БАҚ микрофондары

АҚШ-тың ресейлік үгіт-насихат әдісін "әшкерелеуінің" астары қандай?

78
Америкалықтар әлемдік жалған ақпарат науқанында ресейлік әдісті "әшкерелегінін" жариялады. Алайда, бұл "әшкерелеу" Мемлекеттік департаменттің америкалықтарға тағы да жалған ақпарат таратуға деген талпынысы мен үкіметтен қомақты қаржы алуға деген жоспары болып отыр

АҚШ Мемлекеттік департаменті жанындағы Жаһандық өзара әрекеттесу орталығы "Ресейлік насихаттау және жалған ақпарат тарату экожүйесінің негіздері" атты баяндама жариялады. Бұл жұмыстың авторлары "әлем бойынша Ресейдің серіктестері, одақтық үкіметтер, азаматтық қоғам ұйымдары, ғалымдар, баспасөз қызметі және қоғам алдағы уақытта анализ жасап, жалған ақпарат пен үгіт-насихатқа қарсы ұжымдық жауапты күшейте алу үшін Ресей тактикасын әшкерелеуді" өздерінің мақсаты деп таныды.

Бір қарағанда барлығы салмақты көрінеді – 75 парақтағы мәтін, 313 сілтеме, графика және кестелер. Бұл жұмысты оқып шығу үшін біршама уақыт жұмсадым. Айталық, ол жерде Ресей билігі өз көзқарасын насихаттау үшін БАҚ-ты пайдалануға тырысып жатыр деген пікір жазылған. Әрине, бұл тек Кремльдің ойлап тапқаны, басқа елдер бұл әдісті үйреніп алуы тиіс.

Бұл жұмыстың тағы бір "жаңалығы" – ресейлік мемлекеттік БАҚ жариялаған ақпарат тез арада басқа басылымдарда жарық көріп, желі бойынша тез таралады. Авторлар әлемде интернеттің қалай жұмыс жасайтынынан және ақпарат таратудың бүгінгі әдісінен (қазіргі кезде ақпараттың рас-өтірігін тексеруге емес, шұғыл репост жасап, оқылым санын арттыру көзделетінінен) бейхабар болса керек.

Сонымен қатар, баяндамада мысал ретінде келтірілген БАҚ пен оның иелері жайлы ақпарат кез келген аналитик үшін құнды ақпаратқа толы. Себебі, промемлекеттік арналар, басылымдар мен сайттарға промемлекеттік идеологияны қолдайтын азаматтар басшылық ететін көрінеді.

Сонымен қатар, "ресейлік үгіт-насихат экожүйесінің" ағылшын тілді элементтерінде Ресейдің батыстық сыртқы саясат стратегиясының қателіктерін бетке басу ұстанымын қолдайтын шетелдік авторлар жұмысы жарияланатынын білгенде жағамды ұстадым.

Баяндаманың орта тұсындағы ой зерттеу жұмысының құндылығын асырып тұр: Мәскеудің әлемдегі проблемаларға қатысты кез келген көзқарасы, осы көзқарастың кез келген жарияланымы сөз бостандығының дәлелі емес, батыстағы шыншыл тұрғындардың санасын улайтын ресейлік үгіт-насихаттың мысалы болып табылады.

Осы бір ойдың өзі баяндаманы құнсыздандырып тұр деуге болар еді. Бірақ, оның құны көк тиын. 75 парақтағының барлығы дүйім жұртқа аян әдістерді зерттеу жұмысы іспетті ауқымды етіп көрсетуге ұмтылыс. Ондағы мақсат – Жаһандық өзара әрекеттесу орталығын қаржыландыруды екі есе ұлғайту туралы мемлекеттік хатшы Майк Помпеоның өтінішін бекіте түсу.

Ресейлік саясаткерлер мен сарапшылардың бұл баяндамаға қатысты реакциясы күлкі мен мысқыл деңгейінде болды. Ондағы мәліметтер кезекті русофобия ретінде қабылданды. Алайда, авторлардың оны жариялауға үлкен негіз болғанын мойындап отыр.

