Сирия

Батыс орыстардың Сириядағы әскери көмегін алғаш рет мойындады

416
Америкалықтар Мәскеудің, сондай-ақ Иран мен "Хезболланың" араласуының арқасында сириялық әскер заңсыз қаруланған топтардан елдің басым бөлігін қайтара алғанын мойындады

Орыстардың көмегі болмағанда, Башар Асад соғыста жеңіліс табар еді. Бұл жөнінде конгресстің зерттеу қызметі "Сириядағы қарулы қақтығысқа шолу және АҚШ әрекеті" атты 49 парақтан тұратын баяндамасында атап көрсетті, деп жазады РИА Новости. Әскери аналитиктер тағы қандай мәселеге мән беріп отырғаны және қандай болжам жасағаны жайлы төмендегі материалдан оқи аласыздар.

Құжатта Сирия картасы иллюстрацияланған. Елдің орталық, батыс және оңтүстік бөлігін Башар Асад үкіметі басқарып отыр. Тек, АҚШ-тың Ат-Танф әскери базасы орналасқан Иорданиямен шекарадағы шағын бөлікті ғана бұл есепке қоспауға болады. Солтүстік-батыстағы Мухафаза Идлиб – экстремистік топтар мен Түркияның билігінде. Солтүстіктегі және Евфраттан шығысқа қарай орналасқан аумақтар – Сирияның шамамен үштен бір бөлігі күрдтердің қолында.

Бұл жерде сарапшылар ақиқатты жасырып отыр. Себебі, дәл осы аумақтарды Вашингтон бақылап отыр. Америкалықтар мұнда аз – баяндамаға сәйкес, шамамен 600-ге жуық. Алайда, олар көмірсутекке бай бұл өңірдің негізгі мұнай кен орындары аумағында шепте тұр. Сонымен қатар, Сирияның шығысында жеке меншік әскери компаниялардың бірнеше жүздеген әскері бар. Құжатта АҚШ-тың бұл өңірде болуын ресми үкімет заңсыз деп танып отырғаны айтылған. Бірақ Вашингтон мұнай алқаптарын террористерден қорғау керектігін көрсетіп отыр.

Баяндама авторлары кейде Асад әскерімен қақтығыстар орын алатынын жасырмай жазған. Осылайша, осы жылдың ақпан айында Камышлы елді мекеніндегі бақылау-өткізу бекетінде сириялық әскерилер АҚШ қарулы күштерінің патрульдік қызметіне оқ атқаны айтылған. Ешкім зардап шеккен жоқ. Сонымен қатар, елдің солтүстік-шығысында ресейлік және америкалық әскери қызметшілер арасындағы тікелей қарсылас әрекеттерінің жиілегені ескертілген.

Желіде АҚШ әскерінің броньдалған машиналары Ресей әскери полициясының автокөліктеріне тосқауыл жасауға тырысып жатқан ондаған бейнероликтер таралуда. Жағдай оқ атуға дейін барған жоқ.

Жалпы, елдегі Иран нысандарына израильдік авиасоққылар және антиресейлік санкциялар Мәскеу мен Тегеранды Башар Асадқа қолдау көрсетуден бас тартуға немесе оған көмекті қандай да бір шектеуге итермелеуге ықпал етпегенін америкалықтар мойындап отыр.

"Мәскеудің Сирияны Таяу Шығыстағы өз ықпалын таратуға арналған плацдарм ретінде пайдалануға деген құлшынысы мен мүмкіндігін жетік бағаламады, - деп жазады аналитиктер. – Ресей, Иран немесе олардың жақтаушыларымен тікелей әскери қақтығыс болатынын жоққа шығара алмаймыз. Сондай-ақ, Мәскеу өзінің сириялық одақтасын қолдау үшін қаншалықты қитұрқы әрекетке бара алатынын түсіну керек".

Баяндама авторлары Дамаскіге қысым көрсету қиындап бара жатқанын өкінішпен мойындайды. Соғыс шебін ресейлік авиация мен арнайы әскердің арқасында сириялық астанадан әрі әкету мүмкін болды. Башар Асадтың саяси қарсыластарында қарсы қояр еш құралы қалмады. Сол уақыттан күрдтер Дамаскімен біртіндеп жақындасып келеді. Бұл орталықтағы билік шығыс пен солтүстіктегі бақылауын қайтадан өз қолына қайтарып алуы мүмкін екенін білдіреді.

