Самолет F-35A Lightning II

Америка F-35 жойғышының беделін қалпына келтіруге тырысып жатыр

48
Жасыратыны жоқ, жоғары авиациялық технологиялар саласында көш бастауға қарағанда, жарнамалау мен сату АҚШ-тың қолынан көбірек келеді

Мұның дәлелі ретінде, Пентагон мамандарының пікірінше, бесінші буын талаптарына сәйкес келмейтін америкалық F-35 көп нысанды жойғыш-бомбалауышының ұзақ құрылу тарихы мен сүйемелдеуін айтуға болады.

Lockheed Martin өкілдері баспасөз мәслихатында америкалық F-35-ті алтыншы буын жойғышына айналдыру жоспарымен бөлісті. Алайда, F-35 Lightning II жобасында бесінші буын параметрлері орындалмай, технологиялық серпіліс болған жоқ.

Еуропалықтар өздеріне тиесілі алтыншы буын жойғыштарын қолпаштап жатса, Lockheed Martin одақтастарының бастамаларын басып тастауға тырысып, F-35 "сенімді нұсқасын" алуды міндеттеп отыр. Олар F-35 2020-2030 жылдарындағы модернизациядан кейін алтыншы буында болатынын алға тартып отыр.

Америкалықтардың F-35 Lightning II жойғышын еуропалықтар мен басқа да одақтастарына сатуға деген ұмтылысын түсінуге болады. Аталған жойғыштың бір данасы үшін баға 100 миллион доллар шегінде екенін де айта кетейік. Сонымен, америкалықтардың оны сатуға деген құлшынысына көп нысанды жойғыш бомбалаушыны құру бағдарламасына жұмсалған 1,3 триллион доллар инвестицияны қайтару себепші.

Lockheed корпорациясы әлемнің тоғыз еліне 500-ден астам F-35 ұшағын жеткізген. Жыл сайын 100-ден астам "найзағай" шығарылады. F-35-тің түрлі модификациясы топтамалы түрде 2011 жылдан бері шығарылып келе жатыр. Әйткенмен, ұшақ авиация мамандарының көңілінен әлі де шықпай отыр. Соңғы екі айдың ішінде жеті америкалық жойғыш ұшақ апатқа ұшырады. Оның екеуі осы F-35А болатын.

Бүгінде "Найзағайдың" бес басты кемшілігі бар. Олар технологиялық тұрғыдан қалпына келтірілмейтін және өзгертілмейтін қателіктер. Мысалы, инертті газды тудыратын борт жүйесінің конструктивті ерекшеліктері (OBIGGS) әуеде жойғыштың жанармай бактарының жарылысына алып келуі мүмкін. Фактілерге сүйенсек, F-35 Lightning II – форсаж кезінде көп дегенде 1 минутқа ғана үдей алатын 4-ші буын жойғышы. Сонымен қатар, F-35 заманауи радарларда анық көрінеді. Әсіресе, 1 Махе кезінде басталатын корпустың қызып кетуі кезінде көрінуі айқын.

Пентагон пайдаланушылық сипаттамаларын мәжбүрлі түрде өзгертті. Енді F-35 қысқа жылдамдықтарға ғана шамасы жететін дыбысқа дейінгі ұшақ саналады. F-35 Lightning II беделіне дақ түсуі негізсіз емес. Сондықтан, ұшақты алтыншы буынға модернизациялау жайында хабарлайтын уақыт келді. Оны қаруландырудың көптеген сыртқы жүйелерін және ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқарудың кеңейтілген желілік мүмкіндіктері болуы міндетті. Әрине, одақтастардың өз жаһандық ақпараттық желілері жоқ. Ал, Пентагон желісіне қосылу F-35 тиімділігіне әсер етеді. Америкалықтардың бизнес-жоспары мінсіз болғанымен, қоғам шынайылығына сәйкес келмейді. "Найзағайдың" төртіншіден алтыншы буынға эволюциялық түр өзгертуі екіталай.

Мамандардың айтуынша, бүгінде "барлық бағыт бойынша ірі ауқымды шабуылдарды ұйымдастыру үшін әскери-әуе күштерінің қолбасшылық және басқаруының орталықтандырылған жүйесі F-35 ұшақтарының есептеуіш қуатын, сенсорлар мен байланыс құралдарының мәліметтерін қолданады". Осы тұста аталған шабуылдар қашан және қайда өткенін сұрағымыз келеді. Алайда, презентация ақиқаттан әркез алыс.

