Иллюстративті фото

Шымкенттегі қанды оқиға: қылмыскер 4 адамды қалай өлтіргенін айтып берді 

5399
2014 жылы Шымкент қаласындағы көпқабатты үйде екі бөлек пәтерде тұратын төрт адамның мәйіті табылды – екі ер адам және екі әйел. Төртеуін де пышақтап кеткен

Полицейлер екінші пәтерге кіргенде өз-өзіне қол салғысы келген ер адамды ұстады. Ауруханада есін жиған Евгений Еремин бірден өз кінәсін мойындады. "Төртеуін де мен өлтірдім!", - деп ағынан жарылды. Оған себеп танысы Александр Смагин және зергер ағасы Михаил жарты келі алтынның ақшасын бермей қойған. Содан жанжал туындап, арты ауыр қылмысқа ұласқан. Ал екі әйел сол қылмыстың куәгері болып қалады. Қандықол қылмыскер полицияға төрт адамды қалай өлтіргенін айтып берді.  

 (Жалғасы. Оқиғаның басын мына жерден оқи аласыз)

"Алтынның ақшасын бермей қойған"

Евгений Еремин бұрынғы танысы Александр Смагинге бара жатқанда біреуге пышақ ала жүгіремін деп ойламаған. Адам өлтіруді де жоспарламапты. Түрмеде бірге отырған жолдасына хабарласып, 23 ақпанды атап өтуге барады. Сол жерде сөзден сөз шығып, арты жанжалға ұласып кеткен.

Бас кезінде дастарқан басында жақсы тілектер, емен-жарқын әңгіме айтылады. Ал Еремин алтын туралы сөз қозғағанда Смагиннің қабағы түйіле бастайды. Евгений ақшаны күтіп жүргенін тағы еске салады. Александрдың қай күні есептесе алатынын қайта-қайта сұраған.

Ол кезде екеуі де әжептәуір ішіп алған еді. Бірнеше секундтың ішінде пікірталас дауға ұласып кетеді. Ал Смагин ақшаны бермеймін деп шыға келеді. "Бұл әңгімені ұмытатын кез келді ғой. Ешқандай ақша да, алтын да жоқ", - дейді ол.

Евгений алданып қалғанына ашуланып, не ақшаны, не алтынды қайтарап беруін талап етеді. Алайда Смагин ақшаны қайтарғысы келмейді. Өзінің әлді екенін біле тұра, алдымен Ереминді сөзбен кемсіте бастайды, одан кейін бетінен бірнеше рет ұрып жібереді. Оған түрмеде екі рет отырып шыққан қылмыскер шыдай ма? Ереминнің көзі қанталап кетеді. Ол үстелдің үстінде жатқан асүй пышағын ала жүгіреді.

Бизнесменнің бүкіл отбасын қырып салған: Алматыдағы адам шошырлық қылмыстың мән-жайы

Смагин ондай жауапты күтпеді. Басқа бөлмеге тығыламын деп қаша жөнеледі. Бірақ Еремин оған дәлізде ваннаның дәл жанында жетіп алады да, пышақты сұққылай бастайды. Смагин алғашқы бірнеше соққыдан кейін жан тапсырса да, Еремин тоқтаған жоқ.

Смагиннің азаматтық некеде тұрған әйелі Татьяна Моисеева бәрін көріп тұрған. Бас кезінде мелшиіп қатып қалады. Ал өз-өзіне келгенде айқалауға да үлгермеді. Еремин оның кеудесіне үш рет пышақ салып өлтіреді.

Күтпеген қонақ

Евгений екі бірдей адамды өлтіріп тастағаннан кейін мәйіттерін бөлмеге сүйреп апарады. Сол жерде не істейтінін ойланады. Бір кезде біреу  кіреберіс есікке кілт салып, бұрай бастайды. Үйге әйел адам кіріп, иелерін шақырады. Ол Александрдың жеңгесі Людмила Смагина болған. Жолдасы Михаил екеуі көрші кіреберісте тұратын.

Еремин зергердің әйелін бірден таниды. Людмила да бір нәрсенің болғанын сезсе керек. Содан айқайлап, көршілерді көмекке шақыра бастайды. Евгений көп ойланған жоқ. Үстелде жатқан пышақты алып, әйелге бірнеше рет сұғып жібереді. Сонда қатты ұрғаны сонша, пышақтың жүзі сынып қалады. Еремин асүйге барып, тағы бір пышақты алады. Онымен бастаған қылмысын аяқтамақшы болады.

