Есен Елеукен

Есен Елеукен басшылық қызметке тағайындалды

2240
(Жаңартылды 14:23 29.08.2018)
Есен Елеукен жаңадан құрылған телеарнаға басшы болып тағайындалды

АСТАНА, 28 тамыз — Sputnik. "Қазақстан КВН Одағы" республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен "Tamasha tv" телеарнасының директоры болды. 

Ойын-сауыққа арналған телеарна 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап іске қосылады. Жаңа арнаны OtauTV және iDTV пакеттерінде HD форматында көруге болады.  

"Tamasha tv" эфирі "Қазақстан" телерадиокорпорациясының ішкі телеөнімімен толықтырылады. Атап айтқанда, "Әзіл әлемі", "Жайдарман", "Хаха-шоу", "Әзіл man", "Көңілді тапқырлар алаңы", "Қызық екен" секілді жобалар мен комедиялық телехикаялар ұсынылады.  Сондай-ақ, телерадиокорпорация мұрағатында жылдар бойы сақталған, кезінде көрерменнің көңілінен шыққан танымал ойын-сауық бағдарламалары эфирге қайта оралмақ.  

 "Tamasha tv" телеарнасы тәулігіне орташа 22 сағат хабар таратады.  

2240
Кілт сөздер:
әзіл-сықақ, телеарналар, КВН, Есен Елеукен, Қазақстан
Тақырып бойынша
Әзіл-сықақ телебағдарламаларына сатириктер мен сықақшылар тартылмақ
Бақтияр Артаев жаңа қызметке тағайындалды
Рухани Жаңғыру

"Рухани жаңғыру" бағдарламасын өзгеріс күтіп тұр

63
(Жаңартылды 13:46 13.08.2020)
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "Рухани жаңғыру" бағдарламасы жаңа жағдайға бейімделетінін хабарлады

НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз – Sputnik. Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов "Рухани жаңғыру" бағдарламасы заман талабына сай өзгертілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Егер біз санамыздағы пайдасыз қағидаттар мен қажетсіз әдеттерден, тіл мен ділдің қадірсіздігінен, талғамсыз салт пен дарақы дәстүрден дер кезінде арылмасақ, жаңа әлемнің өркениетті жетістіктерінен үмітіміз де аз. Сол себепті қазіргі таңда министрліктің алдында "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жаңа жағдайға бейімдейтін бірқатар міндет тұр", - деді Тілепов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оқи отырыңыз: Назарбаевтың тапсырмасын орындамаған шенеунік сөз естіді

Вице-министрдің айтуынша, алдағы уақытта ұлттық ерекшелікті сақтай отырып, қазақстандықтардың қазіргі заманғы сын-талаптарына төтеп бере алатын және жеке кәсіби қасиеттерін дамытатын іс-шараларға басымдық беріледі. Осыған орай, бірнеше арнайы жобаның нобайы әзірленді.

"Мәселен, прагматикалық өмір салтын дәріптейтін жоба бар. Бұдан бөлек, ізгілік және тәрбие құндылықтары тұрғысынан өзекті болып отырған "Дәстүр мен ғұрып", елдің құқықтық мәдениетін ашатын "Құқықтық мәдениет", еңбекқорлыққа шақыратын және масылдықтан бас тартуға үндейтін "Еңбек – елдің мұраты" деген бастамалар бар. Әрине, олардың қамтитын тақырыптық шеңбері атауынан әлдеқайда кең", - деп атап өтті Тілепов.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа жобалар аясында өскелең ұрпақтың мінезін қалыптастыру, эстетикалық талғамға баулу, тағамтану мәдениетінен бастап музыка мен театр сияқты терең дүниелерді қабылдау, азаматтардың қарапайым құқықтарын қорғай білуі, кәсіп жасау сияқты мәселелер де қамтылады.

"Оған өткенде ел президенті айтқан қоғамның экологиялық сауатын ашу және экомәдениетін көтеру мәселесі де кіреді. Сосын кітап сүйер ұлтты қалыптастыру, әсіресе, мектеп жасындағы балаларды кітап оқуға баулудың маңызы зор", - дейді Тілепов.