2018 жылдың желтоқсан айында Дональд Трамп Ислам мемлекетін* жеңгенін мәлімдеді. Алайда, сарапшылар бұл топ әлі талқандалмаған деп санайды. АҚШ одақтастары 2019 жылдың наурыз айында Сириядағы ИМ*-ның соңғы тірек пунктерін басып алды. Бірақ, исламшылар Сириядағы да, Ирактағы да көтерілісшілерді басқару құрылымын сақтап қала алды. Яғни, олар әлі де соққы жасай алады.

"Келешекте Сириядағы ИМ* тағдыры біздің сол елде қауіпсіздік органдарын құру қабілетімізге байланысты, - дейді авторлар. – Бірақ, "Ислам мемлекетінің" қаупі ұзаққа созылады. Бізге террористермен күресуін жалғастыруы үшін алдағы уақытта да күрдтерді қолдау керек".

Тағы бір қауіп – әскери тұтқындар лагерлері. Мұнда қазірдің өзінде он мыңға жуық ИМ* жауынгерлері бар. Олар елдің солтүстік аумағында орналасқан және күрдтердің бөлімшелермен күзетіледі. Бұдан басқа, экстремистердің отбасыларына арналған лагерьлер бар. Ірі лагерьдің бірі – Әл-Холада террористердің 66 мыңға жуық әйелі мен бала-шағасы бар. Сарапшылар пікірінше, жауынгерлер ол жақта үгіт-насихаттарын жалғастырып жатыр. Ал ИМ* өз жақтаушыларын босату үшін шабуыл жоспарлап отыр.

Күрдтер билігі тұтқындарды күзетуге арналған күштердің жетіспейтіні жайлы бірнеше рет мәлімдеген болатын. Бірақ, америкалықтар көмектесуге асықпай отыр. Вашингтон жауынгерлердің туған елі олардың жаза мерзімін өтеу үшін өздеріне қайтаруды талап еткенімене, "өз" террористерін елге кіргізуге ешкім талпынып отырған жоқ. Сылтаулары таусылар емес.

Ең қауіпті нүкте – Идлиб провинциясы. Мұнда қазір Сирия, Ресей, Иран және Түркия әрекет етіп жатыр. АҚШ әскері мұнда жоқ, бірақ, америкалықтар "Әл-Каидамен"* байланысы бар жасақтарға бірнеше рет соққы жасады. Мемлекеттік емес құрылымдар "Хайят Тахрир аш-Шам"*, "Хурас ад-Дин"*, "Сирия ұлттық әскері", "Хезболла" және басқа да топтармен танылады. ИМ* жауынгерлері де бар.

"Идлибтің солтүстік аумақтары – оппозициялық күштермен бақыланатын жалғыз өңір, - дейді сарапшылар. – Жергілікті топтар – 2011 жылы Дамаскіге шабуыл жасағандардан қалғандар. 5 наурыздан бастап Идлибте Түркия мен Ресей президенттері келісімге келген бітім бар. Олардың әскері бірлесіп стратегиялық М4 тас жолын патрульдеп жатыр".

Баяндама авторлары жауынгерлер тарапынан болып жатқан оқ жаудыруға қарамастан, бітімгершілікті сақтау әзірше мүмкін болып тұрғанын айтады. Алайда, Түркия Идлибке әскер жіберуін тоқтатқан жоқ және жақында ғана қажет болған жағдайда соғыс әрекеттерін қайта жаңғыртуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл Сириядағы соғыс жақын уақытта аяқталмайды дегенді білдіреді.

*Қазақстанда және бірқатар басқа елде тыйым салынған террористік ұйымдар

416
Түн мезгіліндегі әйел сұлбасы, архивтегі сурет

Бішкекте қазақстандық әйелдерді асқан жауыздықпен өлтірген: қаскөйлер қалай ұсталды

5122
(Жаңартылды 15:32 23.09.2020)
Осыдан сегіз жыл бұрын мемлекеттік шекара маңындағы банда полицияны аяғынан тік тұрғызды. Олардың құрбаны - Қазақстаннан барған бірнеше кәсіпкер. Сол кезде бұл қылмыс халықаралық жанжалға ұласа жаздаған еді

2012 жылдың ортасында Аламудун ауданының аумағында бірнеше ай бойы тәртіп сақшылары қарақшылардың ізіне түседі. Олар саудагер әйелдерді тонап қана қоймай, асқан жауыздықпен зорлаған. Бұл топтың темірдей тәртібі бар еді: ол – құрбандарды тірі қалдырмау. Бірақ қылмыскерлерден зәбір көрген әйелдердің бірі аман қалады...