Бұл туралы мысалы, ресейлік депутат Сергей Железняк: "Русофобтардың баяндама түріндегі антиресейлік далбасаларының жаңа бөлігі америкалық саясаткерлердің ел ішіндегі және әлемдегі орын алып жатқан жағдайға қатысты үрейде отырғанын білдіріп отыр", – дейді.

Кейбір адамдар батыста сөз бостандығы бар деп ойлауы мүмкін. Алайда, бұл қате пікір. Себебі, көптеген мәселеде, әсіресе, идеологияға қатысты көзқараста америкалық БАҚ кеңестік басылымдарды еске түсіреді – олар бірыңғай, саяси дұрыс көзқарасты таратады.

Қара нәсілділердің АҚШ-тағы талқандауларына, америкалық тарихи мұраны қирату дұрыстығына, кінәсіздік презумпициясына деген жек көрініштікке, сондай-ақ, Ресейді әзірейіл етіп көрсетуге деген бұл көзқарас батыстық оқырмандар үшін жауыр бола бастады. Олар балама пікір іздеп, оны ресейлік БАҚ-тан тауып отыр.

Ал бұл АҚШ үшін ауқымды проблемаға айналып отыр. Себебі, әлемдік ақпаратқа бақылау жасау да АҚШ-тың тізгінінде болатын. Сондықтан, ресейлік СІМ-де атап өткендей: "Вашингтон өз көзқарасына қайшы келетін кез келген пікірді сынға алып, қарсылыққа толы дауысты тұншықтыруға тырысады". Сын көмектеспесе, санкциялар әдісіне жүгінеді.

Мұндай қудалаулар АҚШ-тың геосаяси мүмкіндіктерін әлсіздендіріп отыр. Сондықтан, америкалық сарапшылардың басым бөлігі жаһандық мәселелерді талқылау барысында Мәскеумен диалогта прагматикалық принципті ұстануға шақырып жатыр. Оның мысалы ретінде құрамында бұрынғы саясаткерлер мен дипломаттар бар 103 америкалық сарапшының ашық хатын айтуға болады.

"Бірақ, Жаһандық өзара әрекеттесу орталығының баяндамасы секілді құжаттар ресейлік-америкалық қарым-қатынасты одан әрі шиеліністіріп, екі ел арасындағы сенімсіздікті арттыра түсуі ықтимал", – дейді Железняк.

Геворг Мирзаян, РФ Қаржы университеті саясаттану департаментінің доценті

78
Түн мезгіліндегі әйел сұлбасы, архивтегі сурет

Бішкекте қазақстандық әйелдерді асқан жауыздықпен өлтірген: қаскөйлер қалай ұсталды

4930
(Жаңартылды 15:32 23.09.2020)
Осыдан сегіз жыл бұрын мемлекеттік шекара маңындағы банда полицияны аяғынан тік тұрғызды. Олардың құрбаны - Қазақстаннан барған бірнеше кәсіпкер. Сол кезде бұл қылмыс халықаралық жанжалға ұласа жаздаған еді

2012 жылдың ортасында Аламудун ауданының аумағында бірнеше ай бойы тәртіп сақшылары қарақшылардың ізіне түседі. Олар саудагер әйелдерді тонап қана қоймай, асқан жауыздықпен зорлаған. Бұл топтың темірдей тәртібі бар еді: ол – құрбандарды тірі қалдырмау. Бірақ қылмыскерлерден зәбір көрген әйелдердің бірі аман қалады...

Сол жылдары "Дордой" базары бүкіл Орта Азия аймағының көтерме саудагерлері арасында өте танымал еді. Демалыс күндері жүздеген саудагер, кейбірі топ-тобымен, енді бірі жалғыз жүріп Қырғызстанның шекарасын кесіп, арзан тауар сатып алу үшін осы базарға ағылады.