63
Кілт сөздер:
өзгерістер, Рухани жаңғыру
Тақырып бойынша
Ақпарат министрі "Рухани жаңғыру" логотипі туралы: құстардың бәрі бір-біріне ұқсайды
"Рухани жаңғыру" ұрлықтан басталғаны ма немесе министрлік гонорарға 50 мың теңге таппаған
Оралда дүлей жел талдарды құлатып, "Рухани жаңғыру" деген жазуды қиратты
Абаев: "Рухани жаңғыру" эмблемасы туралы жайтқа кінәлілерді іздеудің қажеті жоқ
Маржан Арапбаева

"Неге бәрі әншілерді шіріген бай деп ойлайды?": Маржан Арапбаева ренішін жеткізді

2096
(Жаңартылды 16:32 12.08.2020)
Ресейдің әншілері секілді күреп ақша тауып жатқан жоқпыз, салыстырмалы түрде алатынымыз тиын ғана, дейді Маржан Арапбаева

АЛМАТЫ, 12 тамыз – Sputnik. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Маржан Арапбаева осы уақытқа дейін ешкімнің көлік сыйлап, бейнебаян түсіруге демеуші болмағанын айтты. Оған өзінің сыртқы келбеті мен ер адамға ұқсайтын мінезі себеп болды деп санайды. Әнші Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында карантин кезіндегі әртістердің табысы мен 42 500 теңге әлеуметтік төлем алған әріптестері жайлы ойын айтты.

Маржан Арапбаеваға осы уақытқа дейін ешқандай мемлекеттік қызметке ұсыныс түспеген. Өзі де саяси оқиғаларға қатысуға ұмтылмапты. Әнін айтып жүрген нағыз шығармашылық адамы.

"Осы жолды бастаған кезде аға-көкенің көзіне көрініп қалайыншы деп ойламадым. Ер мінездімін. Талай жыл Көктөбеде, Алмаарасанда жұмыс істедім, ән айттым. Сол арқылы халықаралық байқауларға бардым, жол ақымды солай таптым. Осы уақытқа дейін ешкім маған көлік сыйлап немесе бейнебаян түсіруге демеуші болған емес. Осыны достарыма үнемі күліп айтып отырамын. Мүмкін сұлу болмаған шығармын, аяғы ұзын модель болмағанымнан да болар", - дейді Арапбаева.

Әртістер ақшаны емес, сахнаны сағынды

Әнші барлық әріптесі секілді карантин уақытында шығармашылығының тоқтап тұрғанын айтты.  

"Әдетте мақсат қойып, қандай да сәулеге жету үшін бір үміт болатын болса, карантин кезінде ненің қашан аяқталатынын, ертең не болатынын білмей қалдық. Жалпылама айтқанда, тоқтап қалдым. Екі ән жаздырдым. "Чемпионсың сен" әнінің орнына "мына заман қалай болды?", "енді не болады?" деген ән жаздырсам болатын еді, бірақ көңілді жүргенді жақсы көремін", - дейді ол.

Айтуынша, әнші көктемде карантин басталмай тұрып жеке концертіне қызу дайындалып, сақадай сай отырған. Енді ол елдегі жағдай жақсарып, концерттер өткізуге рұқсат берілген кезде тыңдармандарын бір жерге жинайтынын айтты.

"Наурызда режиссермен келісіп, ол кісіні шетелден арнайы шақыртып, репертуардың барлығын нақтылап, концерт өткізетін залды таңдап, дайындыққа кіріскен кезде карантин басталды. Сәуірде өтеді деп жоспарланған концерт тоқтады. Енді, әрине, карантин аяқталған соң жеке концертімді өткіземін. Бірақ ол үшін барлығы 100% аяқталуы керек, ешқандай шектеу қойылмай, көпшілік жерге баруға рұқсат берілгеннен кейін ғана осы іске қайта кірісемін", - дейді әнші.

"Тегін дүние жоқ": Бағлан Әбдірайымов ашық сұхбат берді

Арапбаева карантин кезінде әріптестерінің өмірін әлеуметтік желі арқылы бақылап отырғанын, алайда әншілер болып кездесіп, жиналыс жасап, пікір алмаспағандарын жеткізді.

"Әркім өз өмірін сүріп жатыр. Бәрінің өмірін әлеуметтік желі арқылы көріп отырамыз. Өнер адамына сахна керек. Той, концерт тоқтап қалды. Меніңше, өнер адамдарының, әртістердің ақшадан гөрі сахнаға деген сағынышы басым болып отыр. Біз осы уақытқа дейін тек көрерменнің көңілінен шығу үшін жұмыс істеп келдік. Оның барлығы тоқтап қалғаннан кейін, қаржы жағынан гөрі моральды тұрғыдан әншілердің еңсесі түсіп отыр", - дейді ол.

