Альтиус-У

Әуе күштеріне соққы жасайтын дрондар қашан пайдалануға беріледі?

93
Ресейдің әуе-ғарыш күштері (ӘҒК) 2021 жылдан бастап соққы жасайтын көп нысанды ұшқышсыз ұшу аппараттарын ала бастайды. Бұл жөнінде ӘҒК бас қолбасшысының орынбасары Сергей Дронов мәлімдеді

Әскери басшы мынаны атап өтті: "Сирия Араб Республикасындағы арнайы операция барысында пилотсыз авиацияны пайдалану өз тиімділігін растады. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану қаруланған заңсыз құрылымдардың нысандарына дәл соққы жасауға мүмкіндік берді".

Ресей ӘҒК-нің жақын және алыс қашықтықтағы ҰҰА кешендері әзірше басқарылатын авиация міндеттерін шешу және мүмкіндіктерін кеңейту үшін "екінші рөлде" қызмет етіп жатыр. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының бірыңғай ақпараттық кеңістікте әскери ұшқыштармен ықпалдастығы артып келеді және келешекте "ақылды" дрондар үлкен жетістікке қол жеткізеді. Ресейлік көпнысанды ұшқышсыз ұшу аппараттары 2021 жылдан бастап өз бетінше әуе барлау қызметіне жетекшілік етіп, "стратегиялық тереңдіктегі дәлдігі жоғары оқ-дәрімен қарсылас нысандарына шабуыл жасай алады".

Дронов генерал алдағы уақытта ӘҒК әскери құрамына енетін дрондардың "есімін" атамады. Бірақ, ауыр "Охотник" 2024 жылы операциялық дайындыққа жететіні белгілі, ал қалған екі ресейлік аппарат – "Альтиус" пен "Орион" Сириядағы сәтті сынақтан кейін әскери-тәжірибелік пайдалану сатысында тұр.

Көшбасшы "Орион"

Ұшқышсыз "Орион" 8000 метрге дейінгі биіктікте әрекет етеді, 250 кг дейін пайдалы жүктемемен қосымша жанармай құюсыз әуеде 24 сағатқа дейін ұша алады (аппарат салмағы – 1100 кг). Ұзындығы – 8 метр, қанатының құлашы – 16 метр. Диаметрі 1,9 метр АВ-115 қос қалақты бұрандасы бар АПД-110/120 поршеньді қозғалтқышымен жабдықталған.

Жауынгерлік қолдану радиусы басқару қағидасына байланысты болады (жердегі оператор немесе жеке бағдарлама). Құрылғы жоғары дәлдіктегі зымырандарды жеткізе алады және қарсыластың аумағындағы тереңдікте орналасқан нысанды қирата алады. Ұшқышсыз ұшу аппараты Сирияда конструктарлар тағайындаған соққы әлеуетін сенімді жүзеге асырды. Қытайдың "Хуаньцюшибао" басылымының мәліметі бойынша, мұнда тұрақты түрде түрлі модификациядағы шамамен 80 ресейлік дрон бар көрінеді. Видеолардың бірінде соққы жасаушы "Орион" Зака қаласындағы содырлардың тірек нүктесін қиратты.

"Орионның" зымырандық-бомбалаушы қарулануы жайлы ашық дереккеөздерде мейлінше аз айтылған. Алайда, ақпан айында "Тактикалық зымырандық қарулану" корпорациясының бас директоры Борис Обносов журналистерге дрондарға арналған жеңіл арсеналды әзірлеу туралы айтып берді.

Есептеуіш техника қуаттылығының артуы және жасанды интеллектінің күрделі алгоритмдерінің артуына байланысты алдағы жылдары жоғары дәлдіктегі жеңілдетілген қарулану тиімділігі күрт артуы мүмкін.

"Орион" ҰҰА зерттеу мен сынақтың сан түрлі жолынан өтіп, қазір сәтті қолданыста жүр. Бұл жоба 2011 жылы Ресейдің қорғаныс министрлігі тарапынан болған тапсырыс бойынша дайындалды.