Қарақшылар туралы алғаш рет 2012 жылдың жазында айтыла бастады. Сол кезде 38 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны олардың құрығына ілігеді. Қылмыскерлер әуелі оны зорлайды, кейін Үлкен Шу каналына ағызып жіберуге шешім қабылдайды. Бұл аз дегендей, саудагердің басынан таспен ұрғылаған. Әйелдің тыныс алмай жатқанына көз жеткізгеннен кейін оның денесін суға тастайды. Кейінірек белгілі болғандай, тірі қалған келіншекті жолдың шетінен жүк көлігінің жүргізушісі тауып алып, аудандық ішкі істер бөліміне алып келген.

...Таң қылаң бере АІІБ кезекші бөліміне қатты соққыға жығылған, киімдері қанға боялған әйел келеді. Кезекші милиционер оның әңгімесін тыңдай келе, мұның қарапайым тұрмыстық жанжал емес, қоғамдық резонанс тудыратын ауыр қылмыс екенін түсінеді. Тәртіп сақшысы зардап шеккен қазақстандық азамат туралы дереу басшылықты хабардар етеді. Бір сағат өтпей жатып, аудандық бөлімге ауыр қылмыспен айналысатын мамандар жетті. Олар тергеу барысында бірнеше әйелді зорлап, біреуін өлтірген қандықол  қарақшылардың ізіне түседі.

Неден басталды

Банданың қылмысы туралы бәрін айтып беруге Шу қалалық ішкі істер басқармасының аға із кесушісі Айбек Парманасов келісті. Оның айтуынша, шекараға жақын маңдағы кеден бекетіне үш қарақшы арнайы құрбан іздеп келген. Қылмыскерлер сенбіге қараған түні осы бекет арқылы Бішкекке қомақты ақшасы бар саудагерлердің өтетінінен хабардар. Осылайша түннің бір уағында олар жалғызілікті әйелді байқайды. Қылмыстық топтың басшысы бір қарағаннан-ақ әйелдің саудагер екенін біледі. Енді оның сеніміне кіріп, өз көлігіне отыруға көндіру ғана қалады.

Сол түні әу бастан қылмыскерлердің жолы болды. Қазақстандық әйелді әрдайым кеден бекетінен алып кететін такси жүргізушісінің көлігі жолда бұзылып қалады. Соңғы сәтте ол саудагермен телефон арқылы хабарласып, болған жәйтты айтады. Ал кәсіпкердің түннің бір уағында бөтен елде далада қалғысы келмегені анық. Сондықтан оның жол шетінде тұрған такси жүргізушісінің ұсынысына келісуден басқа амалы қалмайды.

Оқи отырыңыз: 16 рет пышақ сұққан: шымкенттік мұғалімді кім және не үшін өлтірді

Жүргізуші бірден көлігінде тағы екі кәсіпкер отырғанын ескертеді. Оларды қарсы алу үшін әдейілеп келгенін, егер келіспесе, өздері кете беретінін айтады. Әйел амалсыз көнеді. Көлік трассаға шыға салысымен, әйелдің қасында отырған жолаушының бірі оның бетінен ұрады. Ал жүргізуші әйелге "тыныш отыр, әйтпесе өлім құшасың" деп қорқытады. 

Осыдан кейін олар Үлкен Шу каналына келеді. Қылмыскерлер бұл жердің әрбір бұрышына дейін жақсы біледі. Айдалада айғайлаудың, көмекке шақырудың еш пайдасы жоқ еді. Каналдың жағасында олар көліктен Ольганы шашынан сүйреп шығарады. Алдымен қаскөйлер қорғансыз әйелді тепкілеп, ұзақ уақыт қорлайды. Содан кейін іскер әйелдің сөмкесін ақтарып, 5 мың доллар, 37 мың теңге, жүздеген сом ақшаны алады.

Ешкімге тіс жармаймын...

Енді қылмыскерлерді тоқтату мүмкін емес еді. Әуелі қарақшылар тобының жетекшісі, кейін оның сыбайластары Ольганы аяусыз зорлайды. Әйелді тірі қалдыру ешкімнің ойына да кіріп шықпайды. Олардың алдында тізе бүккен саудагер өзіне аяушылық танытуын жалынып сұрайды.