Айтуынша, өнер адамдарының арасында той-томалақ, айлыққа қарап отыратын жас әншілер де бар. Тіпті кредит алып, соңғы ақшасына бейнебаян түсіргені де жетерлік.

"Тойдың табысынан күн көріп жүргендер қиналып қалды, ал белсенді жұмыс істеген әртістердің қалай болғанда да жиған-терген қаражаты бар деп ойлаймын", - дейді Арапбаева.

Әншіге 42 500 теңге көмек керек пе?

"Әншілерге неге 42 500 теңге көмек алмасқа?! Неге бәрі әншілерді шіріген бай деп ойлайды? Олардың арасында бизнес ашамын деп кредиттен көз аша алмай жүргендер де бар. Шыны керек, жеке шығармашылық концерт берген кезде де табыс таппаймыз, керісінше қарызға кіріп кетеміз. Пайданы тек тойдан көреміз", - дейді әнші.

Сұхбат барысында әнші әріптестерінің басты қателігін атады. Айтуынша, әншілердің әлеуметтік желідегі өмірі көп адамның ашуына тиеді. Алайда бұл да осы саланың бір бөлігі.

"Әртістер адамдардың өмірін гүлдендіретін кісілер. Адамдар қатыгез болып барады. Әнші өлең айтпайтын болса, құрылысшы үй салмасын. Бұл жерде соны түсіну керек, әркімнің өз жұмысы бар. Әншілердің бір қателігі – барлығын әлеуметтік желіде жариялап отыруы. Бір жерде демалып жүргені, әдемі киім кигені көп адамның ашуына тиюі мүмкін. Бірақ ол да әртістің жұмысының бір бөлігі. Бүкіл әлемде солай жұмыс істейді. Шынын айтсақ, бәрі – "показуха", - дейді ол.

Соған қарамастан өнерге, шығармашылыққа келетін адамдар саны азаймайтынына сенімді. Айтуынша, бойында өнері бар адам оны көрсеткісі келеді. Ал оған карантин де кедергі бола алмайды.

Шоу-бизнесте мықтылар ғана қалады

Сұхбат барысында әнші өнер жолында жақын достарының жоқ екенін айтты. Оған қандай да бір оқиғаның себеп болғанын да жасырмады, алайда әріптесін қаралап, әрекетін әшкерелеуге бармайтынын жеткізді.

"Қандай да бір уақытқа дейін өнер жолында жақын достарым бар деп ойлайтынмын. Алайда өмірде болатын кей келеңсіз жағдайға байланысты бұл ойымнан айныдым. Арада бәсекелестік болады, ол да ара-тұра іс-әрекетінен көрініп қалады. Алайда бұған ешкім кінәлі емес, себебі бұл – шоу-бизнес, бұл жерде мықтылар ғана тіршілігін жалғастырады. Мұны жай ғана әдеттегі бәсекелестік деп қабылдаймын", - дейді ол.

Айтуынша, Арапбаеваның достарының көп бөлігі өнерге қатысы жоқ адамдар. Ал әншілердің арасында Мәдина Сәдуақасова, Әлішер Кәрімов, Тамара Асармен өте жақын қарым-қатынаста. Соған қарамастан, әнші достарының да, әріптестерінің де әнін тыңдамайды. Тіпті кейде өзі түскен бағдарламаларды жарты жыл өткен соң ғана қарайды.

"Ешкімнің әнін тыңдамаймын. Өзім дос көретін Әлішерді де, Мәдинаның да әндерін тыңдамаймын. Тіпті өз әнімді тыңдай алмаймын. Біреу менің әнімді қосып жатса, бірден "өшірші" деп айтамын. Өзімді теледидардан көре алмаймын, үнемі мін іздеп тұрамын", - дейді ол.

Арамызда "халтурщиктер" де бар

"Әншілерді сынап, дөрекі сөз айтуды қате тірлік деп санаймын. Себебі біз адал еңбек етіп, адал нан тауып жүрміз. Ресейдің әншілері секілді күреп ақша тауып жатқан жоқпыз, салыстырмалы түрде алатынымыз тиын ғана. Бір ән, бір киім – бәрі ақша. Жақсы қалыпты сақтауға қаншама еңбек кетеді. Бірақ арамызда "халтурщиктер" де бар. Оны да жасырмаймын. Ондай адамдар әр салада бар. Сол себепті барлығына бірдей топырақ шашуға болмайды", - дейді әнші.

