Ауғанстан

Ауғанстан: америкалық басқыншылық талибанизациядан кейін жұмақтай көрінеді

63
Ауғанстан соғыс және террористік актілерімен америкалықтарсыз жаңа әлемге ақырындап аяқ басып келеді. Бұл әлем жаңа қарулы қақтығыстарға себепші болып, өңірлік көршілерге тұрақсыздық қаупін төндіріп тұр

Ауған ақиқаты бітімгершілік туралы декларацияларға сәйкес келе бермейді. АҚШ-пен келісімге қол қойғаннан кейін бес айдан соң "Талибан"* оқ атудың аяқталуы туралы Кабулмен келісе алмады. Жауынгерлер жаңа елді мекендерді басып алуға тырысып жатыр, әскери және полиция бекеттеріне, әскери базалар мен полиция учаскелеріне тұрақты шабуылдар жасалуда. Тамыз айының басында 37 әскери қызметші және полция қызметкері, 61 жауынгер және 43 бейбіт тұрғын қаза тапты.

5 тамызда Баглан солтүстік провинциясында жол бойындағы минаның жарылуынан 12 адам қаза тапты. Бір күннен кейін Баглан-Саманган тас жолында тәлібтер екі бензовозды өртеп, жеті бензовозды басып алды да, ондағы жанармайды бір литрі үшін 20 авганиден Пули-Хумриге сатып жіберді. Бұл "бизнеске" ауғандық қауіпсіздік күштері де көмек көрсете алмады.

Ислам мемлекеті* содырларының да "екінші тынысы ашылды" – 2 тамызда Джалалабадтағы түрмеге жасалған шабуыл салдарынан 29 адам қаза тауып (оның ішінде 10 террорист бар), 800 сотталушы – ИМ* мүшелері, тәлібтер және қарапайым қылмыскерлер қашып кетті.

Бейбіт өмірге қарай ілгерілеу елең еткізердей емес. Ауғанстандағы қамаудағы тәлібтер мен тұтқын жауынгерлермен алмасу аяқталуға жақын. Қауіпсіздік күштері өкілдерінен бостандыққа шығарылғандар саны 1005 адамға жетті, түрмеден 4750 тәліб шығарылды. Босатылған содырлар соғысқа қатыспау жөнінде міндеттемеге қол қойғанымен, олардың басым бөлігі қолына қайтадан қару алды.

Ауғанстан президенті Ашраф Гани тәлібтер тізіміндегі 400 террористі түрмеден босатудан бас тартып, мұны халықпен кеңесуді ұсынды. Бірақ, "Талибан"* 5 тамызда Лойя Джигри (халық өкілдерінің жиыны) өткізуге қарсылық білдіріп, оның заңды мәртебесі жоқ екенін алға тартты. Осылайша, тәлібтер өздерін елдің конституциясы мен қылмыстық кодексінен жоғары қойып отыр.

Ауғанстанның солтүстігінен тыныштық кеткен. Тәжікстан мен Өзбекстанға шекаралас жатқан Балх солтүстік провинциясы үкіметтік әсерилер мен тәлібтер арасындағы қақтығыстың ортасына айналып, шілде айының соңында ең қауіпті аймақ деп танылды.

Ауғанстанның елішілік процестері салдарынан ауған-тәжік шекарасындағы жағдай шиеленісіп, онда ондаған жауынгер ығысып жатқанын Душанбе мәлімдеді. Президент Эмомали Рахмон таулы Бадахшан автономдық облысының аумағындағы шекара учаскесін нығайту туралы тапсырма берді. Тәжікстан ауған-тәжік шекарасындағы қауіпсіздік мәселесін серіктес мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен тұрақты талқылап отырады.

Егер, тәлібтер жеңіске жетсе, Америка Құрама Штаттарымен арадағы келісімшарт талаптарына сәйкес, Ауғанстандағы Орталық Азия елдерінен келген жауынгерлердің кетуін талап етуі ықтимал. Дайындықтан өткен жүздеген жауынгердің Тәжікстан мен Өзбекстанға қайтуы жағдайды радикалдандырып, тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін. Мұндай жағдайға ҰҚШУ мен Ресейді тарту арқылы бірлескен күштермен тоқтатуға болады. Одан кейін не болмақ?

