РФ ТЖМ БЕ-200ЧС ұшақ-амфибиясы

Азов пен Каспийде жаңа ұшақ-амфибия пайда болады

113
Әлемге танымал Бе-200 көп нысаналы ұшақ-амфибиялар Ресей әскери-теңіз флотына қабылданды. Бұл әскери-теңіз авиациясының операциялық әлеуетін арттыра түседі

Машина жүктемемен жоғары көтерілуі бойынша жиырмадан астам әлем рекордын орнатып, өз тобында еш бәсекелеске дес бермейтінін көрсетті.

Ресей ӘТФ теңіз авиациясының ұшу құрамын әскери дайындау және қайта жаттықтыру орталығына 14 шілде күні РФ қорғаныс министрлігі үшін құрастырылған "Альтаир" Бе-200 ұшақ-амфибия жеткізілді. Сынақтан өткізу мақсатында пайдалану басталып та кетті. 2018 жылғы келісімшарт бойынша ӘТФ-ке Бериев атындағы Таганрог авиациялық ғылыми-техникалық кешенінен іздеу-құтқару модификациясындағы тағы екі ұшақ жеткізілуі керек. Алдағы уақытта Ресей ӘТФ үшін "Альтаир" құрастыру жалғаса бермек.

РФ қорғаныс министрлігі Балтық, Солтүстік, Тынық мұхит, Қара теңіз флоттарында теңіз авиациясының амфибиялық жасақтарын құруға ниеттеніп отыр. Бұл әскери патрульдеу, іздеу-құтқару жұмыстарының мүмкіндіктерін арттыра түседі. Ресей ӘТФ-ке арналған Бе-200 ұшақтары конструкциясы мен функциялары жағынан басқалардан айтарлықтай ерекшеленіп тұрады.

Бұған дейін Бе-200 ұшақ-амфибияларының шамамен 20 данасы шығарылған болатын. Олар Ресей мен Әзербайжан төтенше жағдай министрліктерінің пайдалануына берілді. Ұшақтың алты модификациясы бар: іздеу-құтқару, патрульдік, көліктік, санитарлық, жолаушылар, өртке қарсы. Қай салада екенін арнайы таңбаланған аббревиатура айқындайды. Мысалы, БЕ-200П патрульдеу үшін қолданылады және мемлекеттік шекараны бұзушыларды үлкен қашықтықта анықтауға арналған бақылау жабдығының көптігімен ерекшеленеді. Өртке қарсы БЕ-200ЧС экспортқа арнап шығарылады. Дәл осындай ұшақтың біреуін Әзербайжан сатып алса, 2016 жылы "ұшатын қайыққа" Қытай тапсырыс берген.

Жаңа жұлдыз

Бүгінде РФ қорғаныс министрлігімен алты "Альтаирге" келісімшарт жасалды. Мұның әскери-теңіз флоты үшін пайдасы айтпаса да түсінікті. Бе-200 "Альтаир" реактивті қозғалтқыштары бар әлемдегі ең үлкен заманауи ұшақ-амфибиясы теңіз шекаралары мен экономикалық аймақтарды патрульдеуге, іздеу-құтқару қызметтерін атқаруға, 1500 километр радиустағы және 10 мың метр биіктікте 5 тоннаға дейінгі жүкті тасымалдауға қабілетті. Қанатының астында орналасқан Д-436ТД қуатты қозғалтқыштары 710 км/сағ (крейсерлік – 365 км/сағ) жылдамдықпен ұшуға мүмкіндік береді. Ұшақ толқын биіктігі 1,3 метрге дейінгі теңізге қона алады, ал ұшу үшін оған, мейлі суда болсын, құрғақта болсын, небәрі 1500 м оталу қашықтығы қажет. Бұл ашық теңіздегі ӘТФ кемелеріне жүкті жедел әрі қауіпсіз жеткізу үшін маңызды. Сондай-ақ, автономдық база мүмкіндігі, ұшулардың жоғары қауіпсіздігі және қозғалтқыштардың бірі істен шыққан жағдайда суға қону мүмкіндігі Бе-200 ұшағының қосымша артықшылықтары болып табылады. Ұшақ екі жүз милялық жағалау маңында алты сағатқа дейін патрульдеу жүргізе алады.

