жасанды ұрықтандыру, ЭКҰ, құты

"Құтыдағы бақыттың" құны қанша?

212
(Жаңартылды 12:42 15.09.2016)
Денеден тыс ұрықтандыру әдісі (ЭКО) елімізге егемендік алған тұста келді. Жылдар бойы бедеуліктің кесірінен бала сүюге қауқарлы болмағандықтан, нәрестенің іңгәлаған үніне зар болғандардың тілегін құдай беріп, "құтыдағы" сәбилер дүние есігін ашты. "Экомед" адам ұрпағын өрбіту емханасында алғаш ұрықтандырылған бала жақында 20 жасқа толыпты.

АСТАНА, 19 там –  Sputnik. Денеден тыс ұрықтандыру әдісі (ЭКО) елімізге егемендік алған тұста келді. Жылдар бойы бедеуліктің кесірінен бала сүюге қауқарлы болмағандықтан, нәрестенің іңгәлаған үніне зар болғандардың тілегін құдай беріп, "құтыдағы" сәбилер дүние есігін ашты. Талай отбасыға осы теңдессіз бақытты сыйлаған еліміздегі алғашқы маман — биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова бүгінде халқының алғысына бөленген киелі жан. Оның "Экомед" адам ұрпағын өрбіту емханасында алғаш ұрықтандырылған бала жақында 20 жасқа толыпты. Халықтың демографиялық жағдайын көтеруде қажырлы еңбек сіңірген, өз ісінің үздігі Салтанат Берденқызын осы саладағы тың жаңалықтар мен ахуалды білу мақсатында сөзге тартқан едік.

- Салтанат Берденқызы, сізге елімізде бірінші болып осындай емхана ашуға не түрткі болды?

— Мен тұрмыс құрған соң 7 жыл бойы сәбилі бола алмай жүрдім. Сондықтан осы салада ізденіске түстім. Ақыры 1995 жылы Алматыда «Экомед» адам ұрпағын өрбіту емханасын ашып, өзім секілді бір балаға зарыққан талай адамға қол ұшын бердім.Кейін көпшіліктің өтініші және сұранысына орай Астана, Тараз, Атырау, Ақтау, Шымкент қалаларында осындай емханалар аштық. Біздің емхананың қабырғасында өзім дайындаған кадрлар қазір 20-ға жуық еліміздегі және шетелдік емханаларда халық игілігіне қызмет атқарып жатыр.

Біз жасанды ұрықтандырумен қатар, консервативті әдістермен де емдеу жүргіземіз. Кейбір жағдайда ағзадағы гормондардың деңгейін реттейміз, қажет болған жағдайда табиғи жолмен бала көтеру үшін гормоналдық стимуляция жасаймыз, енді бір жағдайларда емделушілеріміз жатырішілік инсеминация жасау арқылы жүкті болып жатады. Денеден тыс ұрықтандыру әдісі басқа ешқандай тәсіл көмектеспеген жағдайда ғана қолданылады.

-Сіздер ашқан денеден тыс ұрықтандыру (ЭКО) зертханаларының жұмысы қаншалықты нәтижелі болып жатыр?

— ДТҰ (ЭКО) адамның өзінің балалы болу мүмкіндігі бір етеккір циклында 15-20% болса, осы мүмкіндікті 2 есеге ғана ұлғайтады. Біреулер жасанды ұрықтандыру – баланы ақшаға сатып алу деп ойлайды. Дүниежүзінде ешкім

ЭКО арқылы бірден бала болады дегенге кепілдік бермейді. Эмбрионның бірден дамып, жетіліп кететініне де кепілдік жоқ. Алланың жазуы, табиғатың беруі солай шығар.

Мысалы, жерге 3-4 дән сепсеңіз, одан бір-екеуі ғана өніп шығады немесе тіптен шықпай қалуы мүмкін ғой. Кейде әлгі 3-4 дән 2-3 есе өніп өседі. Жердің құнарлылығы секілді, барлығы да адам табиғатына байланысты. Әйелдің де, еркектің де ұрығының бәрі бірдей жарамды бола бермейді. Ешқандай нәтиже шықпайтын сәттер де болады. Енді біреулердің айы оңынан туып жатады, бірден үшем, төртемдер туады.

— Бақыттың үлкені — бала десек, "құтыдағы бақыттың" бүгінгі құны қанша?

