Зират маңындағы үйлер

"Жаны жай таппаған": астанада зират үстіндегі үйлерді елес кезіп жүргені рас па?

8258
(Жаңартылды 16:09 05.08.2019)
Нұр-Сұлтандағы тұрғын үйлердің кейбірін "елес кезіп жүр" деген қауесет бұрыннан бар. Әсіресе, "Мәскеу" және ел арасында "Свечки" аталып кеткен тұрғын үй кешені, "Қараөткел" қабіріне қатысты алып-қашпа әңгіме көп

НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз – Sputnik, Дәурен Ерболат. Sputnik Қазақстан тілшісі "елес кезген" үйлердің тұрғындарымен тілдесіп, зираттың шырақшысын әңгімеге тартты.

"Қараөткел" мұсылман зираты

Зираттың негізі 1609 жылы қаланған, аумағы 16 гектар. Жастар шағын ауданында орналасқан. Мұнда соңғы рет адам 1962 жылы жерленіпті.

Қараөткел мұсылман зираты
© Sputnik / Дәурен Ерболат
"Қараөткел" мұсылман зираты

Қазіргі уақытта қорымда екі мыңнан астам құлпытас бар. Ондағы жазулар араб, төте жазумен жазылған. Кейбір деректер бойынша бұл зиратта Тәуке ханның ұлы Сәмеке, Ақмоланың аға сұлтаны Қ.Құдаймендин, көпес Б.Қосшығұлов, қазақ жеріне ислам дінін таратқан шейхтер жерленген болуы мүмкін.

Целиноград қаласында дүниеге келген Айжан Армина бала кезінде бұл зираттың жанынан жиі өткенін айтады. 

Кенесары ханның сарбаздары жерленген

"Бұл зират бұрыннан бар. Анам екеуміз сол жерден жиі өтетінбіз. Анам және көршілерім мұнда "Кенесары ханның сарбаздары жерленген" дейтін. Зиратта обамен ауырғандар да жатыр деген сөз бар. Оның рас-өтірігін білмеймін. Бірақ осыдан бірнеше жыл бұрын қала билігі қорымды сүрмекші болды. Бірақ тұрғындар қарсы болып, "онда обамен ауырғандар жатыр. Зиратты қазған кезде ауру ауа арқылы тарамай ма?" деп пікірін ашық айтты. Бұл пікірді имамдар қолдады", - дейді қала тұрғыны.

"Қараөткел" мұсылман зиратының шырақшысы Еренбек қажы Білімбаевтың айтуынша, мұнда Кенесары ханның сарбаздары, Алашорда қайраткері Смағұл Сәдуақасов, Балуан Шолақтың ғашығы Ғалия, ҰҚК-нің төрағасы Кәрім Мәсімовтың нағашы атасы Кәрім Мәжібекұлы жерленіпті. Бірақ ол бұл зиратта обамен ауырғандардың жерлегенін нақты білмейтінін жеткізді.

Қараөткел зиратының шырақшысы Еренбек қажы Білімбаев
© Sputnik / Дәурен Ерболат
"Қараөткел" зиратының шырақшысы Еренбек қажы Білімбаев

"Жын-шайтан жоламайды"

Еренбек қажы зиратты 8 камера арқылы бақылап отырады. Бұл жерде жұмыс істегеніне 1 жыл болыпты. Бұл зират полицияның қырағы бақылауында. Шырақшы мұнда тылсым күштің жоқ екенін айтады.

"Зиратты елес кезіп жүрген жоқ. Мұнда күнделікті құран оқылып тұрады. Жын-шайтан жоламайды. Бұл – таза жер. Жақын маңда мейрамхана бар. Сондағы адамдар ішіп, түн ортасында темір есікті тарсылдатып қағатыны бар. Ондай кезде полиция шақырамын. Ешқандай тылсым дүние жоқ. Бұл жер Алланың назарында", - дейді ол.

"Свечки" тұрғын үй кешені

Бөгенбай және Сарыарқа көшелері қиылысындағы "Свечки" тұрғын үй кешенінде Мақсат Асхатовтың (аты-жөні өзгертілді) тұрғанына 5 жылдан асқан. Ол елордаға 1997 жылы көшіп келіпті.