"Үйде үш кішкентай балам бар, оларды жалғыз өзім тәрбиелеп отырмын. Қарт анам бар. Мен отбасының жалғыз асыраушымын. Оларға менсіз қиын болады. Ақшаны түгелдей алыңыздар, ал мені үйіме жіберіңіздер, бұл оқиға туралы ешкімге тіс жармаймын", – деп жалбарынады ол.

Әйелдің бұл сөзі қылмыскерлерге еш әсер етпейді. Топ жетекшісі сыбайластарына саудагердің аяқ-қолын байлап тастап, басынан таспен ұруды бұйырады. "Бірден өлтірмесек те, егер аяқ-қолын байлап-матасақ, ол бәрібір суға тұншығып өледі" дейді ол.

...Кейін із кесушілердің бөлмесінде отырған кезде ауруханадан енді шыққан әйелдің тергеушімен арадағы әңгімесін кездейсоқ естіп қалдым. Әйелдің қандай азапты бастан кешіргенін елестетудің өзі қиын еді.

"Қатты соққыдан көз алдым қарауытып кетті. Бірнеше минут есеңгіреп қалдым. Кейін суға батып бара жатқанымды сездім. Бірақ өзімді құтқаруға және балалар үшін өмір сүруге деген құлшынысым маған күш бергендей болды", – деді қорқынышты күнді көзіне жаса ала есіне түсірген ол.

Ольга жағалауға жетіп, қамыстың ішіне жасырынады. Қылмыскерлер өзінің өліп қалғанына көз жеткізіп, оқиға орнынан кеткенше судың ішінде бірсыпыра уақыт отырады. Әйел өзінің ішкі түйсігімен қылмыстық топ басшысының оның өлім құшқанына әлі де сенбейтінін сезеді. Себебі, қарақшы каналдың жанына әлденеше рет барып, оның түбіне қайта-қайта үңіледі.

Жағада отырған әйел қолына байланған жіпті тісімен қиып, жолға шығады. Оны жүк көлігі жүргізушілерінің бірі байқап қалып, милицияға жеткізеді.

Бұл қылмысты ашу үшін арнайы тергеу тобы құрылады. Кәсіпкердің сипаттауы бойынша милиция қызметкерлері үш қылмыскердің фотобейнесін жасайды. Әйел, әсіресе, топ жетекшісінің түрін өмір бойы ұмытпастай есінде сақтап қалған. Әзірге тергеу барысында бастысы бұл емес, қарақшылардың көлігі еді. Ольга көлікті сұр минивэн деп сипаттайды. Сондықтан тәртіп сақшылары осы көлікті іздей бастады. Кейін барлық қылмыскер ұсталғаннан кейін әйелдің психологиялық күйзелістен көліктің түсін ғана емес, маркасын да шатастырғаны белгілі болды.

Милиция бірден "Ақ-Жол" кеден бекетінде жұмыс істеген барлық такси жүргізушісін назарға алады. Күдікті көрінген бірнеше азаматты Ольгаға көрсетеді. Бұл уақытта кәсіпкер Қазақстанға оралып, олармен интернет және ұялы телефон арқылы байланысқа шығады. Тәртіп сақшылары қанша үгіттесе де, саудагер әйел Қырғызстанға оралмайды.

Ұқсас қылмыс

...Қыркүйектің соңғы күндерінде Бішкек – Алматы тас жолының бойында мал жайып жүрген жергілікті тұрғындар асқан қатігездікпен өлтірілген әйелдің денесін тауып алады. Мәйітті тексерген сарапшылар қанішерлердің әйелді темірмен ұрғанын анықтайды. Соққының қатты болғаны соншалық, әйелдің бас сүйегі бірнеше жерден сынған. Ол алған жарақатынан бірден жантәсілім еткен. Қаскөйлер мәйітті жол жиегінен біршама метрге дейін сүйреп апарып, бұталардың арасына лақтырып кеткен.

Іс кесушілер марқұм әйелдің кім екенін бірден анықтай алмайды, себебі, киімінің қалтасында құжаттары болмаған. Көп ұзамай тергеу ісіне араласқан патологоанатомдар келіншектің бірнеше апта бұрын өлтірілгенін хабарлайды. Бұдан бөлек, қылмыскерлер әйелді өлтірер алдында зорлағаны белгілі болды.

