Су-57 ұшағы, архивтегі сурет

Ресейлік Су-57 ұшағы АҚШ-ты неге алаңдатады

145
(Жаңартылды 21:48 20.08.2020)
Су-57 автоматты режимде алға қойған міндеттердің 90%-ін өзі орындап, алдын ала дайындалған бағдарлама бойынша автоматты түрде әрекет етеді

АҚШ мамандарының СУ-57 жойғышына қатысты тұрақты назар аударуы олардың "Сухойдың" барлық құпиясын ашуға деген құлшынысы деп бағалауға болады. Әскери тақырыпта жазатын америкалық басылымдар СУ-57 жойғышына "наразылық" білдіріп отыр. Соның бірі аталған жойғыштың жауынгерлік артықшылығы.

Әрине, ресейлік машинаның радиолокациялық көзге түсуі және жаңа буын қозғалтқышы туралы ақпараттың жоқтығы АҚШ-тың күдігін тудырып отыр. Бірақ, ай-сайынғы жариялынымдар "серіктестерді" шын мәнісінде алаңдатып отырған мәселеге арналып жазылған.

Америкалық The Drive басылымы Су-57 жойғышын дайындау сапасы жақсарып келе жатқанын жазды.  Аталған басылым "Сухойдың" корпорация жариялаған суретінің әрбір бөлігіне дейін сипаттап жазған. Соның ішінде, тұмсық тұсында орналасқан инфрақызыл бағыттау жүйесіне (101КС-В) ерекше назар аударылған. Америкалықтардың қорқынышты болжамы ақиқатқа айналуда: Су-57 тұрақты жетілдірілуде. Алайда, The Drive авторларының пікірінше, ол "әлдеқайда сұрапыл, бірақ мейлінше аз желілік әуе соғысының доктринасына бейімделген мүмкіндіктердің үйлесін тапқан аппарат". Ол "қарсыластың ең жоғары технологиялық қаруын істен шығаруға қауқарлы".

Су-57 – көп функциялы бесінші буын жойғышы. Ол құрлықта әрі әуедегі әлеуетті қарсыластың барлық түрдегі нысандарын жоюға, әуедегі шабуылға қарсы қорғаныс құралдарынан кедергісіз өтуге, орналасқан нүктеден қашықтықта әуе кеңістігіне мониторинг жүргізуге, қарсылас авиациясы әрекеттерін басқару жүйесін талқандауға арналған.

Бұл қуатты соғыс кешенінің құрамына он беске жуық "әуе-әуе" және "әуе-жер үсті" жаңа авиациялық жою құралдары еніп отыр. Сондай-ақ, 250 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсеретін кемеге қарсы зымырандар мен "Кинжал" жүйесі де қамтылған.

Су жаңа жойғыш технологиялық басымдықтың жоғары деңгейіне жетті және Сирия аумағындағы соғыс жағдайында тексеруден өтті. Ресей қорғаныс министрлігінің бірінші топтамада бір-екі емес, бүтіндей 76 сериялы Су-57 жойғышына тапсырыс бергені де кездейсоқ емес.

Мінсіздік үлгісі

Бұған дейін The Drive басылымы Су-57-нің бірнеше технологиялық ерекшеліктеріне тоқталған болатын.

Ең алдымен, бұл "Белка" Н036 Х-диапазонды торымен орналастырылған белсенді антеннасы бар ұшақтың жазық тұсы мен корпусына кіріктірілген радарлар. Олар шолудың кең секторын қамтамасыз етеді. Ұшқыштың жағдайдан толық хабардар болып отыруын арттырады және тактикалық әрекеттерді кез келген жойғышқа қарағанда сәтті жүзеге асыра алады.

"Шеткі радио-локациялық станция" Су-57-ге нысанды іздеу кезінде жоғары дербестікке ие болуға, өз бортындағы зымырандарға нысанды нұсқау тиімділігін төмендетпестен, қарсылас радарының назарына түспеудің жаңа деңгейіне жетуге мүмкіндік береді.

Су-57 жойғышы үш метрлік тартылыс векторына ие. Ол әуеде адам сенгісіз маневрлер жасауға мүмкіндік береді. Мұндай сипаттама бесінші буын ұшақтарының ешқайсысында жоқ екенін еске салу керек. Егер таяу немесе алыстағы соғыс кезінде қару-жарақ қоры таусылып қалса, "Сухойдың" жылдамдығы мен маневрлілігі соғыста аман қалудың сенімді кепіліне айналады.

