Газ құбыры, архивтегі сурет

Газ нарығында баға соғысы бастала ма?

124
(Жаңартылды 20:07 18.05.2020)
Сарапшылардың болжамы бойынша Қатар сұйытылған табиғи газдың бағасын түсірсе, жаһандық нарықтың жағдайы қиындайды. Алайда құбыр арқылы газ тасымалдайтын мемлекеттерге қауіп төніп тұрған жоқ

Газдың әлемдік бағасы түсіп кетті. Биылғы қыс жылы болғасын көгілдір отын көп жағылған жоқ. Содан сақтау қоймаларындағы шикізат жинала берді, жинала берді. Коронавирус пандемиясы да сұранысты күрт төмендетіп жіберді. Бүгінде сұйытылған табиғи газды жеткізуші негізгі мемлекет – Қатар қиын жағдайға тап болып отыр. Сарапшылар корольдік қазіргі дағдарысты еңсеру үшін баға соғысына баруы мүмкін деп отыр. Мұнай нарығында Сауд Арабиясы да тура солай істеген, деп жазады РИА Новости.

Жағдай мәз емес

Жыл басынан бері газдың құны екі есеге төмендеді. Еуропа мен АҚШ нарығында көгілдір отын ең төменгі бағамен саудаланып жатыр. Ондай бағалар соңғы рет 1999 жылда болған. Ал газ нарығы бірнеше проблемаға тап болды. Біріншіден, биылғы қыс жылы болды. Екіншіден, сұраныс болмағаннан кейін газдың көлемі көбейді. Енді, ұсыныс сұраныстан басым болып кетті. Ал коронавирус пандемиясы "жұдырықтың үстіне жұдырық" болды, сұраныс одан да төмендеп кетті.

Қазіргі кезде сұйытылған газдың біраз бөлігін өндіріп отырған Қатар мемлекеті үлкен шығынға батып жатыр. Оған шикізат өндіруді қысқартуға тура келеді, я болмаса, корольдік өз нарығын сақтап қалу үшін тұтынушыларға жеңілдік беріп, баға соғысын ашады. Қатар бағаны түсірмесе, нарықтың бір бөлігін Австралия жаулап алуы әбден мүмкін.     

"Қазіргі кезде сұраныс төмен болып тұр. Ал шикізатты сақтауға біраз шығын кетеді. Әлемдегі сұйытылған табиғи газдың ірі экспортері нарық үшін күресті бастап кетуі ықтимал", – деп жазды Bloomberg.

Биыл ақпан айында Доха коронавирустың салдарынан сұйытылған табиғи газдың біраз бөлігін Азиядан Еуропаға бұрған болатын. Алайда ондай шараның көмегі аз болды. Пандемия Еуропаға да жетті. Ол жақта энергия ресурстарына, соның ішінде газға деген сұраныс күрт төмендеп кеткен. 

Баға соғысы басталса, не болады?

Тығырықтан шығудың тағы бір жолы – шикізатты өндіруді қысқарту. Олай болса, Қатар өзінің батыл жоспарларын орындай алмайды. Өткен жылы қаңтар айында бұл мемлекет ОПЕК-тің құрамынан шығатынын мәлімдеді. Сөйтіп, сұйытылған табиғи газдың өндірісіне басымдық жасады. 2024 жылға дейін осы шикізаттың өндірісін жылына 77 миллион тоннадан 110 миллион тоннаға, ал 2027 жылы 126 миллион тоннаға жеткіземіз деген.

Сол кезде Қатардың энергетика министрі Саад бен Шрид Аль-Кааби осы жоспарды орындауға қажетті барлық ресурстың бар екенін мәлімдеген болатын. Атап айтқанда, Рас-Лаффан қаласына жақын жерде Солтүстік кені орнының жаңа учаскелері бар. Бұдан бөлек, 2024 жылға дейін корольдік газды сұйылтуға арналған төрт өндірістік желіні іске қосуды жоспарлап отыр.

