Астананың қақ ортасындағы ауылдың өмірі 

"Тоқаев бізді көре ме?": астананың қақ ортасындағы "ауылдың" өмірі - фото

1964
(Жаңартылды 17:17 14.11.2019)
Елорданың байырғы көшелерінің бірінде адамдар қалай өмір сүріп жатыр? Оларды қандай мәселелер толғандырады? Биліктен қандай көмек күтіп жүр? Бұл туралы Sputnik Қазақстан репортажынан оқи аласыздар

НҰР-СҰЛТАН, 14 қараша – Sputnik, Арман Асқар. Астананың бұрынғы орталығында Әліби Жанкелдин атындағы көше бар. Бас жағында бұрын үлкен базар болған. Бүгінде ол жерде биік тұрғын үйлер аспанға шаншылып тұр. Сауда үйлері де көп, қыж-қыж қайнаған өмір.Бірақ көшенің арғы жағына кірсең, мүлдем басқа әлемге енгендей боласың. Ол жерде уақыт тоқтап қалған сияқты. Sputnik Қазақстан тілшісі ескі көшені аралап, тұрғындармен тілдесіп қайтты.

"Үш бөлмелі пәтерді тастап келдік"

Көшеге түскен бойда түтіннің иісі қатты сезіле бастады. Бұл жақта барлығы үйді пешпен жылытады. Содан қыста айналаның бәрін көк түтін алып кетеді, ал желсіз күнде кәдімгідей тұман болып тұрады. Бірақ көшенің бас жағында сауда жасайтын зейнеткер апа ол иіске әбден үйренген. Біз оны әңгімеге тартып көрдік. Сөйтсе, ол Жамбыл облысының Қаратау қаласынан көшіп келген. Бүгінде баласымен бірге осы көшеде екі бөлмені жалдап тұрады.

Зейнеткер көшенің бас жағында сауда жасайды
© Sputnik / Арман Асқар
Зейнеткер көшенің бас жағында сауда жасайды

"Қаратауда үш бөлмелі пәтеріміз бар. Оны жаптық та, осы жаққа келдік қой. Балама Жамбылда жылы ғой, қайтайық десем, барғысы келмейді. Фосфор зауыты бар, басқа жұмыс табылмайды дейді. Балалардың көшкеніне он екі жыл болды. Мен он жыл бұрын келдім. Қазір осы көшеде екі бөлмені жалдап тұрамыз. Екі немерем, келінім бар. Мен де балалардың жағдайын ойлап, осылай сауда жасап тұрамын", - деп бастады өз әңгімесін зейнеткер.

Бір кезде үндемей қалды да, көзіне жас алды. Себебін сұрасақ, жақында бірге тұрған туған қызы қайтыс болған екен. Сол есіне түскен. Біз апаны жұбатып, әңгімені басқа арнаға түсіруге тырыстық. Ескі көшенің проблемасын сұрадық.

"Мен "квартирантпын" ғой. Не айтамын? Сосын проблеманы айтсам, осы жерден қуып жібереді. Тексерісті жіберіп, штраф салады. Өткенде екі рет 12 600 теңгеден төледім. Оны төлемесең, зейнетақыдан ұстап қалады. Құрысын, проблеманы айтпай-ақ қояйын", - деді ол. Біз болсақ, ары қарай өтіп, үйдің иелерін іздей бастадық.

Әкімдік қайда қарап отыр?

Ескі көшенің бойында қар үйіліп жатыр. Ал жолдың тар болып кеткені сонша, көліктер бір-бірімен жанасып жүреді. Бір жолаққа сыймағаннан кейін шетке қарай тоқтайды да, қарсы бетте келе жатқандарды өткізіп алады. Кептеліс болмауы керек. Себебі бұл – орталыққа шығатын негізгі көше.

Біз қар күреп жүрген жігіттерге жолығып, көшенің жағдайы жайында сұрадық. Олар қолдарын бір сілтеді де: "Ой, көріп тұрсыз ғой, міне, қаланың ішінде отырмыз, ал мына жақтың бәрі – ауыл. Кәдімгідей ауыл ғой", - деп қысқа ғана қайырды. Сұхбат беруден бас тартса да, мазалап жүрген мәселелерін ашық айтты.