"Орионның" сериялық өндірісі 2019 жылдың тамызында басталды. Жыл сайын осы тектес 30 машина шығару жоспарда бар. Өндіруші компания "Орион" ҰҰА-ның экспорттық нұсқасы қайран қалдырарлықтай болатынын мәлімдеді.

Автономды "Альтиус"

"Альтиус" атты үлкен қашықтыққа ұшқышсыз ұшатын ауыр турбобұрандалы аппарат автоматты режимде алғашқы ұшуды 2019 жылы жүзеге асырды. Бұл машина қанаттарының ұзындығы 28,5 м болса, корпусының ұзындығы 11,6 м құрайды. Ол сағатына 250 км/сағ жылдамдықпен екі тәулік бойы 2 тоннаға дейінгі жүктемені көтеріп жүре алады және 12 мың метр биіктікте 10 мыңға дейінгі километрді оңай еңсеруге қабілетті. Композициялық материалдарды пайдалану арқылы жасалған дронның өз салмағы 5-6 тоннаны құрайды.

СП-2 инерциялы навигациялық жүйе аппараттың әуеде көзге түсуін төмендетеді және қарсылас тарапынан радиоэлектронды қарсы әрекетке қосымша төзімділігін қамтамасыз етеді. Жасанды интеллекті бар "Альтиус" автономды түрде, оператордың қатысуынсыз, басқарылатын ұшақтармен өзара әрекеттесе алады.

Бүгінде жауынгерлік дрон әуедегі жағдай туралы штабтан өз бетінше ақпарат алуға, әлеуетті қарсыластың әуе шабуылына қарсы қорғаныс аймақтарын айналып өтіп, нысанаға бағдар құруды, маңызды жер үсті және су үстіндегі нысандарды (штаб, байланыс тораптары, зымыран қондырғылар, кемелер) анықтауға және жоюға және әскери қызметтің басқа да қыр-сырын үйренуге ден қойып жатыр. Ауыр және өте ақылды "Алтиус" Ресей ӘҒК және ӘТФ-ға қарулануын толықтырады деп жоспарлануда.

Ұзақ қашықтыққа және жоғары биіктікке ұшатын дрондардың әуедегі үстемдігінің артуы, соққы жасаушы және барлаушы ұшқышсыз ұшу аппараттарын белсенді пайдалану және "интеллектуалдандыру", әскери мамандар мен жауынгерлік роботтардың бірлескен әрекеттері қайтымсыз қарқынға айналуда. РФ Қарулы күштерін ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жаппай жабдықтау олардың жауынгерлік пайдалану тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді, ықтимал басқыншының жолында - ауада, құрлықта және теңізде еңсерілмейтін кедергілерді тудырады.

Ресей 2022 жылы тағы бір ұшқышсыз ұшу аппаратын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл – "Сириус". Аталған аппаратәуеде 40 сағатқа дейін ұша алады, 1 тонна пайдалы жүктемемен 12 мың метрге дейінгі биіктікте 10 мың километрге дейінгі қашықтықты еңсере алады.

РФ әуе-ғарыштық күштерінің "ақылды" барлау және соққы жасаушы ұшқышсыз ұшу авиациясымен басымдықпен дамуы қазір қолданыста бар және келешектегі авиациялық жою құралдарының тиімділігін арттырып, жеке құрамның ықтимал шығынын төмендетеді.

93
Теңге, ақша

Зейнетақы жинағын беру халыққа шынайы көмек пе?

2323
(Жаңартылды 21:01 20.09.2020)
Қазақстанда зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат беру жайы былтырдан бері қозғалып жүр

Айлығы шайлығына жетпейтін қазақстандықтар үшін бұл жаңалық қараңғы туннельдің соңындағы үміт сәулесіндей көрініп еді. Алайда бөркін аспанға атқан ел-жұрттың қуанышы су сепкендей басылды.

Еңбек министрлігі жыл басында 113 мың қазақстандыққа ғана зейнетақы жинағын шешіп алуға рұқсат берілуі мүмкін екенін мәлімдеді. 30 жастағы ер адамдардың шотында кемінде 6 миллион, ал әйелдерде 9 миллион теңге болуы шарт еді. Есеп-қисап жасау кезінде министрлік әйелдердің ерлерге қарағанда көбірек өмір сүретінін есепке алыпты.