Сонымен қатар, Су-57-нің берік шассиі мен үлкен шиналары, шашыратқыштарының болуы оған деген құрметті арттырып қана қоймай, "жол талғамайтын" сипатын аша түседі. Мұндай бесінші буын жойғыштары "сыпырғыш машинасын" қажет етпей, топырақты аэродромдар жолағына қона алады. Су-57-нің көмекші күш қондырғысы орналасудың жоғары дербестігін, жерүстіндегі әрекетте жанармай шығынының төмендігін, маршты қозғалтқыштар ресурсының үнемделуін қамтамасыз етеді.

Әлдеқайда осылдау америкалық F-22 мен F-35 ұшақтарын пайдалану үшін "өркениетке сай" аэродромдар қажет. Ал Румыния немесе Польшада аэродромдар салу америкалықтар үшін қымбатқа түседі.

Сондай-ақ, "Гималаи" атты радио электронды шабуылға қарсы күрес кешені де қарсыласқа шаң қаптырмақ. Ол әлеуетті қарсыластың бесінші буын ұшақтарын төртінші буын ұшақтарына айналдыруға, яғни F-35 пен F-22-ні көзге түсетіндей етіп әшкерелеп, оларды "қарусыздандыра" алады.

Эволюция мен революция

18 тамызда Military Watch Magazine америкалық басылымы былай деп хабарлады: "Ресей өздерінің Ту-22М3М тактикалық бомбалаушыларын жетілдіру үшін Су-57 жаңа технологияларын қолдана бастады". Атап көрсетілгендей, Су-57 "келешек буын технологияларының кең спектрін біріктіреді, ол датчик жинағынан радиоэлектронды және лазерлік шабуылға қарсы әрекет ету жүйесін қамтып отыр". Олар соғыс ұшақтарының басқа түрлеріне біріктіріліп, әуе кемелерін мүмкіндіктердің жаңа сатысына шығара алады.

Российские многофункциональные истребители пятого поколения Су-57 на воздушном параде Победы в Москве
© Sputnik / Андрей Станавов
Мәскеудегі Жеңіс парады. Көпфункционалды Су-57 бесінші буын ұшақтары.

Америкалықтар әзірше Су-57-нің басты және стратегиялық артықшылықтарын талқылап отырған жоқ. Алайда, қытайлық мамандар әскери басқару жүйесіне кіріктірілген жасанды интеллектінің басымдықтарына зер салып үлгерді (https://inosmi.ru/military/20190919/245847327.html). Бұл әскер ісіндегі нағыз революция болмақ: ресейлік Су-57 автоматты режимде алға қойған міндеттердің 90%-ін өзі орындай алатын болады және алдын ала дайындалған бағдарлама бойынша автоматты түрде әрекет ете алады. Егер ұшқыш соғыс кезінде жарақат алса немесе қаза тапса, басқару жүйесі негізгі және қосалқы мақсаттарды анықтап, бағдарды белгілеп, соққы жасайды және ұшақты базаға қайтарады.

Бұған дейін атап өткеніміздей, Су-35 жойғыштарымен өзара әрекеттесу ықтималдылығы жайлы айтқанбыз. Алайда, Су-57-нің жасанды интеллектісі "Охотник" ұшқышсыз ұшу аппаратымен бірлесе жұмыс жасауы мүмкін екені де айтылды. Сондықтан, мұндай "жасанды ақыл" орналастырылған қуатты әрі технология тұрғысынан болжап болмайтын машиналар F-22 Raptor секілді машиналарға еш мүмкіндік қалдырмай жеңетіні анық.

Айта кету керек, қазір ресейлік "МиГ" және "Сухой" ықпалдастықта алтыншы буын жойғышын әзірлеп жатыр.

145
Кілт сөздер:
қауіпсіздік, әскери ұшақ
Таулы Қарабақ

Таулы Қарабақта не болып жатыр?