Сондай-ақ, әншілерді тойдан пайдан тауып жүр деп айтудан жалықпайтындарға жауап берді.

"Тойдан тауып жатыр", "халықтың арқасында көтеріліп жатыр" деп жатады. Иә, рас, халық қолдамаса, қайдан өсеміз?! Бәрінің айтатыны той. Тойға шықпасын десе, онда мемлекет бізге қандай да бір айлық төлесін. Концерттеріңді беріңдер, мынау сендердің жалақыларың деп отырсын", - дейді Арапбаева.

Ал осындай өзгеріс енгізіліп жатса, жанды дауыста ән салатын әншілер мен репертуарын, образын жаңартып отыратын әртістер бірінші қатарда тұруы керек деп санайды.

2096
Кілт сөздер:
әншілер, Маржан Арапбаева
Тақырып бойынша
"Үндемедім": Димаш Құдайберген неден ұялғанын айтты
"Бәріміз өлеміз" деген әнші Кенталды полиция ұстап әкетті – видео
Айдар Тұрғамбек жағымды жаңалығын бөлісті
"Қалай құдайдан қорықпайды?": Әбілдина кімге сенуге болмайтынын айтты
Қазақстан тап болған қиыншылықтарға арналған: Димаштың жаңа бейнебаяны шықты
АҚШ-тың F-16 әскери ұшағы Ирактың Балада әскери базасында, архивтегі сурет

Иракта болған соғыстың әлемге қандай әсері тиді

0
Автор "Соғысты бастау. Буш әкімшілігі Американы Иракқа қалай итермеледі" кітабын жаза бастағанға дейін Буштың отбасымен достық қарым-қатынаста болған

АҚШ-тың қазіргі ұлттық апатына Ирактағы сәтсіз (немесе арандатқан) оқиғалар себеп болған: дәл қазір бұл айқын сериялар сияқты. Жақында Америкада жарық көрген кітапта 2003 жылдың наурызында Иракқа басқыншылық әрекетті бастау туралы шешімді кім және қалай қабылдағанын егжей-тегжейлі талданған.

Бұл кітап осынысымен ғана жақсы емес. Сонымен қатар бұл жерде сол кездегі басқарушы топ – Джордж Буш пен оның өзге де серіктестерінің бірегейсіздігі ғана емес деген тақырыпта арандату пікірталасын тудырды. "Ал бірегейсіздік қайдан пайда болады?" дегенге нақты себептер де бар.

Әңгіме ауаны Роберт Дрейпердің "Соғысты бастау. Буш әкімшілігі Американы Иракқа қалай итермеледі" (To Start a War, by Robert Draper) деп аталатын жұмысы туралы өрбімек. Автор осы кітапты жаза бастағанға дейін Буштың отбасымен достық қарым-қатынаста болған. Ол бұл кітапты жаза бастағанда, экс-президент онымен сөйлесуден бірден бас тартқан. Ал сол кездегі оның серіктестері бас тартпаған. Дрейпер шенеуніктерден алынып, сол уақыттарда жарияланған жүздеген сұхбаттарды жинақтады. Өйткені, бұл материалдар әрдайым оқуға жарамағанмен, өте пайдалы еді.

Ендеше, бұл мәселенің астарына америкалық азамат ретінде емес, адами көзқараспен үңілу керек. Ирактағы соғыс Америка мен әлемге не әкелді?

90-жылдардағы жағдай осы әлемді басқаратын жалғыз ғана держава бар деген елес кезді. Себебі, сол кездегі держава әлсіз қарсыласпен соғыста айқын жеңіске жете алатындығын әлемге көрсетті (өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағы үндіқытайдағыдай емес). Бірақ мұндай жеңіс жеңімпазды жойып жібереді.

Мұндай жағдайда жақын одақтастар (Германия мен Франция), сондай-ақ мейірімді серіктестердің (Ресей) өзіндік көзқарасы болуы тиіс және қажет жағдайда Американы елемесе, ол орынды еді.

Америка өзінің барлық қаржылық және басқа да күштерімен бір елді (яғни Иракты) басып алу арқылы оны бақытқа кенелтіп, гүлдендіре алмады. Бұл әлемдегі ондаған мемлекетті дұрыс ой мен іс-әрекетке әкелуде АҚШ-тың (батыстың да) саяси және құндылықтар жүйесі экспортқа жарамсыз дегенді білдіреді. Яғни, бұл жерде Америкасыз өтіп қана қоймай, қажет болса айналып өту деген сөз.

