Су-35С ұшағы

Ресейде Су-57 ұшағын сынақтан өткізу аяқталды

305
Коронавирус пандемиясынан туындаған технологиялық күйзеліске қарамастан Ресейдің қорғаныс өнеркәсіп кешені жаппай өндіріске бесінші буындағы Су-57 жойғышын шығаруды жоспарлап отыр

Ресейдің қорғаныс саласын қадағалайтын вице-премьер Юрий Борисов 21 мамырда РИА Новостиге берген сұхбатында:

"Сынақ кезінде Су-57 тактикалық және техникалық сипаттамалардың барлық дерлік талаптарын толық растады. Аэроғарыштық күштердің үш авиациялық полкін жабдықтау үшін 76 ұшақты жеткізу мемлекеттік келісімшарт кестесіне сәйкес жүзеге асырылуда", - деп атап өтті.

Оның пікірінше, COVID-19 салдарынан болған күрделі жағдайға қарамастан, бесінші буындағы Су-57 жойғыш ұшағының алғашқы легі 2020 жылы Ресейдің қарулы күштеріне беріледі.

Ұшақтың барлық жүйесі мен қозғалтқышының жұмысы бірнеше рет және әртүрлі режимде, соның ішінде ұшқышсыз да сыналды. Ресейдің қорғаныс министрлігі Су-57 Сирия Республикасындағы жауынгерлік жағдайдағы сынақтардан сәтті өткенін жария етті.

Бесінші буындағы ресейлік жойғыштар әуе, жер үсті және су бетіндегі нысандардың көзін құртуға арналған. Дыбыстан асып түсер жылдамдығы мен жоғары маневрлігі, көрінбеу мүмкіндігінің жоғарылығы, қару-жарағының қуаттылығы және қарсыласты анықтаудың дамыған жүйелері Су-57-ге абсолютті артықшылықтар береді. 

Су жаңа жойғыш ұшақтар әуе мен жердегі 400 шақырым қашықтағы нысандарды анықтай алады. Жоғары технологиялық құрылыс материалдарының арқасында (беткі қабатының 70%-і және ұшақ салмағының 25%-і) беткі жабынында шағылыстыратын кішігірім ауданның болуы (0,4 шаршы метр) Су-57-ге қарсыластың радарына мейлінше көрінбеуге, ал турбореактивті екі қозғалтқыш жылдамдықты і.сағатына 2 600 шақырымға, ал көтерілу жылдамдығын минутына 21 шақырымға дейін арттыруға мүмкіндік береді. 

Сондай-ақ, форсаж құрылғысын қоспай-ақ қысқа, орта, алыс қашықтағы зымырандарға қарсы соққы жасауға қабілетті. Оған қоса, зеңбірек қаруын қолдана отырып, өте жоғары маневрлі жақын жекпе-жек өткізуге қауқарлы (ұшқыштар бұл мүмкіндікті өте жоғары бағалайды). Қозғалтқыштардағы тарту векторының үш өлшемді ауытқу жүйесі ұшақтың жоғары маневрлігін қамтамасыз етеді.

Егер олар "Охотник" ұшқышсыз ұшу аппраттарының жаңа мүмкіндіктерімен интеграцияланатын міндеттерді орындайтын болса, Ресей әскері тапсырыс берген 76 ауыр Су-57 жойғыштарының жауынгерлік мүмкіндіктері қаншалықты өсетініне болжам жасауға болады. 

Су-57-ні ұшқышсыз басқару режимінің дамуы туралы ақпарат та өте қызықты. Күрделі машинаны базадан ұзақ қашықтықта жасанды интеллектпен (немесе оператор) басқаруға болады. Бұл жылдамдық пен маневр жасауда физиологиялық шектеулерді алып тастайды (жауынгерлік тактикалық қолданыста артық жүктеме маңызды рөл атқармайды).

Бұдан бөлек, әуедегі барлау мен басқару, қашықтағы зымырандық соққылардың жоғары дәлдігін де атап өтпеуге болмайды. Алайда, әскери үстемдік негізгі мақсат емес.

Жаңа авиациялық кешеннің тиімділігі Ресей мен оның одақтастарының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сыртқы агрессияны болдырмау үшін зор маңызға ие. Сондай-ақ, авиация саласындағы технологиялық прогресте Ресейдің әлемдік қару-жарақ нарығындағы жетекші позицияларын қолдау маңызды.