100
(Жаңартылды 18:21 29.09.2020)
Баку мен Ереван арасында көп жылға созылған әскери-саяси текетірес салдарынан Таулы Қарабақтағы қақтығыс ушығып тұр

Жанжалдың тікелей қатысушылары - Баку мен Ереван саналы немесе еріксіз түрде Мәскеуді шиеленіске тартып, ТМД мен ҰҚШҰ қауіпсіздік жүйесіне кері әсерін тигізуде.

Таулы Қарабақ мәселесі әскери жолмен шешілмейді. Қақтығысқа түрткі болған қос тарап –  Әзербайжан мен Армения, сондай-ақ үш тең төраға - Ресей, АҚШ және Франция бастаған ЕҚЫҰ-ның Минск тобы осы ұйғарыммен келіседі. Келіссөздер үдерісі баяу және күрделі жүріп жатыр, бірақ 27 қыркүйекте ауыр артиллерияны, танкілерді, зымыран кешендері мен соққы жасайтын ұшақтарды қолдана отырып, белсенді соғыс қимылына көшудің айтарлықтай себебі жоқ еді.

Армения мен Әзербайжанның әскери ведомстволарының жойылған жау танкілерінің видеосын, екі жақтың шығындары туралы үрейлі статистиканы жарыса жариялаудағы "бәсекелестігі"  аяныш сезімін туғызары анық. Мәселеге объективті түрде қарасақ, бұл шиеленіс екі жаққа да тиімсіз. Егер қос тарап келіссөзге келмесе, соңы күтпеген жағдайға алып келуі мүмкін. Мәселен, шетелдік бітімгершілік күштерін енгізу (қауіпсіздік аймақтарын қалыптастыру) немесе жағдай одан әрі ушығатын болса, Оңтүстік Кавказда ҰҚШҰ (ең алдымен Ресей) және НАТО (Түркия) елдерінің  қатысуымен үлкен соғыс өрті тұтануы да ғажап емес.

Әзербайжан мен армян халқы аралас тұратын аймақта қақтығыс 1988 жылдың ақпанында басталған, сол кезде Таулы Қарабақ автономиялық облысы Әзербайжан құрамынан шығатынын жариялаған еді. Бітімгершіліктің алғашқы кезеңінде КСРО ІІМ ішкі әскерлеріне орасан салмақ түсті, олар үш жыл бойы белсенді қарулы қақтығысты тоқтата алды. Кеңес Одағы ыдырап, әскери күштер шығарылғаннан кейін шиеленіс қайта қарқын алды. 1994 жылға қарай Әзербайжан Таулы Қарабақтың көп бөлігі мен оған жақын орналасқан жеті облысқа бақылау жүргізу мүмкіндігінен айырылды.

Қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге қатысты ЕҚЫҰ-ның Минск тобы аясындағы келіссөздер 1992 жылдан бері жүргізіліп келеді,  қарулы қақтығыс ауық-ауық күшейіп кетеді.

Таулы Қарабақтағы әскери шиеленіске байланысты қарама-қайшы ақпараттар түсіп жатыр. Әзербайжан мен Армения текетірестің басталуына бірін-бірі айыптап, өз әрекеттерін қарулы арандатушылықтарға берілген жауап деп есептейді. Осыған орай, дүйсенбіде Әзербайжанда ішінара мобилизация жарияланды, президент Ильхам Әлиев республиканың бірқатар қаласы мен аймағында әскери жағдай енгізді. Ал Арменияда бұдан бір күн бұрын әскери жағдай енгізілген болатын.

Әзербайжан билігінің хабарлауынша, 27 қыркүйекте армян әскерлері "қауіпсіздік белдеуі" деп аталатын жеті ауылдан шығып кеткен (кеңестік кезеңде Әзербайжанның бұл аумағы Таулы Қарабақ автономиялық облысының құрамына кірмеген және 1990 жылдардың басында армян күштерінің бақылауына өткен).

28 қыркүйекте таңертең әлемдік қауымдастық мойындамаған Таулы Қарабақ республикасының президенті Араик Арутюнян: "Біз өз позицияларымызды жоғалттық, әлі де жоғалтамыз, бірақ біз басқа позицияларға ие боламыз" деп атап өтті. Қазір қақтығыс жалғасуда.

