Мәдениет

Әзіл-сықақ телебағдарламаларына сатириктер мен сықақшылар тартылмақ

© Photo : extbase.comӘзіл әлемі
Әзіл әлемі - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Әзіл-сықақ телебағдарламаларына өнердің бел ортасында жүрген сатириктер мен сықақшыларды, атап айтқанда, Көпен Әмірбек, Толымбек Әлімбекұлы секілді кәсіби мамандарды тарту ұсынылды

АСТАНА, 11 мамыр. — Sputnik. Отандық телеарналардағы әзіл-сықақ телебағдарламаларына өнердің бел ортасында жүрген сатириктер мен сықақшылар тартылмақ, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Ақпарат және коммуникациялар министріне жолдаған депутаттық сауалында отандық телеарналардағы әзілді әжуаға, күлкіні сайқымазаққа айналдырған әзіл-сықақ бағдарламарын сынаған болатын. 

"Орынсыз әрі жалған күлкі, ұлттық құндылықтарды келемеж ету, қысыр сөздер, бос қылық, ыржалақ, әдепсіз мазақтар әзілдің қадірін кетіруде",- деген еді депутат. 

Қыздар - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Депутат эфирдегі қысыр сөз, жалған күлкі мен әдепсіз мазақты сынады

Ол әзіл-сықақ телебағдарламаларына көңілділер мен тапқырлар клубының әзілкештерін ғана емес, мәдениет саласындағы көрермендерге риясыз күлкі сыйлап жүрген, қазақы қалжыңның майын тамызып, өнердің бел ортасында жүрген сатириктер мен сықақшыларды, маман сценаристер мен жазушыларды кеңінен тартуды ұсынды. 

Министр Дәурен Абаев  әзіл-сықақ және ойын-сауық телеөнімдері өндірісін дамыту бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

"Мемлекеттік телеарналардың ішкі регламенттеріне сәйкес тақырыптық бағдарламаларға, оның ішінде әзіл-сықақ тележобаларға шығармашылық ұжымдар мен белгілі тұлғалардың қатысуы қарастырылған. Аталған жұмыстар конкурстық негізде телеарналар жанындағы көркемдік кеңес арқылы жүзеге асырылады. Сонымен, әзіл-сықақ бағдарламалардың идеологиялық ресурс, ақпарат көзі ретіндегі әлеуетін толық әрі ұтымды пайдалану мақсатында, алдағы уақытта "Қазақстан" телеарнасы тарапынан сатириктер, сықақшылар, сценаристер және жазушылар арасында кастинг ұйымдастырылады. Осы арқылы, кастинг жеңімпаздары телебағдарламаларда қатысу мүмкіндігіне ие болады", — деп жазылған жауап хатта. 

Бұдан бөлек, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі әзіл-сықақ бағытындағы телебағдарламаларға өнердің бел ортасында жүрген сатириктер мен сықақшыларды, атап айтқанда, Көпен Әмірбек, Толымбек Әлімбекұлы секілді кәсіби мамандарды тартуды ұсынған.


Жаңалықтар
0