Мұнай өндіру құрылғысы

Барреліне бір мың доллар: мұнай дағдарысы қалай аяқталады?

912
(Жаңартылды 20:07 02.05.2020)
Шенеуніктер әрбір артық баррель үшін қомақты айыппұл салуды, ал оның көлемін 1 000 доллар көлемінде бекітуді ұсынып отыр

Америка ОПЕК+ келісіміне ресми түрде қосылған жоқ. Алайда бейресми тұрғыда Техас штаты қосылуы әбден мүмкін. Өйткені, ол жерде тақтатас мұнайының басым бөлігі өндіріледі, деп жазады РИА Новости.

Негізі, тақтатас мұнайын өндіретін компанияларды шикізатты қысқартуға міндеттеу туралы шешім 5 мамырдан қабылдануы әбден мүмкін. Мұнай саласын реттеу жөніндегі Техас мемлекеттік агенттігінің қаулысында қандай да бір жеңілдіктер де қарастырылмаған. Шенеуніктер әрбір артық баррель үшін қомақты айыппұл салуды, ал оның көлемін 1 000 доллар көлемінде бекітуді ұсынып отыр. Әрбір артық баррельге ондай айыппұл салынса, тым еркінсіп кеткен кез келген мұнай өндіруші компанияны тәртіпке салуға болады.  

Техастың басты ақпарат көзі – Houston Chronicle-дің мәліметі бойынша штатта мұнай-газ саласын реттейтін Техас теміржол комиссиясы шикізатты өндіруді қысқарту ұсынысын қоғамдық талқылауға шығарды. Оған сәйкес, мұнай өндіруді айына 20 процентке қысқарту жоспарланып отыр. Комиссияның келесі отырысы 5 мамырда өтеді. Сол жерде шикізатты қысқарту туралы бұйрық дауысқа салынады.

Негізі, комиссия мұнай өндіруді қысқарту бұйрықтарын 1970 жылдан бері қабылдамады. Алайда коронавирустың салдарынан шикі мұнайдың көлемі тым көп болып кетті. Содан Pioneer Natural Resources мен Parsley Energy сияқты тақтатас мұнайын өндіретін компаниялар агенттіктің көптен бері қолданбаған құзіретін іске қосуды сұрады. Дәл осы бастама мұнай өндірушілерді екіге бөліп тастады. Шикізатты өндіретін шағын компаниялар мен қоршаған ортаны қорғаушылар коалициясы мұнай көлемін қысқартуды қолдаса, салалық сауда қауымдастықтары, ірі компаниялар мен құбыр желілерінің операторлары қарсы шықты.

Техас штаты мұнай өндіру көлемін қысқартамыз деп отырғанда 20 процентті аспаннан алып тұрған жоқ. Америка немесе штаттың өзі ОПЕК+ келісіміне қосылған жағдайда тура сондай мөлшерді өз мойнына алатын еді. Сондықтан ондай шешімнің экономикалық негізі бар. Алайда оның іске асатынына ешкім кепілдік бере алмайды.

Қазіргі кезде АҚШ-та "нарықтың өзі реттейді" деген ұстаным бар. Соның салдарынан жақында West Texas Intermediate мұнайының бағасы минусқа кетіп қалды. Содан болар, ондай ұстаныммен барлығы бірдей келісіп отырған жоқ. Бүгінде шағын мұнай өндірушілер шикізатты өндіру көлемінің қысқарғанын қалайды. Әдетте ондай компанияларда ары кетсе 20 адам жұмыс істейді. Олардың күнделікті өнімі 1 000 баррельден аспайды. Осы іспетті компаниялар өте көп.

Ал жаңа бұйрықтың жобасына сәйкес, шағын мұнай бизнесі квотасыз жұмыс істей береді. Шикізатты қысқарту міндеті ірі және орта компанияларға жүктеледі. Осы бастама жүзеге асса, шағын өндірушілер өз кәсібін жаппай, шикізаттың әлемдік бағасы көтерілгенше шыдай алады. Алайда қаржылай жағынан әлсіз тақтатас мұнайының өкілдері бәрібір банкрот болады.