Баку мен Ереван қуатты зымырандық кешендерді, соққы беретін ұшақтарды пайдаланып, "тарихи әділеттілікті" қалпына келтіргісі келеді. Алайда одан бейбіт тұрғындар зардап шегуде. Сондықтан  27 қыркүйекте ауыр артиллерия мен танкілерден кімнің бірінші болып оқ жаудырғаны, кімнің ұрыс даласында басымдылық танытқаны маңызды емес. Қазіргі таңдағы басты мәселе - Таулы Қарабақ шекарасындағы қарулы қақтығысты тоқтату, келіссөзге қол жеткізу, адам өмірін сақтау. Бұл ретте тараптар өз одақтастары алдында тұрған міндеттерін де ұмытпауы керек.

Егер Баку мен Ереван өздерін Мәскеудің одақтасы деп санайтын болса, олар Ресейдің ұстанымын ескеріп, бұл жанжалдың аймақтық қауіпсіздік жүйесінің бұзылуына кері әсер тигізетінін түсінуі қажет. Қарулы қақтығысқа қатысушылардың қарама-қайшылықтарын, оған қатысты айтылған салмақты аргументтерді ескерген күннің өзінде Ресейге Кавказдағы соғыстың өршуі керек емес. Сондықтан Ресей сыртқы істер министрлігі Таулы Қарабақ шиеленісіне қатысушы тараптарды "қақтығысты дереу тоқтатуға" шақырды.

Сонымен қатар, Таулы Қарабақтағы текетірестің өршуіне халықаралық қауымдастық сындарлы көзқарас танытып отыр. Еуропалық Одақ елдері, АҚШ және Иран алаңдаушылық білдіріп, өз көмегін ұсынуда. Тек Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған "күш қолдану" сценарийін қолдап отырғанға ұқсайды, бірақ ол сөз жүзінде ғана. Себебі Анкара Оңтүстік Кавказдағы қауіпті ойынға қатысса, бұл оған кері әсерін тигізуі мүмкін. Өйткені Арменияға бағытталған шабуыл міндетті түрде ҰҚШҰ-ның қарсылығын, яғни Ресеймен арада соғыс өртін туғызады. 

100
Түн мезгіліндегі әйел сұлбасы, архивтегі сурет

Бішкекте қазақстандық әйелдерді асқан жауыздықпен өлтірген: қаскөйлер қалай ұсталды

5266
(Жаңартылды 15:32 23.09.2020)
Осыдан сегіз жыл бұрын мемлекеттік шекара маңындағы банда полицияны аяғынан тік тұрғызды. Олардың құрбаны - Қазақстаннан барған бірнеше кәсіпкер. Сол кезде бұл қылмыс халықаралық жанжалға ұласа жаздаған еді

2012 жылдың ортасында Аламудун ауданының аумағында бірнеше ай бойы тәртіп сақшылары қарақшылардың ізіне түседі. Олар саудагер әйелдерді тонап қана қоймай, асқан жауыздықпен зорлаған. Бұл топтың темірдей тәртібі бар еді: ол – құрбандарды тірі қалдырмау. Бірақ қылмыскерлерден зәбір көрген әйелдердің бірі аман қалады...

Сол жылдары "Дордой" базары бүкіл Орта Азия аймағының көтерме саудагерлері арасында өте танымал еді. Демалыс күндері жүздеген саудагер, кейбірі топ-тобымен, енді бірі жалғыз жүріп Қырғызстанның шекарасын кесіп, арзан тауар сатып алу үшін осы базарға ағылады.

Қарақшылар туралы алғаш рет 2012 жылдың жазында айтыла бастады. Сол кезде 38 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны олардың құрығына ілігеді. Қылмыскерлер әуелі оны зорлайды, кейін Үлкен Шу каналына ағызып жіберуге шешім қабылдайды. Бұл аз дегендей, саудагердің басынан таспен ұрғылаған. Әйелдің тыныс алмай жатқанына көз жеткізгеннен кейін оның денесін суға тастайды. Кейінірек белгілі болғандай, тірі қалған келіншекті жолдың шетінен жүк көлігінің жүргізушісі тауып алып, аудандық ішкі істер бөліміне алып келген.

