Компьютер алдында отырған адам, архивтегі сурет

Қауіпсіздік кеңесі: кибершабуылдың 75 процентін АҚШ жасайды

80
(Жаңартылды 18:15 25.08.2020)
Олег Храмов АҚШ президенті Дональд Трамп ресейлік интернет зерттеулер агенттігіне қарсы жасырын кибершабуылдар жасау жөнінде тапсырма бергенін еске салады

АҚШ және оның одақтастары басқа елдердің киберкеңістігінде барлау және деструктивті әрекеттерді күшейтіп жатыр. Бұл жөнінде Ресей қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Олег Храмов мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новости.

"Бірақ Ресей, Қытай, Солтүстік Корея мен Иранды кибершабуылдардың негізгі көзі деп атайды", – деді ол "Аргументы и факты" басылымына берген сұхбатында.

Басылымға сұхбат берушінің айтуынша, "АҚШ осылайша әлем қауымдастығының алдында кез келген әрекетті ақтай алатын медиялық картинаны нысаналы түрде қалыптастырып отыр". Ол ақпараттық ортада кереғарлықты жасанды шиеленістірудің нәтижесі халықаралық қарым-қатынастағы кикілжіңнің ушығуы, санкциялар салдарынан әлем экономикасының тежелуі, цифрландыру процесіне деген күдіктің күшеюі бейнесінде қалыптасуда.

"Мұндай жағдайда мемлекеттердің цифрлық толыққандылыққа қол жеткізуіне таң қалудың қажеті жоқ. Бұл цифрлық дәуір кезінде мемлекеттік дербестікті қамтамасыз ететін бір құрал іспеттес", – деді Храмов.

Оның пікірінше, әлемдегі кибершабуылдардың басым бөлігінің артында АҚШ тұр. "Америкалықтар зиян келтіру әрекетіндегі белсенділік бойынша статистикада көш бастап тұр: 2016-2019 жылдары зиян келтіру әрекетінің түрі бойынша – 40%-тен 70%-ке дейін өсті", – деді ол.

Храмовтың сөзінше, бұл көрсеткіштегі Ресейдің үлесі 2-7% аралығында тұр.

"Батыста жарияланбаған, бірақ ашық дереккөздердегі бұл мәлімет киберкеңістіктегі ресейлік қауіп-қатердің еш негізсіз екеніне кез келген саналы адам көз жеткізеді", – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, АҚШ өзі ойлап тапқан сылтауларын желеу етіп, киберкеңістіктегі өз мүмкіндіктерін арттыру арқылы Ресейге де бұл саладағы қорғанысын күшейтуге мәжбүрлеп отыр.

"Орын алған соңғы оқиғалар бойынша мысал келтірсек, онда 2019 жылы Ресейді Грузияның мемлекеттік органдары мен бұқаралық ақпарат құралдарына кибершабуыл жасады деген негізсіз және еш дәлелсіз айыптауын айтуға әбден болады", – деді ол.

Сол сияқты, Чехиядағы коронавируспен күреске қатыстырылған денсаулық сақтау нысандарына "адам сенгісіз" шабуылдар да құр дабыраға айналды. "Ресейлік хакерлерді" АҚШ, Ұлыбритания және Канадада COVID-19 вакцинасын әзірлеушілердің желілеріне мәлімет алу үшін шабуыл жасады деп айыптауға тырысуда", – деді ол.

Храмов Ресейдің өз ақпараттық технологияларын қолдану арқылы АҚШ-тағы сайлауға ықпал етуінің де күлкілі екенін ескертті.

"Бұл проблема америкалық саяси элитаның бір-біріне қарсылығы кезінде ең жиі қолданылған уәждеменің бірі болды", – деп атап өтті хатшының орынбасары.

Ол АҚШ президенті Дональд Трамп ресейлік интернет зерттеулер агенттігіне қарсы жасырын кибершабуылдар жасау жөнінде тапсырма бергенін еске салды. Бұл агенттікті америкалық арнайы қызмет өкілдері еш дәлелсіз "ақпарат таратушы" деп айыптады.

"Осы шабуыл фактісін Дональд Трамп жақында ғана "Вашингтон постқа" берген сұхбатында мойындады", – деп атап өтті Храмов.