Тұрғындар қардың тазаланбайтынын, оның еріп, үйдің ішіне дейін кіретінін айтып шағымданды
© Sputnik / Арман Асқар
Тұрғындар қардың тазаланбайтынын, оның еріп, үйдің ішіне дейін кіретінін айтып шағымданды

"Мысалы, мына қар сенбі күні түскен, әлі алмапты. Ол қардың суы еріп, үйге кіріп жатыр. Бұл жерде "ливневка" жоқ. Жыл сайын қар жауса да, жаңбыр жауса да, осы. Сосын көбісі ауыз суды колонкадан тасиды. Үйге тартып аламын десең, ақша сұрайды. Негізі, су құбырын көшенің бойымен жіберу керек қой. Артынан бәрі өз қалауы бойынша кіргізіп алады. Ондай да жоқ. Адамдар кредит алып, су тартуға мәжбүр", - дейді тұрғындар.

Біз кредитке су тартқан үйдің иесімен таныстық. Аты – Азамат. Ол банктен 1 миллион теңгені кредитке алып, үйге дейін 30 метр ауыз су құбырын тартқан. Бұдан бөлек, үйден кәріз құбырын да шығарып алды.

"Амал жоқ, кредит алдық. Су керек қой. Кәріз жүйесі де қажет. Әйтпесе, бәрін далаға тасып жүргенің. Бірақ бұл көшеде барлығында ондай жағдай жоқ. Көшенің ортасында жуындыға арналған септик бар. Соған апарып төгеді. Дәретхана далада. Қыста қиын ғой", - деді Азамат.

Көше тұрғындары ауыз суды құдықтан тасып ішеді
© Sputnik / Арман Асқар
Көше тұрғындары ауыз суды құдықтан тасып ішеді

Біз оның бір нәрсеге алаңдап тұрғанын байқадық. Темекісін де қайта-қайта шеге береді. Сөйтсек, ауласында тұрған "Газель" маркалы көлігі сынып қалыпты. Соны жөндеуге сүйреп апармақшы. Кредитін осы көліктің арқасында төлеп жүр.

Баба Раяның әңгімесі

Ескі көшеде бұрыннан бері тұратын бір апаны да таптық. Осы маңайда бәрі оны "баба Рая" дейді екен.

Ескі көшенің байырғы тұрғыны баба Рая
© Sputnik / Арман Асқар
Ескі көшенің байырғы тұрғыны "баба Рая"

Ауласына жақындап барғанда жер үйдің өткен ғасырда салынғанын бірден байқадық. Ескі шарбақ, қисайып қалған "веранда", үгітіліп жатқан қабырғалар, ал кіреберіс терезелерді целлофанмен қаптап қойған. Даладағы ескі кілемдер де өткен өмірден сыр шертіп тұрған сияқты. Ал жер үйге кіргенде, кеңес өкіметін орнатуға атсалысқан мемлекет қайраткері Әліби Жанкелдиннің заманына қайта оралғандай болдық. Тура сол пеш, тура сол жиһаз, тура сол төбедегі мәтке, тура сол иіс, тура сол көрініс...

75 жастағы баба Рая бізді бірден шәйға шақырды. Таныса келе, өзіміздің Рымтай апа екенін білдік. Кеңес заманында көршілері "баба Рая" деп атап кеткен. Содан бері "Рая" болып жүр. Өзі – Қарағанды облысының тумасы. 50 жыл бұрын осы үйге келін болып түскен екен. 

Үй 1958 жылы салынған, отағасы 16 жасында өз қолымен көтерген
© Sputnik / Арман Асқар
Үй 1958 жылы салынған, отағасы 16 жасында өз қолымен көтерген

"Шалым он жыл бұрын қайтыс болды. Бес баламыз бар. Бәрі осында, кенже қызым екеуіміз бірге тұрамыз. Балалар бірге тұрайық деп, өздеріне шақырып жатады. Бірақ кеткім келмейді. Өз үйім ғой. Квартиранттарға беріп қойсам, быт-шытын шығарады. "Сносқа" да кетпейтін сияқты", - дейді Рымтай апа.

