С-400 зениттік ракета жүйесі

Ресейдің Сириядағы базасы қалай өзгерді

362
(Жаңартылды 16:49 31.08.2020)
Эшелондалған әуедегі шабуылға қарсы қорғаныс жүйесі мен бірнеше периметрге созылған күзет, заманауи техникалық құрылыстар және жасақталған әскери қалашық – ресейлік ұшқыштардың Сирияда "қоныстанғанына" бес жыл болды

Осы уақыт ішінде Хмеймим әуе базасы өз Отанында ғана емес, басқа елдерге де үлгіге айналды: осы тектес нысандардың құрылысы кезінде шет мемлекеттер ресейлік қорғаныс министрлігінің тәжірибесіне сүйенеді. Жақында Дамаск Мәскеуге әскери қызметшілерге арналған сауықтандыру орталығы үшін тағы сегіз гектар жер беруге уәде етті. Хмеймимнің өзгеруі және оның басымдықтары жайлы бүгінгі мақаламыздан таныс болыңыздар, деп жазады РИА Новости.

Таза алаңда

Ресейдің ең ірі шетелдік әуе базасының құрылысы "Ислам мемлекеті"* содырларына қарсы соғыста үкіметтік күштерге қолдау көрсету үшін әуе-ғарыш күштерінің тобын Сирияға жөнету 2015 жылы басталды. Оған Латакия қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан Басиль Әл-Асад атындағы халықаралық әуежай негіз болды.

Азаматтық аэродромды жауынгерлік ұшақтарға бейімдеу үшін жаңа инфрақұрылым құру, аэродромның техникалық жабдықтарын орнату және әскери қызметшілерге арналған тұрғын үй салу қажет болды. Барлығы бірнеше жүз мың тонна болатын түрлі жүк Сирияға жеткізілді.

Операцияның бастапқы кезеңінде жедел топтың құрамына небәрі елуге жуық жауынгерлік машина – Су-25 шабуылдау ұшағы, Су-24 және Су-34 бомбалаушылары, Су-30СМ жойғыштары, Ми-24 және Ми-8АМТШ тікұшақтары ғана болды. Сонымен қатар, Хмеймимге жедел түрде он шақты жанармай құятын техника жеткізілді.

Ұшқыштар мен техникалық қызметкерлер әрқайсысы екі немесе төрт адамға арналған шағын модульдік вагондарға орналасты. Бұл шын мәнінде тұрмысқа қажетті жағдай жасалған, кондиционері және су құбыры бар металл контейнерлер. Жақын жерде жылжымалы наубайхана, киім жууға және үтіктеуге арналған бөлмелер, сағатына он адам сиятын моншалар орнатылды. Сәл кейінірек асханалар, клуб, спорт алаңдары, тіпті, әуе базасының тарихына арналған шағын музей пайда болды.

"Мұнда бос аэродром мен әуе қозғалысын басқару қызметі ғана болды, – дейді әуе базасында жұмыс сапарымен болып қайтқан әскери-өндірістік кешен алқасының сарапшылар кеңесінің мүшесі Виктор Мураховский. – Шағын ұшу және қону залы сол күйінде сақталды, бірақ ол көбіне қосымша рөл атқарады. Негізгі ғимараттар қайта тұрғызылды. Ұшу-қону жолағы жөнделді әрі кеңейтілді. Қазір аэродром стратегиялық авиацияға дейін ауыр салмақты ұшақтарды қабылдауға қабілетті. Хмеймимді әлемнің басқа аймақтарына, мысалы, Африкаға рейстер жасауға арналған аралық пункт ретінде пайдалану маңызды".

Алынбас қамал

Нысанның қауіпсіздігіне ерекше назар аударылған. Өйткені, мұнда ұзақ қашықтықта әрекет ете алатын С-400 зениттік-зымырандық кешендер мен қысқа қашықтықта әрекет ететін "Toр-M2" кешендері және "Панцирь-С1" зениттік-зымыранды зеңбіректі кешендері орналастырылды. Базаның әуе қорғанысына арналған жүйесі жиырма шақырымнан 250 шақырымға дейінгі аралықта әуе нысандарының барлық түрін жоюға қабілетті.