"Альтаирды" игеру барысында РФ қорғаныс министрлігі оны бейбіт мақсатта қолданатынын мәлімдеді. Десек те, Бе-200 әмбебап әуе платформасы арнайы жабдықтың кең түрін орналастыруға, күрделі соғыс мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Сонымен, ӘТФ арналған ұшақтың патрульдік модификациясында әуе көлігінің бортында анықтаудың оптикалық-электрондық жүйесі мен операторлардың автоматтандырылған жұмыс орындары, сондай-ақ, командалық-тактикалық, радиолокациялық, радиогидроакустикалық, магнитті метриялық жүйелер, радиотехникалық барлау мен  қаруларды басқару кешендері орнатылуы мүмкін.

Тағы оқыңыз: Төртінші буынды МиГ-31 ұшағының мүмкіндіктері

"Альтаир" теңізде, жерде және әуедегі нысандарға барлау жүргізе алады, арнайы операцияларды қамтамасыз етіп, апатқа ұшыраған ұшақ, кеме және суасты қайықтарының экипаждарын іздестіре алады. Сондай-ақ, аталған ұшақ әскердің жеке құрамы мен қару-жарақты тасымалдауға, аэродромдық желісі жоқ аудандардағы жаралылар мен науқастарды эвакуациялауға қабілетті.

"Ұшатын қайыққа" заманауи борттық радиоэлектронды жабдық, соның ішінде, жаңа дәуірдің пилотаждық-навигациялық кешені орнатылған. Ұшақ кез келген физикалық-географиялық және климаттық жағдайда ұша алады. Мамандар Бе-200 "Альтаир" көп нысанды ұшағының келешегі зор екенін айтады.

Каспий ортасы

Бе-200 алғашқы жасағын Каспийде құру жоспарланып отыр. Айта кету керек, күні кешеге дейін Ресей ӘТФ Каспий флотилиясында жеке теңіз авиациясы болған жоқ. Шағын авиажасақтар Азаматтық және Ұлы Отан соғысы кезінде ғана флотилия құрамына кірген. Каспий теңізі "Альтаир" үшін сынақ полигонына айналатын тәрізді.

Бе-200 ұшақ-амфибияларының экспорттық әлеуеті жоғары және лайықты бәсекелесі жоқ.

Канаданың Bombardier компаниясы бортына 5,3 тонна су тией алатын CL-215 "ұшатын қайықтар" өндірісін 1990 жылдан бері тоқтатқан болатын. Әлемде шамамен мұндай 120 машина бар. Ал 6 тонна су тиейтін және PW123AF екі турбобұрандалы қозғалтқыштары бар Bombardier CL-415 және соның негізінде құрылған көп нысанды патрульдік 415MP сатып алушыларды үркітетін баға категориясында тұр. 25 жылдың ішінде 80 дана 415МР машинасы сатылған. Әйтсе де, Bombardier 415 көп көрсеткіші бойынша "Альтаирден" қалып тұр.

Жапониялық ұшақ-амфибиялар US-1A (1971 жылғы) және US-2 (2007 жылғы топтамада) іздеу-құтқару бойынша қабілеті төмен. Қытайдың ShinMaywa атты әуе кемесі тым қымбат. ҚХР 1985-1986 жылдары небәрі төрт SH-5 көп нысанды ұшақ-амфибияны жасап шығарды. Олар тек іздеу-құтқару жұмыстары үшін қолданылады. Ал, қытайлық AG600  ұшақ-амфибияның техникалық қиындықтары көп. Қытайлықтардың өрт сөндіру үшін ресейлік Бе-200 ұшағына тапсырыс беруі де тектен тек емес. Яғни, параметрлері бойынша "Альтаирге" тең келетін бәсекелес әлемде жоқ.

113
Кілт сөздер:
Каспий, ұшақ, Ресей
Тақырып бойынша
Ресей флоты жаңа кемелермен толығады
АҚШ-тың СНВ-3 келісімшартынан шығуы неге әкеп соғады
Теңіз үстінде жүзіп бара жатқан кеме

"Скиф" теңіз түбіндегі құпия

63
Ресей өз территориясына зымырандық шабуыл жасалған жағдайда ұшу кезінде іске қосылған оқтұмсықтың құрамын анықтау мүмкін болмағандықтан, елдің ядролық әлеуетін іске қосады

Бұл жөнінде Қарулы күштердің бас штабы дайындаған "Ядролық тежеу саласындағы Ресей Федерациясы мемлекеттік саясатының негіздері туралы" атты мақалада айтылған. Ал материал "Красная звезда" газетінде жарияланды.

