Елордада автобус айдайтын көпбалалы ана

"Жаман сөздің бәрін біз естиміз": Нұр-Сұлтанда автобус айдайтын көпбалалы ананың әңгімесі

1222
Көпбалалы ана балаларының да автобус жүргізушісі болғанын қалайды. Ал  өзі осы жұмыстан зейнетке шығамын дейді

НҰР-СҰЛТАН, 8 наурыз – Sputnik, Арман Асқар. Нұр-Сұлтанда автобус жүргізетін 9 әйел бар. Олардың ішінде төртеуі сонау троллейбус заманынан бері жұмыс істеп келеді. Біреуі – Айымгүл Рахымова. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген  кәсіби автобус жүргізушісі осы жұмыстың қаншалықты қиын екенін айтып, жолда болатын қызықты жағдайларды еске алды. Осы жұмыстан неге зейнетке шығуды ойлайтынын да түсіндірді. 

Әкенің ақылы   

Айымгүл әкесінің автобусында кондуктор болып бастаған. Ол кезде жасы он жетіде болды. Бір күні әкесі жолда жүрген әйел жүргізушілерді көріп, қызына: "Қарашы, жас қыздар автобус жүргізіп жүр. Неге сен де бармайсың?", - деп айтқан. Содан жас қыздың осы мамандыққа деген қызығушылығы оянды. 21 жасқа толғанын асыға күтті. Өйткені содан бастап жүргізуші куәлігін беретін. 

"20 жасқа толғанда оқуға кірістім. Сегіз ай оқыдым. Алдымен төрт айлық теория болды. Одан кейін іс-тәжірибе және тағылымдамадан өттім. Сөйтіп, троллейбус жүргізуге рұқсат беретін "F" санатын алып, бірден троллейбус жүргізуге кірістім. Әкемнің айтқаны демеу болды ма, жеңіл алып кеттім. Оған дейін көлікті жүргізген емеспін. Бірден троллейбустан бастадым", - дейді Рахымова.

Ол алғашқы сапарын ешқашан ұмытпаймын дейді. Себебі троллейбус өртеніп кете жаздапты.

"Маған ескі троллейбусты берді. Абылай хан даңғылымен келе жатқанда, көлік жүргізушілері "сигнал" бере бастады. Мен түсінбеймін. Өз жолағыммен келе жатқан сияқтымын. Сөйтсем, троллейбустың электр желіге тиетін бір штангасы жанып жатыр. Содан бірден жолаушыларды сыртқа шығардым, сосын штангаларды төмен түсіріп, троллейбустың үстіне шықтым да, қолда бар нәрсемен өртті өшірдім. Қарасам, бір мүйіздің сымы корпусқа тиіп өрттенген", - деп еске алды ол.

Айымгүл ол күні тұраққа қайтқан жоқ. Техникалық көмектен кейін өз сапарын жалғастырды.

"Автобусқа қарағанда троллейбус жүргізген ауыр"

Астанада троллейбусты алып тастағаннан кейін Айымгүл автобусқа ауысып кетті. Бірақ ол үшін тағы оқуға тура келді. Алдымен B мен C санатын алды. Сосын бір жылдан кейін D санаты бойынша білім алды.

"Негізі, автобуспен салыстырғанда троллейбус жүргізген ауыр. Онымен жүргенде екі айнаға, алдыңа және есікке ғана емес, төбеге де қарау қажет. Себебі желінің бойымен жүрмесең, екі мүйізі шығып кетуі мүмкін. Бұдан бөлек, бұрылған кезде дұрыс радиус ұстау қажет. Онсыз штангалар тағы екі жаққа ұшып кетеді", - дейді Рахымова.

Оның ойынша, троллейбус желілерін алып тастағаны дұрыс болды. Себебі астананың жолдары тар. Оған қоса, троллейбустардың дәуірі өтті. Қазіргі кезде электробустар бар. Ол да электр энергиясымен жүреді. Бірақ арнайы желіні тартудың қажеті жоқ. Өйткені ондай көлік батареядан қуат алады. 

Бірде-бір рет жол апатына түспеген

Бүгінде Айымгүлдың еңбек өтілі 19 жылға жетті. Осы уақыттың ішінде ол бірде-бір рет ірі жол апатына түспеген. Оның айтуынша, әрбір жүргізушінің автобусты айдау мәнері әртүрлі. Себебі тәжірибесі мен қабілеті бірдей емес. Адамның мінезі де жүргізу мәнеріне қатты әсер етеді. Күйгелек адам қатты, ал сабырлы адам ақырын жүреді. Дегенмен, жолаушылардың көбісі әйел жүргізушілер "жұмсақ айдайды" дейді.

"Мен өзім сабырлы адаммын, біреу жолымды қиып өтсе, сигнал беріп, ішімнен айтатынымды айтып, кете беремін (күлді). Осы уақытқа дейін далаға шығып, жанжалдасып көрген емеспін. Енді, кей кезде жолымызды қиып, қатты кедергі жасайтындарды жазалайтын кезіміз болады. Ондайда "обгон" жасап, "тормоз" береміз. Олар жынданып, тағы алға түседі. Бірақ рөлде әйел адамның отырғанын көргеннен кейін күледі де, өз жолымен кете береді", - дейді Рахымова.

Астанада жүздеген автобус жүргізушісі бар. Басым бөлігі – ер азаматтар. Алайда әйелдер олармен бірдей жұмыс істейді.

