ер бала

Тоңазытқыштан табылған мәйіт: Жамбыл облысында педофилдің қылмысын әйелі жасырған

3442
2015 жылдың 16 мамыры Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Ақермен ауылының тұрғындары Әсел және Дәндібай Әлімжановтар үшін өмірдегі ең қорқынышты күн болды: балалармен аулада ойнап жүрген үш жасар Жасұлан кешке үйіне сол күйі қайта оралмады

Жасұлан үйге оралмаған соң алғаш болып анасы дабыл қағады. Ұлының сұмдық жағдайға ұшырағаны әйелдің ойына кіріп те шықпаған еді: тек өз қатарластарымен ойынның қызығына түсіп кетті деп ойлайды. Баланы ойын алаңқайынан таба алмағаннан кейін ғана бірден жолдасына қоңырау соғады.

Ауылда мал дәрігері болып жұмыс істейтін Дәндібай Әлімжанов бар жұмысын тастай сала, дереу үйіне келеді, артынша әйелімен Жасұланды іздеуге шығады. Ауылдағы үйлерді бірнеше сағат бойы аралайды. Жасұлан ұшты-күйлі жоқ. Тек кешке жақын қатты қорыққан ерлі-зайыптылар баланың жоғалғанын полицияға хабарлайды.

Полиция қызметкерлері аз уақыттың ішінде ауқымды жедел-іздеу шараларын ұйымдастырады. Оған құтқарушылар мен әскери қызметкерлерді тартады. Баланы іздеуге жергілікті тұрғындар да атсалысады.

Барлығы ауылдың түкпір-түкпірін, қираған үйлерді, шаруашылық қора-жайларды, есік-тесіктің барлығын мұқият тексеріп шығады. Бірақ Жасұлан еш жерден табылмайды.

Жазатайым оқиға болуы мүмкін деген болжамды қарастырған құтқарушылар сүңгуірлерді де іздеу жұмыстарына тартады, осылайша ауыл маңындағы өзеннің арнасы мен жағалауын сүзіп шығады. Бірақ Жасұлан жер астына кіріп кеткендей еш жерден табылмады.

Жантүршігерлік қылмыс

Келесі күні таңғы сағат алтыда үш жасар баланы іздеу қайта жалғасады. Барлығы оның тірі екеніне, үйге аман-сау оралатынына сеніп, үміт үзбейді. Алайда, арада бірнеше сағат өткеннен кейін бұл үміттің күл-талқаны шығады. Сағат 11-лердің шамасында Әлімжановтар отбасына Жасұланның денесін қолына ұстаған күйі көршісі Халида Ізбасарова келеді.

Егде жастағы әйелдің айтуынша, баланы қираған әжетхананың шұңқырынан тауып алған. Бір күн бұрын Жасұланды іздеген құтқарушылар да, полиция қызметкерлері де, ата-анасы да бұл әжетхананы мұқият тексеріп шыққан. Бірақ, ол жерден ештеңе таппаған еді.

Полицейлер баланың неден өлгенін Әлімжановтар үйіне сот-медицина сарапшылары келместен бұрын білді. Жасұланның мойында іздер болған, яғни оны буындырып өлтірген. Бірақ оны кім және не үшін істегені әлі де белгісіз еді.

Оқи отырыңыз: Таразда мектеп дәретханасында оқушы қызды зорлаған еркек видеоға түсіп қалды

Жасұланның мәйітін криминалистер мен сот-медицина сарапшылары зерттеп жатқанда, тергеушілер Халида Ізбасаровадан жауап алып, баланы қалай тауып алғанын білуге тырысады. Алайда көршінің мардымсыз жауабы бірден күдік тудырады. Халида өзінің берген жауабында бірнеше мәрте шатасады. Ақырында оған баланың мәйітін өзінің ауласындағы істен шыққан ескі тоңазытқыштан тауып алғанын мойындауына тура келеді.

Әйелді мұқият тыңдаған тәртіп сақшылары оны күдіктілер тізіміне қосып қоюды ұйғарады, дегенмен кішкентай баланы өлтіруге дәті барды дегенге де сене қоймайды.

Кешке жақын мамандар Жасұланды өлтірмес бұрын қылмыскердің оны асқан жауыздықпен зорлағанын анықтайды.

