Нұр-Сұлтандағы ірі жол апаты

"Мұндайға жол бермес еді" - Нұр-Сұлтандағы апаттан қаза болған жүргізушінің әріптестері

9544
(Жаңартылды 13:12 01.04.2019)
Жол апатынан көз жұмған жүргізуші қаладағы №1 автобус паркінде жұмыс істеген

НҰР-СҰЛТАН, 27 наурыз – Sputnik, Дәурен Ерболат. Нұр-Сұлтан қаласындағы екі адамның өмірін қиған қайғылы оқиға жұртты есеңгіретіп тастады. Жолаушы мен автобус жүргізушісі қаза болған жантүршігерлік апаттың себебі әзірге белгісіз. Осы орайда Sputnik Қазақстан тілшісі қоғамдық көлік жүргізушісі жұмыс істеген №1 автобус паркіне барып, оның әріптестерімен тілдесіп қайтты. Олар Абай Оспановтың қандай адам болғанын айтып, жол апатының себебі туралы өз болжамдарымен бөлісті. 

Жол апатынан қаза тапқан жүргізуші №1 автобус паркіндегі қала сыртына қатынайтын №303 бағдарында жұмыс істеген.

© Sputnik / Дәурен Ерболат
Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 автобус паркі

"Қаза тапқан жүргізуші бірінші автопаркте жұмыс істеген. Оның маршруты қала сыртына қатынайтын болған соң, ол "Шанхай" базарынан желіге шығады. Осы автопаркте заңды түрде қызмет еткен", - деді "Астана LRT" компаниясының баспасөз хатшысы Науат Азанбаев. 

© Sputnik / Дәурен Ерболат
Елордалық қоғамдық көліктің жұмыс күні таң сәріде басталады

Қоғамдық көліктер автопарктен таңғы сағат 5:00 шамасында бағдарға шығады.

© Sputnik / Дәурен Ерболат
№1 автобус паркінің жұмысшылары

Таңертең автобус жүргізушілері міндетті түрде медициналық тексерістен өтеді.

© Sputnik / Дәурен Ерболат
Автобус жүргізушілерін жұмысқа шығар алдында дәрігер қарайды

Олар қоғамдық көлікке отырмас бұрын міндетті түрде дәрігерлердің бақылауынан өтуі тиіс. Бірінші, қан қысымын тексертеді, екіншіден, қандағы ішімдік мөлшерін анықтау үшін алкотестерден өтеді.

Жүргізушілердің қан қысымын тексеретін фелдьшер Маржан Назымбекова күніне бірнеше адамға автобус жүргізуге рұқсат берілмейтінін атап өтті.

"Егер жүргізушінің қан қысымы 150-ден жоғары болса, бұл денсаулыққа өте қауіпті. Сондықтан ол жұмысқа жіберілмейді. Ал 120/130 - жақсы көрсеткіш. Күніне бірнеше жүргізушінің қан қысымы жоғары болады. Олар автобусқа отыра алмайды және желіге шықпайды", - деді ол.

Автобус жүргізуші медициналық сынақтан өткен соң, оның көлігін техникалық бөлім қызметкерлері тексерістен өткізеді екен.

© Sputnik / Дәурен Ерболат
Автобус паркінің техникалық қызметкері Хасен Мұхаметжанов

"Парктен шықпас бұрын қоғамдық көліктерді міндетті түрде тексереміз. Егер ақау табылса, жолаушыларға қызмет көрсетуге жіберілмейді. Автобусты жөндеуге жібереміз. Сондай-ақ, жүргізушілер медициналық тексерістен өтпесе, жұмысқа шыға алмайды", - дейді №1 автобус паркінің қызметкері Хасен Мұхамеджанов.

Медициналық және техникалық сынақтан сүрінбей өткен жүргізуші елордалық жолаушыларға қызмет көрсетуге кіріседі.

© Sputnik / Дәурен Ерболат
№23 бағдарлы автобус желіге шығып барады

Сонымен қатар, жол апатынан қаза тапқан жүргізушінің әріптестері қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді.

№1 автобус паркінің 61-ші бағытының жүргізушісі Нұржан Тұрлыбай жол апатына жүргізушінің денсаулығы себеп болды деп пайымдайды.