Конвенционалды мұнай өндіретін алпауыт компаниялар шикізатты қысқартуға қарсы. Америкалық журналистер олардың қысқа мерзімде пайда көре алатынын жазып жатыр. Дегенмен, осы саладағы ірі компаниялар алдымен тақтатас өкілдерін жойып тастағысы келетін тәрізді. Сол үшін бәріне шыдауға дайын. Әрине, өздері ол туралы ашық айтпайды, "бәрін нарық реттейді" дей салады. Ал Bloomberg агенттігінің ақпараты бойынша мұнайға толы танкерлер аз емес. Ол шикізатты ешкім алғысы келмейді. Трейдерлер болса, мұнай сақтайтын жерді іздеумен әлек.

Америка қазіргі жағдайда Сауд Арабиясы, Ресей және тағы басқа жауапты мұнай өндіруші мемлекеттерге қосылғанда біраз мәселе шешілетін еді. Алайда техастық комиссияның құрамында оның төрағасы Уэйн Кристиан сияқты "нарықтық фундаменталистер" әлі де бар. Оның айтуынша, еркін нарықты қорғау қажет. Себебі COVID-19 артта қалғаннан кейін мұнай өнімдеріне деген сұраныс қайта жанданады. Адамдар жұмысқа шығады, көлікпен жиі жүре бастайды. Сонда сұраныс өзімен-өзі қалпына келеді.

Әрине, АҚШ мұнай өндіру көлемін қысқартудан бас тарта алады. Ондай шешім ішкі нарыққа әсер етпеуі де мүмкін. Алайда оның геосаяси салдары көп. Мәселенің мәні мынада, ОПЕК+ ұйымының беделі өсіп келеді. Мұнай альянсы қара алтынның бағасын көтере алатынын және түсіре алатынын көрсетті. Ал жаңа келісімге НАТО-ға мүше мемлекет те қосылды.

Financial Times басылымының мәліметіне сәйкес, Норвегия мұнай өндіру көлемін 13 процентке қысқартады. Бұл дегеніміз, Норвегия үкіметі ОПЕК+ елдеріне берген бейресми уәдесін орындады және оны үлкен келісімге дейін жасап отыр.

Демек, дағдарыс бітеді. Ал мұнай нарығы бойынша ортақ мәмілеге Америкасыз келу әдеті қалуы әбден мүмкін. АҚШ жалғыз отырса да, "еркін нарықтың" қорғалғанына сенімді болатын шығар.

912
Кілт сөздер:
нарық, мұнай
Ақ үй

Вашингтон Еуропаны қалай жазаламақ?

30
Дональд Трамп әкімшілігі мен Facebook, Google және Amazon секілді америкалық ІТ-алыптардың арасындағы барлық қиыншылыққа қарамастан, АҚШ президенті америкалық корпорациялардың табысын еуропалық салықшылардан қорғауға бел буды

Соған қарағанда, Дональд Трамп АҚШ пен Еуроодақ арасындағы трансатлантикалық ниеттестікті құрбан етуге дайын болып шықты.

Көп жылдан бері туындап келе жатқан баяғы дау қазір құны миллиард долларлық қаржылық соққыға айналды: Еуроодақ ондаған жыл бойы ЕО-да салықсыз жұмыс жасап келген америкалық корпорацияларға қысым көрсетпекші болса, АҚШ минималды фискалдық тәуелсіздік алуға тырысқаны үшін Еуроодақты жазаламақ. Мойындау керек, Трамп командасының кек алуы нысанына дөп тиді. Яғни, амеркалық ІТ-бизнес салық төлеуі тиіс деген идеяны ұсынған әрі тәуелсіздікке ұмтылған "арсыз" автор анықталып, одан соң, америкалықтар тарапынан жауап ретінде нақты шаралар қабылданды.