Жаңа жарияланған мәліметтерге сәйкес, 2018 жылы АҚШ президенті Орталық барлау басқармасын шабуыл жасау операциялары кезінде киберкеңістіктегі кеңейтілген құзыретке рұқсат берген. Оның ішіне қарсыластың инфрақұрылымын істен шығару әрекеті де еніп отыр.

Храмовтың айтуынша, мұның барлығы Ресей Федерациясының және ресейлік заңнаманың ақпараттық қауіпсіздік доктринасы қағидаларына сәйкес қорғаныс шараларын қабылдауды қажет етеді.

80
Кілт сөздер:
интернет-ресурстар, әлемдік интернет, АҚШ
Теңге, ақша

Зейнетақы жинағын беру халыққа шынайы көмек пе?

3754
(Жаңартылды 10:28 22.09.2020)
Қазақстанда зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат беру жайы былтырдан бері қозғалып жүр

Айлығы шайлығына жетпейтін қазақстандықтар үшін бұл жаңалық қараңғы туннельдің соңындағы үміт сәулесіндей көрініп еді. Алайда бөркін аспанға атқан ел-жұрттың қуанышы су сепкендей басылды.

Еңбек министрлігі жыл басында 113 мың қазақстандыққа ғана зейнетақы жинағын шешіп алуға рұқсат берілуі мүмкін екенін мәлімдеді. 30 жастағы ер адамдардың шотында кемінде 6 миллион, ал әйелдерде 9 миллион теңге болуы шарт еді. Есеп-қисап жасау кезінде министрлік әйелдердің ерлерге қарағанда көбірек өмір сүретінін есепке алыпты.

Мемлекеттік органның бұл ұсынысы экономистердің де, қарапайым халықтың да ашуына тиді. Елдегі орташа жалақының 200 мың теңгеден сәл ғана асатынын ескерсек, отыз жастағы салымшының шотына 9 миллион қайдан келсін?!. Билік осы арқылы халыққа Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшадан үміт үзіңдер дегісі келгендей еді.

Осылайша зейнетақы жинағына қатысты алғашқы ұсыныстар қоғамның сынына ұшырады. Бұл мәселеге президент те араласты. Міндет – зейнетақы жинағының бір бөлігін алу мүмкіндігіне ие болатын азаматтардың санын арттыру. Арада жеті-сегіз айтты. 1 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы жолдауын жария етті. Басты жаңалық – 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат ету. Үкімет пен парламентке жыл соңына дейін заңнамалық өзгерістерді әзірлеп, қабылдау тапсырылды. Зейнетақы жинағы баспанаға, емге немесе сенімгерлік басқаруға беріледі.

Барша халықты мазалаған ендігі сұрақ – жинақты алу үшін шотта кемінде қанша ақша болуы керек? Еңбек министрлігі ұзақ күттірген жоқ, әр жас үшін жеткіліктілік шегінің мөлшерін жария етті.

Жаңа есептеулерге сәйкес, зейнетақы жинағын пайдалана алатын бақытты қазақстандықтардың тізімі 6 есеге, 721 мыңға дейін көбейген. Жеткіліктілік шегі де әжептәуір төмендеген сияқты еді. Бірақ, бұған қуанған халықты байқамадық. Елдің көңіл-күйі жоқ, жабырқау. Қарапайым халықтың емес, тағы да сол баяғы бай-бағландардың сойылын соққан билікке өкпелі. Ренжитін жөні бар – зейнетақы шоты бар салымшылардың басым бөлігінде зейнетақы жинағы жеткіліктілік шегінен аспақ түгілі, маңына да жақындамайды.

Мәселен, 20 жастағы азамат жинағының бір бөлігін алғысы келсе, шотына ең кемі 1 миллион 720 мың теңге жиналуы шарт екен. Оқу орнын енді ғана тәмамдаған адамға мұндай ақша қайдан келеді? Еңбекке 18 жастан бастап араласқан күннің өзінде, айналдырған екі жылдың ішінде екі миллион жинау мүмкін емес. Жоғарыда аға-көкесі бар бай баласы болмаса, әрине. Екі жылда 1 миллион 720 мың теңгені жинау үшін жалақың 750-800 мың теңгеден кем болмауы керек. Осыдан-ақ, жеткіліктілік шегінің мөлшері халықтың 80-70 пайызы үшін тым жоғары екені көрінеді.