Людмила әлі тірі жатқан. Евгений жақындағанда ол жалынып, өлтірмеуін сұрайды. Осы кезде Еремин ойланып қалады. "Үйіңнің кілтін бер. Сосын алтыным қайда жатыр? Соны айт", - деп сұрайды. Ал кілтті алғаннан кейін Людмиланы орындыққа отырғызып қояды да, байлап тастайды. Шығып бара жатқанда жедел жәрдемді шақырамын дейді.

Бәлкім, қандықол қылмыскер солай істейтін бе еді. Алайда Людмила оның шыққанын күтпей, қатты айқайлай бастайды. Осы кезде Еремин жақындап келеді де, пышақты тағы бірнеше рет сұғып жібереді.     

Қылмыскер не үшін өз-өзіне қол салды?

Еремин көрші кіреберісте тұрған зергердің үйіне бара жатқанда өз алтынын алып кетуді ойлайды. Оны таппаса, алтынның ақшасы шығады деген сенім болған. Алайда ойлағаны мүлдем басқаша болып шықты.

Евгений есікті ашып, үйге кіргенде дәл алдынан Михаил Смагин шықты. "Оны да өлтіруге тура келеді" деген ой сап ете қалады. Пышақ Михаилдың қарнына қадалды, бірақ есінен тандырған жоқ. Смагин бұрылып, асүйге қарай жүгіреді. Сол жерде қолына шанышқы түсті. Онымен тойтарыс беруге тырысады. Алайда ол айқас ұзаққа созылған жоқ. Бірнеше пышақ жарақатынан кейін Михаил жан тапсырды.

Осыдан кейін Еремин алдымен ваннаға барып, үстіндегі қанды жуып кетіреді. Сосын пәтерді тінтіп, жарты келі алтынын іздей бастайды. Ол болмаса, ақша шыға ма деп ойлайды. Бірақ бірнеше зергерлік әшекей мен ұялы телефондардан басқа ештеңе таппайды.

Үйден шығайын деп жатқанда біреу есікті қағады. Тесіктен қараса, полицейлер тұр. Оларды көршілер шақырыпты. Осы кезде Еремин қашып құтылмайтынын түсінеді. Бір бөлмеден сым тауып, өз-өзіне қол салмақшы болады. Алайда есікті бұзып кірген полицейлер оны құтқарып қалады. Құқық қорғаушылар оның қалтасынан төрт пышақ тауып алады. Төртеуі де қанға боялып тұрған.

Соттың үкімі

Сотта Еремин өз кінәсін толығымен мойындады. Алайда сол күні есін білмегенін, себебі қатты мас болғанын қайта-қайта айтумен болды. Алайда сот-медициналық сараптама оның қылмыс жасағанда есін білгенін және өз әрекетіне толығымен есеп бергенін көрсетті.

Сараптамаға сәйкес, қандықол қылмыскер ақшаны беремін деп алдап кеткен Александр Смагинге тоғыз рет пышақ салса, оның азаматтық некедегі әйеліне үш рет пышақ сұғып өлтірген. Үшеуі де тура жүрек тұсына келген. Людмила Смагинаның денесінде он бір пышақ жарақаты болды. Ал зергер Михаил Смагин жеті соққыдан кейін көз жұмды.

Оқиға орнында барлық қажетті дәлелдер табылды. Ереминнің өзі де істеген қылмысын мойындады. Сөйтіп, қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танылды. Оны өмір бойына бас бостандығынан айырды.

 

5399
Кілт сөздер:
Шымкент, қанды оқиға
Тақырып бойынша
Әйелдерді зорлап, өлтірген: Шымкентті дүрліктірген екі маньяк қалай ұсталды
16 жастағы бозбала бүкіл отбасын балталап өлтіріп, өз-өзіне қол салды
Көкшетаулық жігіт әкесінің қол-аяғын байлап, қарға іш киіммен тастап кеткен
Атыраулық әйел күйеуінің мәйіті қалай тауық қораның астында қалғанын білмейді  
Тараздағы қанды оқиға: бір отбасыны қырып салған малшыға үкім шықты
Түн мезгіліндегі әйел сұлбасы, архивтегі сурет

Бішкекте қазақстандық әйелдерді асқан жауыздықпен өлтірген: қаскөйлер қалай ұсталды