"Google, Facebook және Amazon үшін еуропалық салық" ұсынысының авторы әрі шабыттандырушысы Франция президенті және күш-қуаттың әлемдік полюсы ретінде Еуропаның қалпына келтірілуі жайлы сөз қозғауға жаны құмар Эммануэль Макрон болып шықты. Сәйкесінше, Ақ үй тоқпағының астында қалған компаниялар тізімі Елисей сарайына барынша қолайсыздық тудыратындай етіп жасалғаны анықталды.

Америкалық CNBC қаржы арнасы мынандай хабарлама жасады:

"АҚШ-тың кейбір санаттағы тауарлар үшін жоғары тарифтер орнату мүмкіндігі жайлы мәлімдемесінен кейін осы сегментте жұмыс жасайтын француздық люкс компаниялардың акциялары төмендеді. Қаңтар айының соңынан бастап енгізілуі мүмкін жаңа тарифтерге сәйкес, АҚШ Сыртқы сауда қарым-қатынасы жөніндегі федералдық агенттігі Франциядан жеткізілген импорт тауарлар үшін 100%-ке дейін салық алуы мүмкін. Жаңа тарифтер бойынша импорттың болжамды сомасы 2,4 млрд долларды құрап отыр. Француздық акциялардың құлдырауы Louis Vuitton, Hennessy, Hermes, Christian Dior, Gucci, Yves Saint Laurent және Balenciaga иелік ететін компанияларға қатысты болды".

"Жүз процент деген өте көп", - деді Chanel сән үйінің президенті Бруно Павловский The Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында. "Бұл тариф емес. Жүз процент – бұл айыппұл", - деген ол.

Айта кету керек, америкалық шенеуніктер бұл мәселенің шешімі бойынша өз ұсыныстарын жасап жатыр. Олардың пайымдауынша, Еуроодақ аумағында нақты америкалық компанияларға қысым көрсетуге тырысқан Макрон бәріне кінәлі. Бұл айыптау, тіпті, дәстүрлі патриот болып саналатын америкалық БАҚ-тың өзінде күмән тудыратыны анық.

"Құрама Штаттары француздық салықтың құрылымы Facebook, Google және Amazon секілді америкалық ірі интернет-компанияларға бағытталуын әділетсіз деп санайды. Әйтсе де, басқа мемлекеттер өз нарығында долларды миллиардтап тауып жатқан фирмалардан табыс көруді көздеуі күшейіп келеді", - дейді Politico басылымы.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев АҚШ елшісімен кездесті
© Photo : Пресс-служба сената Казахстана
Трамптың кек алу құралы ретінде дәл осы "француздық люксты" таңдап алуы тектен-тек емес. Себебі, инвесторлар дәулеті тасыған тұтынушылармен жұмыс жасайтын фарнцуздық компанияларды коронавирус эпидемиясымен қатар, сауда соғысынан да берік қорғалған деп сеніп келді. Пандемиямен күрес шаралары салдарынан экономикалық дағдарыс тұңғиығына батып бара жатқан Франция жағдайында люкстік компаниялар үміт сәулесі іспеттес болды.

Сондай-ақ, аталған компаниялар дәстүрлі өнеркәсіпте Германия және Қытаймен бәсекелес бола алмайтын Францияның халықаралық аренадағы бәсекелестік басымдылығының символы тәрізді еді. Егер француз президентінің әкімшілігін қорқытып, еуропалық салық жүйесіне ықпал ету межелі мақсат болса, люкс компанияларды америкалық нарықтан аластатып, аталған символды аяқасты ету ұтымды идея.

Франция қырсықса, америкалық компанияларға кемінде ұлттық деңгейде салық салуы мүмкін. Алайда, еуроодақтық салық салуды қолдап, соның салдарынан экспорт үшін 100% салық тарифын "сыйға" ала қоюы екіталай.

