Астана келбеті

"Жыбыр-жыбыр етіп үйге кірді": Астанада 36 адам тұрып жатқан пәтер табылды

13427
Хостел сол жағалау тұрғындарының тынышын кетірді. Оны тиісті орындар заңның солқылдақтығынан жаптыра алмай отыр

НҰР-СҰЛТАН, 3 қазан – Sputnik. Елордада сол жағалау тұрғындары қиын жағдайға тап болды. Көпқабатты үйдің екі пәтерін хостелге айналдырып жіберген. Бір пәтерде 40-қа жуық адам тұрады. Солар бүкіл үйдің тынышын алған көрінеді.

 Сол жағалаудағы тұрғын үй кешені Ақорда, парламент, үкімет ғимараттарына, министрліктер үйіне жақын жерде тұр, деп хабарлады КТК.

"Ылғи ішіп жүреді. Үйдің кіреберісінде, лифтіде қоқыс тастайды. Бір рет біреуі мас күйінде лифтінің есігін тепті. Ішінде баламмен тұрған едім. Балаға қарамай, аузына келгенін айтты. Шыққанша жаным қалмады", - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Жанна Ахметова.

Журналистер пәтерге кіріп барып тұрғындардың айтқаны рас екеніне көз жеткізді. Олардың бірінші көрген адамы есін жия алмай отырған жігіт болған. Қашаннан бері тұрып жатқанын, қайдан келгенін жөндеп айта алмаған. Отырған жері – ас үй.

Төрт бөлмелі пәтерді иесі хостелге айналдырған. Ішінде 40-қа жуық орын бар. Осынша адам тұратын жердің санитарлық жағдайы айтпаса да түсінікті. Бұл жағдай көршілерін де шаршатқан.

"Небір адамдар келіп кетеді. Біз ондай еркектерден қорқамыз. Алдыңғы жылы бүрге дей ме, бір нәрсе болады екен, жыбыр-жыбыр етіп үйге кірді", - дейді ол.  

Тағы оқыңыз: Депутат Нұр-Сұлтандағы мемлекеттік тұрғын үйлердің қорқынышты екенін айтты

Көбісі құрылыста істейтін жас жігіттер. Төрт бөлменің бірінде қыз-келіншектер тұрады. Бәрі де бет-жүзін көрсетуге үзілді-кесілді қарсы.

Бес күн бұрын пәтердегі екі жігіт араздасып, бір-бірін пышақтаған. Көрші тұратын Айжан сол жағдайдың куәгері.

"Таңғы 3-4 шамасында қабырғаның арғы жағынан дүрсіл мен айғай естідім. Жиһаздарды қиратып жатқанын естігенде төбелес басталғанын түсіндім", - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Айжан Мұқанова.

"Есікті сәл ашып қарасам, екі жігіт бір-бірін қуып, балконға қарай жүгіріп шықты. Сол жерде төбелесіп, біреуі айғайлап көмекке шақырды. "Жарамды таңыңдар, жедел жәрдем шақырыңдар!" деп жатты. Қанды көрген бойда дереу полицияға телефон соқтым".

Бұл үйде хостелге айналдырған екінші пәтер бар. Біріншісіне қарағанда жинақылау демесеңіз, мұнда да бір қауым ел тұрып жатыр. Күндіз бәрі жұмыста. Мұнда 24 орын. Ал әкімші қыз қанша адам бар екенін білмейді де. 

"Төрт адам, нақты білмеймін. Бірақ 7 адамдай, 10 шақты адам тұрамыз".

Тұрғындардың айтуынша, хостелдер 3-4 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Үй тұрғындары екі жыл бұрын да қала басшылығына шағымданған екен. Бірақ нәтиже болмапты. Тиісті орындар да заңның шикілігінен шара қолдана алмай отыр екен.