Lockheed вице-президенті Грег Ульмер Tech Refresh 3 жаңарту пакетінде есептеуіш қуаты ұлғайтылған жаңа біріктірілген процессор, кабинаға арналған панорамалық дисплей мен кеңейтілген жады блогы пайда болатынын мәлімдеді. Бұл топтамадағы ұшақтар 2023 жылы конвейерден түсіріледі. Дәл сол кезде жаңа бағдарламалық жасақтама арқылы ұшақ мүмкіндіктерін жедел кеңейтуге мүмкіндік беретін платформа пайда болады.

Тағы оқыңыз: Ресей өз әскерінің жауынгерлік дайындығын тексерді

Еске салсақ, F-35 біріктірілген бағдарламалық кеңсесі (JPO) аппараттық және бағдарламалық жасақтаманың алғашқы 66 жаңартуын анықтады. Олардың сегізі өткен жылы жүзеге асырылады деп уәде етілген болатын. Бүгінде тек қақтығысуды болдырмаудың автоматтандырылған жүйесі ғана дайын.

Жүзеге асырудың мұншалықты шапшаңдығы екіұдай ой тудырады. Қалай болғанда да, Lockheed Martin айтарлықтай технологиялық серпіліс уәде етіп тұрған жоқ. Бар болғаны "эволюциялық процесс".

Келешектің жойғышына ұшу радиусын 40%-ке кеңейте алатын сыртқы жанармай бактарын орналастырады. 2030 жылға қарай F-35 жойғышы AIM-260 немесе Raytheon AIM-120 орташа қашықтықтағы алты "әуе-әуе" жетілдірілген зымырандарын таси алады-мыс және ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандармен теңіздегі нысандарға шабуыл жасайтын көрінеді. Алайда, он жылдан кейін мұнымен ешкімді таң қалдыра алмайсың. Ол уақытта АҚШ-тың әлеуетті қарсыластарында әуедегі шабуылға қарсы қорғаныс құралдары мен гипердыбысты қарулары бар кемелері болатыны анық.

АҚШ одақтастары мен әлеуетті қарсыластары да бір орнында тұрмайтыны белгілі. Сондықтан, 10 жылдан кейін де Пентагонға жақын Defense News басылымы толық жетілдірілмеген F-35 жойғыштарының жырын жырлайтыны хақ. Қалай десек те, ауқымды модернизация мәселесі бүгінде шешіліп қойған мәселе. АҚШ Конгресіне жаңартулар тізімі ұсынылып үлгерді.

Онжылдықтағы келешек

"Бесінші буындағы" F-35 Lightning II қымбатқа түскен бірнеше сәтсіздіктерінен кейін америкалық конгресс алтыншы буын жойғыштарын құрастыратын бағдарламаны қаржыландыруды 2021 жылы 85%-ке шектеу туралы ниетін мәлімдеді. Бұл жағдайда "онжылдық модернизация" корпорация үшін ұтымды қадам болып отыр.

F-35 модернизациясының оптимистік сценарийі бойынша қорғанысқа бағытталған жаһандық шығындар өсімі мен F-35 ұшақтарының 4 мыңға дейінгі сатылым өсімін болжайды. Ал, бейтарапты болжам қорғаныс шығындары 2040 жылға дейін бұрынғы деңгейде тұратынын, сондықтан, модернизация бағдарламасын тежеп, бірақ, сатылымға әсер етпейтінін қарастырады. Ал, негативті сценарий әскери шығындардың ұзақ мерзімді төмендеуімен және 2020-2030 жылдары жеткізулердің құлдырауы және модернизацияның тұралап қалуымен байланысты.

Бұл болжамдар шартты сипатқа ие және көрші елдердің технологиялық дамуы мен қайта қарулануы секілді көптеген сыртқы факторды есепке алып тұрған жоқ. F-35 бағдарламасын жүзеге асыру тәжірибесі көрсеткендей, ауқымды қаржы салымы әркез технологиялық жетілдірумен байланысты бола бермейді. Сондықтан, алтыншы буын ұшағын жасаудағы америкалықтардың әрекеті әлем елдерінің авиация саласындағы барлық маманның назарында болады.