5256
(Жаңартылды 15:32 23.09.2020)
Осыдан сегіз жыл бұрын мемлекеттік шекара маңындағы банда полицияны аяғынан тік тұрғызды. Олардың құрбаны - Қазақстаннан барған бірнеше кәсіпкер. Сол кезде бұл қылмыс халықаралық жанжалға ұласа жаздаған еді

2012 жылдың ортасында Аламудун ауданының аумағында бірнеше ай бойы тәртіп сақшылары қарақшылардың ізіне түседі. Олар саудагер әйелдерді тонап қана қоймай, асқан жауыздықпен зорлаған. Бұл топтың темірдей тәртібі бар еді: ол – құрбандарды тірі қалдырмау. Бірақ қылмыскерлерден зәбір көрген әйелдердің бірі аман қалады...

Сол жылдары "Дордой" базары бүкіл Орта Азия аймағының көтерме саудагерлері арасында өте танымал еді. Демалыс күндері жүздеген саудагер, кейбірі топ-тобымен, енді бірі жалғыз жүріп Қырғызстанның шекарасын кесіп, арзан тауар сатып алу үшін осы базарға ағылады.

Қарақшылар туралы алғаш рет 2012 жылдың жазында айтыла бастады. Сол кезде 38 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны олардың құрығына ілігеді. Қылмыскерлер әуелі оны зорлайды, кейін Үлкен Шу каналына ағызып жіберуге шешім қабылдайды. Бұл аз дегендей, саудагердің басынан таспен ұрғылаған. Әйелдің тыныс алмай жатқанына көз жеткізгеннен кейін оның денесін суға тастайды. Кейінірек белгілі болғандай, тірі қалған келіншекті жолдың шетінен жүк көлігінің жүргізушісі тауып алып, аудандық ішкі істер бөліміне алып келген.

...Таң қылаң бере АІІБ кезекші бөліміне қатты соққыға жығылған, киімдері қанға боялған әйел келеді. Кезекші милиционер оның әңгімесін тыңдай келе, мұның қарапайым тұрмыстық жанжал емес, қоғамдық резонанс тудыратын ауыр қылмыс екенін түсінеді. Тәртіп сақшысы зардап шеккен қазақстандық азамат туралы дереу басшылықты хабардар етеді. Бір сағат өтпей жатып, аудандық бөлімге ауыр қылмыспен айналысатын мамандар жетті. Олар тергеу барысында бірнеше әйелді зорлап, біреуін өлтірген қандықол  қарақшылардың ізіне түседі.

Неден басталды

Банданың қылмысы туралы бәрін айтып беруге Шу қалалық ішкі істер басқармасының аға із кесушісі Айбек Парманасов келісті. Оның айтуынша, шекараға жақын маңдағы кеден бекетіне үш қарақшы арнайы құрбан іздеп келген. Қылмыскерлер сенбіге қараған түні осы бекет арқылы Бішкекке қомақты ақшасы бар саудагерлердің өтетінінен хабардар. Осылайша түннің бір уағында олар жалғызілікті әйелді байқайды. Қылмыстық топтың басшысы бір қарағаннан-ақ әйелдің саудагер екенін біледі. Енді оның сеніміне кіріп, өз көлігіне отыруға көндіру ғана қалады.

Сол түні әу бастан қылмыскерлердің жолы болды. Қазақстандық әйелді әрдайым кеден бекетінен алып кететін такси жүргізушісінің көлігі жолда бұзылып қалады. Соңғы сәтте ол саудагермен телефон арқылы хабарласып, болған жәйтты айтады. Ал кәсіпкердің түннің бір уағында бөтен елде далада қалғысы келмегені анық. Сондықтан оның жол шетінде тұрған такси жүргізушісінің ұсынысына келісуден басқа амалы қалмайды.

Оқи отырыңыз: 16 рет пышақ сұққан: шымкенттік мұғалімді кім және не үшін өлтірді

Жүргізуші бірден көлігінде тағы екі кәсіпкер отырғанын ескертеді. Оларды қарсы алу үшін әдейілеп келгенін, егер келіспесе, өздері кете беретінін айтады. Әйел амалсыз көнеді. Көлік трассаға шыға салысымен, әйелдің қасында отырған жолаушының бірі оның бетінен ұрады. Ал жүргізуші әйелге "тыныш отыр, әйтпесе өлім құшасың" деп қорқытады. 