Келесі күні құқық қорғау органдарының өкілдері қылмыс туралы Бішкек пен Шу облысының барлық аудандық ішкі істер бөліміне хабарлайды. Сондай-ақ, өлген әйел туралы ақпаратты Қазақстандағы әріптестеріне де жеткізеді. Өйткені, 47 жастағы азамат Астананың тұрғыны болып шықты. Бұл әйел де тауар сатып алу үшін "Дордойға" келіп, артынан жоғалып кеткен. Ол бірнеше күннен кейін үйіне оралуы тиіс еді. Із-түзсіз жоғалған соң әйелдің күйеуі жергілікті полициядан көмек сұрайды.

"Бұл екі қылмыстың бір-бірімен байланысты екеніне күмәнданған жоқпыз. Екі жағдайда да Қазақстаннан келген саудагерлерге қарақшылық жасалған, қылмыскерлердің қолтаңбасы да ұқсас", – деді Шу ҚІББ бөлім бастығы Медер Мұратов.

Әуелі тәртіп сақшылары әйелдің шекараны кескен сәттен бастап, базарға дейінгі жүрген жолын зерттеуге тырысады. Бір қызығы, қылмыскерлердің құрығына ілінген екінші саудагер Бішкекке еш қиындықсыз жеткен. Милиция қызметкерлерінің қолында Ольгаға шабуыл жасағандардың фотороботы болды. Шұғыл отырыста олар іс-әрекет жоспарын белгілеп алады. Сөйтіп, қаскөйлерді "Дордойға" қатысы бар адамдардың арасынан іздеу керек деген ұйғарымға келеді.

Тәртіп сақшыларының бір тобы такси жүргізушілерін, арба сүйреушілерді, жергілікті қауіпсіздік қызметкерлерін тексеріп жатқанда, басқалары өлім құшқан саудагер әйел туралы жан-жақты ақпарат жинауға тырысады. Олар әйелдің күйеуіне хабарласып, сол күні кешке бірнеше сағат бұрын келіншегімен сөйлескенін біледі.

Әйелі барлық тауарды сатып алғанын, кешке такси ұстап, шекара бекетіне баратынын айтқан.

"Мен базардан бір жігітті кездестіріп қалдым. Ол мені шекараға дейін жолдың жарты құнына жеткізіп тастайтынын, жүгімді түсіруге көмектесететін айтты", – деген ол күйеуіне.

Үш рет сотталған

Тәртіп сақшылары тағы да белгісіз такси жүргізушісіне тап болады. Олар екі қылмыстың өзара байланысты екеніне көз жеткізе түседі. 

Қылмысқа қатысты бірден екі түрлі болжам жасалады. Марқұмның бірнеше мың доллар тұратын тауары жоғалған. Демек, қылмыскерлер жақын арада одан құтылуға тырысады, таныс алыпсатарларға сатуы мүмкін. Ал егер кісі өлтірушілердің базарға қатысы болса, онда заттарды осы жерде өткізуге тырысады деген сөз. Осылайша, тәртіп сақшылары базар ішін аралайды. Бірнеше саудагер фотороботтан үш қылмыскердің біреуін таниды. Олардың айтуынша, жас жігіт әйелдер киімін арзан бағаға сатқан. Көз жұмған әйел дәл осындай тауар сатып алған.

Осы жұмыстың нәтижесінде құқық қорғаушылар Ош облысы тұрғынының ізіне түседі. Ол базарда жүк тасушы ретінде нәпақа тауып жүрген 30 жастағы азамат еді. Бұған дейін үш рет сотталған жігіт қылмыстық топтың жетекшісі болған.

Тәртіп сақшылары оның соңғы рет Ош оқиғасынан кейін сотталғанын, сол уақытта Макаров тапаншасымен ұсталғанын анықтайды. Бірақ тергеушілер қаруды қандай мақсатта сатып алғанын сол күйі біле алмаған. Бостандыққа шыққаннан кейін ол тағы да ескі әдетіне көшеді.