Күдікті – жасы алпыстан асқан көрші

Жалпы, ауыл тұрғындары Ізбасаровтар отбасы туралы жақсы пікірде еді. Қырғызстаннан Жамбыл облысына көшіп келген отбасы келе салысымен ауыл өміріне етене араласып, жергілікті халықпен жақын араласып кетеді. Кейін Ізбасаровтардың қызы тұрмысқа шығады. Ұлы да табыс табу мақсатында қалаға кетеді. Осылайша, қариялардың қолында жастайынан мүгедек арбасына таңылған немересі ғана қалады.

Сондықтан баланы зорлап, артынан өлтірген қылмыскер - жасы алпысты еңсерген Тұрсынхан Ізбасаров дегенге ешкім сенгісі келмейді. Отағасының артық сөзі жоқ, көршілерімен сыйласып өмір сүрген, ауылдың бала-шағасы да олардың ауласында жиі асыр салып ойнаған. Оның үстіне Жасұланның жоғалғаны белгілі болған кезде Тұрсынхан Ізбасаров түннің бір уағына дейін баланы іздеуге көмектескен.

Тергеу барысында егде жастағы ерлі-зайыптылар өз болжамын жасайды: әлдебіреу баланы зорлап, артынан өлтіріп, отағасын қылмыскер атандыру пиғылымен әдейі ескі тоңазытқышқа апарып жасырды. Тіпті, Тұрсынхан мен Халида Ізбасаровтар Қырғызстанда тұрған кезде олардың өмірінің астаң-кестеңін шығарғысы келген қауіпті дұшпандары болғанын, сол үшін көшіп кеткенін еске түсіреді.

Бұл әңгімеге полиция сенімсіздік танытқанымен, тексеруге мәжбүр болды. Ерлі-айыптылардың айыбы негізсіз болып шығады, қылмыс жасалған күні "дұшпандардың" өз елінде жүргені анықталды.  Сондықтан полиция қызметкерлері Жасұланды өлтіруге Ізбасаровтар отағасының қатысы болуы мүмкін деген болжамды әрі қарай зерттеуді жалғастырады.

Куәгерлер мен дәлелдер

Тәртіп сақшылары Тұрсынхан Ізбасаровты қамауға алу үшін нақты дәлел жоқ екенін түсінді. Сол себепті жергілікті тұрғындар, оның ішінде балалардан қайта жауап алу қажет деген ұйғарымға келеді.  Жасұланның ойын алаңынан қалай және кім алып кеткенін қалайша ешкім көрмеген? Тергеушілерді, міне, осы сауал мазалайды.

Шынымен де, сол күні Жасұланды Тұрсынхан Ізбасаровтың алып кеткенін екі оқушы қыз көрген болып шықты. Олардың айтуынша, көршінің іс-әрекеті оғаштау көрінген. Алтыбақанда тербеліп отырған Жасұланның жанына келген ол баланың басынан бір нұқып, артынан қолтығына қыстырып, өз үйі жағына алып кеткен.

Оқушылар бұған аса мән бермеген екен, өйткені қарияның Жасұланның көршісі екенін білетін. Жасұланды ол ата-анасының өтінішімен алып кетті деп ойлайды.

Бұл жауаптың анығын тексеру үшін тергеушілер күдіктіні мектеп оқушыларына көрсетеді. Олар еш бөгелместен сол күні Тұрсынхан Ізбасаровты көргенін айтады.

Оқи отырыңыз: Қыршын кетті: Алматы облысындағы жасөспірімнің қазасы желіні дүрліктірді

Осыдан кейін полицейлер күдікке ілінген отбасының баспанасын қайтадан тінтуге кіріседі, бұл жолы үйдің бұрыш-бұрышын толықтай тексеріп шығады. Тыңғылықты жұмыстар өз нәтижесін береді: криминалистер үйдің кіреберісінен және бала жоғалған күні Ізбасаровтың үстінде болған киімнен бірнеше тал шаш тауып алады, кейін зерттеу барысында оның Жасұланға тиесілі екені анықталды.

Мұндай дәлел-дәйектер күдіктінің қолын кісендеуге жеткілікті еді.