Осыдан кейін олар Үлкен Шу каналына келеді. Қылмыскерлер бұл жердің әрбір бұрышына дейін жақсы біледі. Айдалада айғайлаудың, көмекке шақырудың еш пайдасы жоқ еді. Каналдың жағасында олар көліктен Ольганы шашынан сүйреп шығарады. Алдымен қаскөйлер қорғансыз әйелді тепкілеп, ұзақ уақыт қорлайды. Содан кейін іскер әйелдің сөмкесін ақтарып, 5 мың доллар, 37 мың теңге, жүздеген сом ақшаны алады.

Ешкімге тіс жармаймын...

Енді қылмыскерлерді тоқтату мүмкін емес еді. Әуелі қарақшылар тобының жетекшісі, кейін оның сыбайластары Ольганы аяусыз зорлайды. Әйелді тірі қалдыру ешкімнің ойына да кіріп шықпайды. Олардың алдында тізе бүккен саудагер өзіне аяушылық танытуын жалынып сұрайды.

"Үйде үш кішкентай балам бар, оларды жалғыз өзім тәрбиелеп отырмын. Қарт анам бар. Мен отбасының жалғыз асыраушымын. Оларға менсіз қиын болады. Ақшаны түгелдей алыңыздар, ал мені үйіме жіберіңіздер, бұл оқиға туралы ешкімге тіс жармаймын", – деп жалбарынады ол.

Әйелдің бұл сөзі қылмыскерлерге еш әсер етпейді. Топ жетекшісі сыбайластарына саудагердің аяқ-қолын байлап тастап, басынан таспен ұруды бұйырады. "Бірден өлтірмесек те, егер аяқ-қолын байлап-матасақ, ол бәрібір суға тұншығып өледі" дейді ол.

...Кейін із кесушілердің бөлмесінде отырған кезде ауруханадан енді шыққан әйелдің тергеушімен арадағы әңгімесін кездейсоқ естіп қалдым. Әйелдің қандай азапты бастан кешіргенін елестетудің өзі қиын еді.

"Қатты соққыдан көз алдым қарауытып кетті. Бірнеше минут есеңгіреп қалдым. Кейін суға батып бара жатқанымды сездім. Бірақ өзімді құтқаруға және балалар үшін өмір сүруге деген құлшынысым маған күш бергендей болды", – деді қорқынышты күнді көзіне жаса ала есіне түсірген ол.

Ольга жағалауға жетіп, қамыстың ішіне жасырынады. Қылмыскерлер өзінің өліп қалғанына көз жеткізіп, оқиға орнынан кеткенше судың ішінде бірсыпыра уақыт отырады. Әйел өзінің ішкі түйсігімен қылмыстық топ басшысының оның өлім құшқанына әлі де сенбейтінін сезеді. Себебі, қарақшы каналдың жанына әлденеше рет барып, оның түбіне қайта-қайта үңіледі.

Жағада отырған әйел қолына байланған жіпті тісімен қиып, жолға шығады. Оны жүк көлігі жүргізушілерінің бірі байқап қалып, милицияға жеткізеді.

Бұл қылмысты ашу үшін арнайы тергеу тобы құрылады. Кәсіпкердің сипаттауы бойынша милиция қызметкерлері үш қылмыскердің фотобейнесін жасайды. Әйел, әсіресе, топ жетекшісінің түрін өмір бойы ұмытпастай есінде сақтап қалған. Әзірге тергеу барысында бастысы бұл емес, қарақшылардың көлігі еді. Ольга көлікті сұр минивэн деп сипаттайды. Сондықтан тәртіп сақшылары осы көлікті іздей бастады. Кейін барлық қылмыскер ұсталғаннан кейін әйелдің психологиялық күйзелістен көліктің түсін ғана емес, маркасын да шатастырғаны белгілі болды.

Милиция бірден "Ақ-Жол" кеден бекетінде жұмыс істеген барлық такси жүргізушісін назарға алады. Күдікті көрінген бірнеше азаматты Ольгаға көрсетеді. Бұл уақытта кәсіпкер Қазақстанға оралып, олармен интернет және ұялы телефон арқылы байланысқа шығады. Тәртіп сақшылары қанша үгіттесе де, саудагер әйел Қырғызстанға оралмайды.