"Хмеймимде эшелондалған ӘШҚ жүйесі құрылған, – деп түсіндіреді Мураховский. – Түрлі қашықтықта әрекет ететін түрлі құралдар қолданылады. Зениттік артиллериялық қондырғылар тағы бар. Барлау,  бағыттау, жолдау секілді операциялық әрекеттерге радиолокациялық станциялар жауап береді".

Әуе базасының қауіпсіздік жүйесі екі периметрден тұрады. Сыртқы бөлігін ресейлік әскерилермен бірге Сирия араб армиясының жауынгерлері бақылайды. Шетелдіктер ішкі периметрге жіберілмейді. Ұшқышсыз ұшу авиациясы да қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отыр: бір уақытта және тәулік бойы Хмеймим үстінде он шақты ұшқышсыз ұшу аппараттары патруль жүргізіп отырады.

Сыртқы әлеммен байланыс барлық қол жетімді құралдармен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде ультра қысқа толқынды радио станцияларынан бірыңғай жүйеге біріктірілген спутниктік кешендерге дейін бар.

"Топ қолбасшылығы мен әскери басқару штабы Мәскеудегі қорғанысты бақылаудың ұлттық орталығымен тікелей байланыста, – дейді Мураховский. – Қолбасшыда Ирактағы коалициялық топтардың өкілдерімен қақтығыстарды болдырмау бойынша орнатылған желі бар. Бұл Сириядағы оқыс оқиғалардың алдын алу және оның салдарын жою бойынша америкалықтармен жасалған келісім".

Сирия курорты

Әуе базасын жабдықтауға арналған жүктер Сирияға теңіз және әуе арқылы жеткізілді. Бірнеше ай бойы кемелер мен тасымалдаушы ұшақтарға тыным болмады. Бұл бағыттағы жұмыстар елдегі қатаң азаматтық соғыс пен ауыр климаттық жағдайда жүргізілгеніне қарамастан, ресейлік мамандар қысқа мерзім ішінде әлемдегі ең заманауи әрі қорғаныс жүйесі жоғары әскери нысандардың бірін тұрғызды.

Бүгінде әуе базасы кез келген ұшақ түрін қабылдай алады. Оның ішінде, Ту-22М3 бомбалаушысы мен Ту-95 және Ту-160 стратегиялық мақсаттағы зымыран тасығыштары да бар. Аэродромда бір уақытта ондаған ұшу аппаратына қызмет көрсете алатын жанармай құю жүйесі орнатылды.

Сарапшылардың пікірінше, Хмеймим қазір мұнда орналастырылған ұшақтарға қарағанда әлдеқайда көп әуе кемесін соғысқа дайындауға қабілетті.

"Ұшақтарды сенімді қорғаныс орындарына жасыруға болады, – дейді сарапшы. – Арнайы құрылымдарда жанармай, зымыран, қару-жарақтың барлығы жинақталған. Зымырандық-артиллериялық қару-жарақты жеткізуге арналған барлық техника қолда бар. Азаматтық соғыстың шиеленіскен сәттерінде ұшақтар толық жүктемемен тәулігіне бірнеше рет ұшқаны белгілі".

Тылды қамтамасыз ету бойынша да ресейлік әскерилерге қолайлы жағдай жасалды. Олар көбіне елден жеткізілген азық-түлікпен тамақтанады. Алайда, қатаң санитарлық бақылау арқылы жергілікті өнімдер де рационға енгізілуде.

Сириялық билік Ресейге бөлген жаңа жер телімі ең алдымен медициналық сауықтандыру кешенін салуға арналған.

"Орталықты қызметтік іссапармен Сирияда жүрген әскери қызметшілер ғана емес, Ресей қарулы күштерінің барлығы қолданатын болады, – деп атап өтті Мураховский. – Біздің әскерилер үшін шетелдік курорт есіктері жабық екені белгілі. Ал сириялық Латакия жағалауы жұмақтай жер. Мұнда тіпті, Араб Әмірліктерінен де келіп жатады. Жергілікті халықтың бұл жағалауға келуі екіталай".

Қалай дегенмен де, бес жыл ішінде Хмеймим әуе базасы бірнеше қоймасы мен терминалы бар шағын аэродромнан көшелері мен алаңдары бар нағыз қалаға айналды. Көшелерге сириялық операцияның қаһармандарының немесе әйгілі әскери қолбасшылардың есімдері берілген: Ресей батырлары генерал Валерий Асапов, Сирияда қаза тапқан ұшқыштар Олег Пешков пен Роман Филипов, КСРО батыры армия генералы Василий Маргелов сыны есімдер бар.

* – Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым

362
Кілт сөздер:
Ресей, Сирия
Таулы Қарабақ

Таулы Қарабақта не болып жатыр?

27
Баку мен Ереван арасында көп жылға созылған әскери-саяси текетірес салдарынан Таулы Қарабақтағы қақтығыс ушығып тұр

Жанжалдың тікелей қатысушылары - Баку мен Ереван саналы немесе еріксіз түрде Мәскеуді шиеленіске тартып, ТМД мен ҰҚШҰ қауіпсіздік жүйесіне кері әсерін тигізуде.

Таулы Қарабақ мәселесі әскери жолмен шешілмейді. Қақтығысқа түрткі болған қос тарап –  Әзербайжан мен Армения, сондай-ақ үш тең төраға - Ресей, АҚШ және Франция бастаған ЕҚЫҰ-ның Минск тобы осы ұйғарыммен келіседі. Келіссөздер үдерісі баяу және күрделі жүріп жатыр, бірақ 27 қыркүйекте ауыр артиллерияны, танкілерді, зымыран кешендері мен соққы жасайтын ұшақтарды қолдана отырып, белсенді соғыс қимылына көшудің айтарлықтай себебі жоқ еді.

Армения мен Әзербайжанның әскери ведомстволарының жойылған жау танкілерінің видеосын, екі жақтың шығындары туралы үрейлі статистиканы жарыса жариялаудағы "бәсекелестігі"  аяныш сезімін туғызары анық. Мәселеге объективті түрде қарасақ, бұл шиеленіс екі жаққа да тиімсіз. Егер қос тарап келіссөзге келмесе, соңы күтпеген жағдайға алып келуі мүмкін. Мәселен, шетелдік бітімгершілік күштерін енгізу (қауіпсіздік аймақтарын қалыптастыру) немесе жағдай одан әрі ушығатын болса, Оңтүстік Кавказда ҰҚШҰ (ең алдымен Ресей) және НАТО (Түркия) елдерінің  қатысуымен үлкен соғыс өрті тұтануы да ғажап емес.

Әзербайжан мен армян халқы аралас тұратын аймақта қақтығыс 1988 жылдың ақпанында басталған, сол кезде Таулы Қарабақ автономиялық облысы Әзербайжан құрамынан шығатынын жариялаған еді. Бітімгершіліктің алғашқы кезеңінде КСРО ІІМ ішкі әскерлеріне орасан салмақ түсті, олар үш жыл бойы белсенді қарулы қақтығысты тоқтата алды. Кеңес Одағы ыдырап, әскери күштер шығарылғаннан кейін шиеленіс қайта қарқын алды. 1994 жылға қарай Әзербайжан Таулы Қарабақтың көп бөлігі мен оған жақын орналасқан жеті облысқа бақылау жүргізу мүмкіндігінен айырылды.

Қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге қатысты ЕҚЫҰ-ның Минск тобы аясындағы келіссөздер 1992 жылдан бері жүргізіліп келеді,  қарулы қақтығыс ауық-ауық күшейіп кетеді.

Таулы Қарабақтағы әскери шиеленіске байланысты қарама-қайшы ақпараттар түсіп жатыр. Әзербайжан мен Армения текетірестің басталуына бірін-бірі айыптап, өз әрекеттерін қарулы арандатушылықтарға берілген жауап деп есептейді. Осыған орай, дүйсенбіде Әзербайжанда ішінара мобилизация жарияланды, президент Ильхам Әлиев республиканың бірқатар қаласы мен аймағында әскери жағдай енгізді. Ал Арменияда бұдан бір күн бұрын әскери жағдай енгізілген болатын.

Әзербайжан билігінің хабарлауынша, 27 қыркүйекте армян әскерлері "қауіпсіздік белдеуі" деп аталатын жеті ауылдан шығып кеткен (кеңестік кезеңде Әзербайжанның бұл аумағы Таулы Қарабақ автономиялық облысының құрамына кірмеген және 1990 жылдардың басында армян күштерінің бақылауына өткен).

28 қыркүйекте таңертең әлемдік қауымдастық мойындамаған Таулы Қарабақ республикасының президенті Араик Арутюнян: "Біз өз позицияларымызды жоғалттық, әлі де жоғалтамыз, бірақ біз басқа позицияларға ие боламыз" деп атап өтті. Қазір қақтығыс жалғасуда.

