Қазақстандық режиссер Ермек Тұрсынов

Ермек Тұрсынов: Шэрон Стоун мені гонконгтік режиссермен шатастырып алды

47
Ермек Тұрсынов 2010 жылы "Оскар" марапаттау кешіне қалай барып келгені және жалға алған смокинг киіп Шэрон Стоунмен билегені туралы айтып берді.

АСТАНА, 3 қаз — Sputnik. Әйгілі қазақстандық режиссер Ермек Тұрсынов  Астанада авторлық кешін өткізді. Режиссер түсірген "Келін" фильмі 2010 жылы үздік шетелдік фильм ретінде "Оскар" сыйлығына ұсынылған болатын. Sputnik назарларыңызға режиссердің сөйлеген сөзінен үзінді ұсынады.

Сұлтан Бейбарыс туралы

Сұлтан Бейбарыс туралы студенттік кезімнен бері іздендім, кейіннен "Мәмлүк" романын жаздым. Бұл тақырыпты алуға ой салған "Емшан" повесінің авторы Морис Симашко болатын.Ол: "Сендер, қазақтар, үнемі ұлттық тарихты тереңдетуге тырысасыңдар. Тарихтың терең сырларын ашқыларың келсе, алысқа бармай-ақ Сұлтан Бейбарысты зерттеңдер" – деген еді.

Сұлтан Бейбарыстың тарихи тұлғасы Шыңғысхан, Наполеон және Ескендірден кем түспейді. Ол өте аз танылған аңыз адам. Мәселен, Мысыр елінде Бейбарысты пір тұтады. Ешқашан Бейбарысты атымен атамайды, "жеңіс әкесі", " патшалардың патшасы", "дінді қорғаушы" деп біледі.  Өйткені ол кресшілер мен монғолдарға тойтарыс беріп, араб әлемінің астанасы болған Иерусалимді қорғап қалған.

Сергей Азимов екеуіміз "Мәмлүк" фильмін түсірмекші болып, араб кастингін өткізіп, фильм түсіретін жерлерді таңдап, қаражат жинаған едік. Сол сәтте дағдарыс басталып, шейхтердің өзі де ақша таба алмай қалды. Жоба тоқтап қалды, бірақ фильм түсіруге әлі де ынтамыз бар.

Дін туралы

Қазір қоғамнан құдай ізденімпаздықты байқаймын. Діндер көп болғанымен, құдай өте аз.

Қазір ислам діні кең тарай бастады, себебі жүрегімізде сенім аз. Адам жүрегіндегі сенімнен айырылғанда, құдайды іздей бастайды. Жағдайымыз жақсы кезде құдайды іздемейміз ғой, тек қиналған шағымызда құдайға жалбарына бастаймыз. Демек, еліміздегі ахуал сондай деген сөз, біреуге мұң-зарыңды төккің кеп тұрады, сол себепті діндер де көбейіп кетті.

Қазір көшеде жүріп, тұмшаланып киініп алған қыздарды көрсем, тіксініп қарамаймын. Өйткені бұл ата-анасы берген тәлім-тәрбие екенін түсінем.

Шэрон Стоун туралы

"Келін" фильмі шыққан кезде мынадай бір қызық жайт болды. Шетелге сапарға аттандым, 24 халықаралық сыйлық, Оскардың шорт-листі, барабанның даңғыры. Смокингті жалға алып, Оскар марапаттау кешінен бір-ақ шықтым. Бір кезде Шэрон Стоун қасыма жетіп келіп: "Қалайсың? Не істеп жүрсің?" – дейді. Сөйтіп, екеуміз билей бастадық.

Қалтамда бар болғаны 200 доллар болатын. Екеуіміз билеп жүрміз, "ақшам орнында ма екен" деп тексеріп қоямын. Кенет ол: "Басым айналып кетті. Үйге қайтайын." – деді. Содан соң: "Ал, сау бол! Жазда Гонконгқа барам, Лиге сәлем айт" деп кетіп қалды. Сөйтсем,ол мені гонконгтік режиссермен шатастырып алған екен.          


47