48
Кілт сөздер:
қару, АҚШ, Ресей
Альтиус-У

Әуе күштеріне соққы жасайтын дрондар қашан пайдалануға беріледі?

47
Ресейдің әуе-ғарыш күштері (ӘҒК) 2021 жылдан бастап соққы жасайтын көп нысанды ұшқышсыз ұшу аппараттарын ала бастайды. Бұл жөнінде ӘҒК бас қолбасшысының орынбасары Сергей Дронов мәлімдеді

Әскери басшы мынаны атап өтті: "Сирия Араб Республикасындағы арнайы операция барысында пилотсыз авиацияны пайдалану өз тиімділігін растады. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану қаруланған заңсыз құрылымдардың нысандарына дәл соққы жасауға мүмкіндік берді".

Ресей ӘҒК-нің жақын және алыс қашықтықтағы ҰҰА кешендері әзірше басқарылатын авиация міндеттерін шешу және мүмкіндіктерін кеңейту үшін "екінші рөлде" қызмет етіп жатыр. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының бірыңғай ақпараттық кеңістікте әскери ұшқыштармен ықпалдастығы артып келеді және келешекте "ақылды" дрондар үлкен жетістікке қол жеткізеді. Ресейлік көпнысанды ұшқышсыз ұшу аппараттары 2021 жылдан бастап өз бетінше әуе барлау қызметіне жетекшілік етіп, "стратегиялық тереңдіктегі дәлдігі жоғары оқ-дәрімен қарсылас нысандарына шабуыл жасай алады".

Дронов генерал алдағы уақытта ӘҒК әскери құрамына енетін дрондардың "есімін" атамады. Бірақ, ауыр "Охотник" 2024 жылы операциялық дайындыққа жететіні белгілі, ал қалған екі ресейлік аппарат – "Альтиус" пен "Орион" Сириядағы сәтті сынақтан кейін әскери-тәжірибелік пайдалану сатысында тұр.

Көшбасшы "Орион"

Ұшқышсыз "Орион" 8000 метрге дейінгі биіктікте әрекет етеді, 250 кг дейін пайдалы жүктемемен қосымша жанармай құюсыз әуеде 24 сағатқа дейін ұша алады (аппарат салмағы – 1100 кг). Ұзындығы – 8 метр, қанатының құлашы – 16 метр. Диаметрі 1,9 метр АВ-115 қос қалақты бұрандасы бар АПД-110/120 поршеньді қозғалтқышымен жабдықталған.

Жауынгерлік қолдану радиусы басқару қағидасына байланысты болады (жердегі оператор немесе жеке бағдарлама). Құрылғы жоғары дәлдіктегі зымырандарды жеткізе алады және қарсыластың аумағындағы тереңдікте орналасқан нысанды қирата алады. Ұшқышсыз ұшу аппараты Сирияда конструктарлар тағайындаған соққы әлеуетін сенімді жүзеге асырды. Қытайдың "Хуаньцюшибао" басылымының мәліметі бойынша, мұнда тұрақты түрде түрлі модификациядағы шамамен 80 ресейлік дрон бар көрінеді. Видеолардың бірінде соққы жасаушы "Орион" Зака қаласындағы содырлардың тірек нүктесін қиратты.

"Орионның" зымырандық-бомбалаушы қарулануы жайлы ашық дереккеөздерде мейлінше аз айтылған. Алайда, ақпан айында "Тактикалық зымырандық қарулану" корпорациясының бас директоры Борис Обносов журналистерге дрондарға арналған жеңіл арсеналды әзірлеу туралы айтып берді.

Есептеуіш техника қуаттылығының артуы және жасанды интеллектінің күрделі алгоритмдерінің артуына байланысты алдағы жылдары жоғары дәлдіктегі жеңілдетілген қарулану тиімділігі күрт артуы мүмкін.

"Орион" ҰҰА зерттеу мен сынақтың сан түрлі жолынан өтіп, қазір сәтті қолданыста жүр. Бұл жоба 2011 жылы Ресейдің қорғаныс министрлігі тарапынан болған тапсырыс бойынша дайындалды.