Баку мен Ереван қуатты зымырандық кешендерді, соққы беретін ұшақтарды пайдаланып, "тарихи әділеттілікті" қалпына келтіргісі келеді. Алайда одан бейбіт тұрғындар зардап шегуде. Сондықтан  27 қыркүйекте ауыр артиллерия мен танкілерден кімнің бірінші болып оқ жаудырғаны, кімнің ұрыс даласында басымдылық танытқаны маңызды емес. Қазіргі таңдағы басты мәселе - Таулы Қарабақ шекарасындағы қарулы қақтығысты тоқтату, келіссөзге қол жеткізу, адам өмірін сақтау. Бұл ретте тараптар өз одақтастары алдында тұрған міндеттерін де ұмытпауы керек.

Егер Баку мен Ереван өздерін Мәскеудің одақтасы деп санайтын болса, олар Ресейдің ұстанымын ескеріп, бұл жанжалдың аймақтық қауіпсіздік жүйесінің бұзылуына кері әсер тигізетінін түсінуі қажет. Қарулы қақтығысқа қатысушылардың қарама-қайшылықтарын, оған қатысты айтылған салмақты аргументтерді ескерген күннің өзінде Ресейге Кавказдағы соғыстың өршуі керек емес. Сондықтан Ресей сыртқы істер министрлігі Таулы Қарабақ шиеленісіне қатысушы тараптарды "қақтығысты дереу тоқтатуға" шақырды.

Сонымен қатар, Таулы Қарабақтағы текетірестің өршуіне халықаралық қауымдастық сындарлы көзқарас танытып отыр. Еуропалық Одақ елдері, АҚШ және Иран алаңдаушылық білдіріп, өз көмегін ұсынуда. Тек Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған "қүш қолдану" сценарийін қолдап отырғанға ұқсайды, бірақ ол сөз жүзінде ғана. Себебі Анкара Оңтүстік Кавказдағы қауіпті ойынға қатысса, бұл оған кері әсерін тигізуі мүмкін. Өйткені Арменияға бағытталған шабуыл міндетті түрде ҰҚШҰ-ның қарсылығын, яғни Ресеймен арада соғыс өртін туғызады. 

27
Түн мезгіліндегі әйел сұлбасы, архивтегі сурет

Бішкекте қазақстандық әйелдерді асқан жауыздықпен өлтірген: қаскөйлер қалай ұсталды

5264
(Жаңартылды 15:32 23.09.2020)
Осыдан сегіз жыл бұрын мемлекеттік шекара маңындағы банда полицияны аяғынан тік тұрғызды. Олардың құрбаны - Қазақстаннан барған бірнеше кәсіпкер. Сол кезде бұл қылмыс халықаралық жанжалға ұласа жаздаған еді

2012 жылдың ортасында Аламудун ауданының аумағында бірнеше ай бойы тәртіп сақшылары қарақшылардың ізіне түседі. Олар саудагер әйелдерді тонап қана қоймай, асқан жауыздықпен зорлаған. Бұл топтың темірдей тәртібі бар еді: ол – құрбандарды тірі қалдырмау. Бірақ қылмыскерлерден зәбір көрген әйелдердің бірі аман қалады...

Сол жылдары "Дордой" базары бүкіл Орта Азия аймағының көтерме саудагерлері арасында өте танымал еді. Демалыс күндері жүздеген саудагер, кейбірі топ-тобымен, енді бірі жалғыз жүріп Қырғызстанның шекарасын кесіп, арзан тауар сатып алу үшін осы базарға ағылады.

Қарақшылар туралы алғаш рет 2012 жылдың жазында айтыла бастады. Сол кезде 38 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны олардың құрығына ілігеді. Қылмыскерлер әуелі оны зорлайды, кейін Үлкен Шу каналына ағызып жіберуге шешім қабылдайды. Бұл аз дегендей, саудагердің басынан таспен ұрғылаған. Әйелдің тыныс алмай жатқанына көз жеткізгеннен кейін оның денесін суға тастайды. Кейінірек белгілі болғандай, тірі қалған келіншекті жолдың шетінен жүк көлігінің жүргізушісі тауып алып, аудандық ішкі істер бөліміне алып келген.