Мұндай жағдайда қарсыластың мақсаты Ресейдің көзін жою деп қарастырылады да, "жауапты әрекет жойқын болады".

"Скиф" тереңдікке негізделген континентаралық баллистикалық зымырандарын (КБЗ) жаппай іске қосу осы тектес жауаптардың бір нұсқасы болуы әбден ықтимал. "Скифтің" орналасу нүктелері және саны, соққы жасау қуаты, ұшу траекториясы санаулы мамандарға ғана мәлім екенін ұмытпау керек.

Жай ғана теория тұрғысынан қарастырсақ, қарсылас әскери патрульдеу аумағында 955 жобасының "Ярс" стратегиялық мақсаттағы зымырандық суасты крейсерлерінің ізіне түсіп, оларға соққы жасауы, "Авангард" жеке бағыттаудың гипердыбысты маневрлеуші блоктары бар "Ярс" атты 150 зымырандық кешендеріне алдын алу соққыларын жасауы, ресейлік бомбалаушы зымыран тасымалдағыштарға қандай да бір шабуыл жасауы мүмкін делік. Осы жағдайдың өзінде мұхит тереңдігінен жауапты соққы орындалады. "Скифке" қарсы қарусыздандыру соққысын жасау технология тұрғысынан мүмкін емес.

Ресейдің стратегиялық ядролық күшінің көзге көрінбейтін құрауышы, "Скиф" тереңдікке орналастырылған баллистикалық зымырандары теңіз тұңғиығында жылдар бойы жатып, пәрмен келген уақытта құрлықтағы да, теңіздегі де нысандарға соққы жасай алады. Зымыран ақпараттық саладағы құпиялылығымен көзге түсіп отыр. "Рубин" ОҚБ мен Макеев атындағы мемлекеттік зымыран орталығының бұл әзірлемесі тиімділігі жағынан жоғары екенін дәлелдеп тұр. "Скиф" бұған дейін кеңінен танымал болған "Синева" КБЗ-ның жетілдірілген нұсқасы болып табылады. Оның ұшу сипаттамалары жетілдіріліп, жаңа жасанды интеллекті дамытылды. "Скифтің" маңызды артықшылығы – әскери өміршеңдігінің биіктігі мен пайдалану құнының арзандығы.

Контейнердегі құпия

Тереңдіктегі "Скиф" КБЗ субмариналарға арналған үлкен қашықтықтағы зымырандар тобына жатады және теңіз түбінде жатып қызмет етеді. Аталған зымыран үлкен қысымнан және агрессивті ортадан сенімді қорғайтын, әскери-теңіз флотының пәрмен беру нүктесімен байланысты қамтамасыз ететін іске қосу контейнеріне орналастырылған. Көп жылдар бойы зымыранды тұщы судан қорғайтын герметикалық және тот баспайтын "қаптаманы" дайындау жобаның басты техникалық проблемасы болды. Есесіне, қазір теңіздегі "Скифті" табудан гөрі сабан арасынан инені тапқан әлдеқайда оңай.

КБЗ контейнерінің әлеуетті қарсылас торпедалары үшін қолжетімсіз тереңдікке орналастырылуы оның құпиялылығының жоғары болуы және әскери өміршеңдігін қамтамасыз етіп отыр. Арнайы субмарина "Скиф" зымыранын орналасу орнына жеткізеді.

Соғыс жағдайында қолдану кезінде контейнер сигнал бойынша балласты жиырып тастап, белгіленген тереңдікке дейін жүзеді де, зымыран өз бағдарламасы бойынша нысанға қарай бағытталады. Егер "Синева" КБЗ алыстығы 8 000 киломтерден астам болса, онда "Скиф" жетілдірілген зымыран ретінде бұдан да ұзақ қашықтықта әрекет ететінін пайымдауға болады.

Айта кету керек, Ресейдің ішкі суларындағы әскери кезекшілік 1970 жылғы "Теңіз тереңдігі туралы келісімшарт" талаптарын бұзбайды. Бұл келісімшарт 12 милдік жағалауға жақын тереңдікте ядролық қару орналастыруға тыйым салады.