"Орионның" сериялық өндірісі 2019 жылдың тамызында басталды. Жыл сайын осы тектес 30 машина шығару жоспарда бар. Өндіруші компания "Орион" ҰҰА-ның экспорттық нұсқасы қайран қалдырарлықтай болатынын мәлімдеді.

Автономды "Альтиус"

"Альтиус" атты үлкен қашықтыққа ұшқышсыз ұшатын ауыр турбобұрандалы аппарат автоматты режимде алғашқы ұшуды 2019 жылы жүзеге асырды. Бұл машина қанаттарының ұзындығы 28,5 м болса, корпусының ұзындығы 11,6 м құрайды. Ол сағатына 250 км/сағ жылдамдықпен екі тәулік бойы 2 тоннаға дейінгі жүктемені көтеріп жүре алады және 12 мың метр биіктікте 10 мыңға дейінгі километрді оңай еңсеруге қабілетті. Композициялық материалдарды пайдалану арқылы жасалған дронның өз салмағы 5-6 тоннаны құрайды.

СП-2 инерциялы навигациялық жүйе аппараттың әуеде көзге түсуін төмендетеді және қарсылас тарапынан радиоэлектронды қарсы әрекетке қосымша төзімділігін қамтамасыз етеді. Жасанды интеллекті бар "Альтиус" автономды түрде, оператордың қатысуынсыз, басқарылатын ұшақтармен өзара әрекеттесе алады.

Бүгінде жауынгерлік дрон әуедегі жағдай туралы штабтан өз бетінше ақпарат алуға, әлеуетті қарсыластың әуе шабуылына қарсы қорғаныс аймақтарын айналып өтіп, нысанаға бағдар құруды, маңызды жер үсті және су үстіндегі нысандарды (штаб, байланыс тораптары, зымыран қондырғылар, кемелер) анықтауға және жоюға және әскери қызметтің басқа да қыр-сырын үйренуге ден қойып жатыр. Ауыр және өте ақылды "Алтиус" Ресей ӘҒК және ӘТФ-ға қарулануын толықтырады деп жоспарлануда.

Ұзақ қашықтыққа және жоғары биіктікке ұшатын дрондардың әуедегі үстемдігінің артуы, соққы жасаушы және барлаушы ұшқышсыз ұшу аппараттарын белсенді пайдалану және "интеллектуалдандыру", әскери мамандар мен жауынгерлік роботтардың бірлескен әрекеттері қайтымсыз қарқынға айналуда. РФ Қарулы күштерін ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жаппай жабдықтау олардың жауынгерлік пайдалану тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді, ықтимал басқыншының жолында - ауада, құрлықта және теңізде еңсерілмейтін кедергілерді тудырады.

Ресей 2022 жылы тағы бір ұшқышсыз ұшу аппаратын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл – "Сириус". Аталған аппаратәуеде 40 сағатқа дейін ұша алады, 1 тонна пайдалы жүктемемен 12 мың метрге дейінгі биіктікте 10 мың километрге дейінгі қашықтықты еңсере алады.

РФ әуе-ғарыштық күштерінің "ақылды" барлау және соққы жасаушы ұшқышсыз ұшу авиациясымен басымдықпен дамуы қазір қолданыста бар және келешектегі авиациялық жою құралдарының тиімділігін арттырып, жеке құрамның ықтимал шығынын төмендетеді.

47
АҚШ-тың F-16 әскери ұшағы Ирактың Балада әскери базасында, архивтегі сурет

Иракта болған соғыстың әлемге қандай әсері тиді

228
Автор "Соғысты бастау. Буш әкімшілігі Американы Иракқа қалай итермеледі" кітабын жаза бастағанға дейін Буштың отбасымен достық қарым-қатынаста болған

АҚШ-тың қазіргі ұлттық апатына Ирактағы сәтсіз (немесе арандатқан) оқиғалар себеп болған: дәл қазір бұл айқын сериялар сияқты. Жақында Америкада жарық көрген кітапта 2003 жылдың наурызында Иракқа басқыншылық әрекетті бастау туралы шешімді кім және қалай қабылдағанын егжей-тегжейлі талданған.