Сол жылдары "Дордой" базары бүкіл Орта Азия аймағының көтерме саудагерлері арасында өте танымал еді. Демалыс күндері жүздеген саудагер, кейбірі топ-тобымен, енді бірі жалғыз жүріп Қырғызстанның шекарасын кесіп, арзан тауар сатып алу үшін осы базарға ағылады.

Қарақшылар туралы алғаш рет 2012 жылдың жазында айтыла бастады. Сол кезде 38 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны олардың құрығына ілігеді. Қылмыскерлер әуелі оны зорлайды, кейін Үлкен Шу каналына ағызып жіберуге шешім қабылдайды. Бұл аз дегендей, саудагердің басынан таспен ұрғылаған. Әйелдің тыныс алмай жатқанына көз жеткізгеннен кейін оның денесін суға тастайды. Кейінірек белгілі болғандай, тірі қалған келіншекті жолдың шетінен жүк көлігінің жүргізушісі тауып алып, аудандық ішкі істер бөліміне алып келген.

...Таң қылаң бере АІІБ кезекші бөліміне қатты соққыға жығылған, киімдері қанға боялған әйел келеді. Кезекші милиционер оның әңгімесін тыңдай келе, мұның қарапайым тұрмыстық жанжал емес, қоғамдық резонанс тудыратын ауыр қылмыс екенін түсінеді. Тәртіп сақшысы зардап шеккен қазақстандық азамат туралы дереу басшылықты хабардар етеді. Бір сағат өтпей жатып, аудандық бөлімге ауыр қылмыспен айналысатын мамандар жетті. Олар тергеу барысында бірнеше әйелді зорлап, біреуін өлтірген қандықол  қарақшылардың ізіне түседі.

Неден басталды

Банданың қылмысы туралы бәрін айтып беруге Шу қалалық ішкі істер басқармасының аға із кесушісі Айбек Парманасов келісті. Оның айтуынша, шекараға жақын маңдағы кеден бекетіне үш қарақшы арнайы құрбан іздеп келген. Қылмыскерлер сенбіге қараған түні осы бекет арқылы Бішкекке қомақты ақшасы бар саудагерлердің өтетінінен хабардар. Осылайша түннің бір уағында олар жалғызілікті әйелді байқайды. Қылмыстық топтың басшысы бір қарағаннан-ақ әйелдің саудагер екенін біледі. Енді оның сеніміне кіріп, өз көлігіне отыруға көндіру ғана қалады.

Сол түні әу бастан қылмыскерлердің жолы болды. Қазақстандық әйелді әрдайым кеден бекетінен алып кететін такси жүргізушісінің көлігі жолда бұзылып қалады. Соңғы сәтте ол саудагермен телефон арқылы хабарласып, болған жәйтты айтады. Ал кәсіпкердің түннің бір уағында бөтен елде далада қалғысы келмегені анық. Сондықтан оның жол шетінде тұрған такси жүргізушісінің ұсынысына келісуден басқа амалы қалмайды.

Оқи отырыңыз: 16 рет пышақ сұққан: шымкенттік мұғалімді кім және не үшін өлтірді

Жүргізуші бірден көлігінде тағы екі кәсіпкер отырғанын ескертеді. Оларды қарсы алу үшін әдейілеп келгенін, егер келіспесе, өздері кете беретінін айтады. Әйел амалсыз көнеді. Көлік трассаға шыға салысымен, әйелдің қасында отырған жолаушының бірі оның бетінен ұрады. Ал жүргізуші әйелге "тыныш отыр, әйтпесе өлім құшасың" деп қорқытады. 

Осыдан кейін олар Үлкен Шу каналына келеді. Қылмыскерлер бұл жердің әрбір бұрышына дейін жақсы біледі. Айдалада айғайлаудың, көмекке шақырудың еш пайдасы жоқ еді. Каналдың жағасында олар көліктен Ольганы шашынан сүйреп шығарады. Алдымен қаскөйлер қорғансыз әйелді тепкілеп, ұзақ уақыт қорлайды. Содан кейін іскер әйелдің сөмкесін ақтарып, 5 мың доллар, 37 мың теңге, жүздеген сом ақшаны алады.

Ешкімге тіс жармаймын...

Енді қылмыскерлерді тоқтату мүмкін емес еді. Әуелі қарақшылар тобының жетекшісі, кейін оның сыбайластары Ольганы аяусыз зорлайды. Әйелді тірі қалдыру ешкімнің ойына да кіріп шықпайды. Олардың алдында тізе бүккен саудагер өзіне аяушылық танытуын жалынып сұрайды.