"Талибан"* халықтың мүддесін қорғайтын топ емес, Тәжікстан, Өзбекстан және тағы басқа елдердің аумағында "орталық азиялық көктемді" таратуға ниеттенген пәкістандық жоба екенін түсіну керек. "Талибан"* жауынгерлері сыртқы ойыншылар үшін ең қолайлы соғыс құралы болып отыр.

Құрама Штаттарымен мақұлданған "Талибанның" билікке екінші рет келуі ауған халқы мен көршілес елдер үшін діни экстремизм мен есірткі саудасынан қарулы терроризмге дейінгі қауіп түрінде қала бермек. Ауғанстанның "тәлібтенуі" 32 миллиондық ел үшін білім алу мен мәдениетке, телевизия мен кинотеатрға тыйым салуды, көптеген мектептер мен университеттердің жабылуын, конституцияның шариғаттық сотпен ауыстырылуын, әйелдерді қоғам өмірінен аластатуды, тәртіп бұзғаны үшін ортағасырлық дарға асу және аяқ-қолды шабуды кеңінен пайдалануды білдіреді.

"Талибан"* өз жеңісіне сенімді және заңды ауғандық үкіметті "тазартуға" дайын. Тәлібтердің көшбасшысы Мавлави Хибатулла Ахундзада өткен аптада "Біздің жихад басқыншылықты тоқтату және Ауғанстанда ислам үкіметін құруға бағытталған болатын және осылай жалғаса береді. Сондықтан, АҚШ пен халықаралық қауымдастық "одан әрі проблемалар туындатуын тоқтатуы керек" дегенді айтты.

Батыл мәлімдеме. Проблемаға келсек, бүгінде тәлібтердің қарамағында 15 млн халық жүріп жатыр. Бұл Ауғанстан халқының тең жартысына жуық. Бұл адамдар таңертең үйінен шыққан кезде, қайтадан аман оралатынына сенбейді. БҰҰ Есірткі және қылмыс басқармасының мәліметі бойынша Ауғанстанда апиын өндірісі 2017 жылы 87%-ке артып, 9000 тоннаны құраған. Ал, америкалықтар тарапынан әскери қатысу болған жылдары есірткі шикізатын әзірлеу 40 есе өскен. Ауған апиынының жыл сайынғы контрабандалық көлемі 3 млрд долларға бағаланып отыр.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
© Sputnik / Владислав Воднев
Олай болса, "Талибанмен"* идеология, жоспар және бағдарламалар бойынша көзқарас бір жерден шықпаса, тәлібтермен қалай бейбіт келісімге келуге болады? Ауған сенаты төрағасының орынбасары Мохаммад Алам Изидьяр мынандай мәлімдеме жасаған болатын: "Ауған халқы үшін Ауғанстандағы тәлібтер террористік топ екенін ұғыну маңызды. Біз кез келген ел тарапынан тәлібтермен байланыста болуға қолдау көрсетпейміз. Біз "Талибан"* мен "Ислам мемлекеті"* арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ деп білеміз".

"Мождахедтер" қозғалысының ардагері және ауғандық саясаткер "Талибанған"* тікелей немесе жанама қолдау көрсету Орталық Азия елдеріндегі тұрақсыздықтың орын ауыстыруына ықпал етіп отырғанын айтты.

Ауғанстанда ештеңе өзгере қойған жоқ. Тек, Американың Пентагон бөлімшелерін қауіпсіз әрі қарқынды көшіріп алуға деген өз жоспары жүзеге асырылып жатыр. Жақында ғана АҚШ Гильменд, Урузган, Пактика және Лагман провинцияларындағы бес әскери базаны жапты. Жақын уақытта Ауғанстандағы америкалық әскерилердің саны 4 мың адамға дейін азайып, 2021 жылдың мамырына қарай нөлге теңеседі.

Ресей Ауғанстанның бейбіт, тұрақты, тәуелсіз және экономикалық дамыған мемлекет ретінде қайта қалыптасуына тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Бірақ, Ресей Федерациясы мен ҰҚШУ елдерінің бұл бағытта нақты әрекеттер жасауына тәлібтердің әрекеттеріне деген сыни көзқарастың төмендігі кедергі келтіріп отыр. Ауғанстан СІМ басшысы Ханиф Атмар " бітімгершілік жайлы бұрынырақ ойлап, тәлібтерге біздің елден кетуі үшін лайықты ұсыныс жасау керек еді" деген өкінішін білдірді. Бірақ, ҰҚШУ-дың "Талибанға" деген көзқарасы еш өзгерген жоқ. Бұл қозғалыс заңды үкіметке қатысты қарулы зорлық-зомбылықты насихаттап, есірткі саудасына қолдау көрсетіп отырған топ.