Егер Ирак авантюрасы болмағанда – қазіргі қаржылық қиындықты айтпағанда, америкалық қоғамның, бүкіл басқару жүйесінің бүгінгідей бүлінуі мен идеологиялық күйреуі болмас па еді? Қалай болғанда да, Ирак мұнда айтарлықтай өзіндік үлесін қосты.

Дрейпердің кітабы бізге ең алдымен америкалық барлаудың деградациясына қатысты кездейсоқ сюжетті көрсетеді. 90-шы жылдардың соңында ЦРУ-дің бірнеше бөлікке бөлінуіне байланысты Билл Клинтон әкімшілігімен арада  проблемалар туындағаны белгілі болды. Бірақ содан кейін 2001 жылдың 11 қыркүйегінде террористік шабуыл болып және сол кездегі ведомство басшысы Джордж Тенет ықпалды жандандыруға үміттенді.

Айтпақшы, ЦРУ-дің 90-жылдардағы сәтсіздіктерінің өзіндік және әртүрлі себептері болды. Бірақ содан кейін күлкілі жағдай орын алды. Атап айтқанда, Таяу Шығыста (бүкіл Ирак тарихының нәтижелері бойынша белгілі болған) ақылды әрі қабілетті мамандардың жетіспеушілігі туындады. Содан кейін Тенеттен болмағанды болдыру талап етілді. Яғни, Ирак жетекшісі Саддам Хусейн 11 қыркүйектегі террорлық шабуылды ұйымдастырған "Аль-Каидамен"* құпия одақтас болғанын және АҚШ-қа қарсы жаппай қырып-жою қаруын дайындап жатқандығын дәлелдеуі керек.

Ал мұндай жағдайда нашар барлау қызметі өзін қалай ұстайды? Жалған деректер жасап, оған сенуді сұрайды. Айтпақшы, "Америкалық сайлауға Ресей араласты" деген ашық айыптауға негізделген жалған деректерді 2003 жылдармен салыстырып қарағанда жағдай әлі де өзгерген жоқ. Жалпылама түрде алғанда ақылды барлау қызметі мемлекет үшін көп ақша үнемдеп, ал ақымақ үлкен проблемалар туғызады.

Бірақ бір ведомствоның сәтсіздікке ұшырауы – мұның өзі ерекшелік. Егер Джордж Буш жеке өзі мен негізгі лауазымдарға тағайындаған адамдар ЦРУ-дан мұндай жалған ақпаратты талап етпегенде, Ирак апаты болмайтын еді. Осылайша, Теннет өзінің кеңсесін Саддамды АҚШ-қа қауіп төндіруші идеясын "халыққа сататын" агенттікке айналдырды. Бірақ оны сол дәуірдің барлық басты кейіпкерлері – қорғаныс министрінің орынбасары Пол Вулфовиц пен оның бастығы Дональд Рамсфелд, вице-президент Дик Чейни және ең алдымен президенттің өзі мәжбүрледі.

Мұны неліктен жасады? Өйткені, олар Американың кедергісіз басшылығы ретінде бүкіл әлемдегі жаһанданудың идеологтары болды. Олар сол бұрынғы лауазымдарында, 90-жылдардың соңында Конгрестің "Иракты азат ету актісін" қабылдауға қол жеткізді. Өздері комиссия құрып, іс жүзінде Ирактан келетін "қауіпті" ЦРУ байқамады деп айыптады (сонымен бірге Иран мен Солтүстік Корея да бар). Ал лаңкес террористер Нью-Йоркке соққы жасаған кезде ел басқарылмайтындай күйге душар болды.

Ал енді Бушқа келер болсақ, кітапта Саддам жай құбыжық еместігі және оны билікте қалдыру мүмкін емес екендігі айтылған.

Дрейпердің сөзіне қарағанда, әкімшілікте Иракта соғыс бастау туралы бір де бір пікірталас болмаған. Әңгіме, тек қана қашан және қалай болатыны туралы өрбіген.

Демек, идеялар алдын-ала іске асқан кезеңде, фактілер де оған сәйкес келуі керек. Олай болмаған жағдайда мемлекеттегі билеуші ​​таптың надандығы мен тозуы орын алады. Президенттер мен премьер-министрлерді немесе патшаларды қандай-да бір жолмен өзгерту мүмкін-ау, ал жалпы ұлтты ауыстыру қиын.

* – Қазақстан мен Ресейде тыйым салынған террористік ұйым.

0
Кілт сөздер:
соғыс, Джордж Буш, АҚШ