"Үйде үш кішкентай балам бар, оларды жалғыз өзім тәрбиелеп отырмын. Қарт анам бар. Мен отбасының жалғыз асыраушымын. Оларға менсіз қиын болады. Ақшаны түгелдей алыңыздар, ал мені үйіме жіберіңіздер, бұл оқиға туралы ешкімге тіс жармаймын", – деп жалбарынады ол.

Әйелдің бұл сөзі қылмыскерлерге еш әсер етпейді. Топ жетекшісі сыбайластарына саудагердің аяқ-қолын байлап тастап, басынан таспен ұруды бұйырады. "Бірден өлтірмесек те, егер аяқ-қолын байлап-матасақ, ол бәрібір суға тұншығып өледі" дейді ол.

...Кейін із кесушілердің бөлмесінде отырған кезде ауруханадан енді шыққан әйелдің тергеушімен арадағы әңгімесін кездейсоқ естіп қалдым. Әйелдің қандай азапты бастан кешіргенін елестетудің өзі қиын еді.

"Қатты соққыдан көз алдым қарауытып кетті. Бірнеше минут есеңгіреп қалдым. Кейін суға батып бара жатқанымды сездім. Бірақ өзімді құтқаруға және балалар үшін өмір сүруге деген құлшынысым маған күш бергендей болды", – деді қорқынышты күнді көзіне жаса ала есіне түсірген ол.

Ольга жағалауға жетіп, қамыстың ішіне жасырынады. Қылмыскерлер өзінің өліп қалғанына көз жеткізіп, оқиға орнынан кеткенше судың ішінде бірсыпыра уақыт отырады. Әйел өзінің ішкі түйсігімен қылмыстық топ басшысының оның өлім құшқанына әлі де сенбейтінін сезеді. Себебі, қарақшы каналдың жанына әлденеше рет барып, оның түбіне қайта-қайта үңіледі.

Жағада отырған әйел қолына байланған жіпті тісімен қиып, жолға шығады. Оны жүк көлігі жүргізушілерінің бірі байқап қалып, милицияға жеткізеді.

Бұл қылмысты ашу үшін арнайы тергеу тобы құрылады. Кәсіпкердің сипаттауы бойынша милиция қызметкерлері үш қылмыскердің фотобейнесін жасайды. Әйел, әсіресе, топ жетекшісінің түрін өмір бойы ұмытпастай есінде сақтап қалған. Әзірге тергеу барысында бастысы бұл емес, қарақшылардың көлігі еді. Ольга көлікті сұр минивэн деп сипаттайды. Сондықтан тәртіп сақшылары осы көлікті іздей бастады. Кейін барлық қылмыскер ұсталғаннан кейін әйелдің психологиялық күйзелістен көліктің түсін ғана емес, маркасын да шатастырғаны белгілі болды.

Милиция бірден "Ақ-Жол" кеден бекетінде жұмыс істеген барлық такси жүргізушісін назарға алады. Күдікті көрінген бірнеше азаматты Ольгаға көрсетеді. Бұл уақытта кәсіпкер Қазақстанға оралып, олармен интернет және ұялы телефон арқылы байланысқа шығады. Тәртіп сақшылары қанша үгіттесе де, саудагер әйел Қырғызстанға оралмайды.

Ұқсас қылмыс

...Қыркүйектің соңғы күндерінде Бішкек – Алматы тас жолының бойында мал жайып жүрген жергілікті тұрғындар асқан қатігездікпен өлтірілген әйелдің денесін тауып алады. Мәйітті тексерген сарапшылар қанішерлердің әйелді темірмен ұрғанын анықтайды. Соққының қатты болғаны соншалық, әйелдің бас сүйегі бірнеше жерден сынған. Ол алған жарақатынан бірден жантәсілім еткен. Қаскөйлер мәйітті жол жиегінен біршама метрге дейін сүйреп апарып, бұталардың арасына лақтырып кеткен.

Іс кесушілер марқұм әйелдің кім екенін бірден анықтай алмайды, себебі, киімінің қалтасында құжаттары болмаған. Көп ұзамай тергеу ісіне араласқан патологоанатомдар келіншектің бірнеше апта бұрын өлтірілгенін хабарлайды. Бұдан бөлек, қылмыскерлер әйелді өлтірер алдында зорлағаны белгілі болды.