Бір есептен, бұл жағдайда мәселе экономикалық дау-дамайда ғана емес. Бұл еуропалық саясаткерлердің мәртебесі туралы дау. Мәселе бизнесмендердің кімге салық төлеуінде болып отыр. Осы салықтарды енгізу және жинауға кім құқылы болса, сол нақты бір аумақтағы билік иесі болады. Мұндай жағдай тарихта болған, әрине. Алайда, ол үшін соғыс жағдайында жеңілгенде немесе әскери күштерді біріктіру жөніне капитуляция келісімшартына қол қойғанда ғана орын алған.

Сәйкесінше, онлайн-жарнама мен интернет-сауда нарығында үстемдігі басым ойыншы болып отырған және француздық компаниялардан миллиардтаған еуро алып отырған шақта, бұл жағдайда бір тиынға ие емес француздық бюджет АҚШ алдында колония рөлінде екенін немесе экономикалық дербестікке ие емес екенін мойындау керек.

Айта кету керек, Трамптың Францияны жазалау жөніндегі шараларын АҚШ-тағы республкалық та, демократиялық та партиялардың өкілдері қолдады. 

Егер, жағдай осылай жалғаса берсе, күздегі сайлауда кім жеңгеніне қарамастан, Вашингтон – Париж, Вашингтон – Берлин қарым-қатынасы ушыға бермек. Chanel иіссуы мен Hermes сөмкелерін америкалықтар тек контрабанда арқылы алатын және еуропалықтар америкалық әлеуметтік желіге балама ойластыратын болашақ та алыс емес секілді.

30
Ауғанстан

Тәлібтер Орталық Азияға қандай қауіп төндіріп тұр?

74
"Талибанның"* мәмілеге келуге қауқарсыздығы Ауғанстандағы әскери-саяси жағдайдың құлдырауына себепші болып, көрші жатқан Орталық Азия елдерінде террористік белсенділіктің арту қаупін төндіріп тұр

Бұл проблеманы ҰҚШУ және ШЫҰ мемлекеттерінің әлеуетін тарту арқылы көпжақты халықаралық форматта өзара әрекеттесу әдісімен шешуге мүмкіндік бар.

Ауғанстанның негізгі автомагистральдарында шілде айының басында тәлібтердің шабуылы күрт жиілеп кетті. Күш-қорғаныс құрылымдары бұған төтеп бере алмай отыр. Террористер жақсы қаруланған және ұйымдастырылған.

Ел солтүстігінде америкалық заманауи Barrett M82 снайперлік виновкасы қолданылғаны айтылды. 12,7 мм винтовканың оқ ату қашықтығы 1800 метрге дейін жетеді. Қазір Ауғанстан астанасы АҚШ-пен бейбіт келісім шарттарын орындамай жатқан "Талибанның"* қоршауында қалып тұр. Шілденің басында Ауғанстан тарихындағы үшінші маршал Абдул Рашид Дустум да елең еткізер жеңіс алып келген жоқ.

Ауғандық жауынгерлер 22 маусымда соңғы 19 жылдық соғыс-қақтығыстағы ең үлкен шығын орын алғанын айтты. Бір аптаның ішінде тәләбтер 32 провинцияға 422 шабуыл жасап, 290-нан астам әскери мен полицейді өлтірген. Сонымен қатар, балалар мен әйелдерді қоса алғанда 42 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Бұған дейін АҚШ Орталық қолбасшылық басшысы Кеннет Маккензи Америка ақпанда тәлібтермен арадағы келісім аясында Ауғанстандағы әскер санын 8600 адамға дейін қысқартқанын мәлімдеді.

Тәлібтер белсенділігінің артуы мен әскердің елден шығарылуы арасында байланыс жатқаны сөзсіз. Сондай-ақ, НАТО-ның "Батыл қолдау" миссиясы орындалмай қалды. Жалпы, 2001 жылы "Мызғымас еркіндік" операциясы басталуымен ауғандық героин өндірісі он есе ұлғайып, әлемдегі заңсыз есірткі айналымының 80%-ін қамтамасыз етіп отыр. Тәлібтер билікті күшпен тартып алуды көздеп отыр. Олар Әл-Каида жауынгерлерін жасырып, Ауғанстан мен Орталық Азия елдерінің аумағында террористік ұйымдардың артуына ықпал етуде.