Сарапшылардың ойынша, Қатарға шикізат көлемін қысқартуға тура келеді. Себебі, екі жылдан бері газ тасымалдайтың кемелердің тапшылығы барынша сезіліп отыр. Соның салдарынан шикізатты тасымалдау құны да өсіп кетті. Бірақ Қатар ештеңеге қарамай, баға соғысын бастайтын болса, газдың бағалары минусқа кетіп қалуы әбден мүмкін. Ондай жағдай сәуірде мұнай нарығында болған. Газды өндіру мүлдем тиімсіз болып қалады.

Кім ұтады?

Сарапшылардың болжамы бойынша Қатар сұйытылған табиғи газдың бағасын түсірсе, жаһандық нарықтың жағдайы қиындайды. Алайда құбыр арқылы газ тасымалдайтын мемлекеттерге қауіп төніп тұрған жоқ. Мәселен, Ресейдің ішкі нарығында сұйытылған табиғи газдың үлесі көп емес. Қазақстан да біраз шикізатты құбырмен жеткізіп отырады. Ал құбырмен жүретін газ ұзақ мерзімді келісімшарттардың негізінде тасымалданады. Тапсырыс беруші одан бас тартса, ірі айыппұлдарды төлеуге міндеттеледі.

Сарапшы Леонид Хасановтың айтуынша, Қатардың әрекетінен ең алдымен америкалықтар зардап шегеді. Себебі, соңғы жылдары АҚШ сұйытылған табиғи газды Еуропа нарығына көптеп жеткізуді қолға алып келеді.

124
Кілт сөздер:
нарық, газ құбыры, газ
теңіз

"Каспий құбыжығының" қайта жаңғыруы: жаңа техниканың мүмкіндігі қандай?

34
Жақын уақытта Ресей әскери-теңіз флотына әскери ауыр экранопландар қайта оралады. Бұл жолы экранопландар жаңартылған нұсқада, яғни, бортындағы қанатты зымырандарымен әскери техника қатарына енгізілмек

Олар орналасу инфрақұрылымының жоқтығына қарамастан, кез келген климаттық жағдайда әрекет ете алады.

Әлемдегі жалғыз ресейлік "Лунь" экранопланы 31 шілде күні теңіз арқылы Каспийден Дербентке жеткізілді. Мұнда ол "Патриот" паркінің экспонатына айналады. 34 жыл бұрын Төменгі Новгородта құрастырылған "Лунь" экранопланы ұзақ сынақтардан кейін тәжірибелік пайдалануға Каспий флотилиясына берілген болатын. Ол сол күйі 903 жобасының жоспарланған сегіз аппаратынан тұратын топтаманың жалғыз данасы күйінде қалып қойды. Алайда, экранопландар тарихқа айнала қойған жоқ.

Бронетранспортер (БТР) «Барыс»
© Photo : Пресс-служба Министерства оборонной и аэрокосмической промышленности
Жоғары жылдамдығы (500 км/сағ) мен ұшу биіктігінің төмендігі (7-10 метр) арқасында зымыран тасымалдағыш экранопландар теңіз бен жазық далада радарлардың көзіне түспей, мыңдаған шақырымды еңсере алады, қарсыластың әскери-теңіз базаларына және авиатасымалдағыш соққы топтарына күтпеген бағыттар арқылы келіп, зымыранды іске қосу қашықтығында соққы жасай алады.

Жаңа экранопландар әскери-теңіз флотының соғыс мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді. Ресей ӘТФ кеме жасау басқармасының басшысы 1 рангтегі капитан Владимир Тряпичников экранопландарды дамыту 2050 жылға дейін кеме жасау бағдарламасына енгізілетінін айтқан.

РФ қорғаныс министрлігі жаңа экранопланды жасауға арналған тактикалық-техникалық тапсырманы әзірледі, қазір тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, жаңа экраноплан 2022 жылы әуеге көтеріледі.

Ауқымды көлемі мен фантастикалық сыртпы пішініне қарай Батыстағылар "Каспий" деп атап кеткен бұл аппараттың қайта жаңғыруы БАҚ-та қызу талқыланып жатыр.  Бұл мәселе жөнінде америкалық NationalInterest басылымы да, қытайлық Sohu басылымы да жазды.