"Видеоны көрдік. Автобустың тежегіші дұрыс істемей қалды деп айта алмаймын. Тіпті, тежегіш істемей қалған күннің өзінде автобус жүргізушісі жанын аман сақтап қалу үшін көлікті оңға немеске солға бұрушы еді. Адамдар барлығын көріп тұрды ғой. Менің ойымша, автобус жүргізушісіне бірдеңе болған. Жайдан жай, жоғары жылдамдықпен автобусқа соғылмайды ғой", - деді ол.

Бұдан бөлек, автобус паркінің қызметкері жүргізушілердің жалақысы көтерілгенін айтады. 

"Жұмысқа таңғы 4:30-да тұрамын. Бізді автопаркке қызметтік көлік алып келеді. Таңғы 6-дан түнгі 11-ге дейін маршрутта жұмыс істейміз. Осы жұмыста жүргеніме 10 жыл болды. Сондықтан организм үйренген. Мұндағы жүргізушілердің жалақысы 250 мың теңге", - деді Нұржан Тұрлыбай.

© Sputnik / Дәурен Ерболат
Автобус жүргізуші Қаһарман Иманбаев

Қаладағы №36 бағдарда жұмыс істейтін автобус жүргізушісі Қаһарман Иманбаев қаза тапқан жүргізушінің өте тәжірибелі екенін атап өтті.

"Әлеуметтік желідегі видеоны көрдім. Автобуста техникалық ақау болуы мүмкін емес. Себебі, оны мамандар парктен тексеріп шығарады. Менің ойымша, жүргізушінің жүрегі тоқтап қалды ма, әйтеуір бірнәрсенің денсаулығына әсер еткені анық. Әйтпесе, кәсіби деңгейі жоғары, тәжірибесі мол жүргізуші ғой. Ол мұндайға жол бермес еді. Жолдағы жағдайды алдын ала біліп отырады ғой", - дейді №1 автобус паркінің қызметкері.

Сонымен қатар ол "автобус жүргізушілері ұйқысы қанбай жұмысқа шығады" дегенге өз пікірін білдірді.

"Бүгін таңғы 5-те тұрдым, кешкі 9:30-ға дейін автобус жүргіземін. Жанымда көмекшім болса, жұмыс ауыр емес. Бірақ ол болмаған кезде 2-3 күн жұмыс істеймін. Автобус жүргізгеніме 10 жыл болды. Егер шаршайтын болсам, басшылықтан демалыс сұраймын. Бүгін 6 сағат ұйықтадым", - дейді Қаһарман Иманбаев.

© Sputnik / Дәурен Ерболат
Жолданғар Мағзұмов

Бірінші автобус паркінің №18 бағдар жүргізушісі Жолданғар Мағзұмов жолда өте сабырлы болу қажет екенін айтты. Автобус жүргізгеніне 18 жыл болған жүргізушінің пікірінше, бұл жол апатының алдын алуға септігін тигізеді.

"Біздің жұмыста өте сабырлы болу керек, әрі ештеңеге ренжімеген абзал. Сондай-ақ денсаулығыңды да күтіп жүрген жөн. Қайғылы оқиғаның видеосын барлығы көрді. Жол апатының неден болғанын бір Алла біледі", - деп түйіндеді сөзін тәжірибелі жүргізуші.

"Астана LRT" компаниясының мәліметіне сәйкес, қалада бүгінде 8 автобус паркі бар екен. Онда жалпы 1694 автобус жүргізушісі жұмыс істейді.

Айта кетсек, кеше Нұр-Сұлтан қаласында 3 автобус, жедел жәрдем көлігі және жеңіл көлік жантүршігерлік апатқа ұшырады. Салдарынан 53 жастағы автобус жүргізушісі мен 26 жастағы жолаушы қыз қаза тауып, 27 адам зардап шекті.

9544
Кілт сөздер:
жүргізушілер, жол апаты, автобус, Нұр-Сұлтан
Тақырып бойынша
Нұр-Сұлтандағы үш автобус апатынан 27 адам зардап шекті: төртеуі әл үстінде жатыр
Нұр-Сұлтандағы жантүршігерлік апат: Филиппин азаматы хал үстінде жатыр
Алматыда актриса қаза тапқан жол апаты: кінәлі жүргізушіге үкім шықты
Нұр-Сұлтандағы автобус апаты: дәрігерлер зардап шеккен жолаушының аяғын кесті
Нұр-Сұлтандағы жантүршігерлік жол апаты: оқиға орнында түсірілген видео
Нұр-Сұлтандағы апат: көз жұмған жалғызбасты ананың артында бір баласы қалды
Загрузка...