Ұқсас қылмыс

...Қыркүйектің соңғы күндерінде Бішкек – Алматы тас жолының бойында мал жайып жүрген жергілікті тұрғындар асқан қатігездікпен өлтірілген әйелдің денесін тауып алады. Мәйітті тексерген сарапшылар қанішерлердің әйелді темірмен ұрғанын анықтайды. Соққының қатты болғаны соншалық, әйелдің бас сүйегі бірнеше жерден сынған. Ол алған жарақатынан бірден жантәсілім еткен. Қаскөйлер мәйітті жол жиегінен біршама метрге дейін сүйреп апарып, бұталардың арасына лақтырып кеткен.

Іс кесушілер марқұм әйелдің кім екенін бірден анықтай алмайды, себебі, киімінің қалтасында құжаттары болмаған. Көп ұзамай тергеу ісіне араласқан патологоанатомдар келіншектің бірнеше апта бұрын өлтірілгенін хабарлайды. Бұдан бөлек, қылмыскерлер әйелді өлтірер алдында зорлағаны белгілі болды.

Келесі күні құқық қорғау органдарының өкілдері қылмыс туралы Бішкек пен Шу облысының барлық аудандық ішкі істер бөліміне хабарлайды. Сондай-ақ, өлген әйел туралы ақпаратты Қазақстандағы әріптестеріне де жеткізеді. Өйткені, 47 жастағы азамат Астананың тұрғыны болып шықты. Бұл әйел де тауар сатып алу үшін "Дордойға" келіп, артынан жоғалып кеткен. Ол бірнеше күннен кейін үйіне оралуы тиіс еді. Із-түзсіз жоғалған соң әйелдің күйеуі жергілікті полициядан көмек сұрайды.

"Бұл екі қылмыстың бір-бірімен байланысты екеніне күмәнданған жоқпыз. Екі жағдайда да Қазақстаннан келген саудагерлерге қарақшылық жасалған, қылмыскерлердің қолтаңбасы да ұқсас", – деді Шу ҚІББ бөлім бастығы Медер Мұратов.

Әуелі тәртіп сақшылары әйелдің шекараны кескен сәттен бастап, базарға дейінгі жүрген жолын зерттеуге тырысады. Бір қызығы, қылмыскерлердің құрығына ілінген екінші саудагер Бішкекке еш қиындықсыз жеткен. Милиция қызметкерлерінің қолында Ольгаға шабуыл жасағандардың фотороботы болды. Шұғыл отырыста олар іс-әрекет жоспарын белгілеп алады. Сөйтіп, қаскөйлерді "Дордойға" қатысы бар адамдардың арасынан іздеу керек деген ұйғарымға келеді.

Тәртіп сақшыларының бір тобы такси жүргізушілерін, арба сүйреушілерді, жергілікті қауіпсіздік қызметкерлерін тексеріп жатқанда, басқалары өлім құшқан саудагер әйел туралы жан-жақты ақпарат жинауға тырысады. Олар әйелдің күйеуіне хабарласып, сол күні кешке бірнеше сағат бұрын келіншегімен сөйлескенін біледі.

Әйелі барлық тауарды сатып алғанын, кешке такси ұстап, шекара бекетіне баратынын айтқан.

"Мен базардан бір жігітті кездестіріп қалдым. Ол мені шекараға дейін жолдың жарты құнына жеткізіп тастайтынын, жүгімді түсіруге көмектесететін айтты", – деген ол күйеуіне.

Үш рет сотталған

Тәртіп сақшылары тағы да белгісіз такси жүргізушісіне тап болады. Олар екі қылмыстың өзара байланысты екеніне көз жеткізе түседі. 

Қылмысқа қатысты бірден екі түрлі болжам жасалады. Марқұмның бірнеше мың доллар тұратын тауары жоғалған. Демек, қылмыскерлер жақын арада одан құтылуға тырысады, таныс алыпсатарларға сатуы мүмкін. Ал егер кісі өлтірушілердің базарға қатысы болса, онда заттарды осы жерде өткізуге тырысады деген сөз. Осылайша, тәртіп сақшылары базар ішін аралайды. Бірнеше саудагер фотороботтан үш қылмыскердің біреуін таниды. Олардың айтуынша, жас жігіт әйелдер киімін арзан бағаға сатқан. Көз жұмған әйел дәл осындай тауар сатып алған.

Осы жұмыстың нәтижесінде құқық қорғаушылар Ош облысы тұрғынының ізіне түседі. Ол базарда жүк тасушы ретінде нәпақа тауып жүрген 30 жастағы азамат еді. Бұған дейін үш рет сотталған жігіт қылмыстық топтың жетекшісі болған.