Оның айтуынша, 1958 жылы салынған үй әбден ескірді. Отағасы 16 жасында өз қолымен көтерген. Бүгінде үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жасаса да, нәтиже болмайтын сияқты. Сыртта мәткелерді ағашпен тіреп қойған. Боранда үй қардың астында қалады.

Рымтай апа бұл үйде кенже қызымен бірге тұрып жатыр
© Sputnik / Арман Асқар
Рымтай апа бұл үйде кенже қызымен бірге тұрып жатыр

"Жаңбыр жауғанда су дәлізге кіреді. Содан бәрін шелекпен шығарамыз. Ал үйдің айналасын қар басқанда "пятактан" жігіттерді көмекке шақырамыз. Оларға зейнетақымнан ақша төлеймін. Пешті өзім жағамын. Бір қысқа 14 тоннадай көмір кетеді", - дейді зейнеткер.    

Рымтай апа өз үйін 10 миллион теңгеге сатып көрген. Бірақ ешкім алмады. Ал оның көршісі тозығы жеткен үйін 13 миллионға сатып жатыр. Бірақ қабырғасында жазылып тұрған жарнамасына қарағанда сатып алушы әлі табылмаған тәрізді.

Рымтай апа бұл үйде кенже қызымен бірге тұрып жатыр
© Sputnik / Арман Асқар
Рымтай апа бұл үйде кенже қызымен бірге тұрып жатыр

"Тоқаев бізді көре ме?"

Біз тағы көшеге түстік. Жол-жөнекей Азаматтың айтқан ортақ колонкасы мен септигін көрдік. Ескі көшеде балалар жолдың бойында ойнай береді екен. Көшенің аяқ жағында түрлі-түсті арбаны итеріп жатқан баланы байқап қалдық. Арбаның іші толған "баклашка". "Мамам кір жуып жатыр. Соған су әкеле жатырмын", - деп қояды.

Ескі көшеде тұратын бала су тасып, анасына көмектесіп жүр
© Sputnik / Арман Асқар
Ескі көшеде тұратын бала су тасып, анасына көмектесіп жүр

Арбаның жіңішке доңғалақтары қарға қадалып, жүргізбей тұрса да, артынан мықшыңдап, итеріп келеді. Алдынан көтерейік десек, "Жоқ, мен өзім", - деп, одан да қатты қимылдайды. Ақыры болмағасын, алдынан көтеріп, үйіне дейін жеткіздік. Сөйтсек, тау қопаратын толағайымыз екі қабатты жатақханада тұрады.

Ауласына кірдік. Жатақхана соғыс кезінде салынған сияқты. Қардағы іздерге қарап, адамдардың даладағы дәретханаға және пеш үйге жиі баратынын байқауға болады. Ғимараттың іші де, сырты да әбден тозған.

Әбден тозығы жеткен екіқабатты жатақхана
© Sputnik / Арман Асқар
Әбден тозығы жеткен екіқабатты жатақхана

Ал жатақхананың барлық есігі бұрынғы аспалы құлыпқа жабылады екен. Біз екінші қабатқа көтеріліп, су тасыған баланың анасына жолықтық. Ол сұхбат беруден бас тартты. Одан кейін түкпірдегі бір бөлмеге барып, есігін қақтық. "Кіріңіз" деген дауысты естігеннен кейін есікті ашып қарасақ, қуықтай бөлме екен. Ортасында жер үстел, айналасында төрт кішкентай бала отыр. Май жағылған нанның үстіне қант сеуіп, соған мәз-мейрам болып жатыр. Дежавю...Балалық шағымыз есімізге түсіп, сәл кідіріп қалдық.

Балалардың жанында отырған жас қыз құлаққапты шешіп, кімге келгенімізді сұрады. Біз үлкен адамдарды іздеп жүргенімізді айттық. Бір кезде ұл баланың біреуі жаc қызды нұсқап: "Мынау біздің мамамыз ғой", - деп күлді. Шынымен де, анасы болып шықты.

Әбден тозығы жеткен екіқабатты жатақхана
© Sputnik / Арман Асқар
Әбден тозығы жеткен екіқабатты жатақхана

Бақытгүл Әжімбаева - екі баланың анасы. Күйеуі жоқ. Жақын жердегі дөнер асханасында түнгі ауысымда жұмыс істейді. Сіңлісі жолдасымен ажырасқан. Қазір апасымен бірге тұрады. Екі баласын да алып келген.