...Таң қылаң бере АІІБ кезекші бөліміне қатты соққыға жығылған, киімдері қанға боялған әйел келеді. Кезекші милиционер оның әңгімесін тыңдай келе, мұның қарапайым тұрмыстық жанжал емес, қоғамдық резонанс тудыратын ауыр қылмыс екенін түсінеді. Тәртіп сақшысы зардап шеккен қазақстандық азамат туралы дереу басшылықты хабардар етеді. Бір сағат өтпей жатып, аудандық бөлімге ауыр қылмыспен айналысатын мамандар жетті. Олар тергеу барысында бірнеше әйелді зорлап, біреуін өлтірген қандықол  қарақшылардың ізіне түседі.

Неден басталды

Банданың қылмысы туралы бәрін айтып беруге Шу қалалық ішкі істер басқармасының аға із кесушісі Айбек Парманасов келісті. Оның айтуынша, шекараға жақын маңдағы кеден бекетіне үш қарақшы арнайы құрбан іздеп келген. Қылмыскерлер сенбіге қараған түні осы бекет арқылы Бішкекке қомақты ақшасы бар саудагерлердің өтетінінен хабардар. Осылайша түннің бір уағында олар жалғызілікті әйелді байқайды. Қылмыстық топтың басшысы бір қарағаннан-ақ әйелдің саудагер екенін біледі. Енді оның сеніміне кіріп, өз көлігіне отыруға көндіру ғана қалады.

Сол түні әу бастан қылмыскерлердің жолы болды. Қазақстандық әйелді әрдайым кеден бекетінен алып кететін такси жүргізушісінің көлігі жолда бұзылып қалады. Соңғы сәтте ол саудагермен телефон арқылы хабарласып, болған жәйтты айтады. Ал кәсіпкердің түннің бір уағында бөтен елде далада қалғысы келмегені анық. Сондықтан оның жол шетінде тұрған такси жүргізушісінің ұсынысына келісуден басқа амалы қалмайды.

Оқи отырыңыз: 16 рет пышақ сұққан: шымкенттік мұғалімді кім және не үшін өлтірді

Жүргізуші бірден көлігінде тағы екі кәсіпкер отырғанын ескертеді. Оларды қарсы алу үшін әдейілеп келгенін, егер келіспесе, өздері кете беретінін айтады. Әйел амалсыз көнеді. Көлік трассаға шыға салысымен, әйелдің қасында отырған жолаушының бірі оның бетінен ұрады. Ал жүргізуші әйелге "тыныш отыр, әйтпесе өлім құшасың" деп қорқытады. 

Осыдан кейін олар Үлкен Шу каналына келеді. Қылмыскерлер бұл жердің әрбір бұрышына дейін жақсы біледі. Айдалада айғайлаудың, көмекке шақырудың еш пайдасы жоқ еді. Каналдың жағасында олар көліктен Ольганы шашынан сүйреп шығарады. Алдымен қаскөйлер қорғансыз әйелді тепкілеп, ұзақ уақыт қорлайды. Содан кейін іскер әйелдің сөмкесін ақтарып, 5 мың доллар, 37 мың теңге, жүздеген сом ақшаны алады.

Ешкімге тіс жармаймын...

Енді қылмыскерлерді тоқтату мүмкін емес еді. Әуелі қарақшылар тобының жетекшісі, кейін оның сыбайластары Ольганы аяусыз зорлайды. Әйелді тірі қалдыру ешкімнің ойына да кіріп шықпайды. Олардың алдында тізе бүккен саудагер өзіне аяушылық танытуын жалынып сұрайды.

"Үйде үш кішкентай балам бар, оларды жалғыз өзім тәрбиелеп отырмын. Қарт анам бар. Мен отбасының жалғыз асыраушымын. Оларға менсіз қиын болады. Ақшаны түгелдей алыңыздар, ал мені үйіме жіберіңіздер, бұл оқиға туралы ешкімге тіс жармаймын", – деп жалбарынады ол.

Әйелдің бұл сөзі қылмыскерлерге еш әсер етпейді. Топ жетекшісі сыбайластарына саудагердің аяқ-қолын байлап тастап, басынан таспен ұруды бұйырады. "Бірден өлтірмесек те, егер аяқ-қолын байлап-матасақ, ол бәрібір суға тұншығып өледі" дейді ол.

...Кейін із кесушілердің бөлмесінде отырған кезде ауруханадан енді шыққан әйелдің тергеушімен арадағы әңгімесін кездейсоқ естіп қалдым. Әйелдің қандай азапты бастан кешіргенін елестетудің өзі қиын еді.