Ғылыми-техникалық және өндірістік базасының болуына қарай, Ресей көпнысанды экранопландарды әзірлеу ісінде батыс елдерінің алдына шыққаны анық. "Лунь" 29 жыл бұрын сәтті ұшып, зымыранды іске қосуды жүзеге асырып жүрсе, 1990 жылдардың соңына қарай әзірлене бастаған BoeingPelican АҚШ-тың жүк экранопланы прототип түрінде де құрастырылған жоқ.

Көпнысанды экранопландар жақын болашақта дәлдігі жоғары қанатты және гипердыбысты зымырандарды, соққы жасайтын ұшқышсыз ұшу аппараттарын, электр магнитті зеңбіректерді, ауыр торпедаларды дайындау үшін негіз бола алады.

Жедел әрекет ету күші ретінде экранопландар ресейлік Заполярье аумағын тиімді патрульдей алар еді.

 Адмирал флота Касатонов фрегаты
© Sputnik / Александр Гальперин
Десанттық (жүк) модификациясында бұл аппараттар штатты қару-жарағы мен бронь техникасы бар әскери қызметшілерді айтарлықтай қашықтыққа жеткізуге мүмкіндік берер еді. Жаңа экранопландардың қарсылас радарына көрінбеу мүмкіндігі жоғары, үнемділігі мен жүк көтерімділігі бойынша ұшақтар мен тікұшақтардан артық, жылдамдығы бойынша – суасты қанаттары бар кеме.

NationalInterest мәліметі бойынша, "Чайка-2" жаңа экранопланы "Каспий құбыжығының" реинкарнациясы болып табылады және 100-ге дейінгі жолаушылар мен жүктерді теңіз жағалауындағы және арктикалық аудандарға тасымалдау үшін құрылып жатыр. 2022 жылдан кеш емес мерзімде аспанға көтерілетін аппараттардың түрлі жүк көтерімділікте бүтіндей бір топтамасы құрастырылып жатыр.

Бұған дейін Қытай халықтық азаттық әскері үшін бірнеше экранопландарды алу туралы келіссөздерге бастамашы болды. Бұл аталған машинаның дайындығы мен тиімділігінің жоғары деңгейінің дәлелі бола алады.

Аэродромсыз авиация ретінде экранопландар бейбіт өмірде де пайдалы. Осылайша, "Эколен" ресейлік үкіметтік емес ұйымы "Каспий құбыжығының" азаматтық баламасын, жерүсті-әуе амфибиясын әзірлеп жатыр. Ол ұшақ жылдамдығымен ұшып, 750 тоннаға дейінгі салмақтағы жүкті тасымалдай алатын болады. Оны теңіз бен өзенде, шөл мен орманды алқапта да пайдалануға болады.

Экраноплан өте төмен биіктікте ұшу кезінде туындайтын эффектіні қолданады. Яғни, айдалып жатқан ауа қанат астында "әуе жастығын" тудырады. Теңіз үстіне көтерілген кезде аппарат тұрақтылығын сақтап тұрады және 500 км/сағ жылдамдығы мен жанармайдың минималды шығынымен әуеге көтеріледі.

Алексеев атындағы нижегородтық конструктор бюросы, сондай-ақ, ұшу массасы 100 тоннаға дейінгі "Чайка-3" А-080 экранопланының ауыр нұсқасын дайындаумен де айналысып жатыр.

Бүгінде 450 км/сағ жылдамдықпен 2000 шақырымды еңсеретін және 3-500 метр биіктікте ұшатын бұрынғы "Лунь" де өз ауқымына қарамастан, көліктік ұшақтан бес есе аз жанармай шығындайтыны таң қалдырады.

Оның сыртқы түрінің өзі сенім тудырады. Корпустың алдыңғы жағында, пилонда 8 тартқыш қозғалтқышы бар, оның шүмектері экрандық эффектіні күшейту үшін суға қаратылған бұрыш жақта орналасқан. Экраноплан фюзеляжында кемеге қарсы үш зымыран орналастырылған, олардың ұшу қашықтығы 250 км дейін жетеді. Ұзындығы 74 метр және трапециялы қанаттарының ені 44 метр және көлемі 550 шаршы метрді құрайды.