"Әке-шешеміз ерте қайтыс болды. Олар сіңлімді маған тапсырып кеткен. Қазір бәріміз бірге тұрамыз. Қыста ақша аздау. Бір бөлмеге 30 000 теңге төлейміз. Жазда екі бөлмені жалдауға болады. Өйткені жұмыс көбейеді. Күндіз балаларға мен қараймын. Кешке қарай сіңлім келеді, ал мен түнгі жұмысқа кетемін. Күніне 3 000 төлейді. Амал жоқ, соған күн көреміз", - деді Әжімбаева.

Апалы-сіңлілі қуықтай бөлмеде төрт баламен тұрып жатыр
© Sputnik / Арман Асқар
Апалы-сіңлілі қуықтай бөлмеде төрт баламен тұрып жатыр

Бақытгүл тігінші мамандығы бойынша оқуды бітірген. Бас кезінде алған білімімен табыс тауып көрді. Бірақ тапсырыс аз болған. Содан шыдай алмай, ол кәсіпті тастап кетті. Жұмыс тапқанымен, күнде балалары үшін алаңдайды.  

"Мына жақта жол жоқ, жақында бір баланы көлік қағып кетті. "Лежачий полицейский" болуы керек қой. Кешке қарай алқаштар көп жүреді. Балалар үшін қорқамыз. Менің балам да су тасып жүреді. Жолды жөндеп, алқаштарды азайтса, басқа проблема жоқ. Сосын жарықты істеп қойса, дұрыс болатын еді", - дейді жас ана.

Су тасып жүрген бала
© Sputnik / Арман Асқар
Су тасып жүрген бала

Жатақханадан шығып бара жатқанда су тасыған баланы тағы кездестірдік. "Сіз бағана мені фотоға түсірдіңіз бе? Енді, телевизордан көрсетесіз бе?", деп сұрады. "Жоқ, ақпарат агенттігінде жұмыс істеймін, ол интернетке шығады" десек, бала анасына жүгіріп барып: "Мама, интернетке шығады дейді. Сонда бізді Қасым-Жомарт Тоқаев көре ме?", - деп сұрай бастады. Біз анасының "Оны қайтесің, суға барып кел!" деген сөзін ғана естіп қалдық.

Айтпақшы, жарты жолда араққа тойып алған үш жігіттің төбелесін көрдік. Үшеуі бірге тойлаған болуы керек. Біреуі көшеге жартылай жалаңаш шығып алыпты. Тағы бір жолдасы үшіншісін қуып жүріп сабады. Ал біз көрген патрульдік полиция көшенің бас жағын екі рет айналды. Бірақ ішке қарай кіргенін байқамадық...

  • Көше тұрғындары мазалап жүрген мәселелеріне билік назар аударады деген үмітте
    Көше тұрғындары мазалап жүрген мәселелеріне билік назар аударады деген үмітте
    © Sputnik / Арман Асқар
  • Көше тұрғындары мазалап жүрген мәселелеріне билік назар аударады деген үмітте
    Көше тұрғындары мазалап жүрген мәселелеріне билік назар аударады деген үмітте
    © Sputnik / Арман Асқар
  • Көше тұрғындары мазалап жүрген мәселелеріне билік назар аударады деген үмітте
    Көше тұрғындары мазалап жүрген мәселелеріне билік назар аударады деген үмітте
    © Sputnik / Арман Асқар
1 / 3
© Sputnik / Арман Асқар
Көше тұрғындары мазалап жүрген мәселелеріне билік назар аударады деген үмітте
1964
Кілт сөздер:
Қасым-Жомарт Тоқаев, көше, фото, Нұр-Сұлтан
Кілт, иллюстративті фото

Нұр-Сұлтанда арендалық баспанаға құжат қабылдау басталды

198
Әлеуметтік пәтерді жалға алғандар ай сайын әр шаршы метр үшін 1 455 теңге төлеп тұрады, жалға алу мерзімі аяқталғаннан кейін, баспана жалға алушының меншігіне өтеді

НҰР-СҰЛТАН, 28 қыркүйек – Sputnik. Нұр-Сұлтанда сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге құжат қабылдау басталды. Кезекте тұрғандарға 224 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

"Бағдарламаға тұрғын үй кезегінде тұрған және Нұр-Сұлтан әкімдігіне ведомстволық бағынысты мекемелердің білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері, сондай-ақ полиция және төтенше жағдайлар департаменттерінің барлық санаттағы азаматтары қатыса алады", – деп мәлімдеді қаланың тұрғын үй қорынан.