Бұл кітап осынысымен ғана жақсы емес. Сонымен қатар бұл жерде сол кездегі басқарушы топ – Джордж Буш пен оның өзге де серіктестерінің бірегейсіздігі ғана емес деген тақырыпта арандату пікірталасын тудырды. "Ал бірегейсіздік қайдан пайда болады?" дегенге нақты себептер де бар.

Әңгіме ауаны Роберт Дрейпердің "Соғысты бастау. Буш әкімшілігі Американы Иракқа қалай итермеледі" (To Start a War, by Robert Draper) деп аталатын жұмысы туралы өрбімек. Автор осы кітапты жаза бастағанға дейін Буштың отбасымен достық қарым-қатынаста болған. Ол бұл кітапты жаза бастағанда, экс-президент онымен сөйлесуден бірден бас тартқан. Ал сол кездегі оның серіктестері бас тартпаған. Дрейпер шенеуніктерден алынып, сол уақыттарда жарияланған жүздеген сұхбаттарды жинақтады. Өйткені, бұл материалдар әрдайым оқуға жарамағанмен, өте пайдалы еді.

Ендеше, бұл мәселенің астарына америкалық азамат ретінде емес, адами көзқараспен үңілу керек. Ирактағы соғыс Америка мен әлемге не әкелді?

90-жылдардағы жағдай осы әлемді басқаратын жалғыз ғана держава бар деген елес кезді. Себебі, сол кездегі держава әлсіз қарсыласпен соғыста айқын жеңіске жете алатындығын әлемге көрсетті (өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағы үндіқытайдағыдай емес). Бірақ мұндай жеңіс жеңімпазды жойып жібереді.

Мұндай жағдайда жақын одақтастар (Германия мен Франция), сондай-ақ мейірімді серіктестердің (Ресей) өзіндік көзқарасы болуы тиіс және қажет жағдайда Американы елемесе, ол орынды еді.

Америка өзінің барлық қаржылық және басқа да күштерімен бір елді (яғни Иракты) басып алу арқылы оны бақытқа кенелтіп, гүлдендіре алмады. Бұл әлемдегі ондаған мемлекетті дұрыс ой мен іс-әрекетке әкелуде АҚШ-тың (батыстың да) саяси және құндылықтар жүйесі экспортқа жарамсыз дегенді білдіреді. Яғни, бұл жерде Америкасыз өтіп қана қоймай, қажет болса айналып өту деген сөз.

Егер Ирак авантюрасы болмағанда – қазіргі қаржылық қиындықты айтпағанда, америкалық қоғамның, бүкіл басқару жүйесінің бүгінгідей бүлінуі мен идеологиялық күйреуі болмас па еді? Қалай болғанда да, Ирак мұнда айтарлықтай өзіндік үлесін қосты.

Дрейпердің кітабы бізге ең алдымен америкалық барлаудың деградациясына қатысты кездейсоқ сюжетті көрсетеді. 90-шы жылдардың соңында ЦРУ-дің бірнеше бөлікке бөлінуіне байланысты Билл Клинтон әкімшілігімен арада  проблемалар туындағаны белгілі болды. Бірақ содан кейін 2001 жылдың 11 қыркүйегінде террористік шабуыл болып және сол кездегі ведомство басшысы Джордж Тенет ықпалды жандандыруға үміттенді.

Айтпақшы, ЦРУ-дің 90-жылдардағы сәтсіздіктерінің өзіндік және әртүрлі себептері болды. Бірақ содан кейін күлкілі жағдай орын алды. Атап айтқанда, Таяу Шығыста (бүкіл Ирак тарихының нәтижелері бойынша белгілі болған) ақылды әрі қабілетті мамандардың жетіспеушілігі туындады. Содан кейін Тенеттен болмағанды болдыру талап етілді. Яғни, Ирак жетекшісі Саддам Хусейн 11 қыркүйектегі террорлық шабуылды ұйымдастырған "Аль-Каидамен"* құпия одақтас болғанын және АҚШ-қа қарсы жаппай қырып-жою қаруын дайындап жатқандығын дәлелдеуі керек.