Мұнда орналасқан үш "Москит" жоғары дыбысты зымырандары авиатасымалдағышты жою үшін жеткілікті.

КСРО кезінде экранопландар қарсыластың кемесін жоятын құрал ретінде дайындалды. "Лунь" өзінің алғашқы ұшуын 1985 жылы жасады. Жоғары жылдамдық, үлкен жүк көтерімділігіне қарамастан, мұз бен шөлде де ұшу мүмкіндігі бастапқы кезде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. "Лунь", "Орленок" экранопландарын зымырандар мен десантшыларды тасымалдауға бейімдеді.

Десанттық "Орленок" көлемі жағынан шағындау болды және ол әскер мен техниканы тасымалдау үшін қолданылды. Екінші "Луньнің" 95 процентке дайын екеніне қарамастан, КСРО ыдырағаннан кейін аталған аппараттар топтамасын құрастыру тоқтатылып, "авиа тасымалдағыштар жойғышы" Каспийге табан тіреді.

34
Қытай

Қытайға жасалған қыспақ кімге тиімді?

352
Қытаймен арадағы соғыстың бір боларына көзі жеткен батыс қауымдастығы санкциялар, экономикалық байланыстарды шектеу, өзара шпионаж, конфронтациялық соғыс күштерін есепке алмағанда, Бейжіңді жеңетін ғажайып әдіс іздеп жатыр

Вашингтон, Лондон және Брюcсельде талқыланатын "қытайлық айдаһарды тұншықтыру" әдістерінің барлығы дерлік антиқытайлық коалиция құруды қарастырып отыр. Дәл осы секілді ұжымдық күшпен оқшаулау әрі жансыздандыру КСРО-мен күрес кезінде де қолданылған болатын, деп жазады РИА Новости.

Егер қандай да бір бағыттауыш ұстанымдарының деңгейінде ешқандай алуантүрлілік байқалмаса, осы ұстанымдарды нақты жүзеге асыруда президенттер, премьерлер, саясаткерлер мен аналитиктердің найзасы сынатындай күрделі проблема туындап отыр.

Мәселе Еуроодақтың көптеген елі, әсіресе, Германия, Франция және Италия мен Азиядағы бірқатар мемлекет ҚХР-ға қарсы бұл қырғи-қабақ соғысқа АҚШ-тың қуыршағы секілді қатысуға аса үлкен құлшыныс білдірмеуінде болып отыр. Сонымен қатар, олар жеңіс үшін АҚШ-қа ақы төлеуді құптамай отыр және толықтай тыйым салу шараларына да бірауыздан келісім беріп отырған жоқ. Мысал ретінде 5G желісі үшін қытайлық Huawei компаниясының Еуроодаққа жабдықтар жеткізуін айтуға болады. Бұл Вашингтон мен Лондондағы "антиқытайлық қырғиларды" қуанта қоймағаны сөзсіз.

Council on Foreign Relations (Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңес) үшін ықпалды "ми орталығы" болып табылатын Foreign Affairs беделді журналы осы мәселе айналасындағы әдістерді екі түрге бөліп отыр. Оның бірін "Дональд Трамп әдісі" деп, екіншісін "Борис Джонсон әдісі" деп атауға болады.

Council on Foreign Relations-тің америкалық элита мен Еуропадағы проамерикалық элитаның ойлауына ауқымды ықпалын ескере отырып, "қытайлық проблеманы" шешуге қандай әдістер ұсынылатынын қарап көруге мүмкіндік бар.

Foreign Affairs мақаласы "Демократиялар кеңесі халықаралық қатынастағы көпжақтылықты құтқауы мүмкін" деген тақырыппен жарық көргенімен, ондағы ұсынылған әдістер Вашингтонның әлемдегі басымдылық рөлін сақтап қалуға бейімделген және айырмашылық тек америкалық үстемдікті сақтауға арналған нақты әдістерде ғана болып тұр.