"Скиф" КБЗ-ның экономикалық жайлылығы да айқын көрініп тұр. Мысалы, ядролық тасымалдағыш-субмариналар өндірісте және пайдалануда өте қымбат, экипажды дайындау да арзанға түспейді. Тереңдікке орналастыру зымыраны қосымша шығынсыз-ақ қызмет ету мерзімі бойынша кез келген субмаринадан оза алады және өзінің бастапқы соғыс әлеуетін сақтап қалады. Ұжымдық Батыс жариялаған теңіздегі қарулану жарысында Ресейдің жауабы осы.

Көкке ұшқан арман

Ресей президенті Владимир Путин 2 маусымда "Ядролық тежеу саласындағы мемлекеттік саясат негіздерін" бекітті. Құжатқа сәйкес, әлеуетті қарсылас агрессия үшін жауап қайтарылатынын білуі қажет. Сонда да Ресей ядролық қаруды тежеу құралы ретінде қарастырып отыр.

Еске салсақ, 1970 жылдары АҚШ тереңдікке зымырандар орналастыру идеясынан бас тартты және Еуропада орташа қашықтықтағы зымырандарды орналастыруға бет бұрды. АҚШ-тың ядролық стратегия құжаттарында Батыс Еуропадағы озық орналастыру жүйесі мен ұшу уақытының ұтымды болуы есебінен шектеулі ядролық соғыста жеңіске жетудің агрессивті доктринасы пайда болды.

Вашингтон жсопары бойынша Pershing-2 зымырандары КСРО-дағы нысандарға 1 800 киломтер қашықтыққа дейін қуаты 80 килотонна ядролық моноблоктарды жеткізуі керек болатын. Бүгінде бұл тарих қайталанып отыр. Тек, басқа технологиялық деңгейде. Біздің көз алдымызда озық орналастыру жүйесі (Forward Based System) Германиядан Польшаға орын ауыстырып жатыр. Стратегиялық қарулану саласындағы АҚШ әрекеті ядролық құралдарды қолдану арқылы "жаһандық соққы" тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған.

АҚШ пен НАТО белсенділері әскери құралдар арқылы Ресейдің экономикалық дамуы мен халықаралық ықпалының өсуін тежегісі келеді. Ресейдің Батыстан оқ бойы озық тұрғанын гиппердыбысты зымырандар, субмариналар, 5-ші буынды жойғыштарын, су астында қозғалатын ұшқышсыз ұшу аппараттарын және басқа да жоғары технологиялық қару-жарақты дайындау саласындағы әзірлемелері арқылы дәлелдеуге болады.

Екі онжылдыққа жуық уақыт бойы аз қаруланған "Талибан"* террористік ұйымын жеңу мақсатында Пентагон өз одақтастарымен бірге Ауғанстанда құны қымбат әскери операциялар жүргізді. Алайда, бүгінгі күні АҚШ қарсыласпен өз әскері үшін масқаралы бейбіт келісім жасасты да, Ауғанстан Ислам Республикасын тағдырдың тәлкегіне тастап кетіп барады. Өкінішке қарай, Вашингтон дұрыс шешім қабылдай алмады. Есесіне, Еуропаны ресейлік көзге көрінбейтін қауіптен құтқаруға құлшына кірісіп кетті. Алайда, "Скифтер" мен РФ қауіпсіздігінің басқа да кепілдіктері сақ тұр.

* – "Талибан" – Қазақстан мен Ресейде және бірқатар елдерде тыйым салынған террористік ұйым.

63
Кілт сөздер:
қауіпсіздік, АҚШ, Ресей
Дональд Трамп

Трамп АҚШ әскерін Германиядан шығарады

56
(Жаңартылды 18:51 11.08.2020)
АҚШ қорғаныс министрі Марк Эспер алдағы уақытта Германиядан әскер шығару әрекеті Ресейді ұстап тұру стратегиясына сәйкес орындалатынын мәлім етті

Мәлімдеген позициясына негіз ретінде айтар жалғыз уәжі ғана болса, ведомство басшысының жағдайы мәз емес секілді. Егер ресми көзқараспен қарасақ, іс жүзінде АҚШ "көп әскерін шығысқа, ресейлік шекараға жақынырақ жылжытады". Ал осы тұжырымға "тереңірек үңіліп" қарар болсақ, онда тезистің күлі көкке ұшқаны анықталады, деп жазады РИА Новости.