* – Қазақстанда және бірқатар елде тыйым салынған террористік топ

63
Теңге, ақша

Зейнетақы жинағын беру халыққа шынайы көмек пе?

2436
(Жаңартылды 21:01 20.09.2020)
Қазақстанда зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат беру жайы былтырдан бері қозғалып жүр

Айлығы шайлығына жетпейтін қазақстандықтар үшін бұл жаңалық қараңғы туннельдің соңындағы үміт сәулесіндей көрініп еді. Алайда бөркін аспанға атқан ел-жұрттың қуанышы су сепкендей басылды.

Еңбек министрлігі жыл басында 113 мың қазақстандыққа ғана зейнетақы жинағын шешіп алуға рұқсат берілуі мүмкін екенін мәлімдеді. 30 жастағы ер адамдардың шотында кемінде 6 миллион, ал әйелдерде 9 миллион теңге болуы шарт еді. Есеп-қисап жасау кезінде министрлік әйелдердің ерлерге қарағанда көбірек өмір сүретінін есепке алыпты.

Мемлекеттік органның бұл ұсынысы экономистердің де, қарапайым халықтың да ашуына тиді. Елдегі орташа жалақының 200 мың теңгеден сәл ғана асатынын ескерсек, отыз жастағы салымшының шотына 9 миллион қайдан келсін?!. Билік осы арқылы халыққа Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшадан үміт үзіңдер дегісі келгендей еді.

Осылайша зейнетақы жинағына қатысты алғашқы ұсыныстар қоғамның сынына ұшырады. Бұл мәселеге президент те араласты. Міндет – зейнетақы жинағының бір бөлігін алу мүмкіндігіне ие болатын азаматтардың санын арттыру. Арада жеті-сегіз айтты. 1 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы жолдауын жария етті. Басты жаңалық – 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат ету. Үкімет пен парламентке жыл соңына дейін заңнамалық өзгерістерді әзірлеп, қабылдау тапсырылды. Зейнетақы жинағы баспанаға, емге немесе сенімгерлік басқаруға беріледі.

Барша халықты мазалаған ендігі сұрақ – жинақты алу үшін шотта кемінде қанша ақша болуы керек? Еңбек министрлігі ұзақ күттірген жоқ, әр жас үшін жеткіліктілік шегінің мөлшерін жария етті.

Жаңа есептеулерге сәйкес, зейнетақы жинағын пайдалана алатын бақытты қазақстандықтардың тізімі 6 есеге, 721 мыңға дейін көбейген. Жеткіліктілік шегі де әжептәуір төмендеген сияқты еді. Бірақ, бұған қуанған халықты байқамадық. Елдің көңіл-күйі жоқ, жабырқау. Қарапайым халықтың емес, тағы да сол баяғы бай-бағландардың сойылын соққан билікке өкпелі. Ренжитін жөні бар – зейнетақы шоты бар салымшылардың басым бөлігінде зейнетақы жинағы жеткіліктілік шегінен аспақ түгілі, маңына да жақындамайды.

Мәселен, 20 жастағы азамат жинағының бір бөлігін алғысы келсе, шотына ең кемі 1 миллион 720 мың теңге жиналуы шарт екен. Оқу орнын енді ғана тәмамдаған адамға мұндай ақша қайдан келеді? Еңбекке 18 жастан бастап араласқан күннің өзінде, айналдырған екі жылдың ішінде екі миллион жинау мүмкін емес. Жоғарыда аға-көкесі бар бай баласы болмаса, әрине. Екі жылда 1 миллион 720 мың теңгені жинау үшін жалақың 750-800 мың теңгеден кем болмауы керек. Осыдан-ақ, жеткіліктілік шегінің мөлшері халықтың 80-70 пайызы үшін тым жоғары екені көрінеді.

Тағы оқыңыз: Зейнетақы жинағын пайдалану: кім, қашан және қалай жұмсай алады

Экономистердің айтуынша, зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігіне ие болғандардың саны БЖЗҚ салымшыларының 10%-іне де жетпейді. Ал бұл он процент – басында баспанасы бар дәулеттілер деп топшылауға әбден негіз бар.