"Қатты соққыдан көз алдым қарауытып кетті. Бірнеше минут есеңгіреп қалдым. Кейін суға батып бара жатқанымды сездім. Бірақ өзімді құтқаруға және балалар үшін өмір сүруге деген құлшынысым маған күш бергендей болды", – деді қорқынышты күнді көзіне жаса ала есіне түсірген ол.

Ольга жағалауға жетіп, қамыстың ішіне жасырынады. Қылмыскерлер өзінің өліп қалғанына көз жеткізіп, оқиға орнынан кеткенше судың ішінде бірсыпыра уақыт отырады. Әйел өзінің ішкі түйсігімен қылмыстық топ басшысының оның өлім құшқанына әлі де сенбейтінін сезеді. Себебі, қарақшы каналдың жанына әлденеше рет барып, оның түбіне қайта-қайта үңіледі.

Жағада отырған әйел қолына байланған жіпті тісімен қиып, жолға шығады. Оны жүк көлігі жүргізушілерінің бірі байқап қалып, милицияға жеткізеді.

Бұл қылмысты ашу үшін арнайы тергеу тобы құрылады. Кәсіпкердің сипаттауы бойынша милиция қызметкерлері үш қылмыскердің фотобейнесін жасайды. Әйел, әсіресе, топ жетекшісінің түрін өмір бойы ұмытпастай есінде сақтап қалған. Әзірге тергеу барысында бастысы бұл емес, қарақшылардың көлігі еді. Ольга көлікті сұр минивэн деп сипаттайды. Сондықтан тәртіп сақшылары осы көлікті іздей бастады. Кейін барлық қылмыскер ұсталғаннан кейін әйелдің психологиялық күйзелістен көліктің түсін ғана емес, маркасын да шатастырғаны белгілі болды.

Милиция бірден "Ақ-Жол" кеден бекетінде жұмыс істеген барлық такси жүргізушісін назарға алады. Күдікті көрінген бірнеше азаматты Ольгаға көрсетеді. Бұл уақытта кәсіпкер Қазақстанға оралып, олармен интернет және ұялы телефон арқылы байланысқа шығады. Тәртіп сақшылары қанша үгіттесе де, саудагер әйел Қырғызстанға оралмайды.

Ұқсас қылмыс

...Қыркүйектің соңғы күндерінде Бішкек – Алматы тас жолының бойында мал жайып жүрген жергілікті тұрғындар асқан қатігездікпен өлтірілген әйелдің денесін тауып алады. Мәйітті тексерген сарапшылар қанішерлердің әйелді темірмен ұрғанын анықтайды. Соққының қатты болғаны соншалық, әйелдің бас сүйегі бірнеше жерден сынған. Ол алған жарақатынан бірден жантәсілім еткен. Қаскөйлер мәйітті жол жиегінен біршама метрге дейін сүйреп апарып, бұталардың арасына лақтырып кеткен.

Іс кесушілер марқұм әйелдің кім екенін бірден анықтай алмайды, себебі, киімінің қалтасында құжаттары болмаған. Көп ұзамай тергеу ісіне араласқан патологоанатомдар келіншектің бірнеше апта бұрын өлтірілгенін хабарлайды. Бұдан бөлек, қылмыскерлер әйелді өлтірер алдында зорлағаны белгілі болды.

Келесі күні құқық қорғау органдарының өкілдері қылмыс туралы Бішкек пен Шу облысының барлық аудандық ішкі істер бөліміне хабарлайды. Сондай-ақ, өлген әйел туралы ақпаратты Қазақстандағы әріптестеріне де жеткізеді. Өйткені, 47 жастағы азамат Астананың тұрғыны болып шықты. Бұл әйел де тауар сатып алу үшін "Дордойға" келіп, артынан жоғалып кеткен. Ол бірнеше күннен кейін үйіне оралуы тиіс еді. Із-түзсіз жоғалған соң әйелдің күйеуі жергілікті полициядан көмек сұрайды.

"Бұл екі қылмыстың бір-бірімен байланысты екеніне күмәнданған жоқпыз. Екі жағдайда да Қазақстаннан келген саудагерлерге қарақшылық жасалған, қылмыскерлердің қолтаңбасы да ұқсас", – деді Шу ҚІББ бөлім бастығы Медер Мұратов.