Беделді америкалық басылым авторлары әлемдегі тәртіпке бүгінде тоқырау келгенін және басты қауіп коронавирус емес, Ресей мен Қытай екенін алға тартады.

Алайда, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Америка Құрама Штаттары негізін қалаған көпжақты жүйе коронавирус пандемиясына дейін әлемдегі өзекті мәселелерді тиімді шеше алмай келген. COVID-19 патшаның жалаңаш екенін көрсетсе, шындығында, патша біраз уақыттан бері жұпыны киімде жүрген еді.

Әлемдік экономикалық ауырлық күші Үнді-Тынық мұхиты өңіріне қарай ығысқаннан кейін жаһандық амбициясы бар құрылымдарға аталған өңірдегі маңызды өкілдіктерсіз үстемдік құру қиынға соқты. Алайда, 1973 жылғы мұнай шогынан кейін құрылған G7-де Еуро-Атлантида аумағынан тыс бір ғана мүше бар, ол – Жапония. 1997 жылғы азиялық қаржы дағдарысынан кейін құрылған және 2008 жылғы дағдарыс кезінде өз тиімділігін көрсеткен "үлкен жиырмалық" саяси және халықаралық проблемаларды шешу көзқарасы бойынша сәйкес келмейтіні анықталды. Ал, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ресей мен Қытайда агрессивті өктемшілдіктің пайда болуымен дел-сал күйде болатын.

Бұл "Барлығы құрыды және жұмыс жасамайды! " деген тезиске дәл келетін диагноз іспеттес.

Сәйкесінше, бірі Трамптан, бірі Джонсоннан екі шешім ұсынылып отыр. 

Джонсон алғашқылардың бірі болып жаңа құрылым құруды ұсынды. Мамыр айында ол G7 мен Австралия, Үндістан және Оңтүстік Корея елдерінен құралған жетекші он демократиядан тұратын альянс құруды және оны D10 деп атауды ұсынды. Бұл ұйым телекоммуникациялар саласындағы саясатты үйлестіруге және 5G техологиясымен басым тұрған қытай нарығының көшбасшысы Huawei брендіне балама әзірлеуге бейімделмек.

Осыдан кейін Трамп маусымдағы G7 кездесуін кейінге қалдырып, күзде G11 форматында бас қосуды ұсынды. Джонсон ұсынысынан асып түсуді мақсат тұтатын Трамптың жаңа тобы дәл сол он елмен қатар Ресейді де қосуды ұсынады.

Foreign Affairs сарапшылары Ресейді бұл клубқа енгізбеуді ұсынып, D10 нұсқасына қолдау көрсетіп отыр. Олардың пайымдауынша, Ресейді қалай болғанда да антиқытайлық күреске қатысуға көндіргенмен, Трамп схемасы бәрібір нашар сипатқа ие және ұзақмерзімді уақытта келешексіз болып қалуы мүмкін. Ал, Джонсон иедясынан Қытайға қарсы одақ құруға емес, әлемде барлығы жақсы болуы үшін бірігуге шақырған позитивті үндеуді табуға болады.

Позитивті үндеу – бұл "Демократия", "Бостандық" және "Адам құқығы" секілді лозунгтер. Мұндай позитивті үндеудің пайда болуы Вашингтонның қазіргі сыртқы саясатына қарсы келіп тұр: "Құрама Штаттар Қытай басқарып отырған Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкіне, "Бір белдеу – бір жол" бастамасына және Ресей қолдау көрсетіп отырған "Солтүстік ағыны - 2" бастамасына қарсы болуы мүмкін. Бірақ, сенімді балама ұсына алмаса, басқа елдерді көндіру қиынға соғады. Вашингтан ештеңе қолданбай бірдеңені жеңе алмайды".

Алайда, "АҚШ-та жасалған" деген затбелгісі бар "демократия" мен "бостандық" Германия үшін ресейлік газды немесе Италия үшін қытайлық инвестицияны алмастыра алмасы анық. Бұл мәселені ақшамен шешуге болар еді. Бірақ, Вашингтонға мұндай қарым-қатынас керек емес. Байденге де, Трампқа да колониялар қажет. Бірақ, Еуроодақты бұл жағдайға кері қайтару мүмкін емес. Одақтың D10 немесе G11 форматында болуы аса үлкен рөл ойнап тұрған жоқ.