— ДТҰ (ЭКО) – дүниежүзінде қымбат тұратын технологиялар арқылы жасалатыны белгілі. Соңғы бір жылдағы теңге девалвациясын ескерсек, ДТҰ бағдарламасында қолданатын дәрі-дәрмек, құрал-жабдықтардың барлығын шетелден доллар және еуроға алатындықтан, 2-3 есеге қымбаттады. Дәрімен және дәріні мүлдем қолданбай немесе аз мөлшерде қолданатын ұрықтандыру жолдары бар. Дәрісіз жасанды ұрықтандыру құны 300-400 мың төңірегінде болады. Дәрі-дәрмек қалай да қымбат, шамамен 500-600 мың теңгеге дейін кетеді, оның үстіне емдеу технологиясы мен міндетті түрде өтуге тиіс тексерулер көлемін қоса есептегенде орта есеппен 1 миллион теңгеге жуықтайды.

Екінің бірінің қалтасы бұндай қаражатты көтере бермейді. Сондықтан, емделудің бағасын шығындардың 2-3 есе көбеюіне қарамастан, сол баяғы деңгейде қалдырып, дағдарысқа қарамастан ұстап отырмыз. Ертең не боларын уақыт көрсетеді.

Дегенмен, бізде шетелдермен салыстырғанда ДТҰ әдісінің бағасы анағұрлым арзан. Мысалы, алпауыт АҚШ және Еуропа елдерінде ДТҰ дәрі-дәрмексіз 10 мың АҚШ долларына жасалады екен. Англияда 12 мың фунт стерлинг тұрады. Сондықтан, көптеген адамдар шетелден арнайы біздің орталықтарға ұшып кеп, бақтарын сынайды. Қазіргі уақытта біздің емханаларда ДТҰ әдісімен дүниеге келген балалар Америка, Германия, Англия, Италия, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзірбайжан т.б. алыс және жақын шетелде тұрып жатыр.

-Халықтың демографиялық жағдайы мемлекет назарынан қашанда тыс қалған емес. Мемлекет азаматтарымызға қаншалықты қолдау көрсетіп жатыр?

— Жасанды ұрықтандыруға 2010 жылдан бастап мемлекет тарапынан квота бөлініп келеді. 100 квотадан басталған болатын, кейін 500-ге дейін ұлғайтылды. Биыл 800 квота бөлінген. Бір квотаның құны 800 мың теңгеге есептелген. Жоғарыда айтып өткенімдей, ең көп шығын 1 миллион теңгеге жуықтайтынын ескерсек, бұл қаражат процеске кейде толық жетпей де қалады. Бірақ, қазіргі норма осы.

-Статистикаға жүгінсек, бүгінде жаңадан отау құрған отбасылардың 15 пайызы бедеуліктен зардап шегіп жүр. Жыл өткен сайын бедеулік мәселесі жасарып барады. Оның басты себебі неде?

— Бүгінгі экология таза емес. Тыныстайтын ауамыз лас. Ішіп-жейтініміздің бәрі химиялық жолмен алынған өнімдер. Соның бәрі әсер етпей қоймайды.

Алкогольдік ішімдік ішу, шылым шегу, есірткі қолдану деректері көп кездеседі. Ол өз кезегінде бедеулікке апаратын бірден-бір жол. Өкінішке орай, өрімдей жастардың бұған құмарлығы артпаса, кемімей отыр.

Өркениеттің тасы өрге домалаған сайын адам баласы азып барады. Теледидар, интернет жастарды жыныстық қатынасқа ерте баруға итермелеуде. Кездейсоқ жыныстық қатынастан жұғатын түрлі инфекцияларды айтпағанның өзінде, соның салдарынан өрімдей қыздар жасанды түсік жасатуға жиі баратын болды. Түсіктің арты ертеңгі ананың болашағына балта шабумен бірдей. Түсік жасатқан соң адам бала көтеруге мүлкем қауқарсыз болып қалуы ғажап емес.

-Осы саланың білгір маманы ретінде көпшілікке қандай ақыл-кеңес берер едіңіз…

Ең алдымен жастай тұрмыс құрыңдар дер едім. Адамның ұрығы шектеулі. 20 жастағы әйелдің бала көтеру мүмкіндігі – 15-20 пайыз, 30 жаста – 10 пайыз, 40 жаста – 5 пайыз. Көріп отырғандарыңыздай, жас ұлғайған сайын ұрық та азаяды.Сондықтан, ана болуға асығу керек.

Негізі адамның денсаулығының 50 пайызы өзіне байланысты деген сөз бар. Қалғаны сыртқы факторларға байланысты деп айтылады. Барынша салауатты өмір салтын ұстаныңыздар. Дені сау, ақыл-есі дұрыс баланың өмірге келуі сіздердің тек өз қолдарыңызда.

— Әңгімеңізге рахмет. Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!

212