Әуелі тәртіп сақшылары әйелдің шекараны кескен сәттен бастап, базарға дейінгі жүрген жолын зерттеуге тырысады. Бір қызығы, қылмыскерлердің құрығына ілінген екінші саудагер Бішкекке еш қиындықсыз жеткен. Милиция қызметкерлерінің қолында Ольгаға шабуыл жасағандардың фотороботы болды. Шұғыл отырыста олар іс-әрекет жоспарын белгілеп алады. Сөйтіп, қаскөйлерді "Дордойға" қатысы бар адамдардың арасынан іздеу керек деген ұйғарымға келеді.

Тәртіп сақшыларының бір тобы такси жүргізушілерін, арба сүйреушілерді, жергілікті қауіпсіздік қызметкерлерін тексеріп жатқанда, басқалары өлім құшқан саудагер әйел туралы жан-жақты ақпарат жинауға тырысады. Олар әйелдің күйеуіне хабарласып, сол күні кешке бірнеше сағат бұрын келіншегімен сөйлескенін біледі.

Әйелі барлық тауарды сатып алғанын, кешке такси ұстап, шекара бекетіне баратынын айтқан.

"Мен базардан бір жігітті кездестіріп қалдым. Ол мені шекараға дейін жолдың жарты құнына жеткізіп тастайтынын, жүгімді түсіруге көмектесететін айтты", – деген ол күйеуіне.

Үш рет сотталған

Тәртіп сақшылары тағы да белгісіз такси жүргізушісіне тап болады. Олар екі қылмыстың өзара байланысты екеніне көз жеткізе түседі. 

Қылмысқа қатысты бірден екі түрлі болжам жасалады. Марқұмның бірнеше мың доллар тұратын тауары жоғалған. Демек, қылмыскерлер жақын арада одан құтылуға тырысады, таныс алыпсатарларға сатуы мүмкін. Ал егер кісі өлтірушілердің базарға қатысы болса, онда заттарды осы жерде өткізуге тырысады деген сөз. Осылайша, тәртіп сақшылары базар ішін аралайды. Бірнеше саудагер фотороботтан үш қылмыскердің біреуін таниды. Олардың айтуынша, жас жігіт әйелдер киімін арзан бағаға сатқан. Көз жұмған әйел дәл осындай тауар сатып алған.

Осы жұмыстың нәтижесінде құқық қорғаушылар Ош облысы тұрғынының ізіне түседі. Ол базарда жүк тасушы ретінде нәпақа тауып жүрген 30 жастағы азамат еді. Бұған дейін үш рет сотталған жігіт қылмыстық топтың жетекшісі болған.

Тәртіп сақшылары оның соңғы рет Ош оқиғасынан кейін сотталғанын, сол уақытта Макаров тапаншасымен ұсталғанын анықтайды. Бірақ тергеушілер қаруды қандай мақсатта сатып алғанын сол күйі біле алмаған. Бостандыққа шыққаннан кейін ол тағы да ескі әдетіне көшеді.

Оқи отырыңыз: Балалар үйіндегі қанды қырғын: павлодарлық үш жасөспірім 6 адамды қалай өлтірді

Енді оның сыбайластарын анықтау үшін такси жүргізушісінің кіммен қарым-қатынас жасайтынын мұқият зерттеу қажет. Арада бірнеше күн өткеннен кейін күдіктінің үйіне екі жігіт келеді. Қамауға алған кезде қарақшылар құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсылық көрсетуге тырысады.

Тергеу кезінде қылмыстық топтың жетекшісі тәртіп сақшыларының сұрақтарына ұзақ уақыт жауап бермейді. Көп ұзамай, оған бұлтартпас дәлелдерді ұсынған кезде, қылмыскер еріксіз астаналық әйелді өлтіргенін мойындауға мәжбүр болды. Ал жазда жасаған қылмысты бандиттер өз мойнына алғысы келмеді, себебі, бірнеше қарақшылық үшін ұзақ мерзімге темір торға тоғытылатынын білді.

250 сом үшін...