...Таң қылаң бере АІІБ кезекші бөліміне қатты соққыға жығылған, киімдері қанға боялған әйел келеді. Кезекші милиционер оның әңгімесін тыңдай келе, мұның қарапайым тұрмыстық жанжал емес, қоғамдық резонанс тудыратын ауыр қылмыс екенін түсінеді. Тәртіп сақшысы зардап шеккен қазақстандық азамат туралы дереу басшылықты хабардар етеді. Бір сағат өтпей жатып, аудандық бөлімге ауыр қылмыспен айналысатын мамандар жетті. Олар тергеу барысында бірнеше әйелді зорлап, біреуін өлтірген қандықол  қарақшылардың ізіне түседі.

Неден басталды

Банданың қылмысы туралы бәрін айтып беруге Шу қалалық ішкі істер басқармасының аға із кесушісі Айбек Парманасов келісті. Оның айтуынша, шекараға жақын маңдағы кеден бекетіне үш қарақшы арнайы құрбан іздеп келген. Қылмыскерлер сенбіге қараған түні осы бекет арқылы Бішкекке қомақты ақшасы бар саудагерлердің өтетінінен хабардар. Осылайша түннің бір уағында олар жалғызілікті әйелді байқайды. Қылмыстық топтың басшысы бір қарағаннан-ақ әйелдің саудагер екенін біледі. Енді оның сеніміне кіріп, өз көлігіне отыруға көндіру ғана қалады.

Сол түні әу бастан қылмыскерлердің жолы болды. Қазақстандық әйелді әрдайым кеден бекетінен алып кететін такси жүргізушісінің көлігі жолда бұзылып қалады. Соңғы сәтте ол саудагермен телефон арқылы хабарласып, болған жәйтты айтады. Ал кәсіпкердің түннің бір уағында бөтен елде далада қалғысы келмегені анық. Сондықтан оның жол шетінде тұрған такси жүргізушісінің ұсынысына келісуден басқа амалы қалмайды.

Оқи отырыңыз: 16 рет пышақ сұққан: шымкенттік мұғалімді кім және не үшін өлтірді

Жүргізуші бірден көлігінде тағы екі кәсіпкер отырғанын ескертеді. Оларды қарсы алу үшін әдейілеп келгенін, егер келіспесе, өздері кете беретінін айтады. Әйел амалсыз көнеді. Көлік трассаға шыға салысымен, әйелдің қасында отырған жолаушының бірі оның бетінен ұрады. Ал жүргізуші әйелге "тыныш отыр, әйтпесе өлім құшасың" деп қорқытады. 

Осыдан кейін олар Үлкен Шу каналына келеді. Қылмыскерлер бұл жердің әрбір бұрышына дейін жақсы біледі. Айдалада айғайлаудың, көмекке шақырудың еш пайдасы жоқ еді. Каналдың жағасында олар көліктен Ольганы шашынан сүйреп шығарады. Алдымен қаскөйлер қорғансыз әйелді тепкілеп, ұзақ уақыт қорлайды. Содан кейін іскер әйелдің сөмкесін ақтарып, 5 мың доллар, 37 мың теңге, жүздеген сом ақшаны алады.

Ешкімге тіс жармаймын...

Енді қылмыскерлерді тоқтату мүмкін емес еді. Әуелі қарақшылар тобының жетекшісі, кейін оның сыбайластары Ольганы аяусыз зорлайды. Әйелді тірі қалдыру ешкімнің ойына да кіріп шықпайды. Олардың алдында тізе бүккен саудагер өзіне аяушылық танытуын жалынып сұрайды.

"Үйде үш кішкентай балам бар, оларды жалғыз өзім тәрбиелеп отырмын. Қарт анам бар. Мен отбасының жалғыз асыраушымын. Оларға менсіз қиын болады. Ақшаны түгелдей алыңыздар, ал мені үйіме жіберіңіздер, бұл оқиға туралы ешкімге тіс жармаймын", – деп жалбарынады ол.

Әйелдің бұл сөзі қылмыскерлерге еш әсер етпейді. Топ жетекшісі сыбайластарына саудагердің аяқ-қолын байлап тастап, басынан таспен ұруды бұйырады. "Бірден өлтірмесек те, егер аяқ-қолын байлап-матасақ, ол бәрібір суға тұншығып өледі" дейді ол.