Қылмысын мойындады

Тергеу амалдары жүргізілген кезде Ізбасаров өзін аса сабырлы ұстайды. Алайда, тергеушілер қылмыс жасалған жерге қайтадан алып барамыз дегенде оның бойын қорқыныш пен үрей билейді. Себебі, Тұрсынхан ауылдастардың жазасынан қатты қорықты. Полиция қызметкерлері де мұны жақсы түсінді, сондықтан тергеу амалдары жүргізілген жерді қоршап, оған ешкімді жолатпады.

Егде жастағы адамның осыншалық жантүршігерлік қылмысқа неге барғаны белгісіз күйі қалатын секілді. Ол өзі бұл іс-әрекетін былайша түсіндірді: бірнеше жыл бұрын жол апатына ұшыраған. Айтуынша, соның салдарынан миы қатты шайқалып, ара-тұра басы қатты ауыратын болған.  Мұндай сәттерде Тұрсынхан өзінің іс-әрекетіне есеп бере алмай қалады екен. Сондықтан сұмдық қылмысын осындай кезекті бір ұстамамен байланыстырды.

Қылмыскердің сөзінше, алтыбақанның жанына келген кезде Жасұлан одан қорықпаған. Оқушы қыздардың ойын алаңынан әкетпес бұрын Жасұланның басынан нұқыды деген айыбымен келіспейтінін, баланың үйге өз еркімен еріп келгенін айтады.

Ізбасаров үйде мүгедек арбасына таңылған кішкентай немересінен басқа ешкімнің жоқ екенін, әйелінің әлдебір шаруалармен шығып кеткенін білді.

Үй иесі өзінің қандай ауыр қылмысқа барғанын артынан түсінеді. Сондықтан баланың мәйітін қайда жасырарын білмей басы қатады. Егер мәйітті ауылдың ішімен шығарып, өзенге апарып жасырса, оны әлдебіреулер көріп қоятыны анық еді.

Сөйтіп, үй ішінде ерсілі-қарсылы жүрген оның көзіне аулада тұрған ескі тоңазытқыш түседі. Ізбасаров көп ойланбастан баланың денесін сол жерге жасырады.

Лайықты жаза

Қылмыскер кінәсін мойындаған соң полицейлер кейбір жайтты нақтылауға көшеді. Айталық, Ізбасаровтың әйелі шын мәнінде болған оқиғадан хабарсыз ба, әлде тергеуді шатастыру үшін бәрін жасырды ма деген күдікті тексереді.  

Бұл сауалдың жауабын Тұрсынхан Ізбасаровтың өзі береді. Айтуынша, өзінің қандай ауыр қылмысқа барғанын сол күні кешке құтқарушы топпен бірге баланы іздеп келгеннен кейін әйеліне айтқан.

Ізбасаровтарға қатысты сот процесі 2015 жылдың күзінде болды.

Басты күдікті ­­Тұрсынхан Ізбасаров өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілетінін білді. Сол себепті жауабын тез арада өзгертеді. Ол алғашқы болжамына, яғни, ауласындағы ескі тоңазытқыштың ішіне баланың мәйітін оның дұшпандары әдейі тастап кеткен дегенге оралады. Алайда педофилдің жауабының еш маңызы жоқ еді. Тергеушілердің қолында заттай айғақтар мен сот-медициналық сараптаманың нәтижесі болды.  

Жасұлан Әлімжановты зорлау және өлтіру ісі бойынша үкім 2015 жылдың 7 қазанында шығарылды. Тұрсынхан Ізбасаров өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Әйелі Халида Ізбасарова ауыр қылмысты жасырғаны және тергеу амалдарын шатастыруға тырысқаны үшін 5 жылға сотталды.

(Материалдағы адамдардың аты-жөні өзгертілген)

3442
оқу-жаттығу, архив

Қарабақтағы қақтығыс және "сириялық" тәжірибе

65
Таулы Қарабақтағы ұрыс қимылдары қару-жарақтың соңғы үлгідегі технологиялық жетістіктерін, Әзербайжан мен Армения әскерилерінің барлау және соққы жасайтын ұшу аппараттарын белсенді түрде қолдана бастағанын көрсетіп отыр

Бұл әскерилер мен техника шығынының артуына алып келетіні анық.