Берекесіз байланыс

Пентагон тәлібтердің әрекеті Ауғанстандағы тұрақтылықтың басты қаупі болып отырғанын мойындайды. АҚШ әскери ведомствосының шілдедегі баяндамасында тәлібтердің әрекетіне теріс баға беріліп, олардың "Әл-Каидамен"* байланысы ескертілген. Алайда, "Талибан"* бұл баяндаманы негізсіз деп атады. Ауғанстаннан шығарылған америкалық әскер енді елге қайта оралуы екіталай. Ауғанстандағы бейбітшілік процестері виртуалды жоба іспеттес.

Ауғанстан президенті Ашрафа Гани уақытша үкімет үшін қызметінен кету ықтималдылығын жоққа шығарды. Елдегі ұлттық бітімгершілік жөніндегі жоғарғы кеңестің жетекшісі Абдулла Абдулла "Талибан"* қозғалысы қатыстырылған уақытша үкіметті қалыптастыру әзірше ашық мәселе екенін айтты. Оның пайымдауынша, қарулы қақтығыс тараптары тікелей диалогқа шығып, тұтқындарды босатқаннан кейін орындалады. Алайда, бұл жоспардың жүзеге асуы екіталай. Себебі, тәлібтер талап етіп отырған тұтқындар тізімінде "Әл-Каида"*, "Лашкар-и-Тайба"* секілді лаңкестік ұйымдардың мүшелері бар. Әзірше ауған билігі 4015 сотталған азаматты босатты. Бірақ, түрлі жарылыс пен ауыр қылмыс үшін жауаптыларды босатудан бас тартты.

Өзбекстан мен Тәжікстандағы тірек нүктелері

Вашингтон ауғандық тұрақсыздық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіріп тұрған Ауғанстанмен шекаралас елдерден тірек іздестіруде. Шілденің басында АҚШ-тың Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Залмай Хлилзад пен АҚШ халықаралық дамуын қаржыландыру корпорациясының (DFC) басшысы Адам Бойлер Ташкентке іссапармен барды. Жергілікті билікпен кездесу барысында Ауғанстандағы жағдайды реттеу, Өзбекстанда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін DFC қаражатын тарту мәселелері талқыланды. Бұған дейін Халилзад Пәкістан мен Катарға арнайы іссапармен барған болатын.

Айта кету керек, Ташкентте өзбек джихадшыларының белсенділігі белең алып жатқаны байқалады. Өзбекстандағы мемлекеттік қорғаныс қызметкерлері өткен айда джихадқа дайындалған бірнеше топты құрықтады.

Бәлкім, тәлібтермен келіссөздер және Ауғанстан экономикасына жұмсалып жатқан қаражаттың бір күндері нәтижесі болар. Сонда да, қазір ҰҚШУ мен ШЫҰ форматындағы "тірек нүктелері" маңыздырақ. Себебі, Ауғанстаннан басқа елдерге "жайылып бара жатқан" террористік белсенділікке қарсы тұра алатын мемлекетаралық әлеуетті дамыту аса қажет. Ирак пен Сириядағы соғыс тәжірибесі Орталық Азия республикаларынан 4200 джихадшының келуіне ықпал етті. Америкалық SoufanGroup компаниясының баяндамасына сәйкес, 2018 жылы Таяу Шығыстағы бірқатар террористік ұйымдардың соғыс әрекеттеріне 1300 тәжік, 1500 өзбек, 500 қазақ және 500 қырғыз азаматы қатыстырылған. Бұл адамдардың басым бөлігі жаңа "ерлікке" дайын екені сөзсіз.