...Кейін із кесушілердің бөлмесінде отырған кезде ауруханадан енді шыққан әйелдің тергеушімен арадағы әңгімесін кездейсоқ естіп қалдым. Әйелдің қандай азапты бастан кешіргенін елестетудің өзі қиын еді.

"Қатты соққыдан көз алдым қарауытып кетті. Бірнеше минут есеңгіреп қалдым. Кейін суға батып бара жатқанымды сездім. Бірақ өзімді құтқаруға және балалар үшін өмір сүруге деген құлшынысым маған күш бергендей болды", – деді қорқынышты күнді көзіне жаса ала есіне түсірген ол.

Ольга жағалауға жетіп, қамыстың ішіне жасырынады. Қылмыскерлер өзінің өліп қалғанына көз жеткізіп, оқиға орнынан кеткенше судың ішінде бірсыпыра уақыт отырады. Әйел өзінің ішкі түйсігімен қылмыстық топ басшысының оның өлім құшқанына әлі де сенбейтінін сезеді. Себебі, қарақшы каналдың жанына әлденеше рет барып, оның түбіне қайта-қайта үңіледі.

Жағада отырған әйел қолына байланған жіпті тісімен қиып, жолға шығады. Оны жүк көлігі жүргізушілерінің бірі байқап қалып, милицияға жеткізеді.

Бұл қылмысты ашу үшін арнайы тергеу тобы құрылады. Кәсіпкердің сипаттауы бойынша милиция қызметкерлері үш қылмыскердің фотобейнесін жасайды. Әйел, әсіресе, топ жетекшісінің түрін өмір бойы ұмытпастай есінде сақтап қалған. Әзірге тергеу барысында бастысы бұл емес, қарақшылардың көлігі еді. Ольга көлікті сұр минивэн деп сипаттайды. Сондықтан тәртіп сақшылары осы көлікті іздей бастады. Кейін барлық қылмыскер ұсталғаннан кейін әйелдің психологиялық күйзелістен көліктің түсін ғана емес, маркасын да шатастырғаны белгілі болды.

Милиция бірден "Ақ-Жол" кеден бекетінде жұмыс істеген барлық такси жүргізушісін назарға алады. Күдікті көрінген бірнеше азаматты Ольгаға көрсетеді. Бұл уақытта кәсіпкер Қазақстанға оралып, олармен интернет және ұялы телефон арқылы байланысқа шығады. Тәртіп сақшылары қанша үгіттесе де, саудагер әйел Қырғызстанға оралмайды.

Ұқсас қылмыс

...Қыркүйектің соңғы күндерінде Бішкек – Алматы тас жолының бойында мал жайып жүрген жергілікті тұрғындар асқан қатігездікпен өлтірілген әйелдің денесін тауып алады. Мәйітті тексерген сарапшылар қанішерлердің әйелді темірмен ұрғанын анықтайды. Соққының қатты болғаны соншалық, әйелдің бас сүйегі бірнеше жерден сынған. Ол алған жарақатынан бірден жантәсілім еткен. Қаскөйлер мәйітті жол жиегінен біршама метрге дейін сүйреп апарып, бұталардың арасына лақтырып кеткен.

Іс кесушілер марқұм әйелдің кім екенін бірден анықтай алмайды, себебі, киімінің қалтасында құжаттары болмаған. Көп ұзамай тергеу ісіне араласқан патологоанатомдар келіншектің бірнеше апта бұрын өлтірілгенін хабарлайды. Бұдан бөлек, қылмыскерлер әйелді өлтірер алдында зорлағаны белгілі болды.

Келесі күні құқық қорғау органдарының өкілдері қылмыс туралы Бішкек пен Шу облысының барлық аудандық ішкі істер бөліміне хабарлайды. Сондай-ақ, өлген әйел туралы ақпаратты Қазақстандағы әріптестеріне де жеткізеді. Өйткені, 47 жастағы азамат Астананың тұрғыны болып шықты. Бұл әйел де тауар сатып алу үшін "Дордойға" келіп, артынан жоғалып кеткен. Ол бірнеше күннен кейін үйіне оралуы тиіс еді. Із-түзсіз жоғалған соң әйелдің күйеуі жергілікті полициядан көмек сұрайды.

