Қояндыда қордаланған мәселе көп

© Photo : МЧС РКПодтопления в Коянды
Подтопления в Коянды - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қояндының жылдан жылға тұрғындарының саны артып, құтты мекенге айналған. Десек те, жер сатып алып, үй салып, өз күнін өзі көретін қара халық үшін мұнда бірқатар қиындық бар.

АСТАНА, 26 там – Sputnik.Ел жүрегі – елордамызда тұра алмаса да, қызмет істеп, шырайлы шаһарымызды көркейтуге үлес қосуға таяу жерден келетіндер саны бүгінде көбейіп келеді. Сөзіміздің дәлелі —жыл санап халқы өсіп келе жатқан Астананың маңындағы кент типіндегі елді мекендер. Солардың бірі – Қоянды ауылы құрылғанына биыл 10 жылға жуықтаған. Жылдан жылға тұрғындарының саны артып, құтты мекенге айналған. Десек те, жер сатып алып, үй салып, өз күнін өзі көретін қара халық үшін мұнда бірқатар қиындық бар. Осы орайда, бүгінде елдің қамы үшін қызмет істеп жүрген ел ағасы- Ақмола облысы Целиноград ауданы Қоянды ауылдық округінің әкімі Өмірсерік Ержановты Қояндының қордаланған мәселелері турасында сөзге тартып көрдік.

-    Өмірсерік Қапанұлы, сөзімізді Қояндының бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ..

—  Қоянды ауылдық округіне Қоянды, Шұбар, Малотимофеевка ауылдары кіреді. Соның ішінде Қоянды әкімдік орналасқан окруктің орталығы. Мұнда әкімдік 2007 жылы ашылған. Халқының саны қазір 25 мыңнан асады. Тұрғындардың 60 пайыздан астамы Астанада қызмет істейді. Қалған 40 пайызы ғана жергілікті жерде нәпақысын тауып отыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, халықтың  жартысын көбі Астананың мүддесіне, өсіп-өркендеуіне  қызмет атқаруда. Сондықтан мұнда, айтарлықтай өндіріс орындары, айшықты мекемелер жоқ.

Ауылымызда қазір 7 жекеменшік, 1 мемлекеттік балабақша, 900 орындық 1 мектеп бар. Алла жазса, алдағы уақытта 1200 орындық тағы бір мектеп пен 280 орындық мемлекеттік балабақша салу ойда бар. Әзірге жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Келесі жылы құрылыс жұмыстары басталуы тиіс.Сондай-ақ, медициналық бекет пен учаскелік полиция бөлімі жұмыс істейді.

-Екі араға көлік қатынайтын жолдың жөнделіп жатқанын көрдік. Жалпы мұнда көктем-күзде жүріп-тұру қиындайтыны жасырын емес, бұған не дейіз?

— Иа, күзде жауын-шашыннан жер батпақтап, тұрғындарымыз қиналып қалады. Көктемде қар еріп, тағы ми батпақ әуре-сарсаңға салып қояды. Сондықтан, бізге әкімдікке жол қашан жөнделеді деген өтінішпен келетіндер көп.

Әрине, жергілікті бюджеттен "Өңірлерді абаттандыру" бағдарламасы аясында белгілі бір көлемде қаражат бөлінеді. Биыл 3,7 миллион теңге бөлінді. Оған 2,6 шақырым жол салдық. Сонымен қатар, жергілікті халықтың өз көмегімен 4,7 шақырым жолды жөндедік. Осы жолдардың бәріне қиыршық тас төселді. Асфальт төсеуге шамамыз жетпейді, оған қыруар қаражат керек, әзірге шамамыз жеткені осы болып жатыр.

Тағы бір айта кететін жайт биыл республикалық бюджеттен біздің жолдарымызға тағы 30 миллион теңге бөлінеді. Қояндының 21 шағын аудан, 38 көшесінің бәрін бұған жөндеп саламыз деп айта алмаймын. Бірақ, бұл қаражатты ауылдың өз ішінде мектептен 2,5-3 шақырым қашықтықта тұратын балаларды тасымалдайтын 2 автобус жүріп өтетін жолдарды жөндеуге жұмсамақпыз. 

-Жоғарыдағы сөзіңізден көпшіліктің таң атып, кеш батса Астанадан қатынайтынын білдік. Халықты тасымалдайтын қанша автобус бар?

— Алғашқы жылдары жекеменшік шағын автобустар қатынайтын.Кейін  қаладан нөмірі 38-ші автобус қатынайтын болды. Алайда, жалғыз автобус аздық еткен соң халықтың сұрауымен биылдан бастап, қаланың шетіндегі Шанхай аялдамасынан 307-ші нөмірлі тағы бір автобус іске қосылды. Екеуінің де жол жүру құны 90 теңге.

-Бір жылдары Қояндыда жер дауы болғаны белгілі. Өз бетімен жерді басып алып, үй салып алғандар бар екен деген әңгімелер шықты.Осы мәселе шешімін тапты ма?