Ал мұндай жағдайда нашар барлау қызметі өзін қалай ұстайды? Жалған деректер жасап, оған сенуді сұрайды. Айтпақшы, "Америкалық сайлауға Ресей араласты" деген ашық айыптауға негізделген жалған деректерді 2003 жылдармен салыстырып қарағанда жағдай әлі де өзгерген жоқ. Жалпылама түрде алғанда ақылды барлау қызметі мемлекет үшін көп ақша үнемдеп, ал ақымақ үлкен проблемалар туғызады.

Бірақ бір ведомствоның сәтсіздікке ұшырауы – мұның өзі ерекшелік. Егер Джордж Буш жеке өзі мен негізгі лауазымдарға тағайындаған адамдар ЦРУ-дан мұндай жалған ақпаратты талап етпегенде, Ирак апаты болмайтын еді. Осылайша, Теннет өзінің кеңсесін Саддамды АҚШ-қа қауіп төндіруші идеясын "халыққа сататын" агенттікке айналдырды. Бірақ оны сол дәуірдің барлық басты кейіпкерлері – қорғаныс министрінің орынбасары Пол Вулфовиц пен оның бастығы Дональд Рамсфелд, вице-президент Дик Чейни және ең алдымен президенттің өзі мәжбүрледі.

Мұны неліктен жасады? Өйткені, олар Американың кедергісіз басшылығы ретінде бүкіл әлемдегі жаһанданудың идеологтары болды. Олар сол бұрынғы лауазымдарында, 90-жылдардың соңында Конгрестің "Иракты азат ету актісін" қабылдауға қол жеткізді. Өздері комиссия құрып, іс жүзінде Ирактан келетін "қауіпті" ЦРУ байқамады деп айыптады (сонымен бірге Иран мен Солтүстік Корея да бар). Ал лаңкес террористер Нью-Йоркке соққы жасаған кезде ел басқарылмайтындай күйге душар болды.

Ал енді Бушқа келер болсақ, кітапта Саддам жай құбыжық еместігі және оны билікте қалдыру мүмкін емес екендігі айтылған.

Дрейпердің сөзіне қарағанда, әкімшілікте Иракта соғыс бастау туралы бір де бір пікірталас болмаған. Әңгіме, тек қана қашан және қалай болатыны туралы өрбіген.

Демек, идеялар алдын-ала іске асқан кезеңде, фактілер де оған сәйкес келуі керек. Олай болмаған жағдайда мемлекеттегі билеуші ​​таптың надандығы мен тозуы орын алады. Президенттер мен премьер-министрлерді немесе патшаларды қандай-да бір жолмен өзгерту мүмкін-ау, ал жалпы ұлтты ауыстыру қиын.

* – Қазақстан мен Ресейде тыйым салынған террористік ұйым.

228
Кілт сөздер:
соғыс, Джордж Буш, АҚШ
Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші

Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл: композитордың өмірі жайлы қызықты деректер

0
Қазақстанның халық әртісі, композитор, қазақ мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15  тамызда қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Кіші жүздің Жағалбайлы руынан шыққан. Әкесі Қалдаяқтың шын аты Әнәпия болған, ал анасы төренің қызы  – Сақыпжамал. Әкесі дүниеге ұл келсе, оған Жәмшид патшаның атын қоямын деген екен. Бір күндері түсінде ұлының айдын көлден аққу құс болып жүзіп жүргенін көріп, жақсыға жорыпты.

Шәмшінің әкесі Қалдаяқ ауыл шаруашылығына қажет құрал-саймандарды жасайтын шебер, жаңқаға жан бітірер ұста болған, қобыз бен домбырада еркін ойнаған, қиссаларды жатқа айтқан. Композитордың әкесі мен анасы ән өнерінен құралақан болмаған, олар да туған жерінде той-думанның көркі болған деседі.

"Ежелгі заманда Жәмшид деген патша болған деседі. Патшаның ерекше айнасы болған екен. Сол арқылы бүкіл әлемді көре алған. Кейін келе қазақтар осы есімді өз ұлдарына берген. Шәмші Қалдаяқовтың шын есімі де Жәмшид болған. Фамилиясы да Қалдаяқов емес, басқа болған. Қазақта келіндер жолдасының бауырларын атымен атамаған. Ол кісінің аяғында қал болса керек. Содан Қалдыаяқов болып кеткен", - дейді есімтанушы Бердалы Оспан.