"Санитарлық ережелерде хостелдерге қатысты талап жоқ. Сондықтан біз оларды тексере алмаймыз. Тіпті, хостелдердің жұмысын реттейтін заң да жоқ. Оның үстіне мұндай жатақхана шағын және орта бизнеске жатады. Оны тексеруге елімізде мораторий жарияланған", - деп түсіндірді Нұр-Сұлтан қаласы Тауарлардың қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов.

Тұрғындар екі хостелді жаптыруға тағы да жаппай қол жинауға кірісті. Ұсыныстарын қала әкімінен бастап барлық тиісті орынға жолдамақ. Әзірге қолдан келері осы ғана.

13427
Тақырып бойынша
"Халықтың тұрмысын қиындатады" Тоқаев бірнеше қатаң тапсырма берді    
Жаңа үйлердің бәрі қирап жатыр – Нұр-Сұлтан әкімі
Көлгінов астанадағы қолжетімді баспана кімге берілетінін айтты
Депутат Нұр-Сұлтандағы мемлекеттік тұрғын үйлердің қорқынышты екенін айтты
Жәрмеңке

Қызылорда және Ақтөбе облыстары елордаға 540 тонна азық-түлік әкеледі

297
Жәрмеңкеге келушілер маска тағып, антисептик қолданып, қатаң санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтауы тиіс

НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек – Sputnik. Елордадағы жәрмеңкеге Қызылорда және Ақтөбе облыстары 540 тонна азық-түлік әкеледі, деп хабарлады әкімдіктің ресми сайты.

19 және 20 қыркүйекте "Хан-Шатыр" СОО жанындағы алаңда (Қонаев көшесі мен Тұран даңғылының қиылысы) Қызылорда және Ақтөбе облыстары шаруаларының жәрмеңкесі өтеді. Олар нарықтан 10-15% төмен бағамен 80-нен астам тауар түрін ұсынады.

Оқи отырыңыз: Сұлтанов картоп пен қант неге қымбаттағанын түсіндірді 

Барлығы 540 тонна өнімді, оның ішінде: 146 тонна күріш, 129 тонна картоп пен көкөніс, 62 тонна ет, 30 тонна балық өнімдері, 13 мың дана тауық жұмыртқасы, 7 тонна шұжық өнімдері, 5 тонна ұн және макарон і, 5 тонна алкогольсіз сусындар және тағы басқа өнімдерді сату жоспарланып отыр.

Жәрмеңкеге 90 отандық өндіруші қатысады ("Айс" ЖШС, "Агрофирма Тау" ЖШС, "Ново-Альджанский мелькомбинат" ЖШС, "Рамазан" ЖШС, "Ақтөбе-нан" ЖШС, "Айбек" ӘКК шұжықтары мен ет деликатестері, "Степное" ЖШС, "Рокос" ЖШС, "Изет ГринХаус" ЖШС және "Гринхаус Қазақстан" ЖШС жылыжай көкөністері, "Мир круп" тұзы, "Жаңажол" күріш, "Сырмаржаны", "Байқоңыр" Агрохолдингі", "Наймир", "Байқоңыр" ӘКК).

Келушілер маска тағып, антисептик қолданып, қатаң санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтауы тиіс.

297
Кілт сөздер:
Қызылорда облысы, Ақтөбе облысы, жәрмеңке
Тақырып бойынша
Жарты жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім төмендеді - Дәленов
"Екі есе қымбаттады": алматылықтар қандай өнімдерді жаппай сатып алып жатыр
Қазақстанда ең қымбат және ең арзан нан қай қалада сатылатыны анықталды
Коронавирустың екінші толқыны: елдің жағдайы не болады?
Мемлекет басшысы азық-түлік бағасына қатысты тапсырма берді 
Алматыда сұранысқа ие бес тауардың бағасы төмендеді
Ақша, теңге