Мемлекеттік органның бұл ұсынысы экономистердің де, қарапайым халықтың да ашуына тиді. Елдегі орташа жалақының 200 мың теңгеден сәл ғана асатынын ескерсек, отыз жастағы салымшының шотына 9 миллион қайдан келсін?!. Билік осы арқылы халыққа Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшадан үміт үзіңдер дегісі келгендей еді.

Осылайша зейнетақы жинағына қатысты алғашқы ұсыныстар қоғамның сынына ұшырады. Бұл мәселеге президент те араласты. Міндет – зейнетақы жинағының бір бөлігін алу мүмкіндігіне ие болатын азаматтардың санын арттыру. Арада жеті-сегіз айтты. 1 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы жолдауын жария етті. Басты жаңалық – 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат ету. Үкімет пен парламентке жыл соңына дейін заңнамалық өзгерістерді әзірлеп, қабылдау тапсырылды. Зейнетақы жинағы баспанаға, емге немесе сенімгерлік басқаруға беріледі.

Барша халықты мазалаған ендігі сұрақ – жинақты алу үшін шотта кемінде қанша ақша болуы керек? Еңбек министрлігі ұзақ күттірген жоқ, әр жас үшін жеткіліктілік шегінің мөлшерін жария етті.

Жаңа есептеулерге сәйкес, зейнетақы жинағын пайдалана алатын бақытты қазақстандықтардың тізімі 6 есеге, 721 мыңға дейін көбейген. Жеткіліктілік шегі де әжептәуір төмендеген сияқты еді. Бірақ, бұған қуанған халықты байқамадық. Елдің көңіл-күйі жоқ, жабырқау. Қарапайым халықтың емес, тағы да сол баяғы бай-бағландардың сойылын соққан билікке өкпелі. Ренжитін жөні бар – зейнетақы шоты бар салымшылардың басым бөлігінде зейнетақы жинағы жеткіліктілік шегінен аспақ түгілі, маңына да жақындамайды.

Мәселен, 20 жастағы азамат жинағының бір бөлігін алғысы келсе, шотына ең кемі 1 миллион 720 мың теңге жиналуы шарт екен. Оқу орнын енді ғана тәмамдаған адамға мұндай ақша қайдан келеді? Еңбекке 18 жастан бастап араласқан күннің өзінде, айналдырған екі жылдың ішінде екі миллион жинау мүмкін емес. Жоғарыда аға-көкесі бар бай баласы болмаса, әрине. Екі жылда 1 миллион 720 мың теңгені жинау үшін жалақың 750-800 мың теңгеден кем болмауы керек. Осыдан-ақ, жеткіліктілік шегінің мөлшері халықтың 80-70 пайызы үшін тым жоғары екені көрінеді.

Тағы оқыңыз: Зейнетақы жинағын пайдалану: кім, қашан және қалай жұмсай алады

Экономистердің айтуынша, зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігіне ие болғандардың саны БЖЗҚ салымшыларының 10%-іне де жетпейді. Ал бұл он процент – басында баспанасы бар дәулеттілер деп топшылауға әбден негіз бар.

БЖЗҚ бір есебінде салымшылардың 70%-іне жуығында зейнетақы жинағы орташа есеппен 1 миллион теңге екенін, ал 97%-інде ақша 5 миллионнан да аспайтынын мәлімдеген еді. Қазақстанның әр өңірінде жалақы мөлшері де әртүрлі.

Мемлекеттік органдарға осы мәселелерді електен өткізіп, жеткіліктілік шегін тағы бір қарастырған жөн болар еді. Әйтпесе, шекті сома дәл осы күйде қалса, көмекке мұқтаж қазақстандықтардың саны артпаса, азаймайтыны аян.