...Қылмыскерлер Астанадан келген саудагерді шекара бекетінің маңынан байқаған. Бірақ оны көлігіне алдап отырғыза алмайды. Себебі, әйел өзін күтіп тұрған такси жүргізушісінің көлігіне отырады. Сондықтан, олар әйелдің артынан қонақүйге дейін барады. Бірақ сол түні саудагердің бөлмесіне баса-көктеп кіріп баруға қарақшылардың батылы бармайды. Осылайша, таңертең кәсіпкердің базарға баруын күтеді. Ол жерде қылмыскерлер әйелдің көп тауар сатып алғанын көреді. Осыдан кейін "үштіктің" жетекшісі өзін жақсы жағынан көрсетіп, саудагер әйелдің сеніміне кіреді. Кеден бекетіне дейін жеткізіп салуға ұсыныс тастайды.

Келіскен уақытта көлігімен қонақүйдің жанына келеді. Барлық сатып алынған тауарды көлігіне салып, кеден бекетіне қарай жол тартады. Қарақшының сыбайластары күтіп тұрған жерде ол көлігін тоқтатады. Қаскөйлер көліктің ішінен әйелді сүйреп шығарып, алдын ала дайындап қойған темірмен ұра бастайды. Өлтірмес бұрын әйелді зорлайды.

Бірақ кәсіпкерде қомақты қаражат жоқ болып шықты. Олар жәбірленушінің қалтасынан небары 250 сом ғана табады. Бандиттер әйелдің денесін жасыруға уақыт жоғалтқысы келмейді. Сондықтан, мәйітті ең жақын бұтаға дейін сүйреп апарады да, ол жерден кетіп қалады. Бірнеше күннен кейін топ басшысы әйелдің сөмкесінен шыққан барлық тауарды базарға алып барады. Сатушылар оның қолына бірнеше мың сом ғана ұстатады...

Оқи отырыңыз: Әйелдерді зорлап, өлтірген: Шымкентті дүрліктірген екі маньяк қалай ұсталды

5266
Кілт сөздер:
Бішкек, қарақшылық
Архивтегі фото

Қытайда тәрбиеші өлім жазасына кесілді

0
Балабақша қызметкері Ван Юнь әріптесінен өш алу мақсатында оның тобына барып жүрген балаларды улағаны анықталды

НҰР-СҰЛТАН, 29 қыркүйек – Sputnik. Қытайдың Цзяоцзо қаласында халық соты балабақша қызметкерін өлім жазасына кесті, деп хабарлады РИА Новости.

Сот материалдарына сәйкес, "Мэнмэн" балабақшасында жұмыс істеген Ван Юнь деген келіншек орта топқа жауапты тәрбиешімен жанжалдасып қалған. Артынан әріптесінен өш алу мақсатында оның тобына барып жүрген балаларды улауға шешім қабылдайды. Сөйтіп, 2019 жылы 27 наурызда таңертең Сунь есімді тәрбиешінің балалары жейтін ботқаға натрий нитритін салып жіберген. Сол күні 25 бала уланып, ауруханаға түсті. Бір бала көз жұмды.

Оқи отырыңыз: Балабақшадағы балалар есек етін жеп келгені әшкере болды 

Тергеу шаралары барысында Ван Юньн осы іспетті тағы бір қылмыс жасағаны анықталды. Осыдан үш жыл бұрын үйдегі жанжалдан кейін ол күйеуін улаған. 2017 жылы ақпан айында алдымен интернет арқылы натрий нитритіне тапсырыс берген. Ал химиялық затты алғаннан кейін суға қосып, күйеуіне берген. Ол кезде ер адам уланғанмен қатты зардап шекпеген.    

Цзяоцзо қаласының орта санаттағы халық сотының шешімімен Ван Юнь өлім жазасына кесілді.

0
Кілт сөздер:
Қытай, балабақша
Тақырып бойынша
Шымкентте балабақшада төрт бала мен тәрбиеші уланып қалды
Алматы облысында балабақшадағы видеодан кейін тәрбиеші хабарсыз кетті
Алматыда балабақшадан сәби ұрламақ болған әйелге қатысты тың дерек шықты
Бүлдіршінді сорпамен күйдірген балабақша қызметкері жазадан құтылды
Шипажайда баланы сүлгімен ұрған тәрбиеші қылмыстық жазаға тартылмайтын болды