Нұр-Сұлтанда 1 миллион теңге алатындар саны артады 

525
(Жаңартылды 10:27 16.09.2020)
Тұрғын үй сертификатын алатын адамдардың санаты кеңейту мәселесі мәслихаттың алдағы сессиясына шығарылады

НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек – Sputnik. Елорда әкімі Алтай Көлгінов тұрғын үй сертификатын алатын адамдардың санаты кеңейтілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бұрын тізімде толық емес, көпбалалы және мүгедек бала асырап отырған отбасылар болса, қазір тізімге тұрмысы төмен адамдар санатының бәрін қосамыз. Оның ішінде жетім балалар да қамтылады", - деп жазды Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Алтай Кульгинов (@altay_kulginov_official)

Оның айтуынша, тұрғын үй сертификатын алатын адамдардың санаты кеңейту мәселесі мәслихаттың алдағы сессиясына шығарылады. Сол жерде тиісті құжат қабылданады деген жоспар  бар. 

"Құқықтық-нормативтік процедуралар аяқталған соң, сертификат алушылар санатының жаңа тізімін бекітеміз. Тұрғын үй сертификатының мөлшері – 1 миллион теңге. Оларды "Шаңырақ" (5-10-20) жобасына қолдануға да болады", - деп атап көрсетті Көлгінов.

Осылайша, бұған дейінгі тізімге басқа санаттар да кіретін болатын. Олар:

  • жетім балалар;
  • I және II топ мүгедектері;
  • зейнеткерлер;
  • ҰОС ардагерлері және соларға теңестірілгендер;
  • мемлекеттік, қоғамдық немесе әскери тапсырма орындау кезінде қаза болғандардың отбасылары;
  • экологиялық апат кезінде, табиғи немесе техногендік ТЖ кезінде  баспанасынан айырылғандар;
  • бөтен елдердің аумағында ұрысқа қатысқандар;
  • "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегері немесе ертеде "Батыр ана" атағын алған көпбалалы аналар;
  • I және II дәрежелі "Ана даңқы" орденімен марапатталғандар.
525
Кілт сөздер:
үйлер, теңге, Нұр-Сұлтан
Тақырып бойынша
Вирус өз дегеніне көндіреді – Көлгінов кәсіпкерлерге үндеу жасады
Зейнетақы жинағына баспана алу шарттары белгілі болды
Көлгінов тұрғындардың жұмысқа орналасуына көмектесетінін айтты
2021 жылы салымшылар зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана сатып алуға пайдалана алады
Зейнетақы мен жәрдемақыны өсіруге қанша теңге бөлінеді
Түн мезгіліндегі әйел сұлбасы, архивтегі сурет

Бішкекте қазақстандық әйелдерді асқан жауыздықпен өлтірген: қаскөйлер қалай ұсталды

0
Осыдан сегіз жыл бұрын мемлекеттік шекара маңындағы банда полицияны аяғынан тік тұрғызды. Олардың құрбаны - Қазақстаннан барған бірнеше кәсіпкер. Сол кезде бұл қылмыс халықаралық жанжалға ұласа жаздаған еді

2012 жылдың ортасында Аламудун ауданының аумағында бірнеше ай бойы тәртіп сақшылары қарақшылардың ізіне түседі. Олар саудагер әйелдерді тонап қана қоймай, асқан жауыздықпен зорлаған. Бұл топтың темірдей тәртібі бар еді: ол – құрбандарды тірі қалдырмау. Бірақ қылмыскерлерден зәбір көрген әйелдердің бірі аман қалады...

Сол жылдары "Дордой" базары бүкіл Орта Азия аймағының көтерме саудагерлері арасында өте танымал еді. Демалыс күндері жүздеген саудагер, кейбірі топ-тобымен, енді бірі жалғыз жүріп Қырғызстанның шекарасын кесіп, арзан тауар сатып алу үшін осы базарға ағылады.