Зейнетақы жинағын алуға рұқсат беру арқылы мемлекеттің өз көздегені де бар. Коронавирус пандемиясы ел экономикасын әбден тұралатты. Жұмыссыздық, жалақының қысқаруы, бюджет түсімдерінің азаюы. Халықтың төлем қабілеттігі төмендеді. Қолдарында ақша жоқ. Ақша болмаған жерде сұраныс болмайды. Сұраныс болмаса, экономика жұмыс істемейді.

Зейнетақы шотындағы ақшаға рұқсат беру – ел экономикасының тамырына қан жүгіртудің бір жолы.  Сарапшылар азаматтардың дені жинақты баспанаға жұмсайтынына сенімді. Бұл дегеніміз, тұрғын үйлерге сұраныс артып, құрылыс саласы жанданады деген сөз.  Десе де, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, мұның да теріс әсері бар: баспана бағасы күрт шарықтап кетуі мүмкін.

Баспанадан бөлек, зейнетақы жинағын ипотеканы өтеуге немесе қайта қаржыландыруға рұқсат етілді. Экономистер мемлекет осы арқылы банктерге қол ұшын созудың тағы бір жолын тапқан сыңайлы деп отыр. Билік бұл уәжбен келіспейді, әрине.

Зейнетақы жинағын мақсатты түрде жұмсауға рұқсат беру көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға септігін тигізуі мүмкін. Жаңа бастама өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жалақысын "конвертпен" алатын жұмысшыларды ынталандыруы мүмкін. Олар "жарыққа" шықса, ел қазынасына қосымша түсім түседі. Ал пандемия кезіндегі дағдарыс жағдайында мемлекетке әр тиын қымбат.

Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға беру қазақстандықтардың БЖЗҚ-ға деген сенімін арттырудың және зейнетақы жинағына көзқарасты өзгертудің таптырмас жолы екенін де ескерген жөн. Зейнетақы қорының төңірегіндегі даулардан кейін, халық шотқа аударылатын ай сайынғы 10 процентті қамсыз қарттықтың кепілі емес, мәжбүрлік ретінде көретіні жасырын емес.  

P.S. Жаңа бастаманың шикі тұстары көп-ақ. Әйтсе де, қаңтарға дейін екі-үш ай уақыт бар. Зейнетақы жинағын алуға рұқсат бергеннен кейін, қартайғанда алатын ақша өмір бойғы бейнеттің зейнетін көруге жетпей қалады деген де қауіп бар. Бұл мәселені шешудің бір жолы – азаматтардың жалақысын өсіру. Бастысы – "артық қыламын деп тыртық қылмау".     

Тілшінің көзқарасы Sputnik Қазақстан редакциясының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

2323
Кілт сөздер:
зейнетақы
Тақырып бойынша
Nur Otan партиясы зейнетақы жинағының бір бөлігіне салық салмауды ұсынды
Экономист баласы бар отбасыларға зейнетақы жинағын алуға рұқсат беруді ұсынды
Алексей Навальный, архивтегі сурет

Германия Алексей Навальныйдың "үнін өшірмек"

789
Алексей Навальныйдың Ресейге оралуға деген ықыласы немістерді өте жағымсыз және қиын жағдайға душар етуі мүмкін

Алексей Навальный әлеуметтік желіде өзінің ауруханаға жатқызылғаннан кейінгі алғашқы суретін жариялады. Сондай-ақ, ол өзінің бойында байқалған оң өзгерістермен қатар, денсаулығындағы кейбір кінәраттар туралы да жазды, деп хабарлайды РИА Новости.

Дүйсенбіде өткен баспасөз мәслихатында Германияның сыртқы істер министрі Хайко Маас блогердің улануына қатысты жасалған тұжырымдарды сынға алуды тоқтатуды талап етті. Өйткені, Франция мен Швециядағы кейбір тәуелсіз зертханалар да бундесвер мамандарының қорытындыларын растаған. Зертханалар туралы ақпарат құпия болғандықтан, олардың қандай зертханалар екендігі әзірге белгісіз.

Ведомство басшысының тілегі орындалуы да екіталай. Бірақ нәтиженің керісінше болуы да ықтимал, өйткені Алексей Навальный неміс билігіне күтпеген "соққы жасамақ".