Соңғы онжылдықта Ауғанстан, Ирак, Сирия, Ливиядағы әскери қақтығыстардың тәжірибесі батыстың негізгі құралы әуедегі сандық және сапалық үстемдік екенін көрсетті (соққы беретін ұшақтар, қанатты зымырандар мен дрондар).

Айта кетейік, АҚШ 2019 жылы қысқа және алыс қашықтағы зымырандарды жою туралы келісімді бұзып, стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақ туралы келісімге сенімсіздік тудырды және зымыранға қарсы жаһандық жүйенің соққы әлеуетін арттырды. АҚШ-тың әскери бюджеті 2020 жылы 750 миллиард долларға дейін өсті.

Бұл көрсеткіш Ресейдің қорғаныс бюджетінен 10 есе көп және әлемнің барлық елдерінің әскери шығындарымен салыстыруға болады. Осыған байланысты қуатты аэроғарыштық күштер мен әуе қорғаныс жүйелерін құру Ресей үшін сөзсіз мемлекеттік басымдыққа айналады.

Мәскеу қауіпсіздіктің барлық периметрі бойынша әскери қауіптің өсуіне жауап беруге және әскердің жауынгерлік дайындығы мен қару-жарақтың мүмкіндіктерін арттыруға, одақтастардың қауіпсіздігін нығайтуға мәжбүр.

305
Қазақстан мен Ресейдің туы

ЕАЭО-да Қазақстан мен Ресейдің арасында келіспеушілік бар ма?

474
ЕАЭО-ның Жоғарғы экономикалық кеңесінің соңғы отырысынан кейін "Қазақстан мен Ресейдің арасында келіспеушілік бар, тіпті, екіжақты қарым-қатынас нашарлап кетті" деген әңгіме тарала бастады

Шын мәнінде, Қазақстанның өз ішінде, билікте болсын, қоғамда болсын, Ресейге және Еуразиялық экономикалық одаққа қарсы адамдар көп емес. Ал қазіргі жағдайды ушықтыруға тырысатындардың арғы жағында саясат емес, көлеңкелі экономиканың мүддесін қорғайтындар тұруы әбден мүмкін.

Жақында Қазақстандағы қоғамдық пікірге тәуелсіз бір сауалнама жасалды. 2020 жылы ақпан айында "Open Democracy" (АҚШ) қоры қазақстандықтардың шет мемлекеттерге қатысты ойын зерделеп шықты. Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі шетелдік әріптестерге сенімсіздікпен қарайды.

Мәселен, жауап бергендердің 27 проценті ғана АҚШ-пен арадағы қарым-қатынасты дамытуды қолдайды екен. Ал 64 проценті қысқартуды қалайды. Қытайға қатысты көрсеткіштер басқаша. 35,6 проценті қолдаса, 54,5 проценті қарсы. Ал Ресеймен арадағы тығыз қарым-қатынасты қазақстандықтардың 74 проценті қолдайды екен. Скептиктердің саны 18 проценттен аспайды. Бұл – ең үздік көрсеткіш. Бұл дегеніміз, қазақстандықтардың басым бөлігі Ресей Федерациясымен байланыстарды дамытуға мүдделі.

Негізі, осы тығыз қарым-қатынас ортақ тарихқа негізделген, мәдени байланыстар да бар. Бүгінде жүздеген қазақстандық Ресейде білім алып жүр. Еуразиялық экономикалық одақ та өзара байланысты күшейтіп отыр. Қазақстанның сыртқы саясатында ЕАЭО-ның атқаратын рөлі зор.

Биыл ақпан айында Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институты ЕАЭО-ның тиімділігіне арналған сараптаманы жариялады. Оған сәйкес, бес жылдың ішінде одаққа мүше мемлекеттерде адам басына шаққанда ішкі жалпы өнім 12 процентке өсті.

Инвестициялар 19 процентке артса, жұмыссыздық 12 процентке төмендеді. Ал Қазақстанның өзіне одаққа мүше елдерден келетін тікелей инвестициялардың көлемі алғашқы үш жылда 2,4 есеге ұлғайған. Осы ақшаның басым бөлігі шикізаттық емес секторға салынды.

Иә, ЕАЭО-ның ішінде кедергілер де бар. Алайда оның бәрі тәртіп бойынша шешіліп отырады. Бүгінде импорттық тауарларды бақылау тетігі де бар. Қазақстан тиісті келісімді ратификациялады. Енді, таңба салу бойынша тиісті жұмыстар атқарылады.