"Бұл екі қылмыстың бір-бірімен байланысты екеніне күмәнданған жоқпыз. Екі жағдайда да Қазақстаннан келген саудагерлерге қарақшылық жасалған, қылмыскерлердің қолтаңбасы да ұқсас", – деді Шу ҚІББ бөлім бастығы Медер Мұратов.

Әуелі тәртіп сақшылары әйелдің шекараны кескен сәттен бастап, базарға дейінгі жүрген жолын зерттеуге тырысады. Бір қызығы, қылмыскерлердің құрығына ілінген екінші саудагер Бішкекке еш қиындықсыз жеткен. Милиция қызметкерлерінің қолында Ольгаға шабуыл жасағандардың фотороботы болды. Шұғыл отырыста олар іс-әрекет жоспарын белгілеп алады. Сөйтіп, қаскөйлерді "Дордойға" қатысы бар адамдардың арасынан іздеу керек деген ұйғарымға келеді.

Тәртіп сақшыларының бір тобы такси жүргізушілерін, арба сүйреушілерді, жергілікті қауіпсіздік қызметкерлерін тексеріп жатқанда, басқалары өлім құшқан саудагер әйел туралы жан-жақты ақпарат жинауға тырысады. Олар әйелдің күйеуіне хабарласып, сол күні кешке бірнеше сағат бұрын келіншегімен сөйлескенін біледі.

Әйелі барлық тауарды сатып алғанын, кешке такси ұстап, шекара бекетіне баратынын айтқан.

"Мен базардан бір жігітті кездестіріп қалдым. Ол мені шекараға дейін жолдың жарты құнына жеткізіп тастайтынын, жүгімді түсіруге көмектесететін айтты", – деген ол күйеуіне.

Үш рет сотталған

Тәртіп сақшылары тағы да белгісіз такси жүргізушісіне тап болады. Олар екі қылмыстың өзара байланысты екеніне көз жеткізе түседі. 

Қылмысқа қатысты бірден екі түрлі болжам жасалады. Марқұмның бірнеше мың доллар тұратын тауары жоғалған. Демек, қылмыскерлер жақын арада одан құтылуға тырысады, таныс алыпсатарларға сатуы мүмкін. Ал егер кісі өлтірушілердің базарға қатысы болса, онда заттарды осы жерде өткізуге тырысады деген сөз. Осылайша, тәртіп сақшылары базар ішін аралайды. Бірнеше саудагер фотороботтан үш қылмыскердің біреуін таниды. Олардың айтуынша, жас жігіт әйелдер киімін арзан бағаға сатқан. Көз жұмған әйел дәл осындай тауар сатып алған.

Осы жұмыстың нәтижесінде құқық қорғаушылар Ош облысы тұрғынының ізіне түседі. Ол базарда жүк тасушы ретінде нәпақа тауып жүрген 30 жастағы азамат еді. Бұған дейін үш рет сотталған жігіт қылмыстық топтың жетекшісі болған.

Тәртіп сақшылары оның соңғы рет Ош оқиғасынан кейін сотталғанын, сол уақытта Макаров тапаншасымен ұсталғанын анықтайды. Бірақ тергеушілер қаруды қандай мақсатта сатып алғанын сол күйі біле алмаған. Бостандыққа шыққаннан кейін ол тағы да ескі әдетіне көшеді.

Оқи отырыңыз: Балалар үйіндегі қанды қырғын: павлодарлық үш жасөспірім 6 адамды қалай өлтірді

Енді оның сыбайластарын анықтау үшін такси жүргізушісінің кіммен қарым-қатынас жасайтынын мұқият зерттеу қажет. Арада бірнеше күн өткеннен кейін күдіктінің үйіне екі жігіт келеді. Қамауға алған кезде қарақшылар құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсылық көрсетуге тырысады.

Тергеу кезінде қылмыстық топтың жетекшісі тәртіп сақшыларының сұрақтарына ұзақ уақыт жауап бермейді. Көп ұзамай, оған бұлтартпас дәлелдерді ұсынған кезде, қылмыскер еріксіз астаналық әйелді өлтіргенін мойындауға мәжбүр болды. Ал жазда жасаған қылмысты бандиттер өз мойнына алғысы келмеді, себебі, бірнеше қарақшылық үшін ұзақ мерзімге темір торға тоғытылатынын білді.

250 сом үшін...