Оқи отырыңыз: Балалар үйіндегі қанды қырғын: павлодарлық үш жасөспірім 6 адамды қалай өлтірді

Енді оның сыбайластарын анықтау үшін такси жүргізушісінің кіммен қарым-қатынас жасайтынын мұқият зерттеу қажет. Арада бірнеше күн өткеннен кейін күдіктінің үйіне екі жігіт келеді. Қамауға алған кезде қарақшылар құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсылық көрсетуге тырысады.

Тергеу кезінде қылмыстық топтың жетекшісі тәртіп сақшыларының сұрақтарына ұзақ уақыт жауап бермейді. Көп ұзамай, оған бұлтартпас дәлелдерді ұсынған кезде, қылмыскер еріксіз астаналық әйелді өлтіргенін мойындауға мәжбүр болды. Ал жазда жасаған қылмысты бандиттер өз мойнына алғысы келмеді, себебі, бірнеше қарақшылық үшін ұзақ мерзімге темір торға тоғытылатынын білді.

250 сом үшін...

...Қылмыскерлер Астанадан келген саудагерді шекара бекетінің маңынан байқаған. Бірақ оны көлігіне алдап отырғыза алмайды. Себебі, әйел өзін күтіп тұрған такси жүргізушісінің көлігіне отырады. Сондықтан, олар әйелдің артынан қонақүйге дейін барады. Бірақ сол түні саудагердің бөлмесіне баса-көктеп кіріп баруға қарақшылардың батылы бармайды. Осылайша, таңертең кәсіпкердің базарға баруын күтеді. Ол жерде қылмыскерлер әйелдің көп тауар сатып алғанын көреді. Осыдан кейін "үштіктің" жетекшісі өзін жақсы жағынан көрсетіп, саудагер әйелдің сеніміне кіреді. Кеден бекетіне дейін жеткізіп салуға ұсыныс тастайды.

Келіскен уақытта көлігімен қонақүйдің жанына келеді. Барлық сатып алынған тауарды көлігіне салып, кеден бекетіне қарай жол тартады. Қарақшының сыбайластары күтіп тұрған жерде ол көлігін тоқтатады. Қаскөйлер көліктің ішінен әйелді сүйреп шығарып, алдын ала дайындап қойған темірмен ұра бастайды. Өлтірмес бұрын әйелді зорлайды.

Бірақ кәсіпкерде қомақты қаражат жоқ болып шықты. Олар жәбірленушінің қалтасынан небары 250 сом ғана табады. Бандиттер әйелдің денесін жасыруға уақыт жоғалтқысы келмейді. Сондықтан, мәйітті ең жақын бұтаға дейін сүйреп апарады да, ол жерден кетіп қалады. Бірнеше күннен кейін топ басшысы әйелдің сөмкесінен шыққан барлық тауарды базарға алып барады. Сатушылар оның қолына бірнеше мың сом ғана ұстатады...

Оқи отырыңыз: Әйелдерді зорлап, өлтірген: Шымкентті дүрліктірген екі маньяк қалай ұсталды

4930
Кілт сөздер:
Бішкек, қарақшылық
Теңге, ақша

Зейнетақы жинағын беру халыққа шынайы көмек пе?

4170
(Жаңартылды 10:28 22.09.2020)
Қазақстанда зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат беру жайы былтырдан бері қозғалып жүр

Айлығы шайлығына жетпейтін қазақстандықтар үшін бұл жаңалық қараңғы туннельдің соңындағы үміт сәулесіндей көрініп еді. Алайда бөркін аспанға атқан ел-жұрттың қуанышы су сепкендей басылды.

Еңбек министрлігі жыл басында 113 мың қазақстандыққа ғана зейнетақы жинағын шешіп алуға рұқсат берілуі мүмкін екенін мәлімдеді. 30 жастағы ер адамдардың шотында кемінде 6 миллион, ал әйелдерде 9 миллион теңге болуы шарт еді. Есеп-қисап жасау кезінде министрлік әйелдердің ерлерге қарағанда көбірек өмір сүретінін есепке алыпты.