Келесі күні құқық қорғау органдарының өкілдері қылмыс туралы Бішкек пен Шу облысының барлық аудандық ішкі істер бөліміне хабарлайды. Сондай-ақ, өлген әйел туралы ақпаратты Қазақстандағы әріптестеріне де жеткізеді. Өйткені, 47 жастағы азамат Астананың тұрғыны болып шықты. Бұл әйел де тауар сатып алу үшін "Дордойға" келіп, артынан жоғалып кеткен. Ол бірнеше күннен кейін үйіне оралуы тиіс еді. Із-түзсіз жоғалған соң әйелдің күйеуі жергілікті полициядан көмек сұрайды.

"Бұл екі қылмыстың бір-бірімен байланысты екеніне күмәнданған жоқпыз. Екі жағдайда да Қазақстаннан келген саудагерлерге қарақшылық жасалған, қылмыскерлердің қолтаңбасы да ұқсас", – деді Шу ҚІББ бөлім бастығы Медер Мұратов.

Әуелі тәртіп сақшылары әйелдің шекараны кескен сәттен бастап, базарға дейінгі жүрген жолын зерттеуге тырысады. Бір қызығы, қылмыскерлердің құрығына ілінген екінші саудагер Бішкекке еш қиындықсыз жеткен. Милиция қызметкерлерінің қолында Ольгаға шабуыл жасағандардың фотороботы болды. Шұғыл отырыста олар іс-әрекет жоспарын белгілеп алады. Сөйтіп, қаскөйлерді "Дордойға" қатысы бар адамдардың арасынан іздеу керек деген ұйғарымға келеді.

Тәртіп сақшыларының бір тобы такси жүргізушілерін, арба сүйреушілерді, жергілікті қауіпсіздік қызметкерлерін тексеріп жатқанда, басқалары өлім құшқан саудагер әйел туралы жан-жақты ақпарат жинауға тырысады. Олар әйелдің күйеуіне хабарласып, сол күні кешке бірнеше сағат бұрын келіншегімен сөйлескенін біледі.

Әйелі барлық тауарды сатып алғанын, кешке такси ұстап, шекара бекетіне баратынын айтқан.

"Мен базардан бір жігітті кездестіріп қалдым. Ол мені шекараға дейін жолдың жарты құнына жеткізіп тастайтынын, жүгімді түсіруге көмектесететін айтты", – деген ол күйеуіне.

Үш рет сотталған

Тәртіп сақшылары тағы да белгісіз такси жүргізушісіне тап болады. Олар екі қылмыстың өзара байланысты екеніне көз жеткізе түседі. 

Қылмысқа қатысты бірден екі түрлі болжам жасалады. Марқұмның бірнеше мың доллар тұратын тауары жоғалған. Демек, қылмыскерлер жақын арада одан құтылуға тырысады, таныс алыпсатарларға сатуы мүмкін. Ал егер кісі өлтірушілердің базарға қатысы болса, онда заттарды осы жерде өткізуге тырысады деген сөз. Осылайша, тәртіп сақшылары базар ішін аралайды. Бірнеше саудагер фотороботтан үш қылмыскердің біреуін таниды. Олардың айтуынша, жас жігіт әйелдер киімін арзан бағаға сатқан. Көз жұмған әйел дәл осындай тауар сатып алған.

Осы жұмыстың нәтижесінде құқық қорғаушылар Ош облысы тұрғынының ізіне түседі. Ол базарда жүк тасушы ретінде нәпақа тауып жүрген 30 жастағы азамат еді. Бұған дейін үш рет сотталған жігіт қылмыстық топтың жетекшісі болған.

Тәртіп сақшылары оның соңғы рет Ош оқиғасынан кейін сотталғанын, сол уақытта Макаров тапаншасымен ұсталғанын анықтайды. Бірақ тергеушілер қаруды қандай мақсатта сатып алғанын сол күйі біле алмаған. Бостандыққа шыққаннан кейін ол тағы да ескі әдетіне көшеді.

Оқи отырыңыз: Балалар үйіндегі қанды қырғын: павлодарлық үш жасөспірім 6 адамды қалай өлтірді

Енді оның сыбайластарын анықтау үшін такси жүргізушісінің кіммен қарым-қатынас жасайтынын мұқият зерттеу қажет. Арада бірнеше күн өткеннен кейін күдіктінің үйіне екі жігіт келеді. Қамауға алған кезде қарақшылар құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсылық көрсетуге тырысады.

