Халық маркасы – халық таңдаған сапа

© Photo : "Халық маркасы" қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясы" ЗТБ таңба, халық маркасы
таңба, халық маркасы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Осындай идеялардың жетегінде 2015 жылы «Халық маркасы» жобасы дүниеге келді. Оның мақсаты – халық сапасын мойындаған отандық тауарлардың танымалдығын арттырып, тұтынушыға қолжетімді бағамен ұсыну болатын.

АСТАНА, 31 там —  Sputnik. Елімізде "Қазақстанда жасалған" жалпыұлттық іс-шараларының бастау алғанына көп болған жоқ. 2015 жылғы 11 ақпанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үкіметтің кеңейтілген отырысында отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында елімізде аталмыш жобаны іске асыруды тапсырған болатын. Бүгінгі таңда осы бағыттағы іс-шаралар қаншалықты жемісті атқарылып жатыр, отандық тауарларға сұраныс артты ма, таңдау бар ма деген сауал көптің көңілінде жүргені анық.

Өткен жылы сол кезде "Қазақстан 2050" жалпыұлттық қозғалысының белсенділері еліміздің дүкен желілерінде отандық өнімдерге арнайы сөрелер жасақтап, "Қазақстанда жасалған" деген тақтайшалармен азаматтарымызды  өзіміздің өнімдерді сатып алуға шақырды. Елбасының өзі отандық кәсіпорындар мен дүкендерге барып, олардың тауарларын сатып алып, қазақстандықтарға үлгі көрсеткенін еліміздегі БАҚ өкілдері жарыса жазып, теледидардан көрсеткен еді.

Осындай идеялардың жетегінде 2015 жылы "Халық маркасы" жобасы дүниеге келді. Оның мақсаты – халық сапасын  мойындаған  отандық тауарлардың танымалдығын арттырып, тұтынушыға қолжетімді бағамен ұсыну болатын. Сонымен, жобаның ұйымдастырушылары 70-тен астам отандық тамақ өнеркәсібі орындары арасында "Халық маркасы" жалпыұлттық байқауын жариялай отырып,  бірден іске көшті. Айта кетерлігі, халық сайтта онлайн дауыс беру арқылы үздіктерді өзі іріктеп, 2015 жылғы мамыр-қазан айында Милан қаласында өткен "Экспо-2015" көрмесіне қатысуға жолдама алып берді."Бүкіләлемді тамақтандыру" тақырыбында өткен халықаралық көрмеде Қазақстан атынан орнатылған павильонда осы отандық кәсіпорындардың өнімдері келушілерге ұсынылып, қазақстандық тамақ өнімдері паш етілген болатын. Сондай-ақ, көрме барысында жобаның бағдарламасы бойынша жоғарыда халық өзі таңдап берген кәсіпорындар еңбегіне орай марапатталғанына бүкіл әлем куә болды.

Бұл игі бастама бұнымен тоқтап қалмады. Биыл, яғни, 2016 жылғы 6 шілдеде елордамызда "Самғау" сауда орнында "Халық маркасы" сауда-көрме павильоны ашылды. Ауқымы 5 мың шаршы метрден тұратын бұл орталықта тұрмысқа қажетті заттың барлығы бар. Атап айтқанда, отандық үй жиһаздары, киім-кешек, тамақ өнімдері мен қолөнер шеберлерінің бұйымдары қойылған. Ең бастысы мұндағы отандық тауарлардың сапасын халық өзі мойындаған әрі бағасы халыққа қолжетімді. Яғни, "Халық маркасы" тұтынушылар белгісімен таңбаланған. Бір сөзбен айтқанда, қазақстандық өнімдер арасында бәсекеге қабілетті, сапалы, табиғи  таза өнімдерді бұл жерден тамашалап ғана қоймай, сатып алуға да болады.

"Біз шетелден импортталатын тауарларды өзіміздің өнімдермен алмастыру жолында күрес жүргізіп келеміз десем артық айтындық болмас. Өйткені, қазақстандық тауарлардың қазіргі сапасы өзге елдердікінен асып түспесе, кем емес, оның үстіне бағасы жағынан анағұрлым төмен болып келеді. Сондықтан, өзіміздің тауарды неге сатып алмасқа. "Халық маркасы" тұтынушылар белгісімен таңбаланған отандық тауарлар сол бағыттағы жұмысымыздың нәтижесі. Сапасын халық мойындаған, қолжетімді бағамен ұсынылатын тауарлар. Біз өзіміздің өнімдерімізді насихаттай отырып, отандық сауда нарығын дамытуға жағдай жасауға тырысып жатырмыз, экономикамызды өркендетуге өзімізше үлес қосып жатырмыз",-дейді "Халық маркасы" қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясы" ЗТБ президенті Римма Тәжібаева.