352
Ермек Тұрсынов

"Бұлардың істеп жүргені - мазақ": Ермек Тұрсынов ашық сұхбат берді

0
(Жаңартылды 23:20 07.08.2020)
Кинорежиссер бір жылдан бері қандай ұсынысы әлі де жүзеге асырылмағанын, кімнің фильмдері көңілінен шықпайтынын айтты

АЛМАТЫ, 7 тамыз – Sputnik. Қазақстандық кинорежиссер, сценарист, Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ермек Тұрсынов ұлттық кеңестегі ұсынысынан кейін мәдениет министрімен қандай қарым-қатынаста екенін, сондай-ақ, қазіргі кино жайлы ойын Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.

Ұлттық кеңестегі ұсыныс

"Ұлттық қоғамдық кеңес құрылған кезде көбіне саясатқа байланысты мәселелер көтерілген болатын. Біраз нәтижелі жұмыс жүргізілді. Әсіресе, митингіге байланысты сұрақтардың жауабы шешілді. Бірнеше салмақты, маңызды шешім қабылданды деп айтуға болады. Ал мен мәдениетке байланысты мәселені көтердім", - дейді Тұрсынов.

Ермек Тұрсынов
© Photo : Ермек Тұрсыновтың жеке архивінен алынды
"Министрмен келіспей қалдық"

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2019 жылы өткен отырысында Ермек Тұрсынов мәдениет және спорт министрлігін бөлуді ұсынды. Тұрсыновтың айтуынша, содан кейін мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова режиссерға қоңырау шалған.

"Ол кісіге менің ұсынысым ұнаған жоқ. Мәдениет пен спортты бөлуді ұнатпады. Сөзге келіп қалдық деп айтуға келмес, бірақ пікіріміз екі түрлі болды. Келіспей қалдық. Ал көпшілік менің айтқанымды өте жақсы қабылдады. Қазірге дейін сол отырыста айтқан сөзімді желіде жариялап отырады", - дейді режиссер.

Ермек Тұрсынов сол отырыстан бері бір жылға жуық уақыт өтсе де, ұсынысының еш нәтиже бермегенін айтып өтті. Алайда республика аумағын аралаған кезінде адамдар ілтипат танытып, режиссер пікірімен толық келісетінін жеткізетін көрінеді.

"Ұлттық кеңес мүшелері мәдениет пен спортты бөлу туралы ұсынысымды өте жақсы қабылдады. Мен қазір де солай ойлаймын. Бәрі мәдениеттен басталады", - дейді Тұрсынов. Ең өкініштісі – сол ұсыныс тек сөз болып қалды, деп толықтырды ол.

"Кино үйі" төңірегіндегі дау

Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы одақ жұмыс істейтінін, алайда "Кино үйі" төңірегіндегі даудың екі жылдан бері шешімі табылмай жатқанын айтты.

"Кино үйі" мәселесі бір орыннан жылжымай тұр. Екі жылдан бері соттасып жатырмыз. Қара шаңырағымызды өзімізге қайтара алмай жүрміз. Сот жалғасып жатыр, қашан бітетіні тіпті белгісіз. Оны ешкім айта алмайды. Бармаған жерім жоқ. Қазір одақ мүшелері отырып жұмыс істейтін орын жоқ. Кейде "Қазақконцерт" ғимаратында, кейде мейрамханада кездесіп, жиналыс өткіземіз. Кейде "Қазақфильмнің" бірінші қабатындағы аядай бөлмеде жиналамыз", - дейді Тұрсынов.

Айтуынша, бұл мәселе кеше туындаған жоқ. Бір кездері одаққа басшылық еткен кісі "Кино үйінің" жартысын сатып жіберген. Одан кейін де басшылыққа келгендер қалған жарты бөлігін жалға беріп қойған. Содан бері сот процесі жүріп жатыр.

