына дейін ұзарту, бірыңғай мектеп формасын енгізуге қатысты мәселелер қызу талқылануда.

АСТАНА, 16 там — Sputnik Жыл басынан бері әлеуметтік желілерде мектеп реформасы, оның ішінде үш тілде білім беру бағдарламасын енгізу, сабақ күндерін маусым айына дейін ұзарту, бірыңғай мектеп формасын енгізуге қатысты мәселелер қызу талқылануда. Ал біз мектеп уақыты таяп қалған соң, қоғамның әлеуметтік жағдайын ескере отырып, жалпы ата-ананың баланы мектепке дайындауға қанша қаражат жұмсайтынын талдауды жөн көрдік.

Баланы мектепке дайындаудың құны қанша?

Астана мен Алматы қалаларындағы дүкен және базарлардың бағаларымен танысып, оқушыны мектепке дайындау ата-анаға қаншаға түсетінін біліп қайттық. Жалпы тауардың бағасы өндіруші елге, оның өлшемі мен тігілген матасына байланысты. Мәселен, ер балаларға: костюм-шалбардың бағасы орташа есеппен 10-15 мың теңге, желетке — 4 мың теңге, жейде 3-5 мың аралығында, галстук мың-мың үш жүз теңге, трикотажды желетке — 5 мың, трикотажды күрте — 6,5 мың теңге (Қыз балаларға жакет 7-10 мың теңге, юбка — 5 мың теңге, желетке — 4 мың теңге, шалбар — 5 мың теңге, сарафан — 7-10 мың теңге, жейде — 4,5 мың теңге, трикотаж кофтасы — 6,5 мың теңге). Аяқ-киім 5 мың теңгеден басталады. Спорт киімдері 8 мың теңгеден, ал кроссовкалар — 5 мың теңгеден басталады. Мектеп сөмкелерінің бағасы 5 мың теңге мен 18 мың теңге арасында. Сөйтіп, бір баланы толыққанды мектепке дайындау үшін шамамен 40-50 мың теңге қажет екен.

Осы мәселе бойынша көпбалалы ананы сөзге тартқан едік. Дариға есімді бес баланың анасы, төрт баласын жаңа оқу жылына дайындау үстінде екен. Ол, балаларына қажетті киім-кешектің барлығын алып болғанын айтты.

"Төрт баланы бас аяғы екі жүз мың теңгеге киіндірдік. Киімдерді GLASMAN дүкенінен, спорттық киімдерді базардан, кроссовкалардың сапалысын Спортмастерден сатып алдық. Кеңсе тауарларын әлі алған жоқпыз", — деді көпбалалы ана.

Ал оқу құрал-жабдықтары мен көрнекті құралдардың бағасы бір қарағанда арзан көрінгенімен, қажеттінің барлығын сатып алған кезде кәдімгідей қалтаны қағады. Мәселен, бір қаламның орташа бағасы — 50-ден 250 теңгеге дейін, фломастердің құны — 160 — 1,5 мың теңге арасында. Түрлі-түсті қарындаштың бағасы 350 теңге мен 2,5 мың теңге аралығында, 12 беттік дәптердің бағасы 14 теңге. Ал сыртында суреті бар дәптерлерді 90-150 теңге шамасында сатып алуға болады. Сурет дәптері 65 теңгеден басталса, түрлі түсті қағаздың ең төменгі бағасы 105 теңге шамасында.

Атаулы әлеуметтік көмекті қалай алуға болады?

Қырық-елу мың теңге барлық азаматтардың қалтасын көтере ме, жоқ әлде көтере алмайды ма? Тұрмысы көтермейтін аға-апаларымыздың жағдайы не болып жатыр деген сұраққа да жауап іздеп көрдік. Осылайша, Астана қаласы білім басқармасына сауал жолдап, Басқарма жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіле ме, егер көрсетілетін болса қандай түрде және қалай көмек алуға болады деген сұраққа жауап алдық. Білім басқармасының берген жауабына сәйкес, көпбалалы отбасы деген бөлек санат қарастырылмаған. Алайда көмек мүлдем жоқ емес, атаулы әлеуметтік көмек қарастырылған.

"Астана қаласы білім басқармасы табысы жан басына шаққанда 22859 теңгеден кем болатын отбасына мектеп формасы, спорттық киім, аяқ киім, және кеңсе тауарлары түрінде көмек көрсетіледі. Көмекті мектеп (мектеп директоры атына өтініш, табысы туралы немесе атаулы әлеуметтік көмек туралы анықтама) немесе Білім басқармасы арқылы баланың деректерін (аяқ киім және киім өлшемі) және ата-ананың байланыстарын көрсетіп алуға болады", — делінген Білім басқармасының жауабында.

Басқарманың хабарламасына сәйкес, үстіміздегі жылы "Мектепке жол" шарасы аясында 9 мыңға (өткен жылы 8727 бала көмек алған) жуық оқушыға көмек көрсетіледі деп жоспарлануда.

Сонымен қатар осы шара аясында 20-21 тамыз күндері арнайы жәрмеңке өткізілгелі отыр. "Өзге өңірлерден келгендер, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар, ірі сауда орталықтарынан киім-кешек сатып алуға ақшасы жоқ азаматтар жәрмеңкеде өз балаларын мектепке дайындау үшін қажетті заттардың бәрін табады. Онда бірінші қажеттіліктегі тауарларды төмендетілген бағамен алуға болады", — делінген хабарламада.

Қайырымдылық шаралары

Бұдан бөлек, осы материалды дайындау барысында, "Шұғыла" қайырымдылық қоры, Мемлекеттік тілді дамыту қоры және "Әзірет Сұлтан" мешіті де шаралар ұйымдастырып, мұқтаж жандарға көмек қолын созып отырғанын білдік. Атап айтқанда, "Шұғыла" қоры Алматының маңындағы ауылдар мен Астана қаласында 90 балаға оқу құралдарымен жабдықталған сөмкелерді сыйға тартты.

"Өткен сенбі күні, 13 тамызда, әлеуметтік жағдайы төмен 17 отбасының 52 оқушы балаларына мектеп құралдары таратылды. Қаратұрық, Ашысай, Таусүгір, Лавар және Достық ауылдары қамтылды. Мектеп құралдар жиынтығы 10 мың теңге тұрады", — деді қайырымдылық қордың өкілі. Ал Астана қаласында қор еліміздің Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп 38 балаға жәрдем берген.

Осы сияқты Мемлекеттік тілді дамыту қоры "Бірінші сынып оқушысына сыйлық" атты шара ұйымдастырып, "Қасиетті жол" сауықтыру орталығының 25 баласына оқу құралдары мен балалар әдебиетін табыстады.

Әзірет Сұлтан мешіті де осы бейсенбі күні қайырымдылық шара ұйымдастырып, 200-ге жуық балаға киім-кешек алу үші 10-15 мың теңге шамасында ақша үлестіріп, кеңсе тауарларымен жабдықталған сөмке таратуды жоспарлап отыр. "Қазір дайындық үстіндеміз. Жиналған қаражатқа байланысты балалардың киіміне қосымша 10-15 мыңнан беруді жоспарлап отырмыз", — деді мешіт өкілі.

Жаңалықтар
0