Тәртіп сақшылары оның соңғы рет Ош оқиғасынан кейін сотталғанын, сол уақытта Макаров тапаншасымен ұсталғанын анықтайды. Бірақ тергеушілер қаруды қандай мақсатта сатып алғанын сол күйі біле алмаған. Бостандыққа шыққаннан кейін ол тағы да ескі әдетіне көшеді.

Оқи отырыңыз: Балалар үйіндегі қанды қырғын: павлодарлық үш жасөспірім 6 адамды қалай өлтірді

Енді оның сыбайластарын анықтау үшін такси жүргізушісінің кіммен қарым-қатынас жасайтынын мұқият зерттеу қажет. Арада бірнеше күн өткеннен кейін күдіктінің үйіне екі жігіт келеді. Қамауға алған кезде қарақшылар құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсылық көрсетуге тырысады.

Тергеу кезінде қылмыстық топтың жетекшісі тәртіп сақшыларының сұрақтарына ұзақ уақыт жауап бермейді. Көп ұзамай, оған бұлтартпас дәлелдерді ұсынған кезде, қылмыскер еріксіз астаналық әйелді өлтіргенін мойындауға мәжбүр болды. Ал жазда жасаған қылмысты бандиттер өз мойнына алғысы келмеді, себебі, бірнеше қарақшылық үшін ұзақ мерзімге темір торға тоғытылатынын білді.

250 сом үшін...

...Қылмыскерлер Астанадан келген саудагерді шекара бекетінің маңынан байқаған. Бірақ оны көлігіне алдап отырғыза алмайды. Себебі, әйел өзін күтіп тұрған такси жүргізушісінің көлігіне отырады. Сондықтан, олар әйелдің артынан қонақүйге дейін барады. Бірақ сол түні саудагердің бөлмесіне баса-көктеп кіріп баруға қарақшылардың батылы бармайды. Осылайша, таңертең кәсіпкердің базарға баруын күтеді. Ол жерде қылмыскерлер әйелдің көп тауар сатып алғанын көреді. Осыдан кейін "үштіктің" жетекшісі өзін жақсы жағынан көрсетіп, саудагер әйелдің сеніміне кіреді. Кеден бекетіне дейін жеткізіп салуға ұсыныс тастайды.

Келіскен уақытта көлігімен қонақүйдің жанына келеді. Барлық сатып алынған тауарды көлігіне салып, кеден бекетіне қарай жол тартады. Қарақшының сыбайластары күтіп тұрған жерде ол көлігін тоқтатады. Қаскөйлер көліктің ішінен әйелді сүйреп шығарып, алдын ала дайындап қойған темірмен ұра бастайды. Өлтірмес бұрын әйелді зорлайды.

Бірақ кәсіпкерде қомақты қаражат жоқ болып шықты. Олар жәбірленушінің қалтасынан небары 250 сом ғана табады. Бандиттер әйелдің денесін жасыруға уақыт жоғалтқысы келмейді. Сондықтан, мәйітті ең жақын бұтаға дейін сүйреп апарады да, ол жерден кетіп қалады. Бірнеше күннен кейін топ басшысы әйелдің сөмкесінен шыққан барлық тауарды базарға алып барады. Сатушылар оның қолына бірнеше мың сом ғана ұстатады...

Оқи отырыңыз: Әйелдерді зорлап, өлтірген: Шымкентті дүрліктірген екі маньяк қалай ұсталды

5256
Кілт сөздер:
Бішкек, қарақшылық
Теңге, ақша

Зейнетақы жинағын беру халыққа шынайы көмек пе?

4203
(Жаңартылды 10:28 22.09.2020)
Қазақстанда зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат беру жайы былтырдан бері қозғалып жүр

Айлығы шайлығына жетпейтін қазақстандықтар үшін бұл жаңалық қараңғы туннельдің соңындағы үміт сәулесіндей көрініп еді. Алайда бөркін аспанға атқан ел-жұрттың қуанышы су сепкендей басылды.

Еңбек министрлігі жыл басында 113 мың қазақстандыққа ғана зейнетақы жинағын шешіп алуға рұқсат берілуі мүмкін екенін мәлімдеді. 30 жастағы ер адамдардың шотында кемінде 6 миллион, ал әйелдерде 9 миллион теңге болуы шарт еді. Есеп-қисап жасау кезінде министрлік әйелдердің ерлерге қарағанда көбірек өмір сүретінін есепке алыпты.