Өткен жылдардағы жағдайдан осы жолғы Таулы Қарабақтағы жанжалдың айырмашылығы – ұрыс даласынан түсірілген видеоның қатар көрсетіліп отыруы. Оларды Әзербайжанның және Арменияның әуеде үнемі ұшып жүретін барлау қызметі мен  ұшқышсыз ұшу құралдары таратып отыр.

Армения әскери ведомствосының хабарлауынша, 29 қыркүйекте Әзербайжан әскерлері Армения аумағындағы Варденис қаласының маңындағы әскери бөлім орналасқан жерге түріктер шығарған ұшқышсыз ұшу аппаратын қолданып отырып әуе соққысын жасаған. Бұған дейін Әзербайжан қорғаныс министрлігі Армения қарулы күштерінің Қарабақтағы байланыс сызығында орналасқан елді мекендерге оқ жаудырғанын мәлімдеген еді.

Позициялық шайқастар жалғасуда, қарсыластар дәлдік соққылар жасап жатыр. Дегенмен, ауқымды ұрыс жүріп жатқан жоқ, мұны қақтығыс аймағынан кетіп жатқан босқындардың жоқтығынан байқауға болады.

Қазіргі уақытта сарапшылар қауымдастығы Армения мен Әзербайжанның әскери ведомстволарының ресми ақпаратына ғана сүйене алады. Олардың мәліметінше, Қарабақ әскерлері Әзербайжанның 49 ұшқышсыз ұшу аппаратын құлатқан, өз кезегінде Армения армиясы 18 пилотсыз ұшағын жоғалтқан. Бұл сан тым әсіреленуі де мүмкін. Егер салыстыратын болсақ, соңғы онжылдықта Таулы Қарабақта әуеден Әзербайжан мен Арменияның тек жиырмаға жуық ұшу құрылғысы атып түсірілген. Жалпы, сириялық тәжірибе қазіргі қарулы қақтығыстарда ұшқышсыз ұшу кешендерінің маңыздылығы уақыт өткен сайын артып келетіндігін көрсетеді.

Келешектегі ұрыс қимылдарының стратегиясы мен тактикасы көбінесе жасанды интеллект, барлау және соққы техникасы бар автономды ұшу аппараттарын пайдалану технологиясымен анықталады, олар жүздеген және мыңдаған қашықтықтағы нысандарды дәл көздеуі мүмкін. Қазірдің өзінде ұшақсыз ұшу құрылғылары әскери ұрыс аймақтарын тәулік бойы басқаруды қамтамасыз ететін пәрменге ие. 

Карабақ қақтығысында Баку негізінен Израильде шығарылған жүк көтергіштігі 50 келіге дейін және ұшу жиілігі 250 шақырымға дейін жететін ұшақтарды пайдаланады. Мұндай құрылғыларды барлау жүргізуге,  қарсыластың әскерімен және жеңіл броньды машиналарымен күресу үшін оқ-дәрі ретінде пайдалануға болады. Ұшқышсыз ұшу аппараттары қымбат, дегенмен әуе қорғанысы үшін жоғары дәрежеде бағаланады. Мәселен, Hermes шамамен 20 миллион доллар тұрады, бірақ оны орта жолда атып түсіруі мүмкін. Әзербайжан шығынды оңтайландыру үшін "Зарба" аппаратының лицензиялық өндірісін жолға қойды.  

Қомақты қаражаты жоқ Ереван өзінің қорғаныс өнеркәсібінің мүмкіндігіне сүйеніп отыр. Армения "Крунк" сынды ұшқышсыз барлау және соққы жасайтын жеңіл аппараттарды (жүк көтергіштігі 20 келіге дейін және ұшу жиілігі 150 шақырымға дейін жететін), бағасы арзан, таулы жерлердегі ұрыс қимылдарына қажетті "Базе" аппаратын шығарады және қолданады. Армения әскерінің 95% -тен астам  ұшқышсыз ұшу аппараты отандық өндіріске тиесілі.