Тергеу кезінде қылмыстық топтың жетекшісі тәртіп сақшыларының сұрақтарына ұзақ уақыт жауап бермейді. Көп ұзамай, оған бұлтартпас дәлелдерді ұсынған кезде, қылмыскер еріксіз астаналық әйелді өлтіргенін мойындауға мәжбүр болды. Ал жазда жасаған қылмысты бандиттер өз мойнына алғысы келмеді, себебі, бірнеше қарақшылық үшін ұзақ мерзімге темір торға тоғытылатынын білді.

250 сом үшін...

...Қылмыскерлер Астанадан келген саудагерді шекара бекетінің маңынан байқаған. Бірақ оны көлігіне алдап отырғыза алмайды. Себебі, әйел өзін күтіп тұрған такси жүргізушісінің көлігіне отырады. Сондықтан, олар әйелдің артынан қонақүйге дейін барады. Бірақ сол түні саудагердің бөлмесіне баса-көктеп кіріп баруға қарақшылардың батылы бармайды. Осылайша, таңертең кәсіпкердің базарға баруын күтеді. Ол жерде қылмыскерлер әйелдің көп тауар сатып алғанын көреді. Осыдан кейін "үштіктің" жетекшісі өзін жақсы жағынан көрсетіп, саудагер әйелдің сеніміне кіреді. Кеден бекетіне дейін жеткізіп салуға ұсыныс тастайды.

Келіскен уақытта көлігімен қонақүйдің жанына келеді. Барлық сатып алынған тауарды көлігіне салып, кеден бекетіне қарай жол тартады. Қарақшының сыбайластары күтіп тұрған жерде ол көлігін тоқтатады. Қаскөйлер көліктің ішінен әйелді сүйреп шығарып, алдын ала дайындап қойған темірмен ұра бастайды. Өлтірмес бұрын әйелді зорлайды.

Бірақ кәсіпкерде қомақты қаражат жоқ болып шықты. Олар жәбірленушінің қалтасынан небары 250 сом ғана табады. Бандиттер әйелдің денесін жасыруға уақыт жоғалтқысы келмейді. Сондықтан, мәйітті ең жақын бұтаға дейін сүйреп апарады да, ол жерден кетіп қалады. Бірнеше күннен кейін топ басшысы әйелдің сөмкесінен шыққан барлық тауарды базарға алып барады. Сатушылар оның қолына бірнеше мың сом ғана ұстатады...

Оқи отырыңыз: Әйелдерді зорлап, өлтірген: Шымкентті дүрліктірген екі маньяк қалай ұсталды

5122
Кілт сөздер:
Бішкек, қарақшылық
Теңге, ақша

Зейнетақы жинағын беру халыққа шынайы көмек пе?

4185
(Жаңартылды 10:28 22.09.2020)
Қазақстанда зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат беру жайы былтырдан бері қозғалып жүр

Айлығы шайлығына жетпейтін қазақстандықтар үшін бұл жаңалық қараңғы туннельдің соңындағы үміт сәулесіндей көрініп еді. Алайда бөркін аспанға атқан ел-жұрттың қуанышы су сепкендей басылды.

Еңбек министрлігі жыл басында 113 мың қазақстандыққа ғана зейнетақы жинағын шешіп алуға рұқсат берілуі мүмкін екенін мәлімдеді. 30 жастағы ер адамдардың шотында кемінде 6 миллион, ал әйелдерде 9 миллион теңге болуы шарт еді. Есеп-қисап жасау кезінде министрлік әйелдердің ерлерге қарағанда көбірек өмір сүретінін есепке алыпты.

Мемлекеттік органның бұл ұсынысы экономистердің де, қарапайым халықтың да ашуына тиді. Елдегі орташа жалақының 200 мың теңгеден сәл ғана асатынын ескерсек, отыз жастағы салымшының шотына 9 миллион қайдан келсін?!. Билік осы арқылы халыққа Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшадан үміт үзіңдер дегісі келгендей еді.

Осылайша зейнетақы жинағына қатысты алғашқы ұсыныстар қоғамның сынына ұшырады. Бұл мәселеге президент те араласты. Міндет – зейнетақы жинағының бір бөлігін алу мүмкіндігіне ие болатын азаматтардың санын арттыру. Арада жеті-сегіз айтты. 1 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы жолдауын жария етті. Басты жаңалық – 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат ету. Үкімет пен парламентке жыл соңына дейін заңнамалық өзгерістерді әзірлеп, қабылдау тапсырылды. Зейнетақы жинағы баспанаға, емге немесе сенімгерлік басқаруға беріледі.