БЖЗҚ бір есебінде салымшылардың 70%-іне жуығында зейнетақы жинағы орташа есеппен 1 миллион теңге екенін, ал 97%-інде ақша 5 миллионнан да аспайтынын мәлімдеген еді. Қазақстанның әр өңірінде жалақы мөлшері де әртүрлі.

Мемлекеттік органдарға осы мәселелерді електен өткізіп, жеткіліктілік шегін тағы бір қарастырған жөн болар еді. Әйтпесе, шекті сома дәл осы күйде қалса, көмекке мұқтаж қазақстандықтардың саны артпаса, азаймайтыны аян.

Зейнетақы жинағын алуға рұқсат беру арқылы мемлекеттің өз көздегені де бар. Коронавирус пандемиясы ел экономикасын әбден тұралатты. Жұмыссыздық, жалақының қысқаруы, бюджет түсімдерінің азаюы. Халықтың төлем қабілеттігі төмендеді. Қолдарында ақша жоқ. Ақша болмаған жерде сұраныс болмайды. Сұраныс болмаса, экономика жұмыс істемейді.

Зейнетақы шотындағы ақшаға рұқсат беру – ел экономикасының тамырына қан жүгіртудің бір жолы.  Сарапшылар азаматтардың дені жинақты баспанаға жұмсайтынына сенімді. Бұл дегеніміз, тұрғын үйлерге сұраныс артып, құрылыс саласы жанданады деген сөз.  Десе де, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, мұның да теріс әсері бар: баспана бағасы күрт шарықтап кетуі мүмкін.

Баспанадан бөлек, зейнетақы жинағын ипотеканы өтеуге немесе қайта қаржыландыруға рұқсат етілді. Экономистер мемлекет осы арқылы банктерге қол ұшын созудың тағы бір жолын тапқан сыңайлы деп отыр. Билік бұл уәжбен келіспейді, әрине.

Зейнетақы жинағын мақсатты түрде жұмсауға рұқсат беру көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға септігін тигізуі мүмкін. Жаңа бастама өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жалақысын "конвертпен" алатын жұмысшыларды ынталандыруы мүмкін. Олар "жарыққа" шықса, ел қазынасына қосымша түсім түседі. Ал пандемия кезіндегі дағдарыс жағдайында мемлекетке әр тиын қымбат.

Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға беру қазақстандықтардың БЖЗҚ-ға деген сенімін арттырудың және зейнетақы жинағына көзқарасты өзгертудің таптырмас жолы екенін де ескерген жөн. Зейнетақы қорының төңірегіндегі даулардан кейін, халық шотқа аударылатын ай сайынғы 10 процентті қамсыз қарттықтың кепілі емес, мәжбүрлік ретінде көретіні жасырын емес.  

P.S. Жаңа бастаманың шикі тұстары көп-ақ. Әйтсе де, қаңтарға дейін екі-үш ай уақыт бар. Зейнетақы жинағын алуға рұқсат бергеннен кейін, қартайғанда алатын ақша өмір бойғы бейнеттің зейнетін көруге жетпей қалады деген де қауіп бар. Бұл мәселені шешудің бір жолы – азаматтардың жалақысын өсіру. Бастысы – "артық қыламын деп тыртық қылмау".     

Тілшінің көзқарасы Sputnik Қазақстан редакциясының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

2436
Кілт сөздер:
зейнетақы
Тақырып бойынша
Nur Otan партиясы зейнетақы жинағының бір бөлігіне салық салмауды ұсынды
Экономист баласы бар отбасыларға зейнетақы жинағын алуға рұқсат беруді ұсынды
Алексей Навальный, архивтегі сурет

Германия Алексей Навальныйдың "үнін өшірмек"

789
Алексей Навальныйдың Ресейге оралуға деген ықыласы немістерді өте жағымсыз және қиын жағдайға душар етуі мүмкін

Алексей Навальный әлеуметтік желіде өзінің ауруханаға жатқызылғаннан кейінгі алғашқы суретін жариялады. Сондай-ақ, ол өзінің бойында байқалған оң өзгерістермен қатар, денсаулығындағы кейбір кінәраттар туралы да жазды, деп хабарлайды РИА Новости.

Дүйсенбіде өткен баспасөз мәслихатында Германияның сыртқы істер министрі Хайко Маас блогердің улануына қатысты жасалған тұжырымдарды сынға алуды тоқтатуды талап етті. Өйткені, Франция мен Швециядағы кейбір тәуелсіз зертханалар да бундесвер мамандарының қорытындыларын растаған. Зертханалар туралы ақпарат құпия болғандықтан, олардың қандай зертханалар екендігі әзірге белгісіз.