Мемлекеттік органның бұл ұсынысы экономистердің де, қарапайым халықтың да ашуына тиді. Елдегі орташа жалақының 200 мың теңгеден сәл ғана асатынын ескерсек, отыз жастағы салымшының шотына 9 миллион қайдан келсін?!. Билік осы арқылы халыққа Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшадан үміт үзіңдер дегісі келгендей еді.

Осылайша зейнетақы жинағына қатысты алғашқы ұсыныстар қоғамның сынына ұшырады. Бұл мәселеге президент те араласты. Міндет – зейнетақы жинағының бір бөлігін алу мүмкіндігіне ие болатын азаматтардың санын арттыру. Арада жеті-сегіз айтты. 1 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы жолдауын жария етті. Басты жаңалық – 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат ету. Үкімет пен парламентке жыл соңына дейін заңнамалық өзгерістерді әзірлеп, қабылдау тапсырылды. Зейнетақы жинағы баспанаға, емге немесе сенімгерлік басқаруға беріледі.

Барша халықты мазалаған ендігі сұрақ – жинақты алу үшін шотта кемінде қанша ақша болуы керек? Еңбек министрлігі ұзақ күттірген жоқ, әр жас үшін жеткіліктілік шегінің мөлшерін жария етті.

Жаңа есептеулерге сәйкес, зейнетақы жинағын пайдалана алатын бақытты қазақстандықтардың тізімі 6 есеге, 721 мыңға дейін көбейген. Жеткіліктілік шегі де әжептәуір төмендеген сияқты еді. Бірақ, бұған қуанған халықты байқамадық. Елдің көңіл-күйі жоқ, жабырқау. Қарапайым халықтың емес, тағы да сол баяғы бай-бағландардың сойылын соққан билікке өкпелі. Ренжитін жөні бар – зейнетақы шоты бар салымшылардың басым бөлігінде зейнетақы жинағы жеткіліктілік шегінен аспақ түгілі, маңына да жақындамайды.

Мәселен, 20 жастағы азамат жинағының бір бөлігін алғысы келсе, шотына ең кемі 1 миллион 720 мың теңге жиналуы шарт екен. Оқу орнын енді ғана тәмамдаған адамға мұндай ақша қайдан келеді? Еңбекке 18 жастан бастап араласқан күннің өзінде, айналдырған екі жылдың ішінде екі миллион жинау мүмкін емес. Жоғарыда аға-көкесі бар бай баласы болмаса, әрине. Екі жылда 1 миллион 720 мың теңгені жинау үшін жалақың 750-800 мың теңгеден кем болмауы керек. Осыдан-ақ, жеткіліктілік шегінің мөлшері халықтың 80-70 пайызы үшін тым жоғары екені көрінеді.

Тағы оқыңыз: Зейнетақы жинағын пайдалану: кім, қашан және қалай жұмсай алады

Экономистердің айтуынша, зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігіне ие болғандардың саны БЖЗҚ салымшыларының 10%-іне де жетпейді. Ал бұл он процент – басында баспанасы бар дәулеттілер деп топшылауға әбден негіз бар.

БЖЗҚ бір есебінде салымшылардың 70%-іне жуығында зейнетақы жинағы орташа есеппен 1 миллион теңге екенін, ал 97%-інде ақша 5 миллионнан да аспайтынын мәлімдеген еді. Қазақстанның әр өңірінде жалақы мөлшері де әртүрлі.

Мемлекеттік органдарға осы мәселелерді електен өткізіп, жеткіліктілік шегін тағы бір қарастырған жөн болар еді. Әйтпесе, шекті сома дәл осы күйде қалса, көмекке мұқтаж қазақстандықтардың саны артпаса, азаймайтыны аян.

Зейнетақы жинағын алуға рұқсат беру арқылы мемлекеттің өз көздегені де бар. Коронавирус пандемиясы ел экономикасын әбден тұралатты. Жұмыссыздық, жалақының қысқаруы, бюджет түсімдерінің азаюы. Халықтың төлем қабілеттігі төмендеді. Қолдарында ақша жоқ. Ақша болмаған жерде сұраныс болмайды. Сұраныс болмаса, экономика жұмыс істемейді.

Зейнетақы шотындағы ақшаға рұқсат беру – ел экономикасының тамырына қан жүгіртудің бір жолы.  Сарапшылар азаматтардың дені жинақты баспанаға жұмсайтынына сенімді. Бұл дегеніміз, тұрғын үйлерге сұраныс артып, құрылыс саласы жанданады деген сөз.  Десе де, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, мұның да теріс әсері бар: баспана бағасы күрт шарықтап кетуі мүмкін.