Барша халықты мазалаған ендігі сұрақ – жинақты алу үшін шотта кемінде қанша ақша болуы керек? Еңбек министрлігі ұзақ күттірген жоқ, әр жас үшін жеткіліктілік шегінің мөлшерін жария етті.

Жаңа есептеулерге сәйкес, зейнетақы жинағын пайдалана алатын бақытты қазақстандықтардың тізімі 6 есеге, 721 мыңға дейін көбейген. Жеткіліктілік шегі де әжептәуір төмендеген сияқты еді. Бірақ, бұған қуанған халықты байқамадық. Елдің көңіл-күйі жоқ, жабырқау. Қарапайым халықтың емес, тағы да сол баяғы бай-бағландардың сойылын соққан билікке өкпелі. Ренжитін жөні бар – зейнетақы шоты бар салымшылардың басым бөлігінде зейнетақы жинағы жеткіліктілік шегінен аспақ түгілі, маңына да жақындамайды.

Мәселен, 20 жастағы азамат жинағының бір бөлігін алғысы келсе, шотына ең кемі 1 миллион 720 мың теңге жиналуы шарт екен. Оқу орнын енді ғана тәмамдаған адамға мұндай ақша қайдан келеді? Еңбекке 18 жастан бастап араласқан күннің өзінде, айналдырған екі жылдың ішінде екі миллион жинау мүмкін емес. Жоғарыда аға-көкесі бар бай баласы болмаса, әрине. Екі жылда 1 миллион 720 мың теңгені жинау үшін жалақың 750-800 мың теңгеден кем болмауы керек. Осыдан-ақ, жеткіліктілік шегінің мөлшері халықтың 80-70 пайызы үшін тым жоғары екені көрінеді.

Тағы оқыңыз: Зейнетақы жинағын пайдалану: кім, қашан және қалай жұмсай алады

Экономистердің айтуынша, зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігіне ие болғандардың саны БЖЗҚ салымшыларының 10%-іне де жетпейді. Ал бұл он процент – басында баспанасы бар дәулеттілер деп топшылауға әбден негіз бар.

БЖЗҚ бір есебінде салымшылардың 70%-іне жуығында зейнетақы жинағы орташа есеппен 1 миллион теңге екенін, ал 97%-інде ақша 5 миллионнан да аспайтынын мәлімдеген еді. Қазақстанның әр өңірінде жалақы мөлшері де әртүрлі.

Мемлекеттік органдарға осы мәселелерді електен өткізіп, жеткіліктілік шегін тағы бір қарастырған жөн болар еді. Әйтпесе, шекті сома дәл осы күйде қалса, көмекке мұқтаж қазақстандықтардың саны артпаса, азаймайтыны аян.

Зейнетақы жинағын алуға рұқсат беру арқылы мемлекеттің өз көздегені де бар. Коронавирус пандемиясы ел экономикасын әбден тұралатты. Жұмыссыздық, жалақының қысқаруы, бюджет түсімдерінің азаюы. Халықтың төлем қабілеттігі төмендеді. Қолдарында ақша жоқ. Ақша болмаған жерде сұраныс болмайды. Сұраныс болмаса, экономика жұмыс істемейді.

Зейнетақы шотындағы ақшаға рұқсат беру – ел экономикасының тамырына қан жүгіртудің бір жолы.  Сарапшылар азаматтардың дені жинақты баспанаға жұмсайтынына сенімді. Бұл дегеніміз, тұрғын үйлерге сұраныс артып, құрылыс саласы жанданады деген сөз.  Десе де, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, мұның да теріс әсері бар: баспана бағасы күрт шарықтап кетуі мүмкін.

Баспанадан бөлек, зейнетақы жинағын ипотеканы өтеуге немесе қайта қаржыландыруға рұқсат етілді. Экономистер мемлекет осы арқылы банктерге қол ұшын созудың тағы бір жолын тапқан сыңайлы деп отыр. Билік бұл уәжбен келіспейді, әрине.

Зейнетақы жинағын мақсатты түрде жұмсауға рұқсат беру көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға септігін тигізуі мүмкін. Жаңа бастама өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жалақысын "конвертпен" алатын жұмысшыларды ынталандыруы мүмкін. Олар "жарыққа" шықса, ел қазынасына қосымша түсім түседі. Ал пандемия кезіндегі дағдарыс жағдайында мемлекетке әр тиын қымбат.

Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға беру қазақстандықтардың БЖЗҚ-ға деген сенімін арттырудың және зейнетақы жинағына көзқарасты өзгертудің таптырмас жолы екенін де ескерген жөн. Зейнетақы қорының төңірегіндегі даулардан кейін, халық шотқа аударылатын ай сайынғы 10 процентті қамсыз қарттықтың кепілі емес, мәжбүрлік ретінде көретіні жасырын емес.  

P.S. Жаңа бастаманың шикі тұстары көп-ақ. Әйтсе де, қаңтарға дейін екі-үш ай уақыт бар. Зейнетақы жинағын алуға рұқсат бергеннен кейін, қартайғанда алатын ақша өмір бойғы бейнеттің зейнетін көруге жетпей қалады деген де қауіп бар. Бұл мәселені шешудің бір жолы – азаматтардың жалақысын өсіру. Бастысы – "артық қыламын деп тыртық қылмау".     

Автордың көзқарасы Sputnik Қазақстан редакциясының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

4185
Кілт сөздер:
зейнетақы
Тақырып бойынша
Nur Otan партиясы зейнетақы жинағының бір бөлігіне салық салмауды ұсынды
Экономист баласы бар отбасыларға зейнетақы жинағын алуға рұқсат беруді ұсынды
Диктофон

Релизден бас тарту керек кәсіби PR маманының лайфхактары

0
SputnikPro сарапшысы онлайнды дамыту, ерекшеленуден қорықпау, адамдарға сену – БАҚ-ты алға жылжытудың негізгі ерекшелігі екенін айтады  

НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. "Россия сегодня" медиа тобы баспасөз қызметінің жетекшісі Анна Старкова көрші елдердің журналистеріне неліктен релиз жазудан бас тарту керектігін айтып берді.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары іс-шараның ақпараттық серіктесі бола отырып, өзінің логотипін түрлі алаңдарда орналастыратын. Пандемия кезінде жағдай өзгерді. Өзін-өзі таныту үшін медиа топтың баспасөз қызметі ерекше кейстерді ойластыра бастаған.

Сарапшының бірінші ұсынысы: стандартты релиздерді жазу тәжірибесінен бас тарту.

"Адамдармен оларға түсінікті тілде сөйлесу керек. Кері байланыс орната бастасаңыз, ол нарықтың ойыншысы болсаңыз, сізді тыңдайды, сізге келіп, оқи бастайды", - деп санайды Старкова.

Сарапшының келесі кеңесі – бұқаралық ақпарат құралдары онлайнды ғана дамытпау керек.

"Мұны пандемия кезінде істей бастадық. Біз барлығы дерлік интернетті қолданатын әлемде өмір сүріп жатырмыз", - деп атап өтті маман.

Қазір, оның айтуынша, әлеуметтік желілердегі және мессенджерлердегі анонимділік танымал болудан қалып барады.

"Бізді ("РИА Новости" ХАА Телеграм каналы) оқи бастады, өйткені РИА Новости, мысалы, Лукашенконың инаугурациясында не болғанын айтты. Сол кезде ол жаңалыққа айналады, бұл тексерілген ақпарат. Шын мәнінде болған нәрсе, сыбыс емес", - деп атап өтті Старкова.  

Сарапшының тағы бір ұсынысы – ерекшеленуден қорықпау. Баспасөз қызметі пандемия жағдайында "трендтерді қарап, оларды батыл түрде пайдаланған".

"Сізбен бірге жұмыс істейтін адамдарға сенім арту керек, өйткені ең алдымен біреумен араласуың керек. Оларды алға жылжытуың керек, нәтижесінде сіздің брендіңіз алға жылжиды", - деп сендірді Старкова.

Кәсіби PR маманының бесінші кеңесі – дос болу.

"Бұл, шынын айтқанда, ең маңызды кеңес. Басқа ақпарат құралдарымен, баспасөз қызметтерімен, тіпті бәсекелестермен де достасу керек. Кофеге шақырыңыз, бранчи жасаңыз, лайфхактармен бөлісіңіз. Бұл бәріне қатысты", - деп есептейді ол.  

SputnikPro білім беру жобасының жиырма бірінші онлайн-сессиясына Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Абхазия және Осетия БАҚ өкілдері қатысты.

SputnikPro – Sputnik халықаралық ақпарат агенттігі мен радиосының журналист, студент, баспасөз қызметі мен медиа саласында жұмыс істеп жүрген маман иелеріне арналған жоба. Оның мақсаты – тәжірибе алмасу әрі медиа саласында кәсіби байланысты нығайту.

0