Ведомство басшысының тілегі орындалуы да екіталай. Бірақ нәтиженің керісінше болуы да ықтимал, өйткені Алексей Навальный неміс билігіне күтпеген "соққы жасамақ".

New York Times басылымы ГФР қауіпсіздік органының жоғары лауазымды өкіліне сілтеме жасай отырып, Навальныйдың ауруханадан емделіп шыққаннан кейін "өзінің қызметін жалғастыру" үшін Ресейге оралуға ниетті екендігін жазған.

Егер газетте жазылған ақпарат шындыққа жанасса, Навальный үшін қуануға болады. Себебі, дәрігерлер науқастың жағдайының ауырлығын ескере отырып, оның жазылып шығатынына толықтай кепілдік бермеген еді.

Жалпы, соңғы ондаған жыл ішінде Ресейден көп адам қоныс аударған. Олардың арасында белгілі қоғам және саяси қайраткерлер де бар. Бұған лауазымды тұлғалардың қоғам алдында өз салмағын жоғалтуы, соның нәтижесінде эмигранттардың қатарына қосылып, ешқандай назарсыз қалуы себеп болып отыр.

Кремльмен ымырасыз күресушілер өздерінің нық ұстанымдарымен бірге қаржылық мүмкіндіктерінен де айырылды. Ал ресейлік оппозиционерлер арасында Михаил Ходорковский сияқты байлар аз.

Оқи отырыңыз: "Солтүстік ағын – 2" жобасының тағдыры не болмақ? – видео

Нәтижесінде, олар не істейді? Қазір олар Прагадағы, Ригадағы немесе Лондондағы қарапайым пәтерлерінде отырып, әлеуметтік желілерге іштегі запыранын төгеді. Болмаса, Петр Павленский сияқты қиын жағдайға душар болуы мүмкін.

Жыл өткен сайын "Мен Ресейден мәңгілікке кетемін, менсіз мақұрым қалсын", деген пікірлер сирек те болса естіліп жатыр.

Алексей Навальный үшін де мұндай жағдай өте тиімсіз болар еді. Себебі, ол Ресейдің ең танымал оппозиционеріне айналып қана қоймай, өз жақтастарынан қаражат жинаудың өте тиімді жүйесін құрды. Ол барлық жағынан өзінің жағдайын жасап алды: мәселен, әрдайым отбасымен бірге шетелдің қымбат курорттарына демалуға барады, қызын Стэнфорд университетіне оқуға түсірді.

Блогердің осы кезге дейінгі барлық тапқан-таянғаны мен жиған-тергенінен өз еркімен бас тартып, екінші Скрипальға айналғысы келмейтіні таңғаларлық жағдай емес. Себебі, Скрипальді британдық барлау агенттіктері ежелгі Солсберидегі жайлы өмірінің орнына әлемнің ең бір қиыр шетіне жіберген еді.  Ал мұның бәрі Скрипальдің бас барлау басқармасының "кісі өлтірушілерінен" құтылу туралы аңыз-әңгімені қолдағанынан басталып еді.

Бұл жерде Алексей Навальныйдың жеке мүдделері мен оның батыс суреттеген ауруының арасында түбегейлі қайшылық бар. Немістер "оның жеке қауіпсіздігі үшін Навальныйдың өз отанына оралуын" қажет деп таппайды. Бірақ блогердің қайтадан Ресейге оралуға деген құлшынысы Ресей билігі тарапынан оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрмағанын және улану туралы мәселеге сенбейтінін көрсетеді.

Бір қызығы, неміс тарапы Мәскеуге Навальныйдың диагнозын растайтын кез-келген ақпаратты беруден бас тартып отыр. Ресейдің бас прокуратурасы тексеріс жүргізу үшін неміс әріптестерінен блогердің денсаулық жағдайына қатысты анықтаманы сұратқан еді, ал Берлин тарапы үнсіз. Алайда, блогердің "Шаритэ" клиникасынан өзімен бірге алып келетін анықтамасы негізінде Ресейдің құзыретті органдары біраз жәйттің бетін ашуы мүмкін.

Жалпы, Алексей Навальныйдың Ресейге оралуға деген ықыласы немістерді өте жағымсыз және қиын жағдайға душар етуі мүмкін, өйткені оларға өздерінің бірнеше апта бойы айтқан "сандырағын" түбегейлі теріске шығару қаупі төніп тұр.