Тағы оқыңыз: Зейнетақы жинағын пайдалану: кім, қашан және қалай жұмсай алады

Экономистердің айтуынша, зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігіне ие болғандардың саны БЖЗҚ салымшыларының 10%-іне де жетпейді. Ал бұл он процент – басында баспанасы бар дәулеттілер деп топшылауға әбден негіз бар.

БЖЗҚ бір есебінде салымшылардың 70%-іне жуығында зейнетақы жинағы орташа есеппен 1 миллион теңге екенін, ал 97%-інде ақша 5 миллионнан да аспайтынын мәлімдеген еді. Қазақстанның әр өңірінде жалақы мөлшері де әртүрлі.

Мемлекеттік органдарға осы мәселелерді електен өткізіп, жеткіліктілік шегін тағы бір қарастырған жөн болар еді. Әйтпесе, шекті сома дәл осы күйде қалса, көмекке мұқтаж қазақстандықтардың саны артпаса, азаймайтыны аян.

Зейнетақы жинағын алуға рұқсат беру арқылы мемлекеттің өз көздегені де бар. Коронавирус пандемиясы ел экономикасын әбден тұралатты. Жұмыссыздық, жалақының қысқаруы, бюджет түсімдерінің азаюы. Халықтың төлем қабілеттігі төмендеді. Қолдарында ақша жоқ. Ақша болмаған жерде сұраныс болмайды. Сұраныс болмаса, экономика жұмыс істемейді.

Зейнетақы шотындағы ақшаға рұқсат беру – ел экономикасының тамырына қан жүгіртудің бір жолы.  Сарапшылар азаматтардың дені жинақты баспанаға жұмсайтынына сенімді. Бұл дегеніміз, тұрғын үйлерге сұраныс артып, құрылыс саласы жанданады деген сөз.  Десе де, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, мұның да теріс әсері бар: баспана бағасы күрт шарықтап кетуі мүмкін.

Баспанадан бөлек, зейнетақы жинағын ипотеканы өтеуге немесе қайта қаржыландыруға рұқсат етілді. Экономистер мемлекет осы арқылы банктерге қол ұшын созудың тағы бір жолын тапқан сыңайлы деп отыр. Билік бұл уәжбен келіспейді, әрине.

Зейнетақы жинағын мақсатты түрде жұмсауға рұқсат беру көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға септігін тигізуі мүмкін. Жаңа бастама өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жалақысын "конвертпен" алатын жұмысшыларды ынталандыруы мүмкін. Олар "жарыққа" шықса, ел қазынасына қосымша түсім түседі. Ал пандемия кезіндегі дағдарыс жағдайында мемлекетке әр тиын қымбат.

Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға беру қазақстандықтардың БЖЗҚ-ға деген сенімін арттырудың және зейнетақы жинағына көзқарасты өзгертудің таптырмас жолы екенін де ескерген жөн. Зейнетақы қорының төңірегіндегі даулардан кейін, халық шотқа аударылатын ай сайынғы 10 процентті қамсыз қарттықтың кепілі емес, мәжбүрлік ретінде көретіні жасырын емес.  

P.S. Жаңа бастаманың шикі тұстары көп-ақ. Әйтсе де, қаңтарға дейін екі-үш ай уақыт бар. Зейнетақы жинағын алуға рұқсат бергеннен кейін, қартайғанда алатын ақша өмір бойғы бейнеттің зейнетін көруге жетпей қалады деген де қауіп бар. Бұл мәселені шешудің бір жолы – азаматтардың жалақысын өсіру. Бастысы – "артық қыламын деп тыртық қылмау".     

Автордың көзқарасы Sputnik Қазақстан редакциясының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

3754
Кілт сөздер:
зейнетақы
Тақырып бойынша
Nur Otan партиясы зейнетақы жинағының бір бөлігіне салық салмауды ұсынды
Экономист баласы бар отбасыларға зейнетақы жинағын алуға рұқсат беруді ұсынды
Алексей Навальный, архивтегі сурет

Германия Алексей Навальныйдың "үнін өшірмек"

799
Алексей Навальныйдың Ресейге оралуға деген ықыласы немістерді өте жағымсыз және қиын жағдайға душар етуі мүмкін

Алексей Навальный әлеуметтік желіде өзінің ауруханаға жатқызылғаннан кейінгі алғашқы суретін жариялады. Сондай-ақ, ол өзінің бойында байқалған оң өзгерістермен қатар, денсаулығындағы кейбір кінәраттар туралы да жазды, деп хабарлайды РИА Новости.