— Иа, ондай оқиғалар орын алды. Бұл алаяқтардың ісі болып шықты.Әлдебіреулердің жекеменшік жеріне қосымша құжат жасап алып, сырттан көшіп-қонушыларға сатып жіберген. Кейін әлгі жерлердің заңды иелері келіп, заң жүзіне өздеріне тесілі жерлерін даулағанда, алданып қалған адамдар не істерлерін білмей қиналыпты. Ақыры ортақ келісімге келіп, жерді заңды иелерінен қайта сатып алуға мәжбүр болған. Алақтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, 4 адам істі болып, темір тордың ар жағына аттаныпты деп естідік.

-Мұнда тұрғын үй құрылысына тегін жер алуға кезекте тұрғандар саны көп деп естідік. Мемлекет тарапынан азаматтарымызға  тегін жер беріліп жатыр ма?

— Қояндыда алғашқы жылдары халықты тарту мақсатында баспана тұрғызуға 10 сотық жерлер берілген болатын. Кейін жерге мораторий жарияланып, бұл бағыттағы жұмыстар тоқтатылды.2007 жылдан бастап жерден дәмесі бар, жеке басында мүлкі жоқ мыңдаған азаматтарымыз кезекте тұр.

Кейінгі кездері бұл тақырып халық арасыда жиі айтылып-талқыланып жүр. Әрине, түбінде жерге мұқтаж жандарға тиесілі жерлері беріледі, бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын.

-Қояндыда бір қонақта болғаным бар, кешке қарай электр жарығының сығырайып, май шамдай жарық түсіргені әлі есімде. Электр жарығының жеткіліксіздігінен халық зардап шегіп отырған секілді…

Бұл жекеменшік электр жарығын берушілердің істеп отырғаны ғой. Бір үйден екіншіге, одан үшінші үйге электр жарығын жалғастырып қосып береді. Соның салдарынан электр қуаты жетпей, халық дұрыс жарыққа қарық болмай, қиналып жүргені шындық. Кояндыда халықтың 90 пайызы осы жекеменшік жарық берушілер есебінен қамтамасыз етілген.

Қазір жарық мәселесі толық шешілді. Қояндының өзінде өткен жылы электр қуатын беретін орталық салынды. Бүгінде халықтың 10 пайызы осы орталық есебінен сапалы тұрақты жарықпен жарақтандырылған. Қазан айында халықтың тағы 30 пайызы қамтамасыз етілетін болады. Яғни, халық біртіндеп сапалы электр қуатына біртіндеп ауыса бастады.

-Бұл жер елді болғалы ауыз суды қаладан тасымалдап ішетіндер де бар көрінеді.Ауыз су мәселесі сіздерде қаншалықты өзекті?

— Әрине, халықтың ауыз судан қиындық көріп келгені өтірік емес. Біреулер өздері құдық қаздырса, біреулер қаладан су алдырып ішіп отырды. Бірақ, биылдан бастап су мәселесі толық шешімін тапты. Біз тұрғындарымыздың өтініші мен сұранысын ескеріп, суды қосымша қуатты айдағыштармен үйлеріне кіргізіп беруді қолға алдық. 1185 үйге бұл қондырғылар орнатылды, алдағы уақытта тағы 1000 үйге қосылып беріледі.

-Сіздерде не жетіспейді деп ойлайсыз, тұрғындар не үшін көп шағымданады?

— Бізде әкімдіктің жанында құрылған шағын ғана медициналық бекет бар. Мұнда 1 терапевт, 1 балалар дәрігері, 3 медбике жұмыс істеп отыр.Халықты емдеуге мұндағы метериалдық-техникалық база жеткіліксіз. Жедел жәрдем көрсетуге мүмкіндік жоқ. Адамдар соған шағымданады. Қаладан жедел жәрдем шақыртсаңыз, МАИ бекетіне дейін өз көлігіңізбен баруға тура келеді. Өте шұғыл жағдайда ауруханаға сол жерден ғана алып кете алады. Сондықтан, жаңа жылға дейін жедел жәрдем стансасын ашамыз ба деп әрекет етіп жатырмыз.

-Әкімдікте халықпен қарым-қатынас қаншалықты жолға қойылған?

— Қоянды тұрғындарымен тығыз қарым-қатынастамыз. Ардагерлер кеңесі мен әйелдер кеңесін жасақтап қойдық. Солар арқылы халықтың мұқ-мұқтажы, өтініш-шағымдарын таразыға салып, талқылап отырамыз.

Жаңа оқу жылы басталуға жақын қалды. Бұл ретте біз әкімдік атынан аз қамтылған отбасылары аралап көріп, 18 балаға "Мектепке жол" акциясы аясында киім-кешек, оқу құралдарын алып бердік.

Ауылымыздың келбетіне де көңіл бөлеміз.Биыл әкімдік қызметкерлері 560 түп ағаш отырғызса, тұрғындардың өзі 4500-дей жасыл желек отырғызды. Аулалары жеміске толып тұрсын деп, ауыл тұрғындарына жеміс ағаштарын тегін таратып бердік. Халық разы болды. Ара-тұра, мереке күндері халықтың басын қосып, арнайы іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Жұмысымыздың барлығы халық игілігіне жараса екен, олардың алғысын алсақ деп қызмет істеп жатырмыз.

-Әңгімеңізге рахмет. Еңбектеріңіз жемісті болсын, Қоянды гүлдене берсін!

Жаңалықтар
0