Қарақшылар туралы алғаш рет 2012 жылдың жазында айтыла бастады. Сол кезде 38 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны олардың құрығына ілігеді. Қылмыскерлер әуелі оны зорлайды, кейін Үлкен Шу каналына ағызып жіберуге шешім қабылдайды. Бұл аз дегендей, саудагердің басынан бірнеше рет таспен ұрады. Әйелдің тыныс алмай жатқанына көз жеткізгеннен кейін оның денесін суға тастайды. Кейінірек белгілі болғандай, тірі қалған келіншекті жолдың шетінен жүк көлігінің жүргізушісі тауып алып, аудандық ішкі істер бөліміне алып келген.

...Таң қылаң бере АІІБ кезекші бөліміне қатты соққыға жығылған, киімдері қанға боялған әйел келеді. Кезекші милиционер оның әңгімесін тыңдай келе, мұның қарапайым тұрмыстық жанжал емес, қоғамдық резонанс тудыратын ауыр қылмыс екенін түсінеді. Тәртіп сақшысы зардап шеккен қазақстандық азамат туралы дереу басшылықты хабардар етеді. Бір сағат өтпей жатып, аудандық бөлімге ауыр қылмыспен айналысатын мамандар жетті. Олар тергеу барысында бірнеше әйелді зорлап, біреуін өлтірген қандықол  қарақшылардың ізіне түседі.

Неден басталды

Банданың қылмысы туралы бәрін айтып беруге Шу қалалық ішкі істер басқармасының аға із кесушісі Айбек Парманасов келісті. Оның айтуынша, шекараға жақын маңдағы кеден бекетіне үш қарақшы арнайы құрбан іздеп келген. Қылмыскерлер сенбіге қараған түні осы бекет арқылы Бішкекке қомақты ақшасы бар саудагерлердің өтетінінен хабардар. Осылайша түннің бір уағында олар жалғызілікті әйелді байқайды. Қылмыстық топтың басшысы бір қарағаннан-ақ әйелдің саудагер екенін біледі. Енді оның сеніміне кіріп, өз көлігіне отыруға көндіру ғана қалады.

Сол түні әу бастан қылмыскерлердің жолы болды. Қазақстандық әйелді әрдайым кеден бекетінен алып кететін такси жүргізушісінің көлігі жолда бұзылып қалады. Соңғы сәтте ол саудагермен телефон арқылы хабарласып, болған жәйтты айтады. Ал кәсіпкердің түннің бір уағында бөтен елде далада қалғысы келмегені анық. Сондықтан оның жол шетінде тұрған такси жүргізушісінің ұсынысына келісуден басқа амалы қалмайды.

Оқи отырыңыз: 16 рет пышақ сұққан: шымкенттік мұғалімді кім және не үшін өлтірді

Жүргізуші бірден көлігінде тағы екі кәсіпкер отырғанын ескертеді. Оларды қарсы алу үшін әдейілеп келгенін, егер келіспесе, өздері кете беретінін айтады. Әйел амалсыз көнеді. Көлік трассаға шыға салысымен, әйелдің қасында отырған жолаушының бірі оның бетінен ұрады. Ал жүргізуші әйелге "тыныш отыр, әйтпесе өлім құшасың" деп қорқытады. 

Осыдан кейін олар Үлкен Шу каналына келеді. Қылмыскерлер бұл жердің әрбір бұрышына дейін жақсы біледі. Айдалада айғайлаудың, көмекке шақырудың еш пайдасы жоқ еді. Каналдың жағасында олар көліктен Ольганы шашынан сүйреп шығарады. Алдымен қаскөйлер қорғансыз әйелді тепкілеп, ұзақ уақыт қорлайды. Содан кейін іскер әйелдің сөмкесін ақтарып, 5 мың доллар, 37 мың теңге, жүздеген сом ақшаны алады.

Ешкімге тіс жармаймын...