Шәмшінің анасы Естайдың "Құсни Қорлан" әнін ерекше ұнатып орындаған.

"Менің дауысым жоқ дейтін. Осы әнге ғана дауысым жетеді деп отырыс-жиындарда "Қорлан" әнін салушы еді",  - дейді Шәмші Қалдаяқовтың келіні Аманкүл Төрегелдиева естелігінде.

Шәмші Қалдаяқовтың өнер жолы

Шәмші Қалдаяқов мектепті бітірген соң Сарыағаштағы мал дәрігерлік техникумында білім алды. Оқуын бітірген соң 20 жастағы Шәмші Ақтөбеде сегіз ай еңбек етті. 1951-1954 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын атқарды.

"Әскери қызметте жүргенде 50 градус аязда ащы суды ішуді үйреніп кеттім. 1973 жылы ақпанда арақты қойдым" дейді Шәмшінің өзі. Оған біреулер сенеді, біреу сенбейді, бірақ шындық – сол. Одан кейін татып алған емес", - дейді Шәмшінің досы Еркінбай Әлімқұлов.

Ал Шәмшінің інісі Қадір Қалдаяқовтың айтуынша, әскерден келген соң Шәмші Мәскеудегі Чайковский атындағы училищеге оқуға түседі. 1954 жылы оны бітірместен, елге қайтып келеді. Анасы науқастанып жатып, баласын орыс болып кетеді деп қорқып, шақыртып алған.

Ауылға оралған соң үйірмелерге қатысып, клуб меңгерушісі болып қызметке араласа бастады. 1955 жылы Ташкенттегі Хамза Ниязи атындағы музыкалық училищеге музыка теориясы факультетіне қабылданды. Ол жерде іссапармен Ташкентке барған әнші Жамал Омаровамен танысады. Сөйтіп Шәмшіні Алматыға шақырады.Ташкенттегі оқуын бітірмей, Шәмші Алматыға көшіп келеді.

"Бойдақ кезінде мен Жамал апаның үйінде тұрдым. Ол кезде тұрмыс та нашар болатын. Тамақ, шай, су мәселесі студенттерге ауыр кез болатын. Жамал апаның үлкен баласы есебінде тұрдым", - дейді Шәмші Қалдаяқов бір естелігінде.

1956 жылы Қалдаяқов Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түседі. Ол жерде алты жыл бойы бірінші курс студенті болып жүреді.

Екі мыңнан аса хат келді

Шәмші Қалдаяқов артынан 300-ге жуық ән жазып қалдырды. Сырға толы, мұңға толы нәзік, ырғақты әндері қазақ даласын алақанына салып аялап, әлі де тербетіп келеді.

"Арыс жағасында" әні бір жылдары радиодан беруге тыйым салынған. Бұрынғы әндеріне иірімдері ұқсайды деген желеумен көркемдік кеңестен өтпей қалады. Дегенмен сол кезде "Қазақ радиосының" музыкалық редакциясында жұмыс істейтін Нұрғали Нүсіпжановқа, Ескендір Хасанғалиевқа бұл ән ұнап қалады. Тәуекелге бел айлап, екеуі әнді жазуға кіріседі.

"Дыбыс режиссері шақырып алып, мына әнді өзіміз үшін жазып қояйық деген ой болды. Әнді жазып жатқанда, дауысын естіп қалып, есікті ашып, бірлі-жарым кісілер әннің тамаша екенін айтумен болды. Біз үндемей отырдық, себебі тәртіп қатаң болатын. Көркемдік кеңестен өтпеген ән эфирге жақындамауы керек", - дейді Нұрғали Нүсіпжанов.

Жазылып, дайын тұрған лирикалық ән байқаусызда радиодан беріліп кетеді.

"Ескендірге шаруамыз бітті, тәртіп бұздық, енді жұмыстан шығамыз деп айттым. Аптаның аяғында екі мыңнан аса елден хат келді. Әннің тамаша екенін айтып, жылы лебіздерін жазыпты, - деп еске алады Нүсіпжанов.

Саналы ғұмырында Шәмші Қалдаяқов Мұхтар Шаханов, Сабырхан Асанов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Зәкір Шүкіров, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың дарынды ақындарымен жұмыс істеді.