Германиядан 12 мыңға жуық әскери қызметші шығарылады. Бірақ олардың басым бөлігі – 6,4 мың азамат АҚШ-қа оралады. Қалғандары Еуропаның басқа елдеріне, соның ішінде, Италия мен Бельгияға да жіберіледі. Мәскеумен иық тіресе орналасқан Польшаға небәрі мың әскери қызметші жөнелтіледі. Бұл Эспердің сөзін растайтындай ауқымды көрсеткіш емес. Басқаша болуы екіталай еді. Себебі, ФГР-дегі америкалық контингенттің айналасындағы коллизияның НАТО мен Ресей арасындағы қақтығысқа қатысы алшақтау.

2018 жылдың маусым айында Washington Post Пентагон Еуропадағы әскерді ірі көлемде қайта орналастырудың құны мен салдарына талдау жүргізіп жатқаны жайлы жазды. Басылым дәл сол жылдың басында Трамп бұл мәселеге қызығушылық танытқанын атап өтті. АҚШ президентінің мұндай әрекетке баруына НАТО одақтастарының қорғаныс үшін қалталарын қаққысы келмегені себепші еді. Ең алдымен бұл Берлинге қатысты болды. Ол әскери шығындарды ЖІӨ-ден екі процентке дейін көтеруден көп жыл қатарынан бас тартып келеді.

Бір жыл бұрын бұл мәселеге тағы көтерілді. Ол кезде АҚШ-тың Германиядағы елшісі Ричард Гренелл Құрама Штаттар өз әскери контингентінің бір бөлігін ФГР-ден Польшаға көшіруге дайын екенін мәлім етті. Оның айтуынша, "немістер өз сауда теңгерімінің қаражатын елдегі ішкі қажеттіліктерге жұмсап отырған кезде америкалық салық төлеуші Германиядағы 50 мыңнан астам отандасы үшін салық төлеуді жалғастыра беруі намысқа тиетін әрекет".

Бұл мәлімдеме Польшадағылар үшін қуанышты хабар болды. Өткен жыл бойы польшалық саясаткерлер мен БАҚ өз елдерінің Еуропадағы америкалық қарулы күштер орналастырылған негізгі орынға айналуын асыға күтті. Тіпті, ядролық қаруды қайта орналастыру мәселесіне дейін талқыланды. Бірақ айта кету керек, бұл әңгіме бос жерден пайда болған жоқ. Мұнда да Шаттағылардың үлесі орасан зор болып тұр.

Егер фактілерді саяси мәлімдемелер және жоспарлардан тазартып қарар болсақ, онда бәрі айдан анық.

Құрама Штаттар көп жылдар бойы әлемдегі ең ірі экономикалардың бірі саналатын Германияны әскери шығынды арттыруға көндіре алмай келеді. Америкалықтар тарапынан қоқан-лоққы да, қысым мен қорқыту да жасалды. Алайда, олардың барлық әрекеті нәтижесіз болды: Вашингтон немістерді алған бетінен қайтара алмады.

Соған қарағанда, Дональд Трамптың бұл мәселеден ығыры шыққан секілді. Сондықтан, елдегі қорғаныс министрі мен басқа да ресми тұлғалар америкалықтардың көшбасшысы қабылдаған шешімде АҚШ аса аянышты күйде болмауы үшін түрлі уәждерді айтып жатыр.

Бірақ олар бәрібір аянышты күйде тұр.

Немістерден көздегеніне қол жеткізе алмады. Өз экономикасына қосымша қаражат тарта алмады. Еуропадағы әскери контингент қысқартылады. Мұның барлығы Ресейдің өз ықпалын арттырып жатқан шақта орын алып отырғаны жағдайды тіпті ушықтыруда. Жалпы Германияны жазалау ретінде әскерін әкету аса ұтымды әдіс емес. Әрине, ФГР әскери инфрақұрылымға қызмет көрсету бойынша жұмыс орындары мен біршама қаражаттан айырылады. Бірақ бұл Вашингтон талабына келіскенде орын алатын шығынның жанында түк те емес.

Сол себепті, Польшадағы қосымша мың әскери қызметші Ресейді ұстап тұру бағытындағы АҚШ-тың ауыз толтырып айтар жалғыз дәйегі болып отыр. Бірақ Трамптың әскерін әкету туралы шешімге келуіне не себеп болғаны қызықты. Себебі, ол Германияны әлі де біраз әурелеп, діттегеніне жетуге талпынса болар еді. Есесіне, салдары мұншалықты шиеленіспес пе еді.