Енді қылмыскерлерді тоқтату мүмкін емес еді. Әуелі қарақшылар тобының жетекшісі, кейін оның сыбайластары Ольганы аяусыз зорлайды. Әйелді тірі қалдыру ешкімнің ойына да кіріп шықпайды. Олардың алдында тізе бүккен саудагер өзіне аяушылық танытуын жалынып сұрайды.

"Үйде үш кішкентай балам бар, оларды жалғыз өзім тәрбиелеп отырмын. Қарт анам бар. Мен отбасының жалғыз асыраушымын. Оларға менсіз қиын болады. Ақшаны түгелдей алыңыздар, ал мені үйіме жіберіңіздер, бұл оқиға туралы ешкімге тіс жармаймын", – деп жалбарынады ол.

Әйелдің бұл сөзі қылмыскерлерге еш әсер етпейді. Топ жетекшісі сыбайластарына саудагердің аяқ-қолын байлап тастап, басынан таспен ұруды бұйырады. "Бірден өлтірмесек те, егер аяқ-қолын байлап-матасақ, ол бәрібір суға тұншығып өледі" дейді ол.

...Кейін із кесушілердің бөлмесінде отырған кезде ауруханадан енді шыққан әйелдің тергеушімен арадағы әңгімесін кездейсоқ естіп қалдым. Әйелдің қандай азапты бастан кешіргенін елестетудің өзі қиын еді.

"Қатты соққыдан көз алдым қарауытып кетті. Бірнеше минут есеңгіреп қалдым. Кейін суға батып бара жатқанымды сездім. Бірақ өзімді құтқаруға және балалар үшін өмір сүруге деген құлшынысым маған күш бергендей болды", – деді қорқынышты күнді көзіне жаса ала есіне түсірген ол.

Ольга жағалауға жетіп, қамыстың ішіне жасырынады. Қылмыскерлер өзінің өліп қалғанына көз жеткізіп, оқиға орнынан кеткенше судың ішінде бірнеше сағат бойы отырады. Әйел өзінің ішкі түйсігімен қылмыстық топ басшысының оның өлім құшқанына әлі де сенбейтінін сезеді. Себебі, қарақшы каналдың жанына әлденеше рет барып, оның түбіне қайта-қайта үңіледі.

Жағада отырған әйел қолына байланған жіпті тісімен қиып, жолға шығады. Оны жүк көлігі жүргізушілерінің бірі байқап қалып, милицияға жеткізеді.

Бұл қылмысты ашу үшін арнайы тергеу тобы құрылады. Кәсіпкердің сипаттауы бойынша милиция қызметкерлері үш қылмыскердің фотобейнесін жасайды. Әйел, әсіресе, топ жетекшісінің түрін өмір бойы ұмытпастай есінде сақтап қалған. Әзірге тергеу барысында бастысы бұл емес, қарақшылардың көлігі еді. Ольга көлікті сұр минивэн деп сипаттайды. Сондықтан тәртіп сақшылары осы көлікті іздей бастады. Кейін барлық қылмыскер ұсталғаннан кейін әйелдің психологиялық күйзелістен көліктің түсін ғана емес, маркасын да шатастырғаны белгілі болды.

Милиция бірден "Ақ-Жол" кеден бекетінде жұмыс істеген барлық такси жүргізушісін назарға алады. Күдікті көрінген бірнеше азаматты Ольгаға көрсетеді. Бұл уақытта кәсіпкер Қазақстанға оралып, олармен интернет және ұялы телефон арқылы байланысқа шығады. Тәртіп сақшылары қанша үгіттесе де, саудагер әйел Қырғызстанға оралмайды.

Ұқсас қылмыс

...Қыркүйектің соңғы күндерінде Бішкек – Алматы тас жолының бойында мал жайып жүрген жергілікті тұрғындар асқан қатігездікпен өлтірілген әйелдің денесін тауып алады. Мәйітті тексерген сарапшылар қанішерлердің әйелді темірмен ұрғанын анықтайды. Соққының қатты болғаны соншалық, әйелдің бас сүйегі бірнеше жерден сынған. Ол алған жарақатынан бірден жантәсілім еткен. Қаскөйлер мәйітті жол жиегінен бірнеше метрге дейін сүйреп апарып, бұталардың арасына лақтырып кеткен.