Сазгер әндері 60-70-жылдардагы жастардың аузында жүрді. Халық арасында әсіресе отаншылдық, елшілдік туралы "Менің Қазақстаным" туындысы айрықша болды. 1986 жылы желтоқсан көтерілісіне қатысушылар Алматы алаңы мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұран етіп шырқап шықты. 2005 жылы "Менің Қазақстаным" әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді.

"Ол тұс – Ақмоланы "Целиноград" атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Осының алдында ғана Оңтүстік Қазақстанның нағыз қазақи үш ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Қазақ жері осылайша бөлшектелгелі жатқанда, оның асқақтығын жырлайтын әнұран қажеттігін сезіндім. "Менің Қазақстаным" солай туды. Өлеңін Жұмекен Нәжімеденов жазды. Әнді радиоға Жамал Омарова жаздырды да, ол ән біздің өтінішіміз бойынша күніне бірнеше рет беріліп тұрды. Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді", - дейді Шәмші Қалдаяқов естелігінде.

Отбасы туралы не білеміз

Шәмші Қалдаяқов жары Жәмиләмен 31 жасында отау құрады. Бұған сол кезде студенттік қауымды селт еткізген Шыңғыс Айтматовтың "Жәмилә" повесі себеп болыпты.

"Шәкең бойжеткеннің есімін сұрайды. Ол Жәмилә десе, өзінің Шәмші Қалдаяқов деген композитор екенін айтады. "Құдай куә, Жәмилә деген қыз кездессе, үйленемін деген уәдем бар еді. Қарсы болмасаңыз, бас қосайық. Отбасын құрайық деген", - деп еске алды композитордың досы Еркінбай Әлімқұлов.

Осылайша Шәмші мен Жәмиләнің шаңырағында екі ұл дүниеге келді: Әбілқасым және Мұхтар.

"Әкем қазақтың табиғатына жақын әндерді жазғандықтан халық жүрегінен орын алды. Ол – өте мейірімді, ақкөңіл болатын. Айналасындағы адамдарға үнемі қол ұшын беруге асықты. Үйге қонақ шақырғанды жақсы көретін. Бір сөзбен айтқанда, кеңпейіл жан еді. Қыста ешқайда шықпайтын, үйде отыратын. Ал көктем шыға салысымен, туған-туыс, достарын аралап кететін", - деп еске алады ұлы Мұхтар Қалдаяқов.

Шәмші Қалдаяқов жан досы Төлеген Айбергенов дүниеден өткен соң ақынның жары Үрнисаға үйленеді. Ақынның артында қалған шиіттей бес баланы қамқорлығына алады. Алайда Шәмшінің бұл әрекеті көпшілікке ұнамай, достары да теріс айналған.

"Шәмші Қалдаяқов әкемнің жақсы жолдасы болған. Бізді жетілдіремін, жеткіземін деп анама үйленді. Екеуі көп тұрмаған. Шамамен екі жыл тұрған", - дейді Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова.

Шәмші Қалдаяқов өмірінің соңында Жамбыл облысындағы Дүнген ауылында тұрды. 1991 жылдың 16 қара­шасында дерті асқынып, ауруханаға түсті. Сол жылдың 29 желтоқсанында композиторға "Қазақстанның Халық әртісі" атағы берілді. Халқын сүйген, халқы сүйген сазгер 1992 жылдың 29 ақпанында көз жұмды.

2020 жылы Түркістан облысы Отырар ауданында Шәмші Қалдаяқовтың 90  жылдық мерейтойы қарсаңында композиторға арналған Қазақстандағы алғашқы музей ашылды.

0
Кілт сөздер:
композитор, Шәмші Қалдаяқов
Тақырып бойынша
Алаш идеясы тығырыққа тірелді: Байтұрсынұлы кеңес өкіметі жағына не үшін өтті
"Бұл не деген масқара!": Бейімбет Майлин туралы қызықты деректер
Абай Құнанбайұлы ұрпағының шежіресі
"Қазақ поэзиясының құлагері" атанған Ілияс Жансүгіров туралы не білеміз?
"Халық тағдыры – карта ойыны емес": Міржақып Дулатұлы жайлы қызықты деректер
Қазақтың жері қалай заңдастырылды: Әлихан Бөкейхан туралы қызықты деректер