"Қазақфильм" басшылығы туралы

Ермек Тұрсыновтан бір салада жүрген әріптесі Ақан Сатаевтың "Қазақфильмге" басшы болып тағайындалғанына қатысты пікірін де сұрадық. Алайда режиссер бұл шешімнің артында жаман оқиға тұрғанын, алайда дәл қазір ашып айта алмайтынын жеткізді.

"Мұны дәл қазір ашып айта алмаймын. Себебі бұл мәселе қазір талқыланып жатыр. Қай жаққа шығаратынын айта алмаймын. Бірнеше аптада бұл мәселе шешіледі. Сатаевтың алдында "Қазақфильмді" Арман Әсенов басқарды. Оны бұл қызметте тоғыз ай қызмет істегеннен кейін орнынан алып тастау, меніңше, қате. Не болатынын көреміз", - дейді Тұрсынов.

Айтуынша, "Қазақфильмді" экономикадан хабары бар маман басқаруы керек.

"Қазақта "қисық аяққа қызыл кебіс не керек?" деген сөз бар. Режиссер – өнердің адамы, ал бұл қызметке есептің адамы, экономиканы білетін адам керек", - деді Ермек Тұрсынов.

"Істеп жүргені - мазақ"

"Тақиялы Періште", кешегі "Қыз Жібек" фильмдері ақша үшін жасалған жоқ. Бұл киноның авторлары ең алдымен елдің көңілін, елдің санасын ойлады. Ақша жағына келер болсақ, ол кейінгі заманның "модасына" айналып кеткен ұғым. Иә, ақшаға да мән беру керек, бірақ ақшадан басқа ешқандай мақсат болмаса, ол шедевр болмайды", - дейді Тұрсынов.

Премьера фильма Томирис
© Sputnik / Владислав Воднев
"Томирис" фильмінің премьерасы

"Ал арзанқол фильмнің миллиондап табыс табуы – көрерменнің надандығын көрсетеді, - деп жалғастырды Тұрсынов. - Қоянбаевтың түсіргенін кино деп айтуға болмайды, осыны адамдарға айтып түсіндіру керек. Баян Алакөзова да кітап жазды, бірақ ол әдебиет емес. Нұртас Адамбаев, Нұрлан Қоянбаев, Қайрат Нұртас пен Төреғалидің түсіріп жатқаны кино емес. Кино деп "Тақиялы періште", "Атамекен", "Қыз Жібекті" атауға болады. Ал бұлардың істеп жүргені – мазақ".

Сонымен қатар Тұрсынов "Томиристі" кино деп санамайтынын, бірақ оған әртістік құрамның еш кінәсі жоқ екенін айтты.

"Томирис" – кино емес. Бұған басқа алып-қосарым жоқ. Әртістердің еш жазығы жоқ, қойылған тапсырманы орындауға тырысты. Негізгі жауап беретін – режиссер", - деп түйіндеді сөзін Тұрсынов.

Режиссер Ермек Тұрсынов
© Photo : Ермек Тұрсыновтың жеке архивінен алынды
Ермек Тұрсынов режиссерлік мансабын "Келін" фильмінен бастаған. 2012 жылы режиссердің "Шал" фильмі шықты

Ермек Тұрсынов 1961 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Режиссерлік мансабын "Келін" фильмінен бастаған. 2012 жылы режиссердің "Шал" фильмі шықты. Сонымен қатар Тұрсынов бірқатар фильмге сценарий жазған.

0
Кілт сөздер:
Ермек Тұрсынов, режиссер
Тақырып бойынша
"Томиристің" қазақшасы қайда?": Ақан Сатаев халықтан кешірім сұрады
"Қыз Жібекті" үш жыл түсірдік": актер әрі режиссер Асанәлі Әшімов жайлы не білеміз
Тұрсынов Димаштың жетістігіне ортақтасатын шенеуніктерді сынап тастады
Режиссер Ақан Сатаев басшылық қызметке тағайындалды
Белгілі режиссер Ақан Сатаев тұңғышын ұзатты – фото