Дүйсенбіде өткен баспасөз мәслихатында Германияның сыртқы істер министрі Хайко Маас блогердің улануына қатысты жасалған тұжырымдарды сынға алуды тоқтатуды талап етті. Өйткені, Франция мен Швециядағы кейбір тәуелсіз зертханалар да бундесвер мамандарының қорытындыларын растаған. Зертханалар туралы ақпарат құпия болғандықтан, олардың қандай зертханалар екендігі әзірге белгісіз.

Ведомство басшысының тілегі орындалуы да екіталай. Бірақ нәтиженің керісінше болуы да ықтимал, өйткені Алексей Навальный неміс билігіне күтпеген "соққы жасамақ".

New York Times басылымы ГФР қауіпсіздік органының жоғары лауазымды өкіліне сілтеме жасай отырып, Навальныйдың ауруханадан емделіп шыққаннан кейін "өзінің қызметін жалғастыру" үшін Ресейге оралуға ниетті екендігін жазған.

Егер газетте жазылған ақпарат шындыққа жанасса, Навальный үшін қуануға болады. Себебі, дәрігерлер науқастың жағдайының ауырлығын ескере отырып, оның жазылып шығатынына толықтай кепілдік бермеген еді.

Жалпы, соңғы ондаған жыл ішінде Ресейден көп адам қоныс аударған. Олардың арасында белгілі қоғам және саяси қайраткерлер де бар. Бұған лауазымды тұлғалардың қоғам алдында өз салмағын жоғалтуы, соның нәтижесінде эмигранттардың қатарына қосылып, ешқандай назарсыз қалуы себеп болып отыр.

Кремльмен ымырасыз күресушілер өздерінің нық ұстанымдарымен бірге қаржылық мүмкіндіктерінен де айырылды. Ал ресейлік оппозиционерлер арасында Михаил Ходорковский сияқты байлар аз.

Оқи отырыңыз: "Солтүстік ағын – 2" жобасының тағдыры не болмақ? – видео

Нәтижесінде, олар не істейді? Қазір олар Прагадағы, Ригадағы немесе Лондондағы қарапайым пәтерлерінде отырып, әлеуметтік желілерге іштегі запыранын төгеді. Болмаса, Петр Павленский сияқты қиын жағдайға душар болуы мүмкін.

Жыл өткен сайын "Мен Ресейден мәңгілікке кетемін, менсіз мақұрым қалсын", деген пікірлер сирек те болса естіліп жатыр.

Алексей Навальный үшін де мұндай жағдай өте тиімсіз болар еді. Себебі, ол Ресейдің ең танымал оппозиционеріне айналып қана қоймай, өз жақтастарынан қаражат жинаудың өте тиімді жүйесін құрды. Ол барлық жағынан өзінің жағдайын жасап алды: мәселен, әрдайым отбасымен бірге шетелдің қымбат курорттарына демалуға барады, қызын Стэнфорд университетіне оқуға түсірді.

Блогердің осы кезге дейінгі барлық тапқан-таянғаны мен жиған-тергенінен өз еркімен бас тартып, екінші Скрипальға айналғысы келмейтіні таңғаларлық жағдай емес. Себебі, Скрипальді британдық барлау агенттіктері ежелгі Солсберидегі жайлы өмірінің орнына әлемнің ең бір қиыр шетіне жіберген еді.  Ал мұның бәрі Скрипальдің бас барлау басқармасының "кісі өлтірушілерінен" құтылу туралы аңыз-әңгімені қолдағанынан басталып еді.

Бұл жерде Алексей Навальныйдың жеке мүдделері мен оның батыс суреттеген ауруының арасында түбегейлі қайшылық бар. Немістер "оның жеке қауіпсіздігі үшін Навальныйдың өз отанына оралуын" қажет деп таппайды. Бірақ блогердің қайтадан Ресейге оралуға деген құлшынысы Ресей билігі тарапынан оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрмағанын және улану туралы мәселеге сенбейтінін көрсетеді.

Бір қызығы, неміс тарапы Мәскеуге Навальныйдың диагнозын растайтын кез-келген ақпаратты беруден бас тартып отыр. Ресейдің бас прокуратурасы тексеріс жүргізу үшін неміс әріптестерінен блогердің денсаулық жағдайына қатысты анықтаманы сұратқан еді, ал Берлин тарапы үнсіз. Алайда, блогердің "Шаритэ" клиникасынан өзімен бірге алып келетін анықтамасы негізінде Ресейдің құзыретті органдары біраз жәйттің бетін ашуы мүмкін.