New York Times басылымы ГФР қауіпсіздік органының жоғары лауазымды өкіліне сілтеме жасай отырып, Навальныйдың ауруханадан емделіп шыққаннан кейін "өзінің қызметін жалғастыру" үшін Ресейге оралуға ниетті екендігін жазған.

Егер газетте жазылған ақпарат шындыққа жанасса, Навальный үшін қуануға болады. Себебі, дәрігерлер науқастың жағдайының ауырлығын ескере отырып, оның жазылып шығатынына толықтай кепілдік бермеген еді.

Жалпы, соңғы ондаған жыл ішінде Ресейден көп адам қоныс аударған. Олардың арасында белгілі қоғам және саяси қайраткерлер де бар. Бұған лауазымды тұлғалардың қоғам алдында өз салмағын жоғалтуы, соның нәтижесінде эмигранттардың қатарына қосылып, ешқандай назарсыз қалуы себеп болып отыр.

Кремльмен ымырасыз күресушілер өздерінің нық ұстанымдарымен бірге қаржылық мүмкіндіктерінен де айырылды. Ал ресейлік оппозиционерлер арасында Михаил Ходорковский сияқты байлар аз.

Оқи отырыңыз: "Солтүстік ағын – 2" жобасының тағдыры не болмақ? – видео

Нәтижесінде, олар не істейді? Қазір олар Прагадағы, Ригадағы немесе Лондондағы қарапайым пәтерлерінде отырып, әлеуметтік желілерге іштегі запыранын төгеді. Болмаса, Петр Павленский сияқты қиын жағдайға душар болуы мүмкін.

Жыл өткен сайын "Мен Ресейден мәңгілікке кетемін, менсіз мақұрым қалсын", деген пікірлер сирек те болса естіліп жатыр.

Алексей Навальный үшін де мұндай жағдай өте тиімсіз болар еді. Себебі, ол Ресейдің ең танымал оппозиционеріне айналып қана қоймай, өз жақтастарынан қаражат жинаудың өте тиімді жүйесін құрды. Ол барлық жағынан өзінің жағдайын жасап алды: мәселен, әрдайым отбасымен бірге шетелдің қымбат курорттарына демалуға барады, қызын Стэнфорд университетіне оқуға түсірді.

Блогердің осы кезге дейінгі барлық тапқан-таянғаны мен жиған-тергенінен өз еркімен бас тартып, екінші Скрипальға айналғысы келмейтіні таңғаларлық жағдай емес. Себебі, Скрипальді британдық барлау агенттіктері ежелгі Солсберидегі жайлы өмірінің орнына әлемнің ең бір қиыр шетіне жіберген еді.  Ал мұның бәрі Скрипальдің бас барлау басқармасының "кісі өлтірушілерінен" құтылу туралы аңыз-әңгімені қолдағанынан басталып еді.

Бұл жерде Алексей Навальныйдың жеке мүдделері мен оның батыс суреттеген ауруының арасында түбегейлі қайшылық бар. Немістер "оның жеке қауіпсіздігі үшін Навальныйдың өз отанына оралуын" қажет деп таппайды. Бірақ блогердің қайтадан Ресейге оралуға деген құлшынысы Ресей билігі тарапынан оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрмағанын және улану туралы мәселеге сенбейтінін көрсетеді.

Бір қызығы, неміс тарапы Мәскеуге Навальныйдың диагнозын растайтын кез-келген ақпаратты беруден бас тартып отыр. Ресейдің бас прокуратурасы тексеріс жүргізу үшін неміс әріптестерінен блогердің денсаулық жағдайына қатысты анықтаманы сұратқан еді, ал Берлин тарапы үнсіз. Алайда, блогердің "Шаритэ" клиникасынан өзімен бірге алып келетін анықтамасы негізінде Ресейдің құзыретті органдары біраз жәйттің бетін ашуы мүмкін.

Жалпы, Алексей Навальныйдың Ресейге оралуға деген ықыласы немістерді өте жағымсыз және қиын жағдайға душар етуі мүмкін, өйткені оларға өздерінің бірнеше апта бойы айтқан "сандырағын" түбегейлі теріске шығару қаупі төніп тұр.