Тілендиев даңғылында, Сары бұлақ бойында орналасқан "Жаңа қоныс" тұрғын үй кешенінен және С.Торайғыров көшесіндегі "Керемет" тұрғын үй кешенінен 224 пәтерді жалға беру жоспарланып отыр.

Әлеуметтік пәтерді жалға алғандар ай сайын әр шаршы метр үшін 1 455 теңге төлеп тұрады. Жалға алудың ең көп мерзімі – 20 жыл. Мерзім аяқталғаннан кейін тұрғын үй жалға алушының меншігіне өтеді.

Қала тұрғындары отбасы құрамына қарамастан 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлерге өтініш бере алады. Алайда, таңдаған пәтерді алуға келісім беру жалға алушының төлем қабілетіне тікелей байланысты.

Тағы оқыңыз: 1 шаршы метрі – 100 теңге: әлеуметтік коттедждер кімдерге арналып салынады

"Мәселен, ауданы 37 шаршы метр бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны – айына 53 835 теңге. Бұл жағдайда отбасының кірісі, басқа міндеттемелерді қоспағанда, кем дегенде 110 000 теңге болуы керек", - деді әкімдіктен.

Арендалық баспанаға құжаттар 7 қазанға дейін қабылданады.

Өтініш zhilfond.kz сайты арқылы қабылданады. Бұл ресурста "Онлайн қызметтер" бөлімінде "Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге өтініш беру (ҚИК)" терезесі пайда болды. Өтініш қалдыру үшін азаматтарда электронды цифрлық қолтаңба және жұмыс орнынан анықтама болуы керек.

198
Кілт сөздер:
баспана, Нұр-Сұлтан
Тақырып бойынша
Алматылық жастар үшін баспана алу шарты жеңілдеді
"5-10-20" және "7-20-25" бағдарламалары бойынша қалай баспана алуға болады
Мемлекет арендалық баспана ақысын қалай төлейді?
Зейнетақы жинағына баспана алу шарттары белгілі болды
Абай даңғылының бойындағы тұрғын үй кешендері

Нұр-Сұлтан қаласының бет-бейнесі қалай өзгереді

60
Алдағы он жылда Қазақстанның бас шаhарының бет-бейнесі өзгеріп, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы әрі жайлы қалаға айналуы мүмкін, дейді сарапшылар

НҰР-СҰЛТАН, 28 қыркүйек – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының урбанистика жөніндегі орталығы әкімдікке жаңа идеялар ұсына отырып, қала инфрақұрылымын жақсарту туралы тұжырымдарын әзірлеп жатыр. Бүгінгі күнге дейін жоспарланған жобалардың бірқатары жүзеге асырылды. Бас шаhарды одан әрі көркейту мақсатында атқарылатын жұмыс жоспары турасында орталық басшысы Елнар Базыкен айтып берді.

Адамдарға жайлы қала

Урбанистика орталығы әртүрлі топтың мүдделерін ескере отырып, қаланың қоғамдық кеңістік деңгейінде дамуының әлеуметтік-экономикалық стратегиясына арналған 2030 жылға дейінгі бас жоспарын ұсынды.

"Қала құрылымындағы өте маңызды элемент – қоғамдық кеңістік. Оның дұрыс басқарылуы біз үшін маңызды. Әлемде инвесторлардың, белсенді азаматтардың қоғамдық орындарды тиімді басқару тәжірибесі бар", – деді Базыкен қалаларды дамытуды қолдау жөніндегі QazUrban қауымдастығының ашылуында.