Свечки тұрғын үй кешені
© Sputnik / Дәурен Ерболат
"Свечки" тұрғын үй кешені

"Мен "Свечки" тұрғын үй кешенінде, яғни Сарыарқа көшесіндегі 30-шы үйде 5 жыл тұрдым. Мұнда электр құралдары жиі істен шықты. Үйдегі шамдар жиі жанып кетеді немесе розетка күйіп қалатын. Түнде сатымен көтерілетін кездерім болды. Мен 7-қабатта тұрдым. Шыңғырған дауыстарды естіген жоқпын. Бірақ осында басым жиі ауыратын. Ұйықтап тұрсаң да, дел-сал болып жүресің. Түсіндіру қиын, бірақ белгісіз бір тылсым күштің бары анық", - дейді тұрғын.

"Адамдарды көлік жиі соғатын"

Сонымен қатар Мақсат Асхатов Сарыарқа мен Бөгенбай көшелерінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер жолының бір жағы неге жабылғанына қатысты өз ойын айтты.

"Мен "Свечки" тұрғын үй кешеніне көшіп келген кезде не себепті екені белгісіз, жабылған жолдың бөлігінде көлік адамды жиі соғатын. Бөгенбай көшелері қиылысында жұмысшылар адамдың қабірін тапты. Оны БАҚ-та ашық жазды", - деді ол.

2009 жылы жазда Бөгенбай көшесін кеңейту кезінде жұмысшылар он тоғызыншы ғасырда жерленген 4 адамның қабірін тапқан болатын.

"Зираттың орнына тұрғызылған"

Елорданың байырғы тұрғыны Валерий Ильин мұның барлығы бекер емес деген пікірде. Ол Сарыарқа мен Бөгенбай көшелерінің қиылысында 1915 жылдан 1960 жылға дейін православ зираты болғанын айтады.

Тұрғын үй
© Sputnik / Дәурен Ерболат
Елордадағы Жеңіс даңғылы. Республикалық "Казахстанская правда" газетінің ғимараты орналасқан

"Свечи" тұрғын үй кешенінің және "Астана" медицина университетінің орнында бұрын православ зираты болды. Мұндай жағдайлардың болуы бекер емес. "Казахстанская правда" ғимаратына қарама-қарсы тұрғын үйлер қабірдің үстіне тұрғызылған", - дейді ол.

"Елес кезіп жүреді"

Елордада 28 жылдан бері тұрып жатқан Айжан Армина "Мәскеу" тұрғын кешеніне байланысты алып-қашпа әңгіменің көп екенін айтады.  

Мәскеу тұрғын кешені
© Sputnik / Дәурен Ерболат
"Мәскеу" тұрғын үй кешені

"Осы үй тұрғындарының айтуынша, мұнда бір әйелдің елесі кезіп жүреді екен. Себебі, осыдан бірнеше жыл бұрын Шолпан есімді актриса құрбысының үйіне қонаққа келеді. Түнгі он екі шамасында 15-қабаттағы лифтінің шахтасына құлап кеткен. Сол жерде қаза тапқан. Сондай-ақ, бір қыз жоғары қабаттың бірінен құлап, өз-өзіне қол салған. Құрбым осы үйде тұрады. Ол мұнда қайғылы оқиғалардың болып тұратынын айтады", - дейді ол.

Бірақ осы үйдің өзге тұрғыны Елтай Байылов бұл болжамды жоққа шығарды.

"Осында тұрғаныма 11 жыл болды. Өткен жылы осында бір қыз құлап, өз-өзіне қол салды. Бірақ мұнда тылсым күш жоқ. Ал әртістің қаза тапқанын естіген жоқпын. "Елес бар" деген әңгіме шындыққа жанаспайды. Әйтпесе, көшіп кетпеймін бе?", - дейді ол.

"Жаны жай таппаған"

Ал 66 жастағы Насихат Жапарова бұл адамдардың жаны жай таппаған деген пікірде.

Насихат Жапарова
© Sputnik / Дәурен Ерболат
Насихат Жапарова

"Мен осы үйге қарама-қарсы бес қабатты үйде тұрамын. Мен тылсым күшке сенемін. Егер аруақтың жаны о дүниеге бармаса, ол елес болып жүреді", - деген болжамымен бөлісті ол.

8258
Кілт сөздер:
Нұр-Сұлтан, елес, зират
Тақырып бойынша
"Әлмерек атамын деді" Тылсым құдіреттің күшімен дертінен айыққан орыс қызының әңгімесі
Бес жасар қыз 4-5 жігітке бой бермеді – жын шығаратын ақсақалдың әңгімесі
Ақмешіт үңгірі: адамға ерекше күш беріп, денсаулыққа шипасы бар жер - фото
Адамдар бақсы-балгерлерге неге сенеді?
Ақбура әулие кесенесіндегі шырақшылар талай тылсым күшке куә болған
Загрузка...