Осыған ұқсас жағдайды кезінде британдықтар жақсы пайдаланды. Мәселен, Скрипальдың улануына қатысты шоу өзінің ауқымымен, егжей-тегжейлі детальдерімен есте қалды. Бұл ретте, "құрбан" рөліндегі адам да өте сауатты таңдалды: себебі, ол өзінің жетекшілерінің айтқанымен жүріп, айдауына көнетін, ешкімге қызықсыз және қажетсіз бұрынғы тыңшы болатын. Бірақ бұл жерде Лондон Скрипальға ешқашан артық әрекет етуге, тіпті журналистермен немесе дипломаттармен сөйлесуге мүмкіндік бермеген еді.

Ал Алексей Навальныйды бүкіл отбасымен ресейлік оппозиционердің "тәтті өмірінен" өз еркімен бас тартуға көндіру немістер үшін өте маңызды міндет болмай қалуы мүмкін.

Блогер үшін жағымсыз жаңалық, оның Ресейге оралуы Берлинде әзірленген "ботқаға" байланысты күрделі мәселе тудыруы мүмкін. Сондықтан Ресей бұл түйткілді шешу үшін "сендіру" және "өз еркімен" деген сөздерді қолдануды қажет етпейтін әдістерге жүгіне алады.

789
Кілт сөздер:
Ресей, Германия
Ағылшын ауылының тұрғындары

Қазақстандық олигарх британияда 200 үй салғалы жатыр: тұрғындар наразылық білдірді

0
БАҚ қазақстандық олигархтың ағылшын ауылындағы сатып алған жеріне 200-ден астам үй салғалы жатқанын хабарлады

АЛМАТЫ, 21 қыркүйек – Sputnik. XII ғасырда іргесі қаланған ұлыбританиялық Ист-Хосли ауылының тұрғындары қазақстандық миллионер Нұрлан Бизақовты сотқа беруге дайын отыр. Қазақстандық сол аймақтағы өзіне тиесілі жылқы зауыты аумағына 205 тұрғын үй кешенін салғалы жатыр, ал тұрғындар бұған наразылық танытуда, деп жазды Daily Mail.

Басылымның хабарлауынша, ауыл тұрғындары бұл құрылыс сол елді мекеннің тарихи келбетін бұзатынына сенімді.

2010 жылы Нұрлан Бизақов Шығыс Сассексте Hesmonds жылқы зауытын сатып алған. Жергілікті тұрғындар бастапқыда бұл жаңалыққа қуанған еді, себебі олигарх зауыттың көркеюіне миллиондаған доллар қаржы құйды.

Алайда жақында Бизақовтың сол аймаққа 205 тұрғын үй салуға рұқсат алғаны белгілі болды. Енді тұрғындар миллионерге және оның бұл жоспарына қарсы болып отыр, олар тіпті Бизақовпен сот арқылы күресуге дайын.

Қазақстандық олигархтар Лондондағы пәтерлерін сатып жатыр: байлар неден қашты? 

Ауылда шамамен 500 үй бар. Алайда тағы екі жүз үй салу туралы жаңалық тұрғындарды қуантпады.

"Барлығы Бизақовтың миллиондаған қаражат құйғанына қарап оны керемет деп санайды. Алайда мұндай ауқымды құрылыс бірегей ауылды құртады, бұл елді мекеннің іргесі мың жыл бұрын қаланған. Бизақов Францияға (Бизақовтың бұл елде де жылқы зауыты бар – Sputnik) тарихи ауылды жоюдан тапқан миллиондаған қаражатты өзімен бірге алып кеткенде ғана бұл іс шешілетіндей көрінеді", - деді жергілікті тұрғындардың бірі Джонатан Уокер.

2017 жылы Нұрлан Бизақов Forbes рейтингісі бойынша Қазақстанның ең бай 50 бизнесменінің қатарына енді. Оның байлығы 445 миллион доллар деп бағаланды. Әр жылдары Бизақов Қазақстанның ұлттық компанияларында жоғары қызметтер атқарған.

0
Кілт сөздер:
бизнесмен, Ұлыбритания
Тақырып бойынша
Қазақстандық бай-манап елді шулатқан Париждегі қымбат үйін сатып жатыр
Олигарх Мақсат Әріптің 17 миллион доллар тұратын үйіне бұғау салынды
Министр Нұрымбетов ауқатты адамдар қай өңірлерде тұратынын айтты