Орталық автокөліктер үшін емес, адамдардың өмір сүруіне қолайлы әрі ыңғайлы қала құру идеясын насихаттайды. Ол үшін мүмкіндігінше, қоғамдық орындарды көптеп құру, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарларды кеңейту және велосипед жолақтарының ұзындығын арттыру жоспарлануда.

Триатлон саябағындағы спорттық ойындар мен таза ауада демалуға арналған көпірасты кеңістік үлгісімен қаланың басқа бөліктерінде де, мәселен Пушкин көшесіндегі көпір астында осы тектес демалыс орындарын жүзеге асыру көзделіп отыр.

Подмостовое пространство на улице Пушкина в Нур-Султане
© Photo : Центр урбанистики Нур-Султана
Нұр-Сұлтандағы Пушкин көшесіндегі көпірасты кеңістік

Сонымен қатар, орталық Нұр-Сұлтандағы "Астана" саябағынан бастап, Бейбітшілік пен келісім сарайы маңындағы президенттік саябаққа дейінгі барлық үлкен саябақтар біріктірілетін болады.

План объединения парков Нур-Султана
© Photo : Центр урбанистики Нур-Султана
Нұр-Сұлтан қаласының саябақтарын біріктіру жоспары

Қоғамдық орындарға келетін болсақ, мұнда жасыл желекті көбейту, субұрқақтар мен қаланың бірқатар ауданында орындықтары мен әткеншектері бар демалыс орындарын құру жоспарланып отыр.

Мәселен, Омаров көшесінің бойында Қазан қаласындағыдай (Татарстан) субұрқақтар кешенін орнату көзделуде.

"Біздің балаларымыз сумен ойнағанды жақсы көреді. Сондықтан, арық бойында су ойындарына арналған алаңқай ашқымыз келеді. Қазір бұл жоба жүзеге асырылып жатыр. Келер жылы қала тұрғындары нәтижені көрген кезде қатты қуанады деп ойлаймын", – деді Елнар Базыкен.

Благоустройство улицы Омарова
© Photo : Центр урбанистики Нур-Султана
Омаров көшесін көркейту

Елорданың солтүстік жағалауындағы Абай даңғылы, Сәтпаев және Петров көшелері де түрленіп, көркейетін болады.

Бұл жерлерде урбанистер көше құрылымын өзгертіп, велосипед жолдарының орнына велотұрағы бар велосипед жолақтарын жасағысы келеді.

Болашақта ол былай көрінуі мүмкін.

Благоустройство улицы Петрова
© Photo : Центр урбанистики Нур-Султана
Петров көшесін көркейту

"Ескі алаңдағы жобаға бөлек тоқталып өтейін. Ол өте көпфункционалды жоба. Біз қалалық орман, амфитеатр аймағын құруды көздейміз. Онда адамдар кішігірім концерттер мен іс-шараларды өткізе алады және осы жерге өте керемет субұрқақ орнатқымыз келеді", – деді елорда әкімдігінің алдындағы алаңда абаттандыру жобасының нобайын көрсеткен орталық басшысы.

Благоустройство площади перед акиматом Нур-Султана
© Photo : Центр урбанистики Нур-Султана
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі алдындағы алаңды көгалдандыру

Нұр-Сұлтан қаласының урбанистика орталығы – консультативтік-кеңесші орган. Бірақ Елнар Базыкеннің айтуынша, көптеген шешім уәкілетті органдармен келіссөздер арқылы жүзеге асырылып келеді. Алдағы уақытта урбанистер өз идеяларын толық жүзеге асыра ала ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Ал ұсынылған бас жоспар кемінде он жылға есептелген.

60
Кілт сөздер:
қала, Нұр-Сұлтан
Тақырып бойынша
Назарбаев Алматыға көшіп келушілерге жер беруді тапсырды
"Келіншегімен жататын төсегі де жоқ": жастар мәселесін көтерген депутат неге ашынды?
Шымкенттің жаңа әкімі Тоқаевтан қандай тапсырма алғанын айтты
"Миллиондаған адам кәсібін ауыстырады" Назарбаев болжам жасады
Қазақстанда тағы екі қалаға республикалық мәртебе беріледі
Қолдағы смартфон