Мемлекеттік органның бұл ұсынысы экономистердің де, қарапайым халықтың да ашуына тиді. Елдегі орташа жалақының 200 мың теңгеден сәл ғана асатынын ескерсек, отыз жастағы салымшының шотына 9 миллион қайдан келсін?!. Билік осы арқылы халыққа Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшадан үміт үзіңдер дегісі келгендей еді.

Осылайша зейнетақы жинағына қатысты алғашқы ұсыныстар қоғамның сынына ұшырады. Бұл мәселеге президент те араласты. Міндет – зейнетақы жинағының бір бөлігін алу мүмкіндігіне ие болатын азаматтардың санын арттыру. Арада жеті-сегіз айтты. 1 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы жолдауын жария етті. Басты жаңалық – 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат ету. Үкімет пен парламентке жыл соңына дейін заңнамалық өзгерістерді әзірлеп, қабылдау тапсырылды. Зейнетақы жинағы баспанаға, емге немесе сенімгерлік басқаруға беріледі.

Барша халықты мазалаған ендігі сұрақ – жинақты алу үшін шотта кемінде қанша ақша болуы керек? Еңбек министрлігі ұзақ күттірген жоқ, әр жас үшін жеткіліктілік шегінің мөлшерін жария етті.

Жаңа есептеулерге сәйкес, зейнетақы жинағын пайдалана алатын бақытты қазақстандықтардың тізімі 6 есеге, 721 мыңға дейін көбейген. Жеткіліктілік шегі де әжептәуір төмендеген сияқты еді. Бірақ, бұған қуанған халықты байқамадық. Елдің көңіл-күйі жоқ, жабырқау. Қарапайым халықтың емес, тағы да сол баяғы бай-бағландардың сойылын соққан билікке өкпелі. Ренжитін жөні бар – зейнетақы шоты бар салымшылардың басым бөлігінде зейнетақы жинағы жеткіліктілік шегінен аспақ түгілі, маңына да жақындамайды.

Мәселен, 20 жастағы азамат жинағының бір бөлігін алғысы келсе, шотына ең кемі 1 миллион 720 мың теңге жиналуы шарт екен. Оқу орнын енді ғана тәмамдаған адамға мұндай ақша қайдан келеді? Еңбекке 18 жастан бастап араласқан күннің өзінде, айналдырған екі жылдың ішінде екі миллион жинау мүмкін емес. Жоғарыда аға-көкесі бар бай баласы болмаса, әрине. Екі жылда 1 миллион 720 мың теңгені жинау үшін жалақың 750-800 мың теңгеден кем болмауы керек. Осыдан-ақ, жеткіліктілік шегінің мөлшері халықтың 80-70 пайызы үшін тым жоғары екені көрінеді.

Тағы оқыңыз: Зейнетақы жинағын пайдалану: кім, қашан және қалай жұмсай алады

Экономистердің айтуынша, зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігіне ие болғандардың саны БЖЗҚ салымшыларының 10%-іне де жетпейді. Ал бұл он процент – басында баспанасы бар дәулеттілер деп топшылауға әбден негіз бар.

БЖЗҚ бір есебінде салымшылардың 70%-іне жуығында зейнетақы жинағы орташа есеппен 1 миллион теңге екенін, ал 97%-інде ақша 5 миллионнан да аспайтынын мәлімдеген еді. Қазақстанның әр өңірінде жалақы мөлшері де әртүрлі.

Мемлекеттік органдарға осы мәселелерді електен өткізіп, жеткіліктілік шегін тағы бір қарастырған жөн болар еді. Әйтпесе, шекті сома дәл осы күйде қалса, көмекке мұқтаж қазақстандықтардың саны артпаса, азаймайтыны аян.

Зейнетақы жинағын алуға рұқсат беру арқылы мемлекеттің өз көздегені де бар. Коронавирус пандемиясы ел экономикасын әбден тұралатты. Жұмыссыздық, жалақының қысқаруы, бюджет түсімдерінің азаюы. Халықтың төлем қабілеттігі төмендеді. Қолдарында ақша жоқ. Ақша болмаған жерде сұраныс болмайды. Сұраныс болмаса, экономика жұмыс істемейді.