Қазір Оңтүстік Кавказ жоғары технологиялық қару-жарақ түрлері қолданылып жатқан әлемдегі "ыстық" нүкте. Бірақ ұрыс алаңында екі тараптың бірінің басымдығы әлі байқалған жоқ.

65
Таулы Қарабақ

Таулы Қарабақта не болып жатыр?

146
(Жаңартылды 18:21 29.09.2020)
Баку мен Ереван арасында көп жылға созылған әскери-саяси текетірес салдарынан Таулы Қарабақтағы қақтығыс ушығып тұр

Жанжалдың тікелей қатысушылары - Баку мен Ереван саналы немесе еріксіз түрде Мәскеуді шиеленіске тартып, ТМД мен ҰҚШҰ қауіпсіздік жүйесіне кері әсерін тигізуде.

Таулы Қарабақ мәселесі әскери жолмен шешілмейді. Қақтығысқа түрткі болған қос тарап –  Әзербайжан мен Армения, сондай-ақ үш тең төраға - Ресей, АҚШ және Франция бастаған ЕҚЫҰ-ның Минск тобы осы ұйғарыммен келіседі. Келіссөздер үдерісі баяу және күрделі жүріп жатыр, бірақ 27 қыркүйекте ауыр артиллерияны, танкілерді, зымыран кешендері мен соққы жасайтын ұшақтарды қолдана отырып, белсенді соғыс қимылына көшудің айтарлықтай себебі жоқ еді.

Армения мен Әзербайжанның әскери ведомстволарының жойылған жау танкілерінің видеосын, екі жақтың шығындары туралы үрейлі статистиканы жарыса жариялаудағы "бәсекелестігі"  аяныш сезімін туғызары анық. Мәселеге объективті түрде қарасақ, бұл шиеленіс екі жаққа да тиімсіз. Егер қос тарап келіссөзге келмесе, соңы күтпеген жағдайға алып келуі мүмкін. Мәселен, шетелдік бітімгершілік күштерін енгізу (қауіпсіздік аймақтарын қалыптастыру) немесе жағдай одан әрі ушығатын болса, Оңтүстік Кавказда ҰҚШҰ (ең алдымен Ресей) және НАТО (Түркия) елдерінің  қатысуымен үлкен соғыс өрті тұтануы да ғажап емес.

Әзербайжан мен армян халқы аралас тұратын аймақта қақтығыс 1988 жылдың ақпанында басталған, сол кезде Таулы Қарабақ автономиялық облысы Әзербайжан құрамынан шығатынын жариялаған еді. Бітімгершіліктің алғашқы кезеңінде КСРО ІІМ ішкі әскерлеріне орасан салмақ түсті, олар үш жыл бойы белсенді қарулы қақтығысты тоқтата алды. Кеңес Одағы ыдырап, әскери күштер шығарылғаннан кейін шиеленіс қайта қарқын алды. 1994 жылға қарай Әзербайжан Таулы Қарабақтың көп бөлігі мен оған жақын орналасқан жеті облысқа бақылау жүргізу мүмкіндігінен айырылды.

Қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге қатысты ЕҚЫҰ-ның Минск тобы аясындағы келіссөздер 1992 жылдан бері жүргізіліп келеді,  қарулы қақтығыс ауық-ауық күшейіп кетеді.

Таулы Қарабақтағы әскери шиеленіске байланысты қарама-қайшы ақпараттар түсіп жатыр. Әзербайжан мен Армения текетірестің басталуына бірін-бірі айыптап, өз әрекеттерін қарулы арандатушылықтарға берілген жауап деп есептейді. Осыған орай, дүйсенбіде Әзербайжанда ішінара мобилизация жарияланды, президент Ильхам Әлиев республиканың бірқатар қаласы мен аймағында әскери жағдай енгізді. Ал Арменияда бұдан бір күн бұрын әскери жағдай енгізілген болатын.

Әзербайжан билігінің хабарлауынша, 27 қыркүйекте армян әскерлері "қауіпсіздік белдеуі" деп аталатын жеті ауылдан шығып кеткен (кеңестік кезеңде Әзербайжанның бұл аумағы Таулы Қарабақ автономиялық облысының құрамына кірмеген және 1990 жылдардың басында армян күштерінің бақылауына өткен).