Негізі, қазіргі кезде Қытайдан келетін контрабанда көп болып тұр. Қытайдың кеден органдары таратқан мәліметке сәйкес, өткен жылы Қазақстанға 12,7 миллиард теңгенің тауары жіберілді. Ал Қазақстанның өзінде 6,5 милиарды ғана тіркелген. Демек, республикалық бюджетке біраз салық түспей отыр. Оған қоса, көлеңкелі экономика мен криминалды сектор кеңейеді. Дәл осы топтар еуразиялық интеграцияға қарсылық білдіріп жатады.

474
Архивтегі фото

20 жылдан кейін ашылған қылмыс: үш адамды өлтірген жігіт сот залынан босатылды

12097
2011 жылы көктемде Қарағанды облыстық ішкі істер департаментіне Владивосток қаласынан хабар келді. Шұғыл ақпаратқа сәйкес, Камиль Джохаров жеке құжаттарын тексеру кезінде ұсталған. Қазақстан тергеушілері оны үш адамды өлтіргені үшін 20 жыл бойы іздеген болатын

Өмір басқаша еді...

1991 Қарағанды облысының тумасы Камиль Джохаров (оқиға қатысушыларының аты-жөні өзгертілді) екі жылдық әскери қызметін өтеп, туған жері – облыс орталығына жақын елді мекенге оралады. Жас жігіт отбасын құрып, бала сүюді армандайды. Жұмысқа тұрамын, я болмаса, жеке кәсіп ашамын деп армандаған.

Алайда ол кезде өмір басқаша еді. Рэкет, ұрлық пен қарақшылық қалыпты жағдайға айналған. Тепсе темір үзетін жігіттердің көбісі осы "кәсіпке" бет бұрды. Олардың арасында Камильдің таныстары да аз болған жоқ. Ондай адамдардан алшақ жүруге тырысса да, бір күні "старшактармен" бетпе-бет кездесуге тура келді.

Иван Графов, Берік Бекманов пен Михаил Галановты жұрттың бәрі білетін. Үшеуі рэкет боламыз деп, өздерінен кіші жігіттерден ақша бопсалап жүрген. Бір күні үшеуі көшеде "дастарқан" жаяды. Ащы судан алып отырып, жергілікті тұрғыннан ақша талап етіп жатқанда Камиль шыға келеді. Рэкетирлер оны шақырып алады да, оған да арақ құяды. Әскерден енді келген жас жігітті өз орталарына қосып алуды ойлайды. Бірақ Камиль бірден бас тартады. Содан бастап дұшпанға айналады.

Алматыдағы үш адамның өлімі: бұрынғы прокурордың қылмысы қалай ашылды

Сол күні үш жігіт Камильді қыспаққа алады. Ата-анасының мал сатумен айналысатынын еске алып, бір қой беруді талап еткен. Джохаров өзара жанжалды ушықтырғысы келмейді. Рэкетирлердің талабына көнеді. Қойды алғаннан кейін өзін және отбасын мазаламайды деп ойлайды. Сөйтіп, Графов, Бекманов пен Галанов Камильді алдарына салып алып, қойды алуға барады. Бірақ осыдан кейін оларды ешкім көрмеген, үшеуі де ізім-ғайым жоғалады.

Үш жігіттің мәйіті табылды  

Бірнеше күннен кейін үш жігіттің туыстары полицияға шағым түсіреді. Біреуі інісін, екіншісі баласын таппай жүргенін жеткізген. Тергеушілер куәгерлерді тауып, үш жігіттің соңғы рет қайда болғанын және қайда кеткенін біліп алады.

Камиль Джохаровты тергеуге алған кезде ешқандай дәйек табылмайды. Оның айтуынша, қой беремін дегеннен кейін төртеуі үйіне барған. Сол жерде Камиль оларға қойды шығарып берген. Содан кейін үш жігітті көрмеген.

Полицейлер іліп алатын ештеңе таппайды. Шынымен де, қылмыс жасайтын себеп болмаған. Үшеуі қойды алған да, кетіп қалған. Ал үш жігітті өлтірсе, денелері қайда? Құқық қорғаушылар тергеуді қалай бастайтынын білмеді.

Бір жылдан кейін осы іске қатысты тың дерек шықты. Жергілікті тұрғындардың бірі ауыл сыртымен келе жатқанда батпақтан шығып тұрған адамның қолын көрген. Дене мүшесі сүйекке дейін шіріп кетіпті. Зәресі ұшқан ер адам бірден полиция шақырады.