Мұның жауабын Америка президентінің жеке тұлғасынан және ұлттық көшбасшы ретінде алға қойған мақсатынан іздеуге болады.

Дональд Трамп өзінің ел күтпеген қылыққа құмар мінезіне қарамастан, АҚШ-тың көптен күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселелерін реттеуге тырысатыны хақ. Мейлі, ол бағыттағы әдіс-тәсілдері тым радикалды болса да. Сол себепті, бұл мәселеде президент Трамптың ашуға берілуі орынды: Еуропаның қорғаныс қызметтерін Америка өз мойнына алғанымен қоса, барлық шығынды да өзі көтеріп келеді. Ал әлемнің ірі және экономикасы бай елдер АҚШ-тың мойнына мініп алғандай.

Бұл жерде мәселе Германия және басқа да елдердің Ресей тарапынан болатын қауіпке аса қатты сенбеуінде болып отыр. Сондықтан, америкалықтар Мәскеумен әскери-саяси қақтығысын жалғастырғысы келсе, онда Еуропа НАТО бойынша аға серіктесінің бұл ойынына қолдау көрсетуге дайын. Бірақ ол үшін шығынға батудан бас тартып отыр.

АҚШ-тың ұлы держава ретіндегі мәртебесі америкалықтардың басым бөлігі үшін өзіндік құндылық іспеттес. Сондықтан, олар бұл бағытта қаражат шашудан аянбайды. Мейлі, ол жоба сәтсіз аяқталары анық болса да. Бірақ Дональд Трамп бұл ұстанымды жақтамай отыр. Ол әлемдік көшбасшылық Құрама Штаттарға және оның экономикасына табыс әкелуі керек екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын.

Германиядан әскерін әкету туралы шешім Трамптың сөзі мен ісі бір жерден шығатынын дәлелдеді.

Берлиннің өз ұстанымынан айнымайтынын түсінген ол бұл іске бизнесмен ретінде қарап, шығынды азайту шараларын қолданды. Әскерді қайта орналастыруға да аз шығын кетпейді. Бірақ бұл алдағы жылдардың ауқымды шығынын алдын алуға жасаған оңтайлы шешім екені анық. Сондықтан, Дональд Трамптың әскерді немістердің елінен әкету туралы шешімі экономика тұрғысынан тиімді және АҚШ-тың ұлттық мүддесіне сәйкес келеді деп сенімді айтуға болады.

56
Кілт сөздер:
әскери, Ресей, Германия, АҚШ
Иллюстративті фото

Шымкентте жоғалған қыз Алматы облысынан табылды

0
Хабар-ошарсыз кеткен қызды табуға Абай АПБ-ның барлық жеке құрамы мен полиция департаментінің бөлімшелері жұмылдырылды

НҰР-СҰЛТАН, 12 тамыз – Sputnik. Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері жоғалған қызды Алматы облысының Қаскелең қаласынан тапты.

Абай ауданының полиция басқармасына әйел қызының жоғалып кеткені туралы арызданды, деп хабарлады Polisia.kz.

Оқи отырыңыз: Түркістанда жоғалған бойжеткеннің екі апта бойы не істегені белгілі болды 

Хабар-ошарсыз кеткен қыздың жүрген жерін анықтау мақсатында Абай АПБ-ның барлық жеке құрамы мен полиция департаментінің бөлімшелері жұмылдырылды. Жедел іздестіру шаралары барысында, атап айтқанда, республиканың барлық өңіріне бағдар жіберілгеннен кейін хабар-ошарсыз кеткен қыздың Алматы облысының Қаскелең қаласында екені анықталды.

Абай АПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері қызды Шымкент қаласына жеткізді.

 

0
Кілт сөздер:
Шымкент
Тақырып бойынша
Түркияда қазақ қызы жұмбақ жағдайда жоғалып кетті
19 жыл бұрын ұшты-күйлі жоғалған қазақстандық қыз Тәжікстаннан табылды
"Қызымды жылатқан" Есікте жігітпен желі арқылы танысқан қыз жоғалып кетті
Жиырма жыл бұрын жоғалған қыз ата-анасымен қауышты – видео