...Қылмыскерлер Астанадан келген саудагерді шекара бекетінің маңынан байқаған. Бірақ оны көлігіне алдап отырғыза алмайды. Себебі, әйел өзін күтіп тұрған такси жүргізушісінің көлігіне отырады. Сондықтан, олар әйелдің артынан қонақүйге дейін барады. Бірақ сол түні саудагердің бөлмесіне баса-көктеп кіріп баруға қарақшылардың батылы бармайды. Осылайша, таңертең кәсіпкердің базарға баруын күтеді. Ол жерде қылмыскерлер әйелдің көп тауар сатып алғанын көреді. Осыдан кейін "үштіктің" жетекшісі өзін жақсы жағынан көрсетіп, саудагер әйелдің сеніміне кіреді. Кеден бекетіне дейін жеткізіп салуға ұсыныс тастайды.

Келіскен уақытта көлігімен қонақүйдің жанына келеді. Барлық сатып алынған тауарды көлігіне салып, кеден бекетіне қарай жол тартады. Қарақшының сыбайластары күтіп тұрған жерде ол көлігін тоқтатады. Қаскөйлер көліктің ішінен әйелді сүйреп шығарып, алдын ала дайындап қойған темірмен ұра бастайды. Өлтірмес бұрын әйелді зорлайды.

Бірақ кәсіпкерде қомақты қаражат жоқ болып шықты. Олар жәбірленушінің қалтасынан небары 250 сом ғана табады. Бандиттер әйелдің денесін жасыруға уақыт жоғалтқысы келмейді. Сондықтан, мәйітті ең жақын бұтаға дейін сүйреп апарады да, ол жерден кетіп қалады. Бірнеше күннен кейін топ басшысы әйелдің сөмкесінен шыққан барлық тауарды базарға алып барады. Сатушылар оның қолына бірнеше мың сом ғана ұстатады...

Оқи отырыңыз: Әйелдерді зорлап, өлтірген: Шымкентті дүрліктірген екі маньяк қалай ұсталды

5264
Кілт сөздер:
Бішкек, қарақшылық
Авифавир дәрісі

Қазақстан 3000 дана "Авифавир" дәрісін сатып алады

0
Ахметжан Есімов Елбасыға коронавирусқа қарсы вакцина жеткізу бойынша жасалған келісім туралы мәлімет берді

НҰР-СҰЛТАН, 29 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев медициналық құрал-жабдықтар, медициналық жиһаздар мен медициналық көліктер шығаратын кәсіпорында болды, деп хабарлады Elbasy.kz сайты.

2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін "Казмедприбор" ЖШС 15 мыңнан астам медициналық құрал-жабдық, 120 мыңнан астам медициналық жиһаз бен 742 жедел жәрдем көлігін жасап шығарды. Кәсіпорын 2005 жылы құрылған.

Оқи отырыңыз: Назарбаев "Шымкент ескі қалашығын" аралады

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Елбасыға жеке инвестордың қаражатына салынатын 1000 орындық көпсалалы университеттік аурухана құрылысы туралы ақпарат берді.

"Жаңа медициналық мекемеде ана мен бала орталығы, хирургиялық, терапевтік орталықтар, сонымен қатар бір ауысымда 700 адамға қызмет көрсететін клиникалық-диагностикалық орталық жұмыс істейтін болады деп жоспарланып отыр", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пандемия кезінде ұлттық әл-ауқат қоры тарапынан денсаулық сақтау жүйесі мен отандық өндірушілерді қолдау үшін қабылданған шаралар туралы айтты. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевқа елорда мен Алматыда медициналық орталықтар салу жөніндегі тапсырманың орындалу барысы баяндалды.

 Есімов Елбасыға 3000 дана көлемінде "Авифавир" дәрісін сатып алу және коронавирусқа қарсы вакцина жеткізу бойынша жасалған келісім туралы мәлімет берді.

0
Кілт сөздер:
Ахметжан Есімов, Назарбаев, коронавирус
Тақырып бойынша
Коронавирусты емдейтін алғашқы дәрі жасалды
Біз пандемиямен күрестің ең қиын сценарийіне дайын болуымыз керек – Назарбаев
Коронавирустың екінші толқыны: денсаулық министрлігі неге алаңдап отыр
Ракпен ауыратын қазақстандықтарға емді тоқтату ұсынылды
Тоқаев Есімовті Ақордада қабылдады