Шұғыл тергеу тобы оқиға орнында бірнеше сағат бойы жұмыс істейді. Сөйтіп, батпақтың ішінен үш ер адамның мәйітін алып шығады. Жергілікті полицейлер оларды бірден таныды. Олар – бір жыл бұрын жоғалған Графов, Бекманов пен Галанов. Тергеушілер күдіктіні көп іздеген жоқ, бірден Камиль Джохаровты еске алады. Себебі үш жігіттің мәйіті көмілген батпақ жер Джохаровтар мал баққан жайылымға жақын болған. Оған қоса, Камиль оларды соңғы рет көрген. Демек рэкетирлердің талабына бағынбай, өз қолымен жазалаған.

Осымен қылмыстық іс аяқталды деуге болатын еді. Алайда полицейлер қылмыскердің сот алдына тек 20 жылдан кейін ғана жауап беретінін ойламаған. Құқық қорғаушылар Камильді ұстауға келгенде оның кетіп қалғанын естиді. Джохаровтың қайда кеткенін ешкім білмепті.

"Бір жеңілденіп қалдым"

Үш адамның өліміне қатысты қылмыстық іс ұзақ уақыт архивте жатты. Ал 2011 жылы көктемде Қарағанды облыстық ішкі істер департаментіне Владивосток қаласынан хабар келді. Шұғыл ақпаратқа сәйкес, жеке құжаттарын тексеру кезінде Камиль Джохаров қолға түскен.

Тергеу материалдарына сәйкес, Джохаров үш адамды өлтіргеннен кейін Қиыр Шығысқа аттанған. Ол жақты жақсы білетін. Себебі әскери борышын Владивостокта өтеді. 20 жыл бойы ескі кеңестік төлқұжатымен жүрген екен. Отбасын құрған жоқ, өз үйі де болмапты. Соған қарамастан, бірде-бір рет құқық қорғаушылардың назарына ілінбеген. Ал Камильдің өзі полицияның қолына түскенде бір жеңілденіп қалғанын айтқан.

Джохаровты Қазақстанға қайтару жұмысы ұзаққа созылған жоқ. Экстрадициядан кейін ескі қылмыстық іс көтеріліп, қайта өндіріске жіберілді. Камиль болса, тергеу кезінде бәрін жасырмай айтты.        

Ата-анасын пышақтап тастаңдар!

Тергеу кезінде Камиль Джохаров өзін-өзін қорғау үшін және ата-анасының өмірін сақтап қалу үшін қылмысқа барғанын айтты.

"Біз алдымен қойды аламыз деп, үлкен үйге бардық. Алайда аулаға кіргенде үшеуі әкемнің "Жигулиін" көрді де, қойды емес, соны бер деп шыға келді", - деді Джохаров.   

Камиль көліктің кілтін бермеймін деген. Сол кезде бандиттердің серкесі өз сыбайластарына үйге кіріп, кілтті алып келуге бұйрық береді. "Ата-анасы қарсылық білдірсе, пышақтап тастаңдар!", - деп қысқа ғана қайырған.

Джохаров қылмыскерлерді тоқтатуға тырысады. Сол кезде Бекманов пышағын алып, жас жігітке тап берген. Алайда әскерде десантшы болған Камиль пышақты жылдам алып қояды да, өзіне шабуыл жасаған Бекмановқа қарсы қолданады. Сыбайласын құтқаруға жетіп келген Графов та ештеңе істей алмай, пышақ жарақатынан сұлап түседі. Ал Галанов монтировка ұстап жүгіреді. Бірақ Джохаров оны да бір теуіп, пышақтап тастаған.

Камиль есін жиғасын үш адамды өлтіріп тастағанын түсінді. Үшеуі де жерде қанға боялып жатты. Джохаров көп ойланбай, әкесінің көлігін ашып, жүк салғышқа клеенка төсейді. Сосын үш жігіттің мәйітін салып, батпақты жерге шығарып тастайды. Осыдан кейін үйдің алдындағы қанды жинайды. Пышақтарды лақтырып, көлікті жуып қояды.

Сот залынан босатылды

Сотта Камиль Джохаров жырақта жүргенде жасаған қылмысын күнде ой елегенін өткізгенін айтты. Сол кезде басқа амалы болды ма, жоқ па, осыны жан-жақты қарастырған. Бірақ өзін және ата-анасын қорғаудың басқа жолы болмады деген тұжырымға қайта-қайта орала берген.

Джохаровтың ісі алқабилердің қатысуымен қаралды. 20 жылдан кейін куәгерлердің көбісі қайтыс болған. Сот отырысына бір ғана куәгер келді. Дәл сол кісі Графов, Бекманов пен Галановтың Джохаровты алдына салып алып, бір жаққа кетіп бара жатқанын көрген. Ол үш жігіттің пышақ ұстап, Камильге қоқан-лоқы жасағанын да растады.

Алқабилер барлық материалды қарап, "Камиль Джохаров үш адамның өліміне кінәлі" деген шешімге келді. Алайда осы қылмысты жасауға мәжбүр болғанын мойындады. Себебі өзін және ата-анасын қорғауға тырысқан. Қылмыстық кодекс бойынша ондай әрекет аса ауыр қылмысқа жатпайды. Оған қоса, сот отырыстары өтіп жатқанда рақымшылық шарасы жарияланған болатын. Содан Камиль Джохаров тура сот залынан босатылды.

12097
Кілт сөздер:
Қарағанды, сот, қанды оқиға
Тақырып бойынша
Шымкентте он жыл бұрынғы жантүршігерлік қылмыстың беті ашылды
Сүйіктісін буындырып өлтірген: Ақтауда атышулы іске қатысты сот үкімі шықты
Талдықорғанда бастығын атып өлтірген подполковник құпияның бетін ашты
Ресейлік танымал әншіні кім өлтіргені 17 жылдан кейін анықталды
Дәрігер, архивтегі сурет

Ресейдің вирусология орталығы COVID-19-ға қарсы вакцинаны сынақтан өткізеді

0
Вакцинаны жаппай қолданбас бұрын ол зертханалық сынақтан сәтті өтуі қажет. Сонымен қатар өндірісте болып, дәрілік формада жасалуы тиіс

АЛМАТЫ, 26 мамыр – Sputnik. Роспотребнадзордың "Вектор" вирусология ғылыми орталығы маусымның соңында коронавирусқа қарсы вакцинаны клиникалық сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы "Известия" газетіне берген сұхбатында орталықтың бас директоры Ринат Максютов хабарлады, деп жазады РИА Новости

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін жануарларға жасалған тест нәтижелерін алу жоспарланып отыр және денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық зерттеулерге рұқсат беруін күтуде.

Максютовтың айтуынша, вакцинаны жаппай қолданбас бұрын ол зертханалық сынақтан сәтті өтуі қажет. Сонымен қатар өндірісте болып, дәрілік форма алуы керек.

Содан кейін клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулердің толық спектрі мен тіркеуден өтуі қажет. Бұған дейін Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығының директоры Александр Гинцбург вакцинаны әзірлеумен айналысатын орталық қызметкерлері, сонымен қатар өзі де  вакцина салдырғанын хабарлады. Айтуынша, оларда инфекциядан қорғайтын антидене пайда болған.

Ресейде коронавирусқа қарсы вакцина жасау үшін Санкт-Петербург вакциналар мен сарысу ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары да еңбек етіп жатыр. Препаратты әзірлеу барысында басқа елдерде де жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Гинцбург ресейліктерді жаппай вакцинациялау күздің басында басталып, ол процестің алты айдан тоғыз айға дейін созылатынын хабарлады.

Жаңа коронавирус (COVID-19 тудыратын) алғаш рет желтоқсанның соңында Қытайдың Ухань қаласында анықталды. Наурыздың басында ДДҰ оны пандемия деп таныды. Ұйымның ақпараты бойынша, әлемде 5,3 миллион адам коронавирус инфекциясын жұқтырған, 343 мыңнан астам адам қайтыс болды.

Ресейде 353 427 адамнан COVID-19 табылды, оның ішінде 118 798 науқас сауығып шықты, 3 633 қайтыс болды.

0
Кілт сөздер:
Ресей, коронавирус
Тақырып бойынша
Қазақстанда карантин шараларының сақталуын бақылау күшейеді
Жұмысқа шыққандар арасында вирус жұқтырғандар көбеюде – министрлік
Бас санитар дәрігер блок бекеттердің қандай жағдайда алынатынын айтты
Бас санитар дәрігер вирус жұқтырғандар саны неге артып жатқанын түсіндірді
Қазақстан өңірлері вирус жұқтыру өсімі бойынша үш топқа бөлінді