Микрофон

"Қазақша сөйлеймін". Әнші Шахризат орыс тілінде сұхбат беруден бас тартты

2695
(Жаңартылды 17:16 23.09.2018)
"Нағыз патриот адамдар шет тілін үйрене алмайды", дейді әнші

АСТАНА, 24 тамыз  Sputnik. "Мұны менің ұлтшылдығым деп түсінбеңіздер. Бар болғаны орыс тілін кәсіби деңгейде меңгермегендіктен ана тілімде ғана сұхбат беруді жөн көремін". Осылай түсіндірді Шахризат Сейдахмет өзінің орыс тілінде сөйлемеуін, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін Астана қаласында қазақстандық эстрада жұлдыздары мен танымал тележүргізушілер Халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істеп көрді. Олар психологиялық және моральдық тұрғыдан мұндай қызмет түрінің өздеріне қиынға соққандарын айтты. Араларында танымал әнші, "Қазақстан дауысы" байқауының жеңімпазы Шахризат Сейдахмет те бар.

Әнші түсірілім барысында орыстілді журналистерге ана тілінен өзге тілде сұхбат бермейтінін айтты. Артынша мұны өз елінің патриот екендігімен түсіндірді.

"Нағыз патриот адамдар шет тілін үйрене алмайды" деген сөзді естіп едім. Мен де солардың қатарынанмын. (Күлді.) Десе де, мұны ұлтшылдық деп қабылдаудың қажеті жоқ. Бар болғаны кез келген нәрсені кәсіби деңгейде меңгерген кезде ғана керегіңе жаратқан жөн деп ойлаймын. Яғни мен орысша дұрыс сөйлей алмаймын. Сол себепті де орыс тілінде сұхбат бермеймін",  деп түсіндірді әнші әрекетін.

Сәкен Майғазиевтің 5 миллион теңгесін қайырымдылыққа бергені рас па?

Әрі қарай Шахризат Сейдахмет Халыққа қызмет көрсету орталығында бір күн жұмыс істеуге неліктен келіскендігін айтып берді.

"Қазақта "Басқа түссе баспақшыл" деген сөз. Осындай жұмыстардың қаншалықты қиын екенін адам өз басына түскен кезде ғана түсінеді. Өзі біреудің орнында болып көрмейінше мұндайды түсінбейді. Кейде осы жерде жұмыс істейтін қаракөз қарындастарымызға ренжіп жатамыз. Өйткені, әр адамның басында әртүрлі ой мен жағдай бар. Біреуі осы жерге депрессияға түскен күйде келеді, екіншісі отбасылық кикілжіңін шешпестен келеді. Оның үстіне тікелей адаммен жұмыс істеудің қаншалықты қиын екенін өздеріңіз білесіздер. Олардың барлығына бірдей заңды түсіндіріп, психологиясының қандай екенін білу қиын",  дейді әнші.

Жұлдыз Халыққа қызмет көрсету орталығына жиі келмесе де, осы жерде жұмыс істейтін қыз-жігіттердің сабырлығына таңғалатынын жеткізді. Бір күндік жұмысқа келісуінің де басты себебі осы екен. Яғни әнші осы әрекетімен олардың жұмысын бір күнге болса да жеңілдетпек ниетте.

"Мұнда қызметкерлер әрбір айтатын сөздеріне абай болулары керек. Бірнәрсені дұрыс жасамаса, халықтың көңілінен шықпай қалса, жеп отырған нандарынан айырылып қалулары мүмкін. Ең болмаса мың адамның ішінде бір адам болып осы жердегі қызметкерлердің жан дүниесін түсініп кеткім келді. Ал атқарып тұрған қызметім туралы айтатын болсам, мұнда дайын болған нөмірлер мен автокөлік құжаттарын иелеріне үлестіріп жатырмын. Қазір интернет заманында көп нәрсе жеңілдетілген екен. Мысалы, арыз берілген соң клиенттің ұялы телефонына хабарлама келеді. Содан кейін ғана олар дайын құжатты алып кетеді. 2007-2008 жылдары есімде өзіміз келіп тапжылмай кезекте тұратынбыз. Айғай-шудың басы-қасында болған кездерім де бар. Арада біраз уақыт өткен соң адамдар мұнда келуін де қоятын шығар. Біздің балаларымыз бұдан да рахат өмір сүреді деп ойлаймын. Осылай жалғаса берсе, жұмыс жеңілдеп, жүйкенің жұқаруы азаятын еді",  деді ол.

Десе де, Шахризат Сейдахмет Халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыстың айтарлықтай қиын емес екенін айтады. Яғни мұнда бастысы жүйкенің сыр бермеуі.

"Осы жердегі қарындастарымызға сабыр берсін",  деп тілек білдірді әнші сөз соңында. 

2695
Кілт сөздер:
ХҚКО, орыс тілі, сұхбат, әнші, қазақ тілі, Астана, Қазақстан
Тақырып бойынша
Белгілі әнші марапаттау кезінде сахнаның астына түсіп кетті
Вице-министр: Димаш бір күнде жарқ еткен, елімізде мойындалмаған әнші емес
Канадалық әнші Леонард Коэн өмірден өтті
Әнші Қайрат Нұртас концертке бара жатып жол апатына ұшырады
"Әнші мен әртісті ақшаға үйреткен байлар" немесе қазақ мәдениетіндегі аш бала кім, тоқ талант кім?
Қазақстандық әнші кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін нокаутпен аяқтады
Әнші Ерлан Көкеев Bek Air-ді сотқа бермек
Белгілі әнші көшедегі адамдарға миллион доллар таратты
Белгілі әнші үйінің жанында атыс ұйымдастырды
Загрузка...