Отандық тауарлардың халық арасында танымалдылығын арттыруға еңбектеніп жатқан федерация еліміздің түкпір-түкпіріндегі кәсіпкерлермен жан-жақты қарым–қатынас орнатқан. Отандық экспорттың әлеуеті осындай жобалардың арқасында дамиды десек, Ресейдің Иваново қаласында ашылған "Қазақстанда жасалған" атты дүкен сөзіміздің жарқын дәлелі. Мұндағы тауарларың бір парасы осы "Халық маркасы" сауда-көрме павильонынан экспортталады екен. Жоба жетекшісінің айтуынша, бүгінгі таңда Ресей, Қытай, Бірікккен Араб Әмірліктері секілді елдермен осындай дүкендер желісін ашу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр екен.   Ендеше, отандық тауардың өтімділігі мен тартымдылығы, бәсекеге қаншалықты төтеп беретіндігін ендігі жерде шетелдіктердің айтатын күні алыс емес секілді.

"Елімізде отандық кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғайтын "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы, "Қазақстанда жасалған" қауымдастығы жұмыс істейді. Олар отандық тауар өндірушілердің мүддесін қорғауға жұмыс істеп жатқандарын айтып, екпін жасауда. Менің ойымша, кәсіпкерлерің мүддесі ғана қорғалып қоймай, олардың нарықтағы қаржылық ахуалы да мемлекет назарына ілінуі керек. Қазақстандық тауар өндірушілердің өнімдерінің өтімділігін арттыруға жағдай жасауға көбірек көңіл бөлу керек. Мәселен, оларға сауда жасайтын алаңды тегін беріп, өнімдерін арзанырақ бағамен сатып беруге қолдау жасау керек деп есептеймін. "Халық маркасы" сауда-көрме павильонының жұмысының басты бағыты да осы. Бұл ретте біздің тәй-тәй басқан жобамызды бірінші күннен қолдаған Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығының еңбегін атап айтқым кеп отыр. Бүгінгі таңда бұл ұйым біздің осындай орталықтарымыздың еліміздің өзге де өңірлерінде ашылуына қол ұшын созуда",-дейді Римма Тәжібаева ағынан жарылып.

Осы орайда, отандық өнімді жарнамалайтын бірегей жобаның тағы бір артықшылығын айта кеткенді жөн көрдік. Ол мұндағы қолөнершеберлерінің аллеясы. Он саусағынан өнер тамған қас шеберлер бұйымдарын мұнда үйлерінен істеп әкеліп қояды екен. Жоба қызметкерлерінің айтуынша, көрмеге келушілер мен сатып алушылардың оған сұранысы мен қызығушылығы айтарлықтай өсіп келеді. Федерация предиденті осы жерде қолөнер бұйымдарын тігетін орталық ашуды алдағы күннің еншісіне қалдырып отыр. Сөйтіп, халыққа жұмыс беруді қолға алмақшы. Бұл да халық үшін игі бастама, жұмыс көзі болмақ.

Көрші Ресей, Белоруссия елдерінде жергілікті өнімдерге сұранысты арттыру бағытында жұмыс істеп келе жатқан "Выбор народа" коммерциялық жобасының елімізде балама ретінде іске асырыла бастағанына аз уақыт өтсе де, өнімнің сапасын халықтың өзіне таңдатқан аталмыш жоба бүгінде көпшіліктің көңілінен шығып, алғысына бөленіп үлгерген. Мемлекеттен көмек күтіп, қол қуысырып отыра бермей, ел экономикасына осындай қайталанбас бастамаларымен үлес қосып жүргендер саусақпен санарлық десек, нардың жүгін арқалаған жобаның отандық өнімнің өтімділігін арттыруға бағытталған қадамы қуантады. Алыстан арқалағанша, жақыннан дорбалайтын тауарларымыз осындай жобалардың арқасында көбейе берсе, ел экономикасының есесі артып, отандық өнім өндірушілер қарасының да артатыны айқын.

Жаңалықтар
0