20 жылдан кейін ашылған қылмыс: үш адамды өлтірген жігіт сот залынан босатылды

© Sputnik / Табылды КадырбековАрхивное фото мужчины с ножом в руке
Архивное фото мужчины с ножом в руке - Sputnik Қазақстан
Жазылу
2011 жылы көктемде Қарағанды облыстық ішкі істер департаментіне Владивосток қаласынан хабар келді. Шұғыл ақпаратқа сәйкес, Камиль Джохаров жеке құжаттарын тексеру кезінде ұсталған. Қазақстан тергеушілері оны үш адамды өлтіргені үшін 20 жыл бойы іздеген болатын

Өмір басқаша еді...

1991 Қарағанды облысының тумасы Камиль Джохаров (оқиға қатысушыларының аты-жөні өзгертілді) екі жылдық әскери қызметін өтеп, туған жері – облыс орталығына жақын елді мекенге оралады. Жас жігіт отбасын құрып, бала сүюді армандайды. Жұмысқа тұрамын, я болмаса, жеке кәсіп ашамын деп армандаған.

Алайда ол кезде өмір басқаша еді. Рэкет, ұрлық пен қарақшылық қалыпты жағдайға айналған. Тепсе темір үзетін жігіттердің көбісі осы "кәсіпке" бет бұрды. Олардың арасында Камильдің таныстары да аз болған жоқ. Ондай адамдардан алшақ жүруге тырысса да, бір күні "старшактармен" бетпе-бет кездесуге тура келді.

Иван Графов, Берік Бекманов пен Михаил Галановты жұрттың бәрі білетін. Үшеуі рэкет боламыз деп, өздерінен кіші жігіттерден ақша бопсалап жүрген. Бір күні үшеуі көшеде "дастарқан" жаяды. Ащы судан алып отырып, жергілікті тұрғыннан ақша талап етіп жатқанда Камиль шыға келеді. Рэкетирлер оны шақырып алады да, оған да арақ құяды. Әскерден енді келген жас жігітті өз орталарына қосып алуды ойлайды. Бірақ Камиль бірден бас тартады. Содан бастап дұшпанға айналады.

Алматыдағы үш адамның өлімі: бұрынғы прокурордың қылмысы қалай ашылды

Сол күні үш жігіт Камильді қыспаққа алады. Ата-анасының мал сатумен айналысатынын еске алып, бір қой беруді талап еткен. Джохаров өзара жанжалды ушықтырғысы келмейді. Рэкетирлердің талабына көнеді. Қойды алғаннан кейін өзін және отбасын мазаламайды деп ойлайды. Сөйтіп, Графов, Бекманов пен Галанов Камильді алдарына салып алып, қойды алуға барады. Бірақ осыдан кейін оларды ешкім көрмеген, үшеуі де ізім-ғайым жоғалады.

Үш жігіттің мәйіті табылды  

Бірнеше күннен кейін үш жігіттің туыстары полицияға шағым түсіреді. Біреуі інісін, екіншісі баласын таппай жүргенін жеткізген. Тергеушілер куәгерлерді тауып, үш жігіттің соңғы рет қайда болғанын және қайда кеткенін біліп алады.

Камиль Джохаровты тергеуге алған кезде ешқандай дәйек табылмайды. Оның айтуынша, қой беремін дегеннен кейін төртеуі үйіне барған. Сол жерде Камиль оларға қойды шығарып берген. Содан кейін үш жігітті көрмеген.

Полицейлер іліп алатын ештеңе таппайды. Шынымен де, қылмыс жасайтын себеп болмаған. Үшеуі қойды алған да, кетіп қалған. Ал үш жігітті өлтірсе, денелері қайда? Құқық қорғаушылар тергеуді қалай бастайтынын білмеді.

Бір жылдан кейін осы іске қатысты тың дерек шықты. Жергілікті тұрғындардың бірі ауыл сыртымен келе жатқанда батпақтан шығып тұрған адамның қолын көрген. Дене мүшесі сүйекке дейін шіріп кетіпті. Зәресі ұшқан ер адам бірден полиция шақырады.

Шұғыл тергеу тобы оқиға орнында бірнеше сағат бойы жұмыс істейді. Сөйтіп, батпақтың ішінен үш ер адамның мәйітін алып шығады. Жергілікті полицейлер оларды бірден таныды. Олар – бір жыл бұрын жоғалған Графов, Бекманов пен Галанов. Тергеушілер күдіктіні көп іздеген жоқ, бірден Камиль Джохаровты еске алады. Себебі үш жігіттің мәйіті көмілген батпақ жер Джохаровтар мал баққан жайылымға жақын болған. Оған қоса, Камиль оларды соңғы рет көрген. Демек рэкетирлердің талабына бағынбай, өз қолымен жазалаған.