Баспанадан бөлек, зейнетақы жинағын ипотеканы өтеуге немесе қайта қаржыландыруға рұқсат етілді. Экономистер мемлекет осы арқылы банктерге қол ұшын созудың тағы бір жолын тапқан сыңайлы деп отыр. Билік бұл уәжбен келіспейді, әрине.

Зейнетақы жинағын мақсатты түрде жұмсауға рұқсат беру көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға септігін тигізуі мүмкін. Жаңа бастама өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жалақысын "конвертпен" алатын жұмысшыларды ынталандыруы мүмкін. Олар "жарыққа" шықса, ел қазынасына қосымша түсім түседі. Ал пандемия кезіндегі дағдарыс жағдайында мемлекетке әр тиын қымбат.

Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға беру қазақстандықтардың БЖЗҚ-ға деген сенімін арттырудың және зейнетақы жинағына көзқарасты өзгертудің таптырмас жолы екенін де ескерген жөн. Зейнетақы қорының төңірегіндегі даулардан кейін, халық шотқа аударылатын ай сайынғы 10 процентті қамсыз қарттықтың кепілі емес, мәжбүрлік ретінде көретіні жасырын емес.  

P.S. Жаңа бастаманың шикі тұстары көп-ақ. Әйтсе де, қаңтарға дейін екі-үш ай уақыт бар. Зейнетақы жинағын алуға рұқсат бергеннен кейін, қартайғанда алатын ақша өмір бойғы бейнеттің зейнетін көруге жетпей қалады деген де қауіп бар. Бұл мәселені шешудің бір жолы – азаматтардың жалақысын өсіру. Бастысы – "артық қыламын деп тыртық қылмау".     

Автордың көзқарасы Sputnik Қазақстан редакциясының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

4203
Кілт сөздер:
зейнетақы
Тақырып бойынша
Nur Otan партиясы зейнетақы жинағының бір бөлігіне салық салмауды ұсынды
Экономист баласы бар отбасыларға зейнетақы жинағын алуға рұқсат беруді ұсынды

Бостандықтың белгісі: бүркітшілер құсты қалай аңға салу керектігін көрсетті видео

0
Алматы облысында Төле би ауылының маңында жаңадан "Қыран" ұлттық аңшылық этномәдени орталығы ашылды. Ол жерде қолөнер, аң аулау және ат үстінде жүріп садақ ату секілді қазақ дәстүрін үйретеді. Толығырақ Sputnik Қазақстан видеосынан көріңіз

Этномәдени орталықты қазақстандық "Қыран" ұлттық аңшылық федерациясы ашты, ол 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталықта тәжірибелі жаттықтырушылар жыртқыш құстармен аң аулағысы келетіндерді баулиды.

Орталықтағы ең жас құсбегі Ерсұлтан Жұмағұлдың айтуынша, оның отбасында бүркітті аңға салу – атадан балаға берілетін мұра. Он төрт жастағы құсбегі он жасынан бері әке жолымен жүріп келеді.

Жас бүркітшінің айтуынша, құс иесінің айтқанын екі етпей орындауы үшін онымен көп уақыт өткізу керек.

Ал 20 жылдан бері құсбегілікпен айналысатын Руслан Абылов құстарды жаттықтыру және аң аулау кезінде аспанда басқа құстардың, әсіресе көгершіндердің болмауын алдын ала біліп алу қажет дейді.

Жаттығу жұмыстары бүркіттің басынан жемді айналдырып, құстың дауысын салумен басталады. Жыртқыш құс иесінің дауысына қарай қозғалып, жоғары көтеріледі. Содан кейін жіптің екінші жағына байланған жемтікті алады.

Мұндай әдіс күніне бірнеше рет жасалады, ал жаттығулар күн сайын өткізіледі. Жаттығу аяқталған соң бүркітші құсқа сый ретінде балғын ет береді.

Орталық жаттықтырушыларының айтуынша, туристер Қазақстанның тарихына, мәдениеті мен дәстүріне қатты қызығады. Олар киіз үйде тұрып, ұлттық тағамдардың дәмін татып, жергілікті тұрғындардың бай мәдени мұрасымен танысуға құмар.

Толығырақ мына жерден оқуға болады.

0
Кілт сөздер:
бүркітші, видео