Жалпы, Алексей Навальныйдың Ресейге оралуға деген ықыласы немістерді өте жағымсыз және қиын жағдайға душар етуі мүмкін, өйткені оларға өздерінің бірнеше апта бойы айтқан "сандырағын" түбегейлі теріске шығару қаупі төніп тұр.

Осыған ұқсас жағдайды кезінде британдықтар жақсы пайдаланды. Мәселен, Скрипальдың улануына қатысты шоу өзінің ауқымымен, егжей-тегжейлі детальдерімен есте қалды. Бұл ретте, "құрбан" рөліндегі адам да өте сауатты таңдалды: себебі, ол өзінің жетекшілерінің айтқанымен жүріп, айдауына көнетін, ешкімге қызықсыз және қажетсіз бұрынғы тыңшы болатын. Бірақ бұл жерде Лондон Скрипальға ешқашан артық әрекет етуге, тіпті журналистермен немесе дипломаттармен сөйлесуге мүмкіндік бермеген еді.

Ал Алексей Навальныйды бүкіл отбасымен ресейлік оппозиционердің "тәтті өмірінен" өз еркімен бас тартуға көндіру немістер үшін өте маңызды міндет болмай қалуы мүмкін.

Блогер үшін жағымсыз жаңалық, оның Ресейге оралуы Берлинде әзірленген "ботқаға" байланысты күрделі мәселе тудыруы мүмкін. Сондықтан Ресей бұл түйткілді шешу үшін "сендіру" және "өз еркімен" деген сөздерді қолдануды қажет етпейтін әдістерге жүгіне алады.

799
Кілт сөздер:
Ресей, Германия
Омбыда Абай мәдени-іскерлік үйі ашылды

Омбыда "Абай" мәдени-іскерлік үйі ашылды

0
(Жаңартылды 17:17 22.09.2020)
"Абай" мәдени-іскерлік үйінің ғимараты қаланың орталығындағы Шоқан Уәлиханов көшесінде және ағартушы ғалым оқыған Омбы кадет корпусының жанында орналасқан

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Бүгін Ресейдің Омбы қаласында "Абай" мәдени-іскерлік үйі ашылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Отандастар қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Омбыдағы "Абай" мәдени-іскерлік үйінің ғимараты қаланың орталығындағы Шоқан Уәлиханов көшесінде және ағартушы ғалым оқыған Омбы кадет корпусының жанында орналасқан.

Оқи отырыңыз: Абайдың 175 жылдығына арналған монеталар қыркүйектен бастап сатылады 

Орталықтың ашылу рәсімі онлайн форматта өтті. Оған ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның Омбыдағы консулдығы, "Отандастар қоры" КЕАҚ, "Омбы қазақтары" қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысты.

Орталық нақты төрт бағытта жұмыс істейді. Олар:

  • мәдени-гуманитарлық және қазақ тілін үйрету жобаларын іске асыру;
  • "Атамекен" іскерлік  бағыты бойынша қандастардың екі жақты тиімді бизнес жобаларына қолдау көрсету;
  • "Жас қазақ" бағыты арқылы әлемдегі жас қандастарды елге тарту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру;
  • "Атажұрт" бағыты арқылы шетелдегі қазақтілді БАҚ-тың қауымдастығын құрып, өзара ақпараттық ынтымақтастықты арттыру.

"Жыл соңына дейін  "Абай" мәдени-іскерлік үйлері Өзбекстанның Тәшкент, Түркияның Стамбұл, Қырғызстанның Бішкек, Германияның Берлин қалаларында да ашылады. Бұның барлығы - ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және "Отандастар қорының"  бірлескен жобасы", - делінген ресми хабарламада.

0
Кілт сөздер:
Омбы, Абай
Тақырып бойынша
Петропавл түрмесінде Абайдың алып суреті салынды – фото
Тоқаев жаңа оқулық әзірлеуді тапсырды
"Абай айт­қан жал­қаулық жиі кездесетіні қынжылтады": Тоқаев мақала жариялады
"Сондай керемет!": Америкалықтар Абайдың өлеңін қазақ тілінде оқыды – видео
Тоқаев Абай мұрасын зерттеушілерді марапаттады