Осыған ұқсас жағдайды кезінде британдықтар жақсы пайдаланды. Мәселен, Скрипальдың улануына қатысты шоу өзінің ауқымымен, егжей-тегжейлі детальдерімен есте қалды. Бұл ретте, "құрбан" рөліндегі адам да өте сауатты таңдалды: себебі, ол өзінің жетекшілерінің айтқанымен жүріп, айдауына көнетін, ешкімге қызықсыз және қажетсіз бұрынғы тыңшы болатын. Бірақ бұл жерде Лондон Скрипальға ешқашан артық әрекет етуге, тіпті журналистермен немесе дипломаттармен сөйлесуге мүмкіндік бермеген еді.

Ал Алексей Навальныйды бүкіл отбасымен ресейлік оппозиционердің "тәтті өмірінен" өз еркімен бас тартуға көндіру немістер үшін өте маңызды міндет болмай қалуы мүмкін.

Блогер үшін жағымсыз жаңалық, оның Ресейге оралуы Берлинде әзірленген "ботқаға" байланысты күрделі мәселе тудыруы мүмкін. Сондықтан Ресей бұл түйткілді шешу үшін "сендіру" және "өз еркімен" деген сөздерді қолдануды қажет етпейтін әдістерге жүгіне алады.

789
Кілт сөздер:
Ресей, Германия
Айзат Молдағасымова

Сынақ мерзімінен өтпеді: Молдағасымова тағы да жұмыссыз қалды

184
Молдағасымова Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының басшысы қызметінен төрт айдан кейін босатылды

НҰР-СҰЛТАН, 21 қыркүйек – Sputnik. Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығын басқарған Айзат Молдағасымова тағайындалғаннан кейін төрт ай өткен соң жұмыстан босатылды.

Денсаулық сақтау министрлігі ол осы уақыттың басым бөлігінде жұмыста болмағанын хабарлады.

Сынақ мерзімінен өтпеуіне байланысты оны жұмыстан босату туралы бұйрыққа 14 қыркүйекте қол қойылды, деп түсіндірді денсаулық сақтау министрлігі.

"Айзат Молдағасымова 2020 жылдың 3 маусымында қойылған міндеттерді тиімді орындау мақсатында Жұматов атындағы гигиена ғылыми орталығының директоры қызметіне қабылданды. Алайда ол уақытша еңбекке жарамсыздық парағын алып, 1 шілде мен 14 қыркүйек аралығында жұмыста болмады. 14 қыркүйектен бастап сынақ мерзімінен өте алмауына байланысты онымен еңбек шарты тоқтатылды", - деп  түсіндірді ұлттық денсаулық сақтау орталығының директоры Дамир Көпжасаров.

Оның айтуынша, онымен еңбек шарты сынақ мерзімі кезінде нашар жұмыс істеуіне байланысты бұзылған.

Оқи отырыңыз: Алматының бас санитары дәрігерлердің қалай ауру жұқтырғанын айтты 

Айзат Молдағасымова бұған дейін Алматының бас санитар дәрігері қызметін атқарды. Оның кезінде Орталық қалалық клиникалық аурухананың қызметкерлері жаппай коронавирус жұқтырды. Қаланың бас санитары бұған дәрігерлердің  қауіпсіздік шараларын сақтамауы себеп болуы мүмкін деп мәлімдеген болатын. Алайда ақхалаттылар Молдағасымованы жала жапты деп айыптап, президенттің атына хат жазды.

Осы жағдайдан кейін, 18 сәуірде Айзат Молдағасымова қызметінен кетті, оның орнына Жандарбек Бекшин тағайындалды.  

184
Тақырып бойынша
Жаппай індет жұқтыру оқиғасы: Алматыда аурухананың бас дәрігері қызметінен кетті
Алматының бас санитары 12 дәрігерден коронавирус табылғаннан кейін мәлімдеме жасады
Алматыда коронавирус табылған дәрігерлер 300-ден аса адаммен байланыста болған
Жандарбек Бекшин жаңа қызметке тағайындалды