Зейнетақы шотындағы ақшаға рұқсат беру – ел экономикасының тамырына қан жүгіртудің бір жолы.  Сарапшылар азаматтардың дені жинақты баспанаға жұмсайтынына сенімді. Бұл дегеніміз, тұрғын үйлерге сұраныс артып, құрылыс саласы жанданады деген сөз.  Десе де, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, мұның да теріс әсері бар: баспана бағасы күрт шарықтап кетуі мүмкін.

Баспанадан бөлек, зейнетақы жинағын ипотеканы өтеуге немесе қайта қаржыландыруға рұқсат етілді. Экономистер мемлекет осы арқылы банктерге қол ұшын созудың тағы бір жолын тапқан сыңайлы деп отыр. Билік бұл уәжбен келіспейді, әрине.

Зейнетақы жинағын мақсатты түрде жұмсауға рұқсат беру көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға септігін тигізуі мүмкін. Жаңа бастама өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жалақысын "конвертпен" алатын жұмысшыларды ынталандыруы мүмкін. Олар "жарыққа" шықса, ел қазынасына қосымша түсім түседі. Ал пандемия кезіндегі дағдарыс жағдайында мемлекетке әр тиын қымбат.

Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға беру қазақстандықтардың БЖЗҚ-ға деген сенімін арттырудың және зейнетақы жинағына көзқарасты өзгертудің таптырмас жолы екенін де ескерген жөн. Зейнетақы қорының төңірегіндегі даулардан кейін, халық шотқа аударылатын ай сайынғы 10 процентті қамсыз қарттықтың кепілі емес, мәжбүрлік ретінде көретіні жасырын емес.  

P.S. Жаңа бастаманың шикі тұстары көп-ақ. Әйтсе де, қаңтарға дейін екі-үш ай уақыт бар. Зейнетақы жинағын алуға рұқсат бергеннен кейін, қартайғанда алатын ақша өмір бойғы бейнеттің зейнетін көруге жетпей қалады деген де қауіп бар. Бұл мәселені шешудің бір жолы – азаматтардың жалақысын өсіру. Бастысы – "артық қыламын деп тыртық қылмау".     

Автордың көзқарасы Sputnik Қазақстан редакциясының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

4170
Кілт сөздер:
зейнетақы
Тақырып бойынша
Nur Otan партиясы зейнетақы жинағының бір бөлігіне салық салмауды ұсынды
Экономист баласы бар отбасыларға зейнетақы жинағын алуға рұқсат беруді ұсынды
Ішік

Нұр-Сұлтан тұрғыны анасының миллион теңге тұратын ішігін ұрлап, 30 мыңға сатпақ болды

0
Мас ер адам өтіп бара жатқан адамдарға қаракүзен ішігін сатып алуды ұсынған – оны учаскелік инспектор ұстады

НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек – Sputnik. Алкогольге тәуелділіктен зардап шегетін ер адам анасының бір миллион теңге тұратын қаракүзен ішігін ұрлап алған.

Ол "Астаналық базардың" маңында өтіп бара жатқан адамдарға ішікті 30 мың теңгеге сатпақ болды, деп хабарлады Нұр-Сұлтанның полиция департаменті.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда қымбат телефонды ұрлап кеткен оқушының әрекеті видеоға түсіп қалды   

Тон ұстаған мас адамды учаскелік инспектор Бақтияр Байқанов байқап қалып, оны тергеу үшін полицияға жеткізген.

Нәтижесінде ішік заңды иесіне қайтарылды. Ол полиция қызметкеріне қырағылығы мен қызметтік міндетін адал атқарғаны үшін ризашылығын білдірді.   

0
Кілт сөздер:
Нұр-Сұлтан, ұрлық
Тақырып бойынша
Қарағанды облысында ұрланған көлік өртеніп кетті
Нұр-Сұлтанда қарақшылық шабуыл жасаған ағалы-інілі ұсталды
Талдықорғанда 35 жыл түрмеде отырған баукеспе ұры ұсталды
Сарыағашта ана мен баланың бірігіп жасаған қылмысы ашылды – видео