Өзбекстанның қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы позициясының берік болуына көбіне Ресей Федерациясы және басқа да ТМД елдерімен әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық септігін тигізіп отырғанын айта кету керек. Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылықты ҰШҚУ тұрақты қамтамасыз етіп отыр. Өзбекстан ҰҚШУ-ға мүше емес. Бірақ, "қауіпсіздік күмбезінің" астында күнелтіп жатыр. Сол сияқты, терроризмге қарсы әрекет етуге бағытталған мемлекетаралық байланыстар да нығая түсуде. Бұған дейін Өзбекстан мен Пәкістан әскери ынтымақтастық туралы "Серіктестік-2020" екіжақты келісіміне қол қойды.

Тәжікстанда орналастырылған 201-ші ресейлік әскери базаның қауқары күннен-күнге күшейтіліп келеді. Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін аталған базадағы мотоатқыштар бөлімшесі маңызды нысандарды қарсыластың миналанған көліктерінен қорғау әрекеттерін тұрақты пысықтайды. "Джихадшылардың" тактикалық әрекеттері "Орлан-10" ұшқышсыз ұшу кешені мен "ЗУ-23" мобильді қондырғылардың көмегімен бейтараптандырылады.

Орталық Азия стратегиялық бағытында 2020 жылы ҰШҚУ елдерінің әскери күштері қатысатын 40-қа жуық бірлескен оқу-жаттығу өтеді. Оған бірнеше елдің аумағындағы 20-дан астам полигон аумағы жұмылдырылады. Сонымен қатар, Шанхай ынтымақтастық ұйымының сегіз мемлекетінен келген 10 мыңнан астам әскери қызметші ауқымды "Бейбіт миссия-2020" терроризмге қарсы оқу-жаттығуына қатысады. Терроризмге қарсы жемісті келіссөздер мен мәміле осы жиындар екенін мойындау керек. Алайда, батыстағы "серіктестер" Ресейдің өңірлік рөлін басқа сипатта көрсетуге талпынуда.

Түсініксіз оқиға

6 шілдеде америкалық журналистер бастарын қатерге тігіп, Рахматулла Азизи деген адамды табу үшін Ауғанстандағы Құндыз провинциясына барған. Аталған азаматты TheNewYorkTimes басылымы "ресейлік агенттер" мен "Талибан"* арасындағы делдал деп атаған болатын.

Еске салсақ, NYT ақпаратына сәйкес, ресейлік әйскери барлау қызметі америкалық әскерилерді өлтіргені үшін тәлібтерге ақша төлейді-мыс. Құндызда Рахматулла жайлы ешкім ештеңе естімеген. "Талибан"* мұндай пайымдауға қатысты наразылық білдірді: "Ислам Эмиратының он тоғыз жылдық джихады қандай да бір барлау қызметінің немесе бөтен мемлекеттің садақасына зәру емес".

АҚШ ҚК Орталық қолбасшылық басшысы генерал Кеннет Маккензи Ресей мен тәлібтердің арасындағы құпия сөз байласу жайлы мәлімдеген болатын. Алайда, бұл уәжге жеткілікті дәлел болған жоқ.

Соңғы жылдары Ресейдің Орталық Азиядағы оң ықпалы арта түсті. Бұл жағдай батыстағы кейбір ел мүддесіне сәйкес келмегені анық. Олар өңірлік проблеманы өздері шешуді қалайды. Алайда, Ауғанстандағы соғыс пен бейбітшілік мәселесін біржақты шешудің дәуірі артта қалды. РФ Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев сейсенбі күні мынандай мәлімдеме жасауы да кездейсоқтық емес: "Ресей және Америкадағы арнайы қызметтер көптеген бағыт бойынша бірлесіп әрекет жасайды. Осы тұста, терроризмге қарсы тұру нақты нәтижелер бар сала екенін айту керек".

Күрделі проблемалар бірлесен халықаралық күш жұмсау арқылы шешіледі. Ауғанстан мәселесінің бағытында ҰҚШУ мен ШЫҰ ұйымдарына мүше әрбір мемлекеттің рөлі маңызды.

* – Қазақстан мен бірқатар мемлекет аумағында тыйым салынған террористік ұйымдар

74