Іс кесушілер марқұм әйелдің кім екенін бірден анықтай алмайды, себебі, киімінің қалтасында құжаттары болмаған. Көп ұзамай тергеу ісіне араласқан патологоанатомдар келіншектің бірнеше апта бұрын өлтірілгенін хабарлайды. Бұдан бөлек, қылмыскерлер әйелді өлтірер алдында зорлағаны белгілі болды.

Келесі күні құқық қорғау органдарының өкілдері қылмыс туралы Бішкек пен Шу облысының барлық аудандық ішкі істер бөліміне хабарлайды. Сондай-ақ, өлген әйел туралы ақпаратты Қазақстандағы әріптестеріне де жеткізеді. Өйткені, 47 жастағы азамат Астананың тұрғыны болып шықты. Бұл әйел де тауар сатып алу үшін "Дордойға" келіп, артынан жоғалып кеткен. Ол бірнеше күннен кейін үйіне оралуы тиіс еді. Із-түзсіз жоғалған соң әйелдің күйеуі жергілікті полициядан көмек сұрайды.

"Бұл екі қылмыстың бір-бірімен байланысты екеніне күмәнданған жоқпыз. Екі жағдайда да Қазақстаннан келген саудагерлерге қарақшылық жасалған, қылмыскерлердің қолтаңбасы да ұқсас", – деді Шу ҚІББ бөлім бастығы Медер Мұратов.

Әуелі тәртіп сақшылары әйелдің шекараны кескен сәттен бастап, базарға дейінгі жүрген жолын зерттеуге тырысады. Бір қызығы, қылмыскерлердің құрығына ілінген екінші саудагер Бішкекке еш қиындықсыз жеткен. Милиция қызметкерлерінің қолында Ольгаға шабуыл жасағандардың фотороботы болды. Шұғыл отырыста олар іс-әрекет жоспарын белгілеп алады. Сөйтіп, қаскөйлерді "Дордойға" қатысы бар адамдардың арасынан іздеу керек деген ұйғарымға келеді.

Тәртіп сақшыларының бір тобы такси жүргізушілерін, арба сүйреушілерді, жергілікті қауіпсіздік қызметкерлерін тексеріп жатқанда, басқалары өлім құшқан саудагер әйел туралы жан-жақты ақпарат жинауға тырысады. Олар әйелдің күйеуіне хабарласып, сол күні кешке бірнеше сағат бұрын келіншегімен сөйлескенін біледі.

Әйелі барлық тауарды сатып алғанын, кешке такси ұстап, шекара бекетіне баратынын айтқан.

"Мен базардан бір жігітті кездестіріп қалдым. Ол мені шекараға дейін жолдың жарты құнына жеткізіп тастайтынын, жүгімді түсіруге көмектесететін айтты", – деген ол күйеуіне.

Үш рет сотталған

Тәртіп сақшылары тағы да белгісіз такси жүргізушісіне тап болады. Олар екі қылмыстың өзара байланысты екеніне көз жеткізе түседі. 

Қылмысқа қатысты бірден екі түрлі болжам жасалады. Марқұмның бірнеше мың доллар тұратын тауары жоғалған. Демек, қылмыскерлер жақын арада одан құтылуға тырысады, таныс алыпсатарларға сатуы мүмкін. Ал егер кісі өлтірушілердің базарға қатысы болса, онда заттарды осы жерде өткізуге тырысады деген сөз. Осылайша, тәртіп сақшылары базар ішін аралайды. Бірнеше саудагер фотороботтан үш қылмыскердің біреуін таниды. Олардың айтуынша, жас жігіт әйелдер киімін арзан бағаға сатқан. Көз жұмған әйел дәл осындай тауар сатып алған.