28 қыркүйекте таңертең әлемдік қауымдастық мойындамаған Таулы Қарабақ республикасының президенті Араик Арутюнян: "Біз өз позицияларымызды жоғалттық, әлі де жоғалтамыз, бірақ біз басқа позицияларға ие боламыз" деп атап өтті. Қазір қақтығыс жалғасуда.

Баку мен Ереван қуатты зымырандық кешендерді, соққы беретін ұшақтарды пайдаланып, "тарихи әділеттілікті" қалпына келтіргісі келеді. Алайда одан бейбіт тұрғындар зардап шегуде. Сондықтан  27 қыркүйекте ауыр артиллерия мен танкілерден кімнің бірінші болып оқ жаудырғаны, кімнің ұрыс даласында басымдылық танытқаны маңызды емес. Қазіргі таңдағы басты мәселе - Таулы Қарабақ шекарасындағы қарулы қақтығысты тоқтату, келіссөзге қол жеткізу, адам өмірін сақтау. Бұл ретте тараптар өз одақтастары алдында тұрған міндеттерін де ұмытпауы керек.

Егер Баку мен Ереван өздерін Мәскеудің одақтасы деп санайтын болса, олар Ресейдің ұстанымын ескеріп, бұл жанжалдың аймақтық қауіпсіздік жүйесінің бұзылуына кері әсер тигізетінін түсінуі қажет. Қарулы қақтығысқа қатысушылардың қарама-қайшылықтарын, оған қатысты айтылған салмақты аргументтерді ескерген күннің өзінде Ресейге Кавказдағы соғыстың өршуі керек емес. Сондықтан Ресей сыртқы істер министрлігі Таулы Қарабақ шиеленісіне қатысушы тараптарды "қақтығысты дереу тоқтатуға" шақырды.

Сонымен қатар, Таулы Қарабақтағы текетірестің өршуіне халықаралық қауымдастық сындарлы көзқарас танытып отыр. Еуропалық Одақ елдері, АҚШ және Иран алаңдаушылық білдіріп, өз көмегін ұсынуда. Тек Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған "күш қолдану" сценарийін қолдап отырғанға ұқсайды, бірақ ол сөз жүзінде ғана. Себебі Анкара Оңтүстік Кавказдағы қауіпті ойынға қатысса, бұл оған кері әсерін тигізуі мүмкін. Өйткені Арменияға бағытталған шабуыл міндетті түрде ҰҚШҰ-ның қарсылығын, яғни Ресеймен арада соғыс өртін туғызады. 

146
Махамбет Досмұхамбетов

Атырау облысының әкімі орынбасарының кінәсі дәлелденсе, қызметінен кетуге дайын

0
Әкімнің бірінші орынбасары мен құрылыс басқармасының бастығы 420 мың доллар көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталды

НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек – Sputnik. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев шынымен де кінәлі деп танылып, сот үкімі шықса, қызметінен кететінін мәлімдеді.

Әкімнің орынбасары мен құрылыс басқармасының бастығы 182 миллион теңге (420 мың доллардан астам) көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталды, деп жазды "Ақ Жайық" басылымы.

"Заң бәріне ортақ. Егер тергеу аяқталып, сот оны кінәлі деп тапса, онда мен заңға сәйкес, отставкаға кетуге дайынмын. Оны қабылдай ма, жоқ па, президент өзі шешеді", - деді әкім Махамбет Досмұхамбетов.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың қарашасында "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға түзетулер енгізілді, оған сәйкес қарамағындағы қызметкердің кінәсі дәлелденіп, сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін басшы қызметінен кетуге міндетті.   

Оқи отырыңыз: Қазақстанда бірнеше әкім отставкаға кетуге өтініш берді 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұған дейін заң аясында қандай қызметкерлер тікелей бағынышты ретінде қарастырылатынын түсіндірген болатын.

0
Кілт сөздер:
отставка, әкім, Атырау облысы
Тақырып бойынша
Білім саласында жемқорлық неге көбейді?
Нұр-Сұлтанда әкім қызметінен кетті
Жезқазғанға жаңа әкім тағайындалды
Тоқаевтың тапсырмасы: облыс әкімінің орынбасары мен аудан әкімі отставкаға кетті