Алаяқтықтың жаңа түрі: танымал дизайнер ешкімнен ақша сұрамағанын айтты

11
(Жаңартылды 09:09 30.09.2020)
Ақпараттық қауіпсіздік мамандарының айтуынша, елдегі карантин кезінде айлакерлердің қырық түрлі қулығының құрбаны болып жатқандар көбейген

НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек – Sputnik. Елімізде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Карантин уақытында айла-тәсілін асырғысы келгендер әлеуметтік желілерде танысы арқылы хабарлама жіберіп, ақша сұрайды. Сөйтіп, қомақты қаржыны өз картасына аудартып алуда. Алайда, жоспарланған сценариймен арам пиғылын жүзеге асырғандарды құрықтау әзірге мүмкін болмай тұр, деп хабарлайды КТК арнасы.
Олардың ойлап тапқан айла-тәсілі қандай? Жақында осындай алаяқтардың құрығына Құралай Нұрқаділова ілікті. Оның атынан таң сәріде таныстарына хабарлама жіберген. Сөйтіп, қиын жағдайға тап болғанын айтып, қомақты қаржы сұрапты. Десе де, күдіктенген жақындары анық-қанығын білмек болып дизайнердің өзіне хабарласқан.

"Менің атымнан таныстарымның телеграмм чатына "Мен Құралаймын, тез көмектес" деп жазған. Сағат таңғы 6-да. Олар ештеңе түсінбей ұйықтай берген. Сосын "Не болып қалды?" деп маған телефон соғады. Байланыс жоқ болғандықтан, мен телефонды ала алмаймын. Содан таныстарым басқа адамдардан ватсап нөмірімді алып, скрин жіберген", – дейді дизайнер Құралай Нұрқаділова.

Танымал дизайнер ешқашан, ешбір жаннан ақша сұрамағанын айтады. Сол себепті алдағы уақытта дәл осындай жағдай бола қалса, алданбауды ескертеді.

Сондай-ақ, ақпараттық қауіпсіздік мамандарының айтуынша, карантин уақытында айлакерлердің қырық түрлі қулығының құрбаны болып жатқандар көбейіпті.

"Көп адам қазір мессенджер қолданады: инстаграм, телеграм, ватсап. Онда көп ойын, сауалнама болады. Соған қатысып хакерлерге олар өздері туралы хабарлама береді. Олар мәліметті алып, сол арқылы кімнің акцияға қатысқанын біліп отырады және сілтемелер жібереді. Сол сілтемемен өткен кезде смартфондағы байланыстарды хакерлер өз серверіне салып алады", –  дейді "EsEt" компаниясының ақпараттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Ақтайлақ Аймұрашев.

Соңғы кездері әлеуметтік желіде сан соққан зардап шеккендер алаяқтардың құрығына ілініп жатқанын жарыса жазуда. Алайда, полицияға арыз түсірген ешкім жоқ көрінеді.

"Мұндай мәлімдеме, арызбен әлі ешкім шағымданбады. Дегенмен, айта кететін бір жайт – бұл қылмыс болып табылады. Яғни, мұндай алаяқтық деректер Қылмыстық кодекстің 190-бабымен сараланды. Ол үшін кем дегенде үш жылдан аса бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді, – дейді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Оқи отырыңыз: "Енді ұят болады": Танымал қазақ әншісі фонограммаға қатысты ойын айтты

Осылайша тәртіп сақшылары ақпараттық тұрғыда сақтық шараларын күшейтіп, жеке мәлімет пен карта нөмірін ешкімге бермеу керектігін айтады. Сондай-ақ, алаяққа қатысты уақтылы арыз жазса, оларды ізін суытпай құрықтау қиындық тудырмайды екен.

11
Кілт сөздер:
жалған ақпарат, алаяқтық
Тақырып бойынша
Астанада туристік фирма алаяқтық жасады деген күдікке ілінді
Көкшетауда танымал кәсіпкердің қазасына орай ас берген мейрамханаға айыппұл салынды
Түркістанның бас судьясы алаяқтық жасағаны үшін сотталды
"Жастарға обал": танымал әншілер фонограммаға қатысты пікір білдірді
Әр балаға – 21 мың теңге: Сапарбаев алаяқтық жасағандар жауапқа тартылатынын айтты