"Енді, көбісі әйелге автобус жүргізген қиын деп ойлайды. Былай қарасаң, үйде де әйелдің жұмысы бітпейді ғой. Таңертеңнен бастап кешке дейін дамыл жоқ. Мен өзім үйдегі тірліктен кейін автобуспен жүргенде демаламын", - деді кәсіби жүргізуші.

"Жолаушылардың мәдениеті тұратын ауданына байланысты"

Айымгүл автобусқа мінетін жолаушылардың мәдениетіне де тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, әрбір бағдарда жолаушылар әртүрлі, мәдениеті де өзгеше.

"Иә, әрбір бағдардың жолаушылары әртүрлі. Меніңше, адамдардың мәдениеті тұратын ауданына байланысты. Мысалы, мен 25 бағдарда екі жыл жүрдім. Сол кезде жолаушылар өте мәдениетті болды. Өйткені автобус қаланың ішімен жүреді, жолдың бойында, көбінесе, университеттер мен орталық көшелер орналасқан", - дейді Рахымова.

Тағы оқыңыз: Қазақ әншілері әйелдер мерекесінде қандай сыйлық жасайды

Ол өзінің күнделікті жолаушыларын жатқа біледі. Оған қоса, автобустар толығымен электронды жүйеге көшкеннен бері халықпен тығыз жұмыс жасауға тура келеді. Жүргізушілерге оңай емес.

"Біз валидацияны бақылаймыз, билет басып береміз. Енді, ақырындап үйрендік. Бірақ кондукторларды алып тастаудың тиімсіз бір тұсы сол, халықтың бүкіл негативі бізге шашылатын болды. Бұрын кондуктор бәрін өзіне алатын, біз болсақ, жолымызға ғана қарайтын едік. Қазір жаман сөздің бәрін біз естиміз. Халық үшін жұмыс істегеннен кейін үндемейміз", - дейді Рахымова.

Оның айтуынша, қосымша жұмыс үшін ақы төленеді. Бүгінде басым бөлігі жаңа жүйеге үйренсе де, аялдамада халық көп жиналып қалғанда барлығын алдыңғы есіктен кіргізген қиын. Осы кезде жолаушылар жиі ұрысады.

"Привет, красавица!"

Айымгүл жолға шыққанда ырымға көп сене бермейді. Бірақ "бісмілләсін" айтып шығады.

"Қазақ болғаннан кейін рөлге отырған кезде ең бірінші Аллаға сыйынасың ғой. "Бісмілләмды" айтып, "Алла, өзің жолымды бере гөр" деп, сонымен шығамыз. Жолда жүргеннен кейін Құдайға сыйыну керек қой", - дейді ол.

Алайда ол өз автобусымен сөйлесіп тұратынын да жасырмады.

"Ия, автобуспен сөйлесеміз. Таңертең келген кезде "Привет, красавица!" деп, кешке кетіп бара жатқан кезде "Пока, красавица!" деп, өзім солай сөйлесемін. Ол темір болса, сезеді деп ойлаймын. Өзім де байқадым. Онымен жақсы сөйлессем, жолым болып тұрады. Демалысқа шыққанда өз "красавицамды" қатты сағынамын", - дейді Рахымова.

Оның автобусқа үйреніп кеткені сонша, демалыста өз көлігімен жүргенде аялдамада ғана тоқтайды екен.

"Бір ретте әпкемді дүкенге апарамын деп, сұраған жеріне емес, сол жерге жақын аялдамаға жеткізіп тастағанмын ғой. Ол маған "Сен автобуспен емес, өз көлігіңмен жүрсің ғой. Мені анау жерге дейін апарып тастамайсың ба? Аялдамаға тоқтағаны несі, айыппұл салмай ма?" деп, ұрысып тастады. Мен де қайтпаймын, міне, тұр ғой, жаяу бара салмайсыз ба деп қоямын. Сондай қызықты жағдайлар болған", - деп еске алды ол.

Төрт баланың анасы

Айымгүл жалғыз өзі төрт баланы асырап отыр. Көпбалалы ананың үш қызы және бір ұлы бар. Үлкені 15 жаста болса, кішкентайы үшке толады.

Тағы оқыңыз: "Енді жыламаймын": аяғымен сурет салып, кесте тігетін келіншектің әңгімесі

"Бәрін өзім көтеріп жатырмын. Жолдасым қайтыс болған. Қазір үлкен қызым көмектесіп тұрады. Балаларым ылғи "Мама, біз сізбен мақтанамыз!" деп отырады. Осы сөз маған күш-қуат береді береді", - дейді Рахымова.

Көпбалалы ана балаларының автобус жүргізушісі болғанын қалайды. Алайда олар басқа жолды таңдайтын тәрізді. Ал Айымгүлдің өзі осы жұмыстан зейнетке шығамын дейді.

1222
Кілт сөздер:
видео, автобус, көпбалалы отбасы, Нұр-Сұлтан
Тақырып бойынша
"Сау жерім қалмады": жазылмайтын ауруға шалдыққан астаналықтың әңгімесі
"Боғауыздың өзін сағынамын": Бразилиядағы жалғыз қазақ балуанның ашық әңгімесі
"Балталап тастадым": павлодарлық қанішердің өлер алдындағы ашық әңгімесі
"Іш пыспайды": қарттар үйіне түскен қариялардың әңгімесі
Гауһар тойын дүркіретіп тойлады: 60 жыл отасқан қариялардың әңгімесі - видео
"Көзіме жас алдым": үздік атанған ұстаздардың әңгімесі
Келіндердің аузына түкіреді: елордалық егіз қарияның қызықты әңгімесі – видео
Загрузка...