Осымен қылмыстық іс аяқталды деуге болатын еді. Алайда полицейлер қылмыскердің сот алдына тек 20 жылдан кейін ғана жауап беретінін ойламаған. Құқық қорғаушылар Камильді ұстауға келгенде оның кетіп қалғанын естиді. Джохаровтың қайда кеткенін ешкім білмепті.

"Бір жеңілденіп қалдым"

Үш адамның өліміне қатысты қылмыстық іс ұзақ уақыт архивте жатты. Ал 2011 жылы көктемде Қарағанды облыстық ішкі істер департаментіне Владивосток қаласынан хабар келді. Шұғыл ақпаратқа сәйкес, жеке құжаттарын тексеру кезінде Камиль Джохаров қолға түскен.

Тергеу материалдарына сәйкес, Джохаров үш адамды өлтіргеннен кейін Қиыр Шығысқа аттанған. Ол жақты жақсы білетін. Себебі әскери борышын Владивостокта өтеді. 20 жыл бойы ескі кеңестік төлқұжатымен жүрген екен. Отбасын құрған жоқ, өз үйі де болмапты. Соған қарамастан, бірде-бір рет құқық қорғаушылардың назарына ілінбеген. Ал Камильдің өзі полицияның қолына түскенде бір жеңілденіп қалғанын айтқан.

Джохаровты Қазақстанға қайтару жұмысы ұзаққа созылған жоқ. Экстрадициядан кейін ескі қылмыстық іс көтеріліп, қайта өндіріске жіберілді. Камиль болса, тергеу кезінде бәрін жасырмай айтты.        

Ата-анасын пышақтап тастаңдар!

Тергеу кезінде Камиль Джохаров өзін-өзін қорғау үшін және ата-анасының өмірін сақтап қалу үшін қылмысқа барғанын айтты.

"Біз алдымен қойды аламыз деп, үлкен үйге бардық. Алайда аулаға кіргенде үшеуі әкемнің "Жигулиін" көрді де, қойды емес, соны бер деп шыға келді", - деді Джохаров.   

Камиль көліктің кілтін бермеймін деген. Сол кезде бандиттердің серкесі өз сыбайластарына үйге кіріп, кілтті алып келуге бұйрық береді. "Ата-анасы қарсылық білдірсе, пышақтап тастаңдар!", - деп қысқа ғана қайырған.

Джохаров қылмыскерлерді тоқтатуға тырысады. Сол кезде Бекманов пышағын алып, жас жігітке тап берген. Алайда әскерде десантшы болған Камиль пышақты жылдам алып қояды да, өзіне шабуыл жасаған Бекмановқа қарсы қолданады. Сыбайласын құтқаруға жетіп келген Графов та ештеңе істей алмай, пышақ жарақатынан сұлап түседі. Ал Галанов монтировка ұстап жүгіреді. Бірақ Джохаров оны да бір теуіп, пышақтап тастаған.

Камиль есін жиғасын үш адамды өлтіріп тастағанын түсінді. Үшеуі де жерде қанға боялып жатты. Джохаров көп ойланбай, әкесінің көлігін ашып, жүк салғышқа клеенка төсейді. Сосын үш жігіттің мәйітін салып, батпақты жерге шығарып тастайды. Осыдан кейін үйдің алдындағы қанды жинайды. Пышақтарды лақтырып, көлікті жуып қояды.

Сот залынан босатылды

Сотта Камиль Джохаров жырақта жүргенде жасаған қылмысын күнде ой елегенін өткізгенін айтты. Сол кезде басқа амалы болды ма, жоқ па, осыны жан-жақты қарастырған. Бірақ өзін және ата-анасын қорғаудың басқа жолы болмады деген тұжырымға қайта-қайта орала берген.

Джохаровтың ісі алқабилердің қатысуымен қаралды. 20 жылдан кейін куәгерлердің көбісі қайтыс болған. Сот отырысына бір ғана куәгер келді. Дәл сол кісі Графов, Бекманов пен Галановтың Джохаровты алдына салып алып, бір жаққа кетіп бара жатқанын көрген. Ол үш жігіттің пышақ ұстап, Камильге қоқан-лоқы жасағанын да растады.

Алқабилер барлық материалды қарап, "Камиль Джохаров үш адамның өліміне кінәлі" деген шешімге келді. Алайда осы қылмысты жасауға мәжбүр болғанын мойындады. Себебі өзін және ата-анасын қорғауға тырысқан. Қылмыстық кодекс бойынша ондай әрекет аса ауыр қылмысқа жатпайды. Оған қоса, сот отырыстары өтіп жатқанда рақымшылық шарасы жарияланған болатын. Содан Камиль Джохаров тура сот залынан босатылды.

Жаңалықтар
0