Осы жұмыстың нәтижесінде құқық қорғаушылар Ош облысы тұрғынының ізіне түседі. Ол базарда жүк тасушы ретінде нәпақа тауып жүрген 30 жастағы азамат еді. Бұған дейін үш рет сотталған жігіт қылмыстық топтың жетекшісі болған.

Тәртіп сақшылары оның соңғы рет Ош оқиғасынан кейін сотталғанын, сол уақытта Макаров тапаншасымен ұсталғанын анықтайды. Бірақ тергеушілер қаруды қандай мақсатта сатып алғанын сол күйі біле алмаған. Бостандыққа шыққаннан кейін ол тағы да ескі әдетіне көшеді.

Оқи отырыңыз: Балалар үйіндегі қанды қырғын: павлодарлық үш жасөспірім 6 адамды қалай өлтірді

Енді оның сыбайластарын анықтау үшін такси жүргізушісінің кіммен қарым-қатынас жасайтынын мұқият зерттеу қажет. Арада бірнеше күн өткеннен кейін күдіктінің үйіне екі жігіт келеді. Қамауға алған кезде қарақшылар құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсылық көрсетуге тырысады.

Тергеу кезінде қылмыстық топтың жетекшісі тәртіп сақшыларының сұрақтарына ұзақ уақыт жауап бермейді. Көп ұзамай, оған бұлтартпас дәлелдерді ұсынған кезде, қылмыскер еріксіз астаналық әйелді өлтіргенін мойындауға мәжбүр болды. Ал жазда жасаған қылмысты бандиттер өз мойнына алғысы келмеді, себебі, бірнеше қарақшылық үшін ұзақ мерзімге темір торға тоғытылатынын білді.

250 сом үшін...

...Қылмыскерлер Астанадан келген саудагерді шекара бекетінің маңынан байқаған. Бірақ оны көлігіне алдап отырғыза алмайды. Себебі, әйел өзін күтіп тұрған такси жүргізушісінің көлігіне отырады. Сондықтан, олар әйелдің артынан қонақүйге дейін барады. Бірақ сол түні саудагердің бөлмесіне баса-көктеп кіріп баруға қарақшылардың батылы бармайды. Осылайша, таңертең кәсіпкердің базарға баруын күтеді. Ол жерде қылмыскерлер әйелдің көп тауар сатып алғанын көреді. Осыдан кейін "үштіктің" жетекшісі өзін жақсы жағынан көрсетіп, саудагер әйелдің сеніміне кіреді. Кеден бекетіне дейін жеткізіп салуға ұсыныс тастайды.

Келіскен уақытта көлігімен қонақүйдің жанына келеді. Барлық сатып алынған тауарды көлігіне салып, кеден бекетіне қарай жол тартады. Қарақшының сыбайластары күтіп тұрған жерде ол көлігін тоқтатады. Қаскөйлер көліктің ішінен әйелді сүйреп шығарып, алдын ала дайындап қойған темірмен ұра бастайды. Өлтірмес бұрын әйелді зорлайды.

Бірақ кәсіпкерде қомақты қаражат жоқ болып шықты. Олар жәбірленушінің қалтасынан небары 250 сом ғана табады. Бандиттер әйелдің денесін жасыруға уақыт жоғалтқысы келмейді. Сондықтан, мәйітті ең жақын бұтаға дейін сүйреп апарады да, ол жерден кетіп қалады. Бірнеше күннен кейін топ басшысы әйелдің сөмкесінен шыққан барлық тауарды базарға алып барады. Сатушылар оның қолына бірнеше мың сом ғана ұстатады...

Оқи отырыңыз: Әйелдерді зорлап, өлтірген: Шымкентті дүрліктірген екі маньяк қалай ұсталды

